ЗАҢҒАР

Салық Зиманов – қазақ қоғамында ерекше қадірлі, Қаныш Сәтбаев сияқты ұлы ғұлама, ірі қайраткердің көзін көрген, ықыласына бөленген, қазір де асылдың көзіндей, солардың ізбасары іспеттес тұлға. Ол – еліміздегі заң ғылымының атасы болумен бірге, халқының ар-намысын биік ұстаған азамат. Тіпті жасының егде тартқанына қарамастан, соңғы он жылда тарихы мыңдаған жылға тереңдеп кететін әдет-ғұрып заңдарын түбегейлі зерттеп, өзіне серік әріптестерін басқарып, «Қазақтың ата заңдары» атты он томдық теңдесі жоқ еңбекті жарыққа шығаруы – Салық Зимановтың ұлы ерліктерінің бірі әрі бірегейі.
Мен «Қазақ зиялылары туралы антология» топтамасынан «Заңғар» атты бейнефильмді түсірген кезде осы аяулы ағаның мінез-құлқы, жан дүниесі, ой-арманы, тіршілік салтымен жақын таныстым. Бұл адам туралы фильм түсіруді өз жүрегімнің қалауымен таңдаған едім. Қателеспеппін. Ол кісімен әр жолыққан сайын бойға бір нұрлы сезім құйылғандай, адалдықтың, ашықтықтың, тереңдіктің үлгісін көргендей күй кештім. Сол аға, міне, Тайбурылдың шабысындай толассыз екпінмен, тындырымды еңбекпен 90 жасқа жетіпті. Неткен қуат, неткен шабытты өмір!
Осыдан алты жыл бұрын жарық көрген «Заңғар» бейнефильмі көптеген телеарнадан сан мәрте көрсетілді. Бірақ мәтіні баспасөзде жарияланбаған еді. С.Зиманов туралы алғашқы фильм болғандықтан, оқушы жұртқа толық сценарийін ұсынып отырмын.

Көгілдір аспан. Тұңғиық көкте ақша бұлт­тар қалықтайды. Домбырадан жүрек қылын шертетін сазды, ойлы әуен төгіледі. Алатаудың қарлы шыңдары, жасыл алқап... буырқанған тау өзені... Өзен жағасында баяу аяңдап ақ шашты, қағылез келген адам жан-жағын жіті шолып келе жатыр. Бұл – академик Салық Зиманов. Өмір толқыны тәрізді та­сыған су. Ол бір дөңнің басына шығады. Тө­мен түсіп, қой тасқа келіп отырады. Ойлы, алыс­қа көз тігеді. Ендігі бір сәтте Ғылым ака­демиясының жанындағы гүлзарды, су бұр­қақты аралап жүр. С.Оразалы екеуі әң­гімелесіп тұр. С.Зиманов көрінген сәттен бас­т­ап музыка баяулап, С.Оразалының даусы кадрдан тыс естіледі:
– Жасының егде тартқанына қарамастан, ширақ қимылды, ойлы, сымбатты осы адамды қазақ халқы ардақ тұтып, зиялы қауым оның әрбір сөзіне, әрбір ғылыми еңбегіне зор құрметпен көңіл аударып келеді. Өйткені оның өмірі ерлікке, парасаттылыққа, ғылымдағы жанқиярлық еңбекке толы. Ол – өзінің жарқын іс, жалынды сөздерімен, ғылыми жаңалық, тың идеяларымен жұрттың жүрегін жаулап алып, нағыз ұстазға тән болмысымен маңайына нұр шашып тұратын адам. Иә, бұл – әйгілі ғалым Салық Зиманов.
Ғылым академиясының алды. Шоқан ескерткіші­нің түбіндегі орындықта отырған жүргізуші. Шырша ағаштары, су бұрқақтары жүргізушінің фонында көрінеді. С.Оразалы артында көрініп тұрған ғимаратты нұсқай отырып сөйлейді:
– Сәкеңнің жарты ғасырға жуық өмірі осынау ғимараттың ішінде, ғылым мен білімнің алтын ордасында өтті. Бұл – Қазақстан ғылымының небір ұлы тұлғалары еңбек еткен қасиетті ша­ңы­рақ. Шәкірт болып кіріп, өзінің ұлы дарынының ар­қасында заң, құқықтану ғылымдарының негізін салушы, еліміздегі қоғамдық ғылымдар­дың абызы дәрежесіне көтерілген Салық Зи­манұлы туралы айтудың қиындығын ерекше сезін­дім. Сондықтан да осы фильмді түсіру ба­рысында жаныма етене жақын болып кеткен Сә­кең туралы оның тұстастары мен ғалым інілерінен кө­­бірек тыңдауға тырыстым...

С.Сартаевтың тау­дағы дачасы. Жапы­рақ-желегі төгілген алып ағаштың түбіндегі орын­дықта отырған ака­демик С.Сартаев:
– Әрбір халықтың белгілі еңбекқор адамдары, ғалым­дары бар. Олардың ішінде бел­гілі тұлғалары бар. Елдің атын шығаратын, жердің атын шығаратын – солар. Салық Зи­ман­ұлы – еліміздегі ұлы тұл­­ғалар­дың бірі. Осын­дай тұл­ғалар елдің атын, жер­дің атын бүкіл дүниеге та­ныс­ты­ра­ды деп ойлаймын.
