Жансаяны жеңе алмайсың бəрібір,
Өйткені, оның ары таза, жаны жыр.
Жайлап айтсам – жылатам,
Қатты айтқанда құлатам,
Жеңемін деп талпынғандар əлі жүр», − деген жолдар айтыстың тұрақты көрермендеріне таныс болар?! Иə, ол − «Тірес десең, тіресем, Күрес десең,күресем, Айтыста да сап жіберем жамбасқа», − деп қарсыласын тұқырта сөйлейтін Жансая Мусина. Қарсыласы түгілі, қазылар алқасындағы жандардан да қаймықпайды. «Бізге қанша балл қойсаң, Біз де сізге сонша ғұмыр тілейміз» деген сынды батыл əзілдерімен көрерменнің көңілін сергітіп жібереді. Өз кезегін Шорабектің мақамына салып, «Е-е-е-е-ей, Мағош!» деген тəрізді езутартқызар қайталанбас қаратпа сөздерімен бастайды. Эстрадалық əндердің əуеніне салып, тыңдарманды жалықтырмаудың тəсілін табады əйтеуір. Оралдық ақын қыз туралы Жүрсін Ерман ағаларың «əзілін шайға қосып ішетін ақын» дегені бар. Əзілдеп отырып, қарсыластарын «нокаутпен» жеңетін Жансая ақын өмірде қандай жан екен деп сыр тарқатып, сұхбаттасып көрдік.
Ұлан: Жансая, айтыста əзілқойлығыңызбен ерекшеленесіз. Көрерменнің көңілін көтеруді мақсат еткен образыңыз ба, əлде өмірдегі қалпыңыздың өзі сондай ма?
Ж.Мусина: Достарымның ортасында əзілдесіп жүретінім болмаса, кез келген ортада əзілдесе бермеймін. Айтысқа келген халыққа қоғамдағы қиындықтарды одан əрі күрделендірмей, əзілмен жеткізе білсек орынды деп есептеймін. Маған дейін Айтақын, Балғынбек ағаларымыз да əзілді өте орынды пайдалана білген. Көрерменді жылатудан гөрі күлдіру қиын. Шорабек ағамыздың мақамын көрерменді сергіту мақсатында қолдандым. Алайда, дəл Шорабек ағаның мақамын айнытпай қайталап жүргем жоқ. Мен жылдамырақ орындаймын, батыстық екпін де бар дегендей.
Ұлан: Айтыста түрлі эстрадалық əндердің əуенін де сəтімен пайдаланасыз. Мəселен, Тоқтар Серіктің орындауындағы «Аялдама» əнінің əуенін айтыста жиі қолданасыз. Гитарамен де əн шырқайды деп естідік. Əншісіз-ау, шамасы?
Ж.Мусина: Жо-оқ, отырыстарда ыңылдап қосылып отырғаным болмаса, мүлде əн айтпайтын адаммын. Гитараны аздап шертетінім бар.
Ұлан: Жазба ақындар қатарында барсыз ба?
Ж.Мусина: Жоқ. Жылына əрі кетсе бір-екі өлең жазып қоярмын. Əйтпесе, мүлде жазбаймын. Бірнеше əннің сөзін жазғанымды қоспасаңыз…
Ұлан: Сіз соңғы екі-үш жылда бүкілхалықтық айтыстарда «хит» боп жүрсіз. Оған дейін сізді танымадық, білмедік. Неге?
Ж.Мусина: Оның алдында айтыстың өзі қиын жағдайға тап болды емес пе? Қазіргідей жер-жерде айтыс өтпеді. Эфирлерден көрсетілмеді. Біздің үлкен айтысқа жараған сəтіміз де сол жылдарға сай келіп қалған екен. 2004 жылдан бастап айтыстарға қатыса бастадым. Содан бері облыстарда өткен айтыстарға там-тұмдап қатысып жүрдім.
