Жалғасқан жол

Жалғасқан жол

(Ә.Кекілбайұлы шығармашылығы туралы)

Қаламгер қауым арасында «әдебиетті тұлғалар жасайды» деген түйінді сөз бар. Мүбәдә осы тұжырымның астарында бұра тартқызбас ақиқат жатып, көп көңілін иландыра алар болса, онда бұл біздің, одан ары, «жеке тұлғалардың шығармашылықтағы жетістігі – жалпы әдебиеттің де жетістігі» деген батыл байлам жасауымызға берік негіз болар еді.
Бұл арадағы ел игілігіне айланар деген суреткер табысының ұщы-қиыры жоқ аста-төк еңбек емес, қатарластарымен қабат кейінгілерге өнеге болғандай жаңашыл жол, алда ден қоямақ жеткіншек буынға адастырмас бағыт сілтегендей байыпты жоба болмағы шарт, әрине. Сонда ғана төккен тер бодауына бар болған соныдағы сораптың әлденеден иіс алып соңына түскен із қуушыларды алдыдан енді ашылмақ ен өріске алып шығар ақжолтай сүрлеуге айналары хақ. Ары қарай уақыт өте келе баршағаға ортақ кең даңғыл боп даңғырамағы айтпаса да белгілі. Күллі ұлттық көркемсөзді шиырдан шығарып, тыңға бастаған мұндай баянды бастаманың тағы бір аты үлгі. Оның көпке еншілі жетістік болатынының себебі де сонда.
Өнердегі үлгі-өнеге, әсер-ықпал ежелден келе жатқан ескі ұғымдар. Адамзат ақыл-парасатының жауһары есебіндегі әдебиет те бір-бірінен мәуе алған жеміс ағашы секілді жақсыны жосын, озықты ұстаз етіп өсіп, өркендеп келеді. Бұл жерге, әлбетте, еліктеу-солықтаудың ешқандай қатысы жоқ. Оның ортаға салар олжасы да шамалы. Біз мұнда сананың ғана емес, жанның да сығып алған сөлі іспетті шығармашылық еңбектің, яғни, әдеби туындының қара басын алға оздырар жаңа жарыққа шыққан әдіс-амалдардан алатын сабақ жайын сөз етіп отырмыз.
Бір қуанарлығы, үздікке қарап бой түзеу, жүйрікке қарап ой түзеу өркен өсірер өрелі қасиет ретінде біздің әдебиетімізге де жұғысты болған ұнамды мінез. Күллі ынсан баласының тынымсыз өрге ұмтылған көркем ойының құрамдас бір бөлшегі санатында өз бөгенайымен дараланып, халқымыздың рухани қазынасына айналған шежірелі сөз өнеріміз көз ашқаннан бері-ақ сырттан болар ықпалдан да, іштен табылар тағлымман да өнеге алып, толассыз толысып, жетіліп келеді. Бұған келтірер мысалдың да аз болмасы анық. Басқаны былай қойғанда, бір ғана қара сөз жанрының өткен жүз жылдықтың басталар тұсындағы тосын дүр көтеріліп, аяқасты аспандап кетуін атасақ та, айтқанымызға айқын айғақ болары даусыз. Соның бәрі, сөз жоқ, «ақыл − ауыс, ырыс − жұғыс» деген асыл жосынды негізге алған алыс-жақынмен болған ауыс-күйіс нәтижесі. Дегенмен, бұл сол кезде жасалғанның барлығы түгел теңделіп, сырттан тасылды деген сөзді білдірмейді, тыстан келер табысты сіңіріп алу үшін де алапат қуаттың керек болатынын ескерсек, мұнда ішкі мүнкіндіктің де маңызының аса зор екенін айтып жатудың өзі артық. Ал сырттан болар әсер мен іштен алар үлгінің қайсысының жұғымы мол болатыны мәселесі алдан шыққанда, айтар жоқ, «өз өлтірмейді, жат жарылқамайды» қағидасының алғашқы сәтте ауызға ілінері күмәнсіз. Себебі, жалпының бәрі жапа тармағай жанығып жаңашыл бола алмайды ғой. Одан қалды, алыстан арбалағаныңды бет-жүзіне қарамай саралап, сүзгіден өткізетін дәстүр деген қатаң сарапшы бар. Шектен аттаса да, шеңберден шықпайтын қылдан таймас сұңғыла біреулердің алдымен ағалап алға озуына, жол салып, жоба көрсетуіне тура келеді. Өнер үрдісі әлмисақтан бері осы қалыпта ілгері басып келе жатса, сірә, талант, дарын деген атадан асып туған өрен жүйректердің аса қажет болатын, егер бар болса, тамам топтан қара үзіп, ойқастай шабатын кезі, міне, осы тұс болса керек.
Шығармашылық әлеміндегі ұлы ағыстарды басқа