Алматыдағы бұрынғы Жоғарғы Кеңес ғимараты­ның алды. Әсем көрініс фо­нында тұрған академик
Ғ.Сапарға­лиев:
– 50 жыл бойы Салық Зи­манұлы қазақтың дәстүрлі құқығының 1500-2000 жылдық тарихын зерт­теп, қазірдің өзінде қазақ хал­қының дәстүрлі құқығы ту­ралы үш томдық кітап шы­ғарды.
Академик С.Са­ты­бал­­­дин­ кабине­тінде:
– Мен Салық Зиманұлын өте үлкен тұлға ретінде баға­лаймын. Өз басым оны мына Алатаудың шыңдары тәрізді үлкен азамат ретінде көрем. Еліміз өркениетті елдердің қатарынан көрінсе екен деп халқының мұңын мұңдап, жырын жырлап, елге сәулесін төгіп тұрған шамшырақ ре­тінде көрем.
Философия ғылымы­ның докторы Ә.Қалмыр­заев:
– Салық Зиманұлының Қа­зақстандағы рөлі, қазір заңгер ғалым ретінде ғана емес, ол шең­бер­ден шығып кет­кен тұлға ретінде есеп­те­леді. Са­лық Зиманұлының Мем­ле­кет­тік Тәуелсіздік дек­ла­ра­ция­сын қа­был­дауға, Тә­уе­л­сіз­дік ту­ра­лы заңды қа­­­был­дауға қос­қан
үле­сін бүкіл халқы­мыз біледі.

Жазушы С.Оразалы Шоқан ескерткішінің түбіндегі орындықта отыр:
– Кез келген дария өзінің бастау көзін шағын бұлақтан немесе сызашықтан алатыны сияқты, Салық Зиманұлының өмір-өзені де балалық шақтан, жастық дәуреннен басталады.
Кинохроникадан 30-жылдардағы ауыл өмірі көрінеді. Құм басқан дала. Жа­лаңаяқ жүгіріп келе жатқан бала құмтөбенің ба­сына қарай өрлейді. Қала маңына үй­мелеген аш-арық адамдар. Жайық өзенінің тол­қыны. Қа­­зіргі Атырау қаласы... Салықтың бала кез­дегі суреті көрсетіледі. Екінші экспозиция­да оның әке-шешесінің суреті. Атырау теңі­зі­нің толқыны. Сазды, жүрек шымырлатар мұң­ды музыка. С.Оразалының даусы кадрдан тыс ес­тіледі:
– Дүние есігін Тайсойған құмының арасында ашқанымен, оның балалық шағы Жайықтың жағасындағы бұрынғы Гурьев қаласында өтеді. Мектепті де сонда бітіреді. Әкесінің аздап оқы­ғаны бар, көзі ашық адам болуы тұтас бір әулет­тің ашаршылық­тан аман қалуына себеп болып­ты.
Алатаудың әсем қойнауы, С.Зиманов пен С.Оразалы әңгімелесіп отыр. Зиманов сөзінің мазмұнына қарай ашаршылық жыл­дарындағы деректі кадрлар көрсетіледі. Шаңырағы ортасына түсіп, керегесі ырсиған киіз үй. Оның жанында аштан өліп жатқан адамдар. Әр жерде шашылған балалардың мүрдесі. Қара қазан. Қақпағын көтергенде, ішінде ештеңе жоқ. Көш. Түйенің қомындағы көзіне шыбын үймелеген бала т.б.
С.Зиманов:
– Мен балалық, жастық шағымды қазірдің өзін­­де есіме көп алмаймын. Өйткені көңілім де, ар­маным да әлі алда. Сол балалық, жастық ша­ғым­да қызықты, көңілді бір сәт бар ма екен?! Шәкәрім айтқандай, балалық шақ, бал шағым деген менде болған емес.
Өзім Атырауда тусам да, бүкіл тұқымым, ата-бабам Қызылқоға деген жерден. Ол бір ауыр кезең еді. Көші-қон, сапырылысып жатқан ха­лық. Қиын-қыстау заман. 30-жылдар­ды өзің бі­ле­сің. Ашаршылық. Конфеске... Бүкіл қа­зақ бо­сып кетті.
– Осының бәрі жас болсаңыз да есіңізде ме?
– Есімде. Біздің үйіміз бұрынғы Гурьев қа­ласындағы қой базарының қасында еді. «Қалада мұ­най бар дейді, темір жол бар дейді, кәсіп бар дей­ді» деп ауыл-ауылдан ағылған, тіпті орта жүз­ден босып келген адамдар базардың айна­ла­сында толы болатын. Қайыр сұрап отырғандар қан­ша­ма! Кейбіреулері күннің ыстығында шы­бын-шіркейге жем болып, жанталасып, аштық­тан бұралып жататын.
– Ісіп кеткен адамдарды көрдіңіз бе?