Алғаш рет айтысқа 7-сыныпта қатыстым
Ж.Мусина: 7-сыныпта мектепте өткен бір айтысқа қатысқанмын. Айтыстың керемет үлгісін көрсете қоймағанымыз белгілі. 10-сыныпта қатар-қатар боп айтысқан сəтіміз болған. Студенттік шақта үлкен айтыстарға қатысуға жол ашқан марқұм досым Асылбек Ишанов еді. Өзі қатысайын деп тұрған айтысқа мені де қатыстырды. Содан кейін айтыс алаңынан өзім де кеткім келмей қалды (күліп). Мэлс Қосымбаев біраз ұстаз болып, жол нұсқады. Бауыржан Халиолла ағамыздың да талай ақыл-кеңесі пайдаға асты. Жалпы, əр айтысқа үлкен дайындықпен бару керек. Кезінде Жамбыл Құлмамбетпен айтысу үшін бір жылдай дайындалыпты деседі. Ол сөзге сенем. Бір облыстың намысын арқалап барып, не айтарыңды білмей отырған жөн емес. Алдын ала тақырыпқа сай оқимыз, тоқимыз. Жақсы дайындықпен келген ақынды көрермен де танып, «мына ақын жақсы мəселені қозғады, тың идея ұсынды, əдемі əуенмен орындады» деп, қолпаштап отырады. Айтыскерге білім қалай қажет болса, мəдениет те керек.
Безымянный5
Ұлан: Бала кезіңізді еске түсірдік қой. Кішкентай кезіңізде нені армандағаныңызды да айтып беріңізші…
Ж.Мусина: Бала кезімде мен үшін велосипед қол жетпес арман еді. Бірақ, ол шақта үй-ішімнің ондай дүние əперуге шамасы болмады. Əкеміз менің тоғыз жасымда дүние салған. Анамыз ағам екеумізді жетелеп жүріп жеткізді. Кейін университет бітіріп, жұмысқа орналастым. Алғашқы еңбек демалысыма шыққан сəтте қолға тиген қаражатыма бала күнгі арманымды сатып алдым (күлді). Бала кездегі армандаған велосипедке əбден есейгенде қол жеткіздім. Бірақ, құмарым тез басылып қалды ма, содан кейін велосипед тебуге аңсарым аумайтын болды.
Ұлан: Орал қаласындағы Махамбет атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде дəріс бересіз. Филология факультетінде ақын жастар көп болады. Арасында айтысқа талабы бар шəкірттеріңіз де бар шығар?
Ж.Мусина: Иə. Біз өзіміз бұл оқу орнына келген кезде Мэлс ағамызды жағаладық. Қазір кейбір жастар осында менің барымды біліп, өздері іздеп келеді. «Өлең жазатыным бар еді, айтысқа қатысып жүр едім» деген жастарға шама-шарқым жеткенше ақыл-кеңес беруге тырысамын. Бірталай шəкіртім оқуды бітіріп кетті, біразы қасымда жүр. Өткенде айтыс пен поэтикалық өнерге қатысты бір шара өткізгенбіз. Бастамамыз жоғары деңгейде өтті.
Ұлан: Қыз бен жігіт айтысы дегенде Біржан мен Сара, Əсет пен Ырысжан, Ақсұлу мен Кеншімбайдың айтыстарын білеміз. Ал сіздің қай ақынмен айтысыңыз кітапқа жазылып, келер күнге сақталуға лайық дер едіңіз?
Ж.Мусина: Ауыл-аймақтарға барғанда ағайын-жұрт Мейірбекпен, Мақсатпен, Еркебұланмен айтыстарымды айтып, мақтап жатады. Өзім «мына ақынмен айтысым ерекше, ана ақынмен айтысымыз төмен болды» дей алмаймын. Халықтың алдына шыққан соң, шамам жеткенше əдемі айтыс жасауға тырысамын. Мысалы, мен Бекарыс Шойбековпен, Айбек Қалиевпен, Еркебұлан Қайназармен айтысудан жалықпас едім.
Ұлан: Айтыстарыңызды жинақтап, кітап етіп шығарғыңыз келмей ме?
