Алдағы аптаның бейсенбісінде еліміздің Мемлекеттік орталық мұражайында «Хаттар – заман ағымында» атты көрме ашылады.
Хат жазып, хабар алмасу үрдісінің ерте замандардан келе жатқан дәстүр екені белгілі. Уақыт өткен сайын хат-хабар алмасудың түрлері де дамып, хат қоғамдық қарым-қатынас пен өзара байланыстың ең маңызды құралына айналды. Халқымыздың сан қилы тағдыры мен тарихына қатысты бай мәдени мұраларымыз әр кезеңдерде, әртүрлі жазу үлгілерімен тас, ағаш, сүйек, қағаз беттерінде жазылып, бүгінгі күнге жетті. Ежелгі дәуірлерде адамзат хабар алмасуды сурет арқылы білдірген. Қазақстанның таулы аймақтарындағы жартастарда салынған алуан түрлі петроглифтер – соның айғағы. Бұл қатарға, сондай-ақ, пиктограммалар, иероглифтер, буындық жазу, әліппелі жазуларды да жатқызуға болады. Хат ұлттар мен ұлыстардың саяси, мәдени және дипломатиялық қарым-қатынастарының қарқынды дамуына айтарлықтай ықпал етті.
Осы орайда, «Хаттар – заман ағымында» көрмесі көне дәуірден бері жазу арқылы іске асып келген дәстүрлі хат-хабар алмасудың әдістері мен түрлерін, механизмдерін қазіргі таңдағы байланыстың басқа да құралдарымен сабақтастыра көрсетуді мақсат етеді. Көрме барысында Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, Ә.Марғұлан, М.Әуезов сынды өзге де белгілі тұлғалардың ҚР МОМ қорындағы араб, латын және кирилл әліпбилерінде жазылған алуан түрлі хаттары тұңғыш рет жұрт назарына ұсынылады. Сонымен қатар бұл көрмеге ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Алтын Орда хандары – Тоқтамыс пен Темір Құтлықтың, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ хан, сұлтандары – Абылай, Әбілпейіз, Кенесары ханның және т.б. әлеуметтік билеуші топтардың тарихи хат-құжаттарының көшірме нұсқалары қойылады. Сондай-ақ көрмеден Кеңес Одағы кезеңіндегі әртүрлі мазмұнда жазылған хаттарды да тамашалауға болады.
Экспозицияда көрменің тақырыбын айқындайтын байланыс құралдарының Морзе аппараты, жазу машинкасы тәрізді басқа да қосымша жәдігерлер қойылып, интерактивті әдіс қолданылады.