"Жанашыры едім": Төреғали "ТТТ"-ға тұрмысқа шыққан Мадина Оспанова туралы айтты
Отандық танымал әнші Төреғали Төреәлі өзінің "Ұлы дала комедиясы" атты фильмінде басты рөлдердің бірін сомдаған Мадина Оспанованың тұрмысқа шығуына қатысты пікір білдірді.
Өнер иесі "ТТТ" деген жігіттің жары атанған жас актриса үшін аса қатты қуанғанын білдіріп, оған әрдайым жанашыр әрі тілекші болғанын айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ "Ел аузында" бағдарламасына сілтеме жасап.
Төреғали Төреәлі жақында ғана жаңа отбасына келін болып түскен актриса жайлы бар ойын ақтарды.
"Мадина Оспан тұрмысқа шығады дегенді естігенде қатты қуандым. Өйткені, мен оған сондай жанашыр едім. Мен шынымен, оның тілектес ағасы, тілеушісі едім. Өткенде Айқынның фильміне түсіп жатыр екен. Мен де түсу керек болғанмын. Барсам, екеуміздің рөлдерімізді тағы байланыстырып қойыпты. Сол түсірілім алаңында айтты, тойға шақырды" , - деді шоу-бизнес жұлдызы.
Айта кетейік, бұған дейін халық арасында Мадина Оспанова мен Төреғали Төреәлі көңіл жарастырып жүр деген қауесет тараған болатын. Актриса сүйіктісінің түрін жауып, фото астына "ТТТ" деп жазып елді одан бетер ойландырып қойды.
Алайда, уақыт өте Оспанованың жазып жүрген "ТТТ"-сы мүлдем басқа жігіт екені белгілі болды. Өнер иесі бірнеше жыл бойы кездесіп жүрген сүйіктісінің ұсынысын қабылдап, оған тұрмысқа шықты.