Заманына сай маманы
Өмірде өз орнын тапқан адамдар – жар таңдау мен мамандық таңдауда адаспаған жандар деседі. Рас, отбасындағы және қоғамдағы өзінің рөлін сезінген адамның, шын мәнінде, өмірге деген құштарлығы, өзіне деген сенімі ерекше болатыны шындық. Ендеше өмірімізде аса маңызға ие заманымызға сай мамандықтар жайлы оқырманмен аз-кем бөлісуді жөн көріп отырмыз. Дәлірек айтсақ, шығармашылық мамандықтарды тақырыбымызға арқау еттік.
Шығармашылық мамандық иелері дегенде біздің ойымызға түсетіні – өнер адамдары, ақын-жазушылар, суретшілер, журналистер... Сүйікті ісіне маңдай терімен, уақытымен қоса, жан-жүрегінің бір бөлігін арнайтын шығармашылық мамандық иелерінің бойына жаратылыстан дарыған дарын жалпыға рухани азық болуымен бағалы. Бүгінгі техникасы қарыштап дамыған заманда, өркениетті қоғамда жоғарыда аталған мамандықтардың тізімі күннен-күнге көбейе түсуде. Тек әрқайсысымыз қабілет-қарымымызға, қалауымызға қарай мамандықты дұрыс таңдай білсек болғаны.
Мамандық таңдай білесіз бе?
Психолог мамандардың айтуынша, кез келген жеке тұлға өзі шұғылданғысы келетін мамандықты армандағаннан гөрі, алға өмірлік мақсат ретінде қойып, жоспар құра білгені жөн. Мамандық таңдау – белгілі бір деңгейде моральдық мәселе. Сондықтан әркім өзінің көңіл қалауына ерік беруі керек. Алайда мамандықтың түрі көбейген сайын оны таңдау да қиынға соғатыны тағы бар. Өз ісінің бүге-шігесін толық меңгерген кәсіби маман болу үшін икем, қабілет және мінез қажет.
Сондай-ақ енді-енді өзін тұлға ретінде сезіне бастаған адамға қоғамның өз заманына сай ұсынатын қызметтері бар. Міне, адамның мамандыққа, мамандықтың адамға сай болуы, қоғамның сұранысы, тұлғаның қабілеті, осы үш фактор мамандық таңдауда бірін-бірі толықтырады.
Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сүйенсек, былтырғы жылы «Менеджмент», «Қаржы», «Есеп және аудит», «Экономика», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Халықаралық құқық», «Дизайн», «Кадастр» және «Әлеуметтік жұмыс» мамандықтарына сұраныс көп болған. Байқағанымыздай, жастар мамандық таңдауда табысқа басымдық береді.
Себебі беделі алатын жалақысына қарай бағаланатын қазіргі заманда мемлекеттік қызметтер, қарапайым мұғалім мен дәрігер, заңгерлер ортаңқолды мамандық болып қалды. Ал шығармашылық мамандықтарға келер болсақ, біздің елде өнерпаздар да, он саусағынан өнері тамған шеберлер де, таңдайы тақылдаған шешендер де жетерлік. Тіпті сөзге, өнерге, суретке, сахнаға қатысы жоқ, басқа саланың мамандарының арасында да небір таланттар жүр. Тек біздегі ең үлкен мәселе, кейбір ата-аналардың балаларының бойындағы дарынды көре тұра, «Селкілдеп билегенің саған ертең нан бола ма?» немесе «Андағы шимай-шатпақ суретің кімге керек?» деген секілді сөздері балалардың ынтасын тұншықтырады.
Біз әлі күнге баламыз бастық болса, қолында қаржысы, астында тағы болса деген шолақ түсініктен арыла алмай келеміз. Ал егер баламыз шығармашылық мамандықты таңдаған күннің өзінде оның сахнадан түспей, ел алдында жүргенін қалаймыз. Қалай десек те, біз атақ-даңқты, мақтауды, лауазымды жақсы көретін халық екенімізді мойындамасқа болмайды. Айналамызға болашаққа көз жүгіртер болсақ, ешқандай атақ-даңқсыз-ақ, еліңе абырой әкелетін, өзіңді табысқа жеткізетін мамандықтар қаншама? Тағы бір айта кетерлік жайт, «ерін ойлайтын елі болмаса, елін ойлайтын ер қайдан болсын» демекші, жоғарыдағы атқамінер азаматтарымыз да жастарды қазіргі заманға сай мамандықтарды игертуге мүдде таныта бермейді.