– Көрдім. Бір күні кетіп бара жатқанда әкем бір ісіп, қарайып кеткен орта жастағы адамды көрді де:
– Балам, мынау – біздің ағайын, – деді. Соған көмек бере алмады. Біздің өзіміз бір сиыр­дың құйрығы мен бір түйенің желінінен ұстап әрең күн көріп отырғанбыз. Бас­қа түгіміз жоқ. Міне, менің балалық шағым. Сондықтан оны еске алғым келмейді. Менде балалық шақ болған жоқ.
 Алатаудың бауырындағы арқыраған тау өзенінің жағасында ойлы жүзбен өткенін еске алып отырған ғалым көрінеді. Оның көздері – әрі мұңды, әрі терең ойға батқан. Му­зыка біраз ойнаған соң баяулап, С.Ора­залының даусы естіледі:
– Бәлкім, Зиманов бойындағы шыдам­ды­лық, төзімділік, ерлік мінез осы бір ауыртпалық жылдары қалыптасты ма екен? Оның бүкіл өмір жолына серік болған осы қасиеттері еді ғой.
Москва. Жеңістің 60 жылдығына арнал­ған Қызыл алаңдағы шеру. Музыка. Барабан үні. Ұлы жеңіске қатынасқан қарт жауын­гер­лер кеуделеріндегі ордендері жар­қырап,  жүк ма­ши­наларымен өтіп жатыр. Солардың ішінде С.Зиманов та бар. Оның суреті екінші экспозиция­мен тағы кө­рінеді. Төсінде жа­уынгерлік орден­дері... Ше­ру­ге қатынасуға бар­ған бір топ ардагердің орта­­сында Пре­зидент Н.Назарбаев та бар. Олар­дың ара­сынан С.Зиманов бөлініп шы­ғып, журна­лис­к­е интервью береді. Жүргізуші даусы:
– Жеңістің 60 жылдығына арналған Қызыл алаңдағы шеруге 84 жасар қарт жауынгер Зиманов та қатысты. Бұл оның қан майдандағы ерліктеріне көрсетілген зор құрмет еді. Бұл оның қайсарлықпен жүріп өткен өмір белесіндегі тағы бір жеңісі, отқа оранған жастық шағының өтеуі болатын.
Ғылым академиясының алдындағы алаң. Шоқан ескерткішінің артындағы сұр шыр­шаның түбінде тұрған С.Оразалы әң­гімені кадрда жалғастырады:
– Соғыстың бірінші сағатынан бастап соңғы күніне дейін өмір мен өлімнің ортасында жүрген балғын жігіттің сан түрлі ерлігінің ішінен заман­дастары екі оқиғаны бөліп айтады. Соның бірі: 1943 жылы Кавказдағы 3000 метрлік Ад­жи­муш­­кай асуындағы тау атқыштары диви­зиясы жау қоршауында қалыпты. Көмек кел­ген­ше азық-түліктері әбден таусылып, әлсіреген жа­уын­герлердің кейбірі адам етімен қоректене бас­тайды. Аштықтан бұратылып орнынан тұра ал­май жатқан 22 жасар Сәкеңе көмекшісі:  «Жол­дас командир, өлесіз ғой, сіз де жұрттың істегенін іс­тесеңізші», – дейді.  «Жоқ, өлсем де адам қал­пымда ке­тейін», – деп шы­дайды, ақыры жеңіп шыға­ды.
Соғыс жылдарының көріністері. Белгісіз төбе үшін кескілескен ұрыс... Тау басындағы жау бекінісіне ұмтылған жауынгерлер кө­рінеді. Кинохроникадан іріктеп алынған осы көріністердің арасында жас жауынгер С.Зи­мановтың бейнесі жиі-жиі көрінеді. Оның көздері... Композитор Сыдық Мұха­мед­­жанов­тың атақты ораториясының «Май­дан­ға» бө­лімі ойналады. С.Оразалы бірде кадр­да, бірде даусы кадрдан тыс естіледі:
– Екіншісі: Польша жеріндегі бір биік төбе үшін кескілескен ұрыс болады. Төбе немістердің қолында, берік бекінісі бар. Арт жағы самсаған жау. Төбеден оқ бұршақша жауып, төмендегі ке­ңес әскерін беттетпейді. Оқтың жойқындығы сон­ша, қылт еткенді қиып түсе береді. Сол кезде майор Зиманов жанына бір топ жанкешті сар­баз­ын ертіп, оқ боранның арасымен ажал тө­бесіне аттанады. Тосыннан тап берген көзсіз ер­лерден зәресі ұшқан жау бекіністі тастап тұра қаш­қанымен, олардың азғана адам екеніне көз­дері жеткен соң, естерін тез жинап, кері шабады. Кескілескен қолма-қол ұрыс басталады. Оларға қарсыласар дәрмен қалмаған сәтте майор Зиманов өзі басқаратын артиллерис­терге «Бізді атқылаңдар»  деп бұйрық береді. Қасындағылар­ға: «Өлмеудің қамын ойлаңдар», – дейді жанұшы­ра. Ақыры жау шегінеді. Күл мен қираған бекіністің арасынан шабуылға барған бірнеше адам ғана тірі қалыпты... Соның бірі – 22 жасар Салық Зиманов.
