«Заң және Біз» өзіміздің де, өзгенің де көкірек көзін ашып, заңдық сауатын көтеруге көмектессе деймін
Досымбек Қонысбекұлы, «Қазақстан» ұлттық арнасы «Заң және Біз» бағдарламасының жүргізушісі:
– Досымбек Қонысбекұлы, халықтың құқықтық сауатын ашудағы телевидениенің, ондағы бағдарламаның рөліне тоқталсаңыз?
– Қазіргі таңда елдің құқықтық сауатын арттыру – өзектілігін жоймаған маңызды мәселелердің бірі. Біздің Ата Заңымыздың өзі, «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады...» деп басталады. Бірақ еліміз түбегейлі құқықтық мемлекетке айналып кетті деу қиын. Біз өзіміздің құқымызды қалай қорғауды білмейміз. Ең қарапайым мысал, салық органдары, «кез келген жерде сауда жасағанда чекті талап етіңіз» деуден талмай келеді. Бірақ дүкеннен чек сұрап жатуды қажет деп таппайтынымыз немесе оған мүлдем көңіл бөлмейтініміз рас. Ал егер алған тауарымыз сапасыз болып шықса, оны кері өткізе алмай, тұтынушылық құқымызды қорғай алмай қиналып жатамыз. Жалпы, өмірдің өзі – заң. Адамның дүниеге келгеннен бастап, есейіп қайтыс болғанға дейінгі өмір жолы заңдық құжаттарда тәптіштеліп жазылған, қай кезде қалай әрекет етуге болатындығы қағазға қатталып қойылған. Тек керек кезінде қажетті заңды, нормативтік құжатты, әлде болмаса Кодексті ал да қалай әрекет етуің керектігін қарап ал. Бірақ үйімізде құқықтық кітаптар мен кодекстерді жинап отырғандарымыз шамалы. Күн сайын қабылданып, өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп жатқан заңдарды өзімізге еш қатысы жоқтай, олардың барлығы тек заңгерлер мен судьялар үшін ғана керектей сезінеміз. Ал өз басымызға іс түскенде заңгер немесе адвокат іздеп сабыламыз. Міне, осы кемшіліктердің орнын толтыруда, халықтың құқықтық сауатын арттыру бағытында телевидениенің көтерер жүгі қомақты. Бұл жұмыстармен өзім еңбек етіп жатқан «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдары 20 жыл бойы айналысып келеді. Бірақ бұл басылымдар барша бұқараны қамти алмай отырғаны өкінішті. Оның үстіне газетке деген қызығушылық төмендеген қазіргі заманда электрондық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстардың орны ерекше. Көрермен экранда болып жатқан жағдайға еріксіз назар аударады. Өзінің, туысының немесе танысының басына түскен жағдайды шешудің заңды жолдары талқыланып жатса құлақ қояры кәміл. Сол себепті теле және радиоарналарда құқықтық бағдарламалар қазіргіден де көп болуы керек.
– «Заң және Біз» бағдарламасы өзекті құқық мәселелері талқыланатын ауқымды алаңға айналып отыр. Қоғаммен кері байланыс та қалыпты деп ойлаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, қазір жұртшылықты көбінесе қандай мәселелер кеңінен толғантады?
– «Заң және Біз» бағдарламасы көрерменнің құқын қорғайтын ашық алаңға айналды» деген бағаңызға мың алғыс. Бұл жобаның атқарар ісі әлі алда. Ұлттық арнадағы бұл бағдарлама болашақта барша қазақ жұртына құқықтық кеңес беретін сенімді серігіне, білікті қорғаушысына айналса деген үміт бар. «Заң және Біз» өзіміздің де, өзгенің де көкірек көзін ашып, заңдық сауатын көтеруге көмектессе деймін. Енді сіздің сауалыңызға келер болсақ, көрермендер, негізінен, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары мен тиісті мекемелер тарапынан теріс әрекеттерге тап болған жағдайда не істесем болады, кімге шағымданып, қалай арызданам деген сауалдарды жиі қояды. «Заң және Біз» бағдарламасы әр апта сайын жаңа тақырыпты арқау етіп алатындықтан, сұрақтар да сол тақырып төңірегінде өрбиді.
– Өткендегі судьялар съезінде заң тақырыбын жазатын журналистер пулын қалыптастыру мәселесі көтерілген еді. Осы пікірге көзқарасыңызды білсек?
– Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезі – төрт жылда бір рет өтіп тұратын алқалы жиын. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы қатысуы жиынның маңыздылығын көрсетсе керек. Үшінші билік өкілдерінің биылғы басқосуы халықаралық деңгейде өтті. Шетелден келген қонақтар да өз елдеріндегі сот жүйесі мен ақпарат құралдары өкілдері арасында болып жатқан жағдайларды тілге тиек етті. Байқағаным, ұқсастық көп. Олар да журналистердің сотта қаралып жатқан іске, мәселенің мән-жайына байыптап бармай тұрып, атүсті ақпарат тарататындығын мәлімдеп жатты. Қазақстандық судьялардың барлығы дерлік бұл тақырыпқа ерекше тоқталып, кетіп жатқан кемшіліктерді тілшілердің құқықтық сауатының төмендігіне теліді. Әріптестеріме қаратып айтылған айыптаулардың түп-төркіні түсінікті. Қазіргі уақытта судьялардың, құқық қорғау органы қызметкерлерінің жағымды имиджін қалыптастырып, жұрттың оларға деген сенімін арттыруға көп күш салынып жатқаны белгілі. Осы кезде сенсация қуған журналистің бүйректен сирақ шығарып, тексермей таратып жіберген ақпараты тірнектеп жиған абыройды шелектеп төгіп тастайтыны рас. Жиында осындай олқылықтарды болашақта болдырмау мақсатында судьялардың журналистермен бірлесе жұмыс істеп, арнайы сот репортерларын дайындауға қолғабыс ету қажеттігі, тілшілерге сот процестеріне байланысты ақпараттарды (ешқандай құпиялылығы болмаса) кедергісіз беріп тұру керектігі сөз болды. Бұл – дер кезінде қолға алынып жатқан бастама. Мұндай ынтымақтастық орнап жатса, одан соттар да, журналистер де ұтпаса ұтылмайды деп ойлаймын.