Енді бірер жылдан кейін елімізде өткізілетін ЭКСПО көрмесінің негізінен экономикалық бағыты басым болғанымен, осынау ауқымды шара аясында мәдени-рухани шараларды да жүзеге асыру көзделген. Осы орайда таяуда Астанада қаланың 15 жылдығы мен ЭКСПО - 2017 халықаралық көрмесінің құрметіне «Ұлы Дала Даңқы» – «Музей Славы Великой Степи» мұражайын салу ұсынылды.
Мұндай ұсыныс «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстел барысында жасалып, оның соңында қозғалыстың тең төрағалары Марат Нәбиев пен Сәдібек Түгелдің жетекшілік етуімен арнайы үндеу қабылданған. Бүкілқазақстандық акцияны бастау туралы үндеуде былай делінген:
«ХХ және ХХІ ғасыр тоғысында қазақ халқының тарихында мың жылда бір рет болатын ұлы оқиға орын алды. Ол ел астанасының Алатаудың баурайынан қазақтың кең жазира сахара даласы – Сарыарқаның нақ төсіне орналасуы еді. Бұл мәні де, маңызы өте зор ұлы жоба бүкіл қазақ халқының атағын шығарып, абыройын аспандатып отыр. Жаңа шаһар пайда болды. Астана күн сайын өсіп, өркендеп, қарыштап, дамып келеді. Бұл күнде жаңа елордамызды бүкіл әлем танып, мойындады. Тек соңғы жылдары Астана қаласында әлемдік деңгейдегі ірі симпозиумдар, басқосулар, съездер және спорттық, мәдени шаралар өткізілді. Соның ішінде ЕҚЫҰ саммитін, Әлемдік діндер съезін, VII қысқы Азия ойындарын атап айтсақ болады. Бұл күнде астаналықтар елордамыздың құрылуының 15 жылдығына және әлемдік ЭКСПО – 2017 көрмесінің өткізілуіне дайындық үстінде. Осы орайда «Ұлы дала қырандары» РҚМӘ өз үлесін қосуды жоспарлап отыр. Ол Астана қаласының жанынан «Ұлы Дала Даңқы» – «Музей Славы Великой Степи» мұражайы құрылысын салу болып табылады. Бұл, шын мәнінде, әлемде теңдесі жоқ, ұлы далаға арналған тұңғыш мұражай болып саналады. Оған атсалысу ұлтын, ұлы даласын, елін сүйетін азаматтардың асыл борышы деп білеміз. Сондықтан «Ұлы дала қырандары» қозғалысы ұлы дала даңқын асқақтататын мұражай салуды бастайды. Соған атсалысыңыздар, құрметті ағайын!»
Үндеу соңында «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысының өкілдері Астананың мәдени-рухани байлығын еселей түсемін деушілер үшін есепшоттарын орналастырған. Қосымша ақпаратты info@tugel.kz, www.tugel.kz. арқылы білуге болады.
Сәдібек Түгел, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық бірлестігі «Ұлы дала – ұлттық рух» жалпыұлттық акциясының аясында қазақтың мәдениеті мен тарихын, дәстүрін, басқа да ұлттық-рухани жәдігерлерін насихаттайтын, әлемге танытатын бірқатар шараларды қолға алмақшы. Негізгі мақсатымыз халыққа адал қызмет ету, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, ұлы дала мәдениетін жаңғырту, ұлттың ана тілін қастерлеу, қоғамымызды басып алған жемқорлықпен аяусыз күрес жүргізу, жұмыссыздықты жою, еліміздің болашағы – жастарға дұрыс жол көрсету, оларда патриоттық сезім қалыптастыру, демографияға көңіл бөлу, ауылға жағдай жасау болып табылады. Жуырда біз ұлан-ғайыр даламыздың даңқын әспеттейтін мұражай салу бастамасын көтердік. Қазір оның эскиздері мен техникалық жұмыс жоспарлары жүзеге асуда. Бұл бастамамызға қолдау білдіріп, қол ұшын берушілер қатары баршылық.