Алатаудың бөктері. С.Зиманов пен С.Ора­за­лы әңгімелесіп отыр:
Сұрақ: Сіз уыздай жас едіңіз. Өздеріңізді атқылауға бұйрық бергенде өлемін-ау деп ойлаған жоқсыз ба? Сонда өмір қымбат бол­ма­ғаны ма?
Жауап: Бұл енді өзімнің жеке қасиетім бе, әлде сол кездегі жастардың бойындағы қасиет пе, білмеймін. Отан үшін, ел үшін деп бел буып, керек болса, жанымызды пида еттік. Біз соған сендік. Бізді солай тәр­бие­леді. Заманымыз сондай еді. Соғысқа барған кезде кіші сержант болып бастадым. Соғыс кезінде тез өстік. Аға лейтенант, капи­тан болдық. Қырық төртінші жылы дивизионды басқардым.
Сұрақ: Өздеріңізді өлімге байлап оқтың астында қалғанда қандай күйде болдыңыз?
Жауап: Соғыс күндері деген – өлім мен өмірдің арасындағы өмір. Әрине, еш адам өмірін қиғысы келмейді. Дегенмен сол заманда «Отан үшін, ел үшін» деген ұғым, ар мен намыс күш-жігер берді. Командир болған­дықтан өзің туралы аз ойлап, қарамағың­дағы адамдар туралы көп ойлайсың.
С.Оразалы Ғылым академиясының ал­дын­­да­ғы гүлзарды аралап келіп, бір шыр­ша­ның түбіне тоқтайды. С.Оразалы:
 – Мұндай қадамға баруы, жас сарбаздың ержүректігімен қоса, өмірге келген ортасында бойына сіңген жауангерлік рухы еді. Жоғарғы майдан басшылығы гвардия майоры Салық Зиманов туралы «Жастығына қарамай, айрықша батыл, ұстамды, кескілескен шайқас үстінде міндетті өзіне артып, шұғыл шешім қабылдап, қауіпке төтеп береді» деген мінездеме беріпті. Осынау әділ баға Сәкеңнің өмір бойғы мінезіне де сай келеді. Ол қандай қиын-қыстау, тай-та­лас­та болсын, отты өзіне шақырып, қайсар­лықпен жеңіп келеді.
Алатау қойнауы. С.Оразалы екеуінің әң­гімесі жалғасады. С.Зимановтың соғыс кезін­дегі суреттері алма-кезек көрсетіледі.
С.Зиманов:
– Жеті жыл өмірім армияда өтті. Соғыстан соң Қазан қаласына барып, сырттай оқуға түстім. Бірінші курстың студенті атанған соң, Гурьевке қайтып келіп, Папанов дейтін прокурорға жолықтым. Ол кісі «стажер бол» деді. Ол жұ­мысты екі ай атқарған соң тергеуші, артынан аға тергеуші болдым. Сөйтіп жүргенде бір жыл уақыт өтті. Ол кезде Алматы дегенді естуіміз бар, бірақ көрмегенбіз. Сол қаладан инспекция жасап республиканың бас прокуроры Гурьевке келді. Ол кезде үйдің халі онша емес, мен әлі әскери формамен жүретінмін, әрине, погонды алып тастағанмын.
– Киетін басқа киім жоқ қой?
– Иә, қайдан болсын. Бас прокурор мені артиллерист деп әзілдеп, қасына ертіп жүрді. Екеуміз кейде  Жайықтың жағасына барып, балық аулаймыз. Ол кісінің бір аяғы кеміс болатын, көмек керек. Содан кетерінде маған: «Шақырсам, Алматыға келесің бе? Мен сені аса маңызды істерді тергеу бөліміне тағайын­дай­мын», – деді. «Барамын», – дедім. Сөйтіп 1948 жылы Алматыға келдім.
50-жылдардағы Алматы. Көше. Адам­дар. Сол кездегі орталық көшені көм­керген гүлзарлар. Бибігүлдің «Алматым қан­дай тамаша» әні. С.Зимановтың 50-жыл­дардағы суреттері осы көріністердің фо­нында беріледі. С.Ораза­лының даусы кадр­дан тыс естіледі:
– Әсем қала Алматы жас жігіттің бойындағы білімге құштарлықты ашып, ол бар болмысымен ғылым жолына ден қояды. Өзінің алғашқы махаббатын да осында кездестіреді. Жұбайы Шәрбан Батталова да – көрнекті ғалым, химия ғылымының докторы, академик ретінде көпке танымал адам.
 Шәрбан екеуінің жас кездегі суреттері. Шәрбан химия лабораториясында, үйде, екеуі табиғат саясында. Бұл суреттер С.Зи­ман­ов әңгімесінің арасында көрсетіледі.
