Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі театр және кино актері Бекжан Тұрыс жақында ғана өмірден өткен тележүргізуші Нұртілеу Иманғалиұлы туралы әсерлі жазба арнады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бұл туралы актер Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. "Иісі қазақ атына қанық, бейнелеп айтсақ, бесіктегі бала мен белі бүгілген шалға дейін есімін елі жақсы білетін, күйкі тірлік кешіп, желді күнгі туырлықтай желпілдеп өсек тасып, сұмдық ойлап сұмырай тілек саумаған, жақсы көрген адамына жанын суырып беруге әзір тұратын. Сыйласа құлай сыйлайтын. Нені айтса да өзегінен жалын бүркіп айтатын, мұңының астарына парасат ұялаған Нұртілеу ағаны ел-жұрты мәңгілік сапарына шығарып салды. Жан жылап, өкпе-бауыр езіліп, қабырға сөгілді. Алланың маңдайына жазған кесімді мерзімін "бай-қуатты болайық" деген ұстанымын алтын баулы, ақ бұраулы қазығына байлап, әр қазақтың асығы алшысынан түсуін шын жүректен тіледі!
Саналы ғұмырын тележурналистикаға арнап, алуан тақырыптарды қамтыған еңбектері жүрекке жетті, жұртының құрметіне бөленді. Күндердің төресі &ndash қасиетті жұмада жамбасыңыз жерге тиді. Алла панасына алсын, ұзақ сапарыңыз ұлағатты болсын, аяулы аға! Тек жұма күндері жақсы тілекке толы хабарламаларыңызды Уатсап арқылы маған жиі жіберуші едіңіз. Өзіме деген шынайы ықыласыңызды сол хабарламалардан сезіне алғаныммен інілік құрметімді көрсете алдым ба... Ал анығы &ndash қамшының сабындай қысқа ғұмырыңызда көңіліңізді ешқашан қалдырмағам және жаныма аз да болсын осы жұбаныш, аға! Ендігі жерде тарих &ndashсіздің таусылмас ғұмырыңыз, жығылмас тұғырыңыз. Артыңызда қалған амандос еліңіз, дос-жараныңыз бен ұрпағыңыз аман болғай!" - деді Бекжан Тұрыс.