Ж.Мусина: Ондай жинақылығым жоқ екен. Кітап етіп шығармақ түгілі, интернетке шыққан аудио, бейне нұсқаларын да жинамаймын. Мен үшін де, өзге ақындар үшін де ол істі Еркебұлан Қайназар бауырымыз атқарып жүр. Aitysker.com сайтын ашып, айтыстардың бəрін жинап, тауып алып салып қояды. Телевидениеге айтыстарымыздың құйрық-жалын біраз күзеп шығарады ғой, ал бұл сайтқа толық нұсқасы жарияланады. Еркеш досыма сол үшін ризамын.
Безымянный4
Ұлан: Бір айтыста Жүрсін аға жайлы «Көп айтысқа Жүрсін ағам шақырмайды, сол үшін де ол кейде ұнамайды» деп əзілдегеніңіз бар. Дегенмен Жүрсін Ерманның айтыскерлерге, оның ішінде өзіңізге де ағалық, əкелік қамқорлығы айтарлықтай шығар…
Ж.Мусина: Қазіргі айтыскер ақындар үшін екінші əкеміздей. Аймақтарда көптеген талантты жастар бар. Соның бəрі бүкілхалықтық үлкен айтыстарға қатыса алмайды. Соны ағамызға құлаққағыс етіп айтқаным ғой орайы келгенде. Əйтпесе, соңғы жылдары Жүкең мені бірде-бір айтыстан қалыс қалдырған емес. Алыс өңірлердегі жас таланттарды байқап қалса, соны көп ұзамай үлкен додаларға шақырып алады. Ол кісінің сондай ағалық қамқорлығын бірталай адам сезді ғой деп ойлаймын.
Ол тақырып бір айтыста ғана айтылмай қалды…
Ұлан: Айтысқа шыққан сайын қарсыластарыңыз «тұрмысқа шықпай жүрсің» деп тиісе жөнеледі. Сол жайды сөз етпеген бір айтысыңыз болды ма өзі?
Ж.Мусина: Менің жалғыз мінім сол ғана ғой өзі (əзілдей күлді). Əр айтыста сол жайды айтатынын білсем де, алдын ала соған жауап дайындамайтынмын. Бірде Өскеменде Ер Жəнібекке арналған халықаралық айтыс өтті. Сонда күйеуге неге шықпай жүргендігім туралы жақсылап жауап қайтаруға тастүйін дайындалып шықтым. Қарсыласым Қытайдан келген Қанатбек Зəйтолла деген ақын екен. Қызық болғанда, ол кісі ол жайды мүлде қозғамады. Іштей айтсыншы деп отырмын, ол айтпай қойды (күліп). Бəлкім, жауыр болған тақырыппен мені де, халықты да мезі етпейін дегені шығар.
Ұлан: Бүгінде төл өнеріміз заманына сай дамып келеді дей аламыз. Дегенмен, айтыстың жанрлары көп еді ғой. Өтірік айтыс, жұмбақ айтыс, қайымдасу сияқты түрлерін үлкен айтыстардан көре алмай келеміз. Жар-жар немесе аужар бастапқы қалпынан реңі өзгерді. Ал сіз өзіңіз фольклордан дəріс бересіз, жас шəкірттерді тəрбиелеп жүрсіз, ұмытылған түрлерін жаңартуға болмас па екен, қалай ойлайсыз?
Ж.Мусина: Рас айтасыз. Түре айтыс пен сүре айтыс ақындар айтысында көрініс тапқанымен, жұмбақ айтыс пен өтірік айтыс түрлері ұмытылып барады. Университет ішінде бірде өтірік айтыс пен жұмбақ айтыс ұйымдастырып көргенбіз. Жақсы қабылдады. Алдағы уақытта соны дамытып, жаңғыртсақ қанекей?! Республика көлемінде өтіп жатса, тіпті керемет. Осы жайды Жүрсін ағамызға айтып көру керек екен.
Сұхбаттасқан Қарлығаш ДОСАНОВА
«Ұлан» газеті