С.Зи­манов:
– Шынымды айтсам, қызық пен арман қуып құрбылар арасында жүретін, қыз­дар­мен қыдыратын жастық шағым армияда өтті. Соғыстан соң алға қойған мақсатым – ізденіс, осы өмірдегі өз орнымды тапсам дедім. Содан ас­пирантураға түстім. Ал махаббат менің жүре­гімнен өшкен емес. Оның аты – Шәрбан. Екеуміз Ал­матыда жолықтық. Ол Москваға аспиран­тура­ға кетейін деп жатыр екен. Екеуміз таныстық. Содан бір жыл өтті, екі жыл өтті. Ақыры үйлендік. Ол Москва университетін,оның аспирантурасын, докторантурасын бітірді. Мен Алматыда жүріп бітірдім. Мәскеу барып бітірдім. Екеуміз де академик болдық. Ол қазақша сөйлегенде, қазақтың әдет-салтын білгенде ғажап болатын. Әсіресе жазушы­лар, мына Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдоловтар таңғала­тын. «Бір үйде екі академик тұр­ған­да кім басшы?» дегенді сұра­дың ғой. Мен өзімше еркек бо­лып жүр­дім, ол өзінше әйелдің мін­де­тін атқарды. Арамызда әр уақытта кейбір сөздер болады. Бірақ үйдегі қонақтарды қабыл­дау, жолдастармен қарым-қа­ты­наста әрқайсымыз өз орнымызды біле­міз. Онда «кім бірінші?» деген сөз болмайтын.
Медеу шатқалы. Таубау­ра­йында С.Сартаев, С.Зи­ман­ов, К.Ормантаев үшеуі әң­гіме­лесіп келеді. Жүздері жар­қын. Жазушылар одағы үйі­н­ің алдындағы саябақ. К.Ор­­­мантаев сондағы орын­дық­та отырып сөйлейді:
– Салық Зимановпен мені ака­демик Сайын Балмұқанов та­ныстырған еді. Оған да бірта­лай уақыт өтті. Содан бастап үй-іші­мен араласып, дастарқан басын­да жиі болып жүрдік. Шәрбан Бат­талқызы – Москвада Мәскеу университетін бітірген азамат. Мамандығы – химик (шетел ғалымдарымен түскен фотосуреті). Солай бола тұра, үйіне келген адамға дәм бермей, шай ішкізбей жібермейтін. Ерлі-зайыпты адамдар бол­ған соң  арасында майда-шүйде келіспеу­ші­лік, ұрыс-керіс болады ғой. Олар болса бір-бірімен қалжыңдасып, сөйтіп барып мәселені шешетін. Біз болсақ ондай әңгіменің аяғын төбелеске айналдырып жібереміз ғой, ерлі-зайыпты адамдар. Олар басқаша еді. Соны көрдім. Бұлар от басында үлгілі адамдар болатын. Салық Зиманұлы – соғысқа қатысқан адам. Айтқаны – айтқан, ақ дегені – ақ, қара дегені – қара, көп сөйлемейді, қысқа, нақты сөйлейді. Сондай болса да үйінде балаларымен, немере­лерімен (фотосуреттер) қалжыңдасып, еркелетіп отырады. Мүлде басқа адам. Үйіне келсең, басқаша сөйлеседі. Жұмыста басқаша. Сәкеңнің қасиеттері өте көп (фотосуреттер).
К. Ормантаев сөйлеп отырғанда, С. Зи­манов­­тың ірі планда күліп отырған, жұба­йы­мен, балаларымен жүрген фотолары көрсе­ті­ле­ді. Кинокадрлар. С. Зиманов Ғылым ака­демиясының бас ғимаратына кіріп келе жатыр. Төрде тұрған Қ.Сәтбаевтың мүсініне тоқ­тап, басын иеді. Қолынан сипайды. Ірі план­да Сәкеңнің көздері. Ұлы ұстазына деген зор махаббаты сезіледі. Ғалымның кітаптары, көп­теген даңқты ғұлама­лармен түскен сурет­тері. Кинохроникада Қ.Сәтбаев сөз сөйлеп тұр. Ол шәкірті С.Зимановты да бағалап тұр­ған тәрізді.
С.Оразалының даусы:
– Салық Зиманов – Қаныш Сәтбаевтың үмі­тін ақтаған, өзі де сол ұлы топта біздің дәуірімізге жеткен жарқын тұлға­лар­дың бірі. Ол өз заман­дастарымен қатарласа, иық тіресе жүріп, 50-60-жылдары құқық тарихын және оның тео­риялық мәселелерін зерттеп, қазақ мемлекет­ті­гінің тарихы мен теориясын жасады, сөйтіп, Қа­зақстандағы құқықтанудың негізін қалады. Оның екінші бір шоғыр туын­ды­лары кеңестік дәуірдегі ұлттық мемлекеттің қыры мен сырын ашып, мемлекет және құқықтың жалпы теориясын қалыптастырды. Қ.Сәтбаев оны «Қазақ­стан­да­ғы заң ғылымдарының негізін салу­шы» деп бағалаған. Салық Зиманұлы соңғы жыл­дары Тәуелсіз Қазақстанның мемлекет­тік құқықтық негіздерін қалыптастыруға аянбай тер төкті. Қазақ өркениетінің мың жылдық тарихын­да­ғы ата заңдарымызды жинақтап, зерттеп, жа­рыққа шығара бастауын ғалымның ұлы ерлігі деуіміз керек. Бұл еңбектер С.Зиманов жазған 14 мо­нография мен 200-ден астам ғылыми мақа­лаларда жинақталған.
