Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысында Жамбыл облысы мәдениеті күндері өтті. Бағзыда түйелер керуені маң-маң басқан Ұлы Жібек жолындағы ірі сауда орталығы бүгінде арқауы үзілмеген құтты облысқа айналған. Осыдан бірнеше ай бұрын Тараз қаласында Оңтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері өткен-ді. Өңірлер арасындағы даму мен ынтымақтастықты нығайту мақсатында өнегелік тұрғыда алары мен берері көп бұл мәдени байланыстың екі облыс арасындағы достықты нығайтуға тигізер ықпалы зор.
Облыстық опера және балет театрында өткен іс-шараның ашылу салтанаты жайында бұдан бұрын хабарлағанбыз. Мәдениет күндерінің алғашқы күні Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» фольклорлық ансамблі Шымкент қаласындағы қарттар үйінде «Тараз тартуы» атты қайырымдылық концертін өткізді. Кешкі мәдени шаралар аясында драматург Елен Әлімжанның «Төле би» атты екі бөлімді тарихи драмасы көрсетілді.
Ал келесі күні облыстық опера және балет театрында Жамбыл облыстық қазақ драма театрының «қуыршақ» тобы сатирик Оспанхан Әубәкіровтің комедиялық ертегісі желісінде режиссер А.Сағымбекова сахналаған «Қожа мен спорт» қойылымын көрсетті. Театрландырылған оқиғаның өзекті ойы – жасөспірімдерді бала кезінен спортпен айналысып, жалқаулықтан аулақ жүруге тәрбиелеу. Қонақтардың іс-шарасы одан әрі Жамбыл облыстық филармониясы «Балауса» цирк ұжымының «Таңғажайып әлем» атты шоу-бағдарламасына ұласты. Күлкілі сайқымазақтар мен акробаттардың өнері жұрттың қызығушылығын туғызды. Мәселен, төрт жылдан бері сиқырлы таяқшалар құпиясын меңгеріп келе жатқан «Балауса» цирк тобының мүшесі 21 жастағы әртіс Нұрсұлтан Зұлпыхардың айтуынша, бұл өнер түрі жалқаулықты көтермейді әрі оны кез келген адам істей алмайды және жылдамдықты сақтау керек екен.
Жандос ОМАРОВ, Жамбыл облыстық «Балауса» цирк тобының жетекшісі:
– Құрылғанына 10 жыл болған ұжымда 40-тан астам әртіс қызмет етеді. Біздің циркте 5 жастан 50 жасқа дейінгі қызметкерлер бар. Әрбір әртісіміздің өзіндік рөлдері бар.
Циркке келген көрерменнің қарасы қалың болды. Тараздық цирк әртістерінің өнеріне кішкентай көрермендер ғана емес, үлкендер жағы да тәнті. Әсіресе кешті жүргізген сайқымазақтың сөздері балаларды риясыз күлкіге бөледі.
Жамбыл облысының оңтүстіктегі мәдениет күндері апта соңына дейін жалғасты. Іс-шаралардың соңғыларының бірі облыстық Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда өтті. Қазақтың қара нары, қара сөзден қамыр илеген Шерхан Мұртазаның ізін ала көптеген әдебиетші қауым өсіп-өнгені белгілі. Шерағаның соңын ала Елен Әлімжан, Әбдімомын Желдібаев, Шырын Мамасерікова, Эра Орманова, Үміт Битенова, Ғани Әлімбекқызы, Болат Бекжанов, Ахмет Баймаханбет, Маралтай Ыбыраев сынды зиялы қауым өңір жұртшылығымен кездесу өткізді. Өлеңге де, өнерге де бай киелі Жамбыл топырағынан шыққан ақын-жазушылар қауымының дін мен дәстүрдің қаймағы бұзылмағанның оңтүстік өңірге келуіндегі мақсаты – жас таланттарды, олардың шығармашылығын халықпен таныстыру.
Маралтай ЫБЫРАЕВ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:
– Осыдан біраз жыл бұрын ақын ағаларымызбен оңтүстікте болған сапарымнан ой түйіп, «Оңтүстік туралы баллада» жазған болатынмын. Сонда көркем жырға жаны құштар облыс әкімінің орынбасары, ақынжанды азамат Әли Бектаев өзі бас болып, оңтүстіктің тамаша табиғатын аралатып, өңір туралы сыр шерткен еді.
Шарада кілең ақындар «арқырап» тұрып өлең оқыды. Міне, осылайша кеш соңы ақын-жазушылармен сыр-сұхбатқа ұласып, әдебиет-мәдениет төңірегінде әдемі әңгіме қозғалды.
Жамбылдықтар күнгейді күмбірлетті
Последние статьи автора