Бір ғана мысал келтіре кетейік. Айталық, қазақша телеарнаның жоқтығы, заманға сай қазақ киносы мен мультфильмдерінің, театр сахналарындағы жаңа қойылымдардың немесе қазақы сәулет өнері туындыларының тапшылығы жайлы мәселе қозғала қалса, таяқтың бір ұшы айналып кеп кәсіби мамандардың тапшылығына тиеді. Сондай кезде біріміз-бірімізді кәсіби мамандығы жоқтығына кінәлап шыға келмей, қай-қайсымыз да, заманның ағымына, қалауымыз бен талғамымызға қарай мамандық таңдасақ, мемлекет тапшы мамандарға қолдау көрсетсе құба-кұп болар еді.
Қазіргі заманның әрі тапшы, әрі табысты мамандары:
• Аниматор – суретке жан бітіруші; Мультипликатор –мультфильмдерге арналған суреттер салушы; 3D-аниматор – үш деңгейлі графиканы өңдеуші дизайнер. Мұндай мамандар мультфильмдерді және арнайы эффектілер мен телевидениеге арналған заставкаларды жасайды. Қазіргі таңда шетелдік кинолар мен мультфильмдер, телеарналар осынысымен өтімді болып отыр.
• Витражист – көрмедегі және дүкендердегі заттарды тартымды етіп орналастыра білетін мамандар. Яғни сөрелердің және олардың бөлшектерінің дизайнын жасап, көрме кешендерін әрлендіреді.
• Декоратор – түрлі мекемелерді, ғимараттардың ішін әсемдеуші. Театр қойылымдарына, түсірілімдеріне арнайы сурет, графика, сәулет туындыларын таңдап, техникалар мен жарықтандыру құрылғыларын орнатушылар. Бүгінде біздің театрларымыздың сахналары әлі ескі үлгімен жасалған. Ал шетелдік театрлардың барлығы заманға сай жарақталып, көркемделуі арнайы мамандардың араласуымен жүзеге асады.
• Интерьер дизайнері – үйіміздегі немесе кеңсеміздегі жиһаздарымызды талғаммен орналастыра білетін мамандар. Бұл да қазіргі заманның таптырмайтын мамандары.
• Импрессарио немесе продюсер – түрлі мерекелік іс-шараларды ұйымдастырушы. Бұларды белгілі бір өнер адамының агенті деуге де болады. Аса бір қабілетті, ізденімпаздықты, тапқырлықты қажет ететін мамандық.
• Көркемдік әрлеуші – көшелерде ілінген жарнамаларды, сауда орындарын, қоғамдық тамақтану залдарын әсемдеушілер. Мұндай мамандар топ құрып жұмыс істейді.
• Клипмейкер – бейне және дыбыс жазу маманы. Олар жарнама идеяларын ойлап тауып, қысқа бейне хабарламалар жасайды.
• Колорист – түстерді ұтымды қолданудың маманы.
• Көркемдік суретші – басылымдарды көркемдік және техникалық жағынан әрлеуші маман.
• Грим жасаушы суретші – бұл мамандықтың құрамына төрт мамандық сиып кетеді. Яғни шығармашылық бірлестік деп атауға болады. Бұл бірлікке қоюшы-режиссер, қоюшы-оператор, қоюшы-суретші және сахналық киім таңдау мен грим жасау суретшісі кіреді. Суретші кейіпкерге тән бет-бейнені жасап, режиссермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Өзінің шеберлігімен кез келген адамның бет-бейнесін түрлендіріп, пластикалық грим жасайтын мамандар өте сирек.
Кез келген мамандық, әсіресе, шығармашылық мамандықтар адамның жан сұлулығын талап етеді. Мамандығымызға тек қажеттілік немесе міндет ретінде қарамайық.
Қаперге
• Балаңыздың болашақ мамандығын өзі таңдауына мүмкіндік беріңіз.
• Мамандық таңдар кезінде тек материалдық пайданы ғана ойламай, рухани қанағаттануды да естен шығармаңыз.
• Мамандық таңдар кезде балаңыздың сол кәсіпке деген жарамдылығын да байқаңыз.
•Егер балаңыз мамандық таңдауда қателескен болса, ол үшін кінәламаңыз, оны жөндеуге болады.
• Егер балаңыз қандай да бір мамандыққа ертеден әуестене бастаса, оны үйірмелерге беріп, әдебиеттер әперіп, түрлі сабақтардың көмегімен осы қызығушылығын сақтауға мүмкіншілік беріңіз.
• Балалар өз ата-аналарының мамандығына қатысты мамандық таңдауы да мүмкін екені есіңізде болсын.