С.Зиманов Ғылым академиясының кі­тап­­­хана­­сында жұмыс істеп отыр. Кітап сө­ре­лерін аралайды. Алдындағы қолжазбалар­ды оқи­ды. Түрлі томдарды аудара отырып ке­регін іздейді. Оның даусы кадрдан тыс ес­тіл­еді, бірақ арасында экранға өзі шығады.
С. Зиманов:
– Менің Кеңес өкіметі кезінде, кеңес зама­нын­да жазған еңбектерімнің ішінде бір үлкен сыр жатыр. Ол сыр – аңсаған арманның сыры. Онда қазақ халқы өз алдына тәуелсіз ел болса екен, өз алдына өркениетке жетсе, дүниежүзілік ел­дер­дің қатарына қосылса екен деген ниет жата­тын. Сондықтан біз Ленинді жазсақ та, Шо­қанды жазсақ та не болмаса мына ұлттық мем­лекет ту­ралы жазсақ та, әр уақытта ар жағындағы ойы­мыз, түбірлі, түбегейлі ойымыз – қазақ хал­қы­ның бо­лашағы, өз алдына тәуелсіз ел болу. Сон­дықтан ол еңбектің түбірлері қай дәуірге, қай тарих­қа ар­налса да, ар жағында бір үлкен ар­ман, сыр бар. Ол сыр еңбекті дұрыс оқитын адам­дарға кө­­рініп-ақ тұр.
С.Зиманов пен С.Сартаев екеуі тау бау­ра­йында әңгімелесіп келеді. Жүздері жар­қын. Әлденені естеріне түсіретін сияқты. Ка­ме­ра біртіндеп таудағы саяжайындағы ива аға­шының саясында отырған С.Сартаевқа тоқ­тайды:
– Мен Салық Зимановтың адамгершілігі, кі­ші­пейілділігі, білгірлігі, ойшылдығы – мұның бәрі осы өсіп келе жатқан жастарымызға үлгі болатын қасиеттер деп ойлаймын. Сондықтан да біздің жас­тарымыз осы Салық Зиманұлы жазған еңбектерді жақ­сылап оқып шықса деймін. Көз жіберіп қа­расам, бүкіл тарихымыз Салық Зи­манұлының ең­бектерінде жазылған. Осы кісінің еңбектерін біл­ген адам басқа тарихи кітаптарды оқымаса да болар еді деп ойлаймын.
С.Зиманов Ғылым академиясының ал­дын­­дағы алаңда қыдырып жүр. Су бұрқақтың жа­нына барады. Шоқан бейнесіне ұзақ қа­рап тұрады. Ойнап жүрген балаларды қы­зық­­тайды. Соңынан орындықта отырып, ой­лы жүзбен алысқа көз жібереді. Ғ.Сапар­ға­лиев­тің даусы кадрдан тыс естіліп, біраз­дан соң өзі көрінеді:
– Салық Зимановтың шұғылданып жүрген мәселесі Кеңес заманындағы Қазақстан құқы­ғы­ның және мемлекеттің тарихы болатын. Осыған бай­ланысты Салық Зиманұлының басқаруымен үш томдық еңбек шықты. Сонымен қатар өзі же­ке көптеген кітап жазды. Мемлекеттің құры­лы­мы туралы, тарих туралы, әсіресе философия және құқық ғылымын ұйымдастыруда Салық Зиман­ұлының рөлі аса зор. Философия және құқық инс­титутының директоры болып Салық Зиман­ұлы 70-жылға дейін қызмет істеді. Сонда бұрын-соңды болмаған ғылым саласы, әсіресе филосо­фия және құқық Қазақстанда өте кең дамып, біраз ғылымдар дайындалды. Соның барлығына ұйытқы болған – Салық Зиманұлы.
С.Зимановтың жұмыс кабинеті. Ол ком­пью­терден әлденені іздеп отыр. Терең ойға батып, ауық-ауық ақ қағазға үңіліп жа­зу жазады. Кітап сөресінен бір қолжазбаны әке­ліп қарайды. Бұл көріністер оның тауда қы­дырып жүрген, кітап­ханада жұмыс істеп отыр­ған сәтімен алмасады. Кітапханада бір топ шәкірті ұстазымен әлденені талқылап жа­тыр. Ғалым үнемі жұмыс үстінде. Оның дау­сы кадрдан тыс естіледі:
– Мен бір проблемамен, бір ғана жұмыспен айналыспаймын, екі-үш тақырыпты қатарынан алып жүрем. Бір күн, бір түн мынаны істесем, енді бір күн, бір кеш басқасына кірісем. Менің өмір бақиғы, міне, 45 жыл болды, режимім бы­лай: Түнгі сағат үште тұрам. Сағат алтыға дейін жұмыс істеймін. Алтыда жатып, жетіге дейін дем алам, бірақ ұйқы жоқ. Жетіде тұрып, жұмысқа баруға дайындалам. Күндіз тағы екі сағат жұмыс істей­мін. Сондықтан ой, толғаныс дегеніңде тыным жоқ.
С. Зимановтың тынымсыз өмірі, шәкірт­терімен кездесуі, ғалымдармен әртүрлі жиын­­дарда бірге тұрған суреттері көрсетіледі. С. Оразалының даусы кадрдан тыс естіледі:
– С.Зиманов ұстаздығы, ғылымға кел­ген жастарға қамқорлығы туралы аңызға толы әңгі­мелер айтылады. Ол Ғылым академиясындағы философия және құқық институтының дирек­торы, ҚазМУ-дың заң факультетінің деканы, Ғылым академиясының бас ғылыми хатшысы бола жүріп, жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Олар­дың ішінде 16 ғылым докторы, 21 ғылым кан­ди­даты өз еңбектерін Сәкеңнін жетекшілігімен қор­ғады.

С. Сатыбалдин, акаде­мик:
– Сәкең жай ғана ұстаз емес, ұстаздардың ұстазы. Нағыз ұлағат­ты ұстаз.
Е. Нұрпейсов, профессор:
–Сә­кең­­нің бір қасиеті өзінің шәкірт­те­­рімен тікелей жұмыс істегенде се­нің мына жерің нашар екен, ана жерің бұрыс екен деп кем­ші­лікті айтса да, жаныңа тиетін, ары­ңа тиетін сөздерді өмірі қол­дан­байды. Өзі сондай намысқой адам болған­нан кейін, басқаның да ар, намы­сына тиіспеудің талай жолын біледі.
С.Сатыбалдин, академик:
–Са­лық Зиманұлы­ның өзі құрған мек­тебі бар. Ол тек заң ғылым­ының мектебі ғана емес, тұтас қоғамтану ғылы­мының мек­тебі дер едік. Бұл кісінің ат­қар­ған еңбегі орасан зор.
Е. Нұрпейсов, профессор:
–Сә­кең жанында жүрген жас ғалым­дарға өсиетін айтады, бірақ олардың жүріс-тұрысына, қы­лығына араласып, кіріспейді. Біреуді қай­та тәрбиелеуге ұм­тыл­­­майды. Әркімнің өзіндік қа­лып­тас­қан мінезі бар. Ол Сәкең айт­­ты деп өзгере қалмайды ғой. Әр адамды өз қалпында қа­былдайтын жақсы мі­не­зі бар.

Ғылым академиясының алдында тұрған С.Ора­залы кадрда сөйлейді, артынша 1986 жыл­­дың оқиғаларын көрсететін тарихи кадр­лар бе­ріледі. Г. Колбиннің Қазақстанның бірінші бас­шысы болып тағайындалғаны ту­ра­лы газет хаба­ры. Г.Колбин портреті. Алаң. Жас­тарды шаштан сүй­реп ұрып жатқан сол­дат­тар. Қантөгіс. Осы кадр­лар­дың арасында аса қызу сөз сөй­леп тұрған С. Зиманов портреті. «Елім-ай» әні. Алаңдағы шу, да­быр.
С. Оразалы кадрда (Ғылым академиясының ғи­маратын нұсқап):
–  Бұл шаңырақтың астында ғылыми ойлар­дың таласымен бірге талай рет тарих айры­ғын­дағы халық тағдырын шешетін саяси тайталас та бол­ған еді.
Кадрдан тыс:
– Москваның әділетсіз ше­ші­мі қазақ хал­қының ашу-ыза­сын тудырғаны мәлім. Бірақ өк­тем­­дік құрып үйренген орталық өз шешімінен қайтпай, жастарды қуғын-сүргінге ұшыратып, ха­лық­тың ар-намысын таптады. Бү­кіл қазақ халқына жала ж­ап­қан шешім шығарды. Міне, осы кез­де дана халқымыздың батыл да батыр, парасатты ұлдары еш­кімнен жасқанбай, бұл ше­шім­ге қар­сы шықты. Соның бірі Ғылым ака­де­миясында сөз сөйлеген Салық Зиманов еді.
Колбиннің дүрілдеп тұрған уақытында Орта­лық партия комитетінің шешіміне қарсы шығу үлкен ерлік еді. Сәкең өз пікірін терең ғылыми дәлел­мен, білгірлікпен, асқан шешендікпен қорғап шықты. Колбин Сәкеңнің сөзін ұнатпады, бірақ оған қар­сылық білдіруге өресі жетпеді.
Алматыдағы Парламент үйі. Оның бос залдарын аралап келе жатқан С. Зи­ман­ов бір сәт тоқтап, әлденені есіне түсіреді. Зал­дың ішіндегі депутаттардың шуы құла­ғы­на келеді. Олардың бейнесі көзіне елестейді. Зи­мановпен қатар отырған депу­таттар, оның мін­беде сөйлеп тұрған фотосуреттері көр­сет­іледі. С. Оразалының даусы:
– С.Зимановтың терең ғы­лыми білімін, Ота­нына деген шек­сіз сүйіс­пен­шілігін, қайра­т­кер­­лігін барынша ашқан сәт – оның 90-жылдары тәуел­сіз еліміздің депу­таты болған жылдары. Сәкең тә­уел­сіз мемлеке­ті­міздің іргетасын қала­ған құ­жат­тар­ды жазып, қа­был­даудағы күреске бел­се­не қа­тыс­ты. Ол Тәуел­сіздік декларациясын, елі­міз­дің тұңғыш Ата Заңын, тарихтан тарихқа кетер та­лай маңыз­ды құжаттардың қабыл­да­нуы­на жа­нын салды. Академик Зейнолла Қаб­дол­ов: «Ел­ге егемендік алып беру үшін қарсы­лас­тардың жа­ғын қарыс­ты­ратын, мисыздарды миландыра­тын, даукес­тер­дің діңкесін құртатын Зимановтың зия­­лы­лығы, білгірлігі, ағыл-тегіл шешендігі, тіпті көре­ген көсемдігі керек болды және ау­май-төк­пей солай болып шықты да», – дейді сол күндерді ес­ке алып.
Тарихи кинохроника. Қазақстанның Тә­уел­сіз­дік декларациясын жариялаған оты­рыс. Залдан көріністер. С. Зиманов мә­жіліс за­лын аралап келеді. Көз алдына сон­дағы депу­таттар келеді. Қысқа-қысқа көрі­ністер ар­қылы залдың әр тұсы беріледі. Сә­кең мін­берге келіп тұрады. Төрдегі Президент, Жо­ғарғы Кеңес төрағасы т.б. көрінеді. Бәрі ойға орал­ғандай. Фотосуреттерде депутат­тар­­дың кө­ңілді жүздері, күлкілері, бір-бірі­мен қауы­шып жатқаны көрінеді. Ортасында С. Зиман­ов. Кадрдан тыс С. Зимановтың дау­сы:
– Енді ол кездегі көңіл күйімізді айтпа­ңыз. Өте көтеріңкі болды. Себебі Тәуелсіздік ала­­мыз, еліміздің, халқымыздың ғасырлар бой­ғы арма­нына жетеміз деген сезім бар еді. Айтыс-тартыс көп болды. Жұмысшы комиссия­сының төрағасы ретінде мен мінбеге шықтым. Бұл комиссия мүшелерінің жартысына жуығы Тәуелсіздікке қарсылық жасады. Маған көптеген сұрақтар қо­йылды. Жауап беріп жатырмын. Қанша екенін біл­меймін, төрт-бес сағат айтыстық. Осы жерде Нұр­сұлтан Әбішұлының жәрдемін ерекше айтамын. Ол алты-жеті рет орнынан тұрып, мені қолдады. Ақыры жеңдік. Көңіл күйді, қуанышты айтып жеткізе алмаймын!
Кинохроника. Залдың іші абыр-сабыр. Қол соғу. Жұрттың бәрі қуанышты. Айқай­лаған, ура­лаған дауыстар. Ірі планда Пре-зи­дент, Жоғары Ке­ңес төрағасы көрінеді, депу­таттар... С. Зиманов кадр­да:
– Ол қуанышты тойладық қой. Ғимараттың сыртына Парламент шешімін күтіп көп халық жиналыпты. Олардың қуанышы қандай! Бұл ерекше күн болды!
Астана. Ақорда. Көгілдір ас­панда қалық­таған көк Ту. Шал­қыған музыка.
С. Оразалы:
– Осы бір ұлы адамның сан қыр­лы еңбегін, адамшылық, азаматтық бейнесін, ғылым­дағы, өмірдегі ерліктерін түгел көрсетіп беру аса қиын. Бірақ мен өз жүрегіме жақын, өзім таныған адам туралы айттым. Ал Зиманов­тың жүздеген шәкірт­терінің, замандастарының, оны­мен қыз­мет­тес болған адамдар­дың жүре­гінде, көңіл кө­зінде сақ­таған өз бейнелері, өз Зимановы бар. Сондықтан бұл адам туралы ойлар толас­та­мақ емес.
Музыканың фонында каби­не­тінде жұ­мыс істеп отырған С.Зи­манов көрінеді. Ол ой үстінде. Тау бөктерінде, көшеде, ел орта­сын­да жүр. Бұл кадрлар жылдам ауысып, ға­лым­ның тынымсыз тіршілігінің жалғасып жат­қанын танытады. Ғибратты да ғажайып өмір.

Ә.Қалмырзаев, про­фес­сор:
–1987 жылдың сә­уір айында Алматыда үл­кен ғылыми конфе­рен­ция болды. Оны бас­қарып, өткізген – сол кез­де Қазақ­станда қаһары жүріп тұр­ған, Ор­талық партия комитетінің бі­рін­ші хатшысы Колбиннің өзі. Баян­­дама жасаған адам, негізінен, ара­­лас мектептерді көбейту тура­лы идеяны ұсынды. Бұл ұсынысты облыс­тар­дан келген шешендер де қолдап, елде атқарылып жатқан жұ­мыстарын жа­рыса баяндап жат­ты. Елдің тыныш­ты­ғын Сәкең бұз­ды. Ол сөз сұрап, мін­беге шық­ты да, кері­сін­ше, ұлт мектеп­те­рін кө­бірек ашу керектігін дәлелдеп шық­­ты. «Сіздер­дің ұсыныста-ры­ңыз Қа­зақс­тан жағ­дайына кел­мейді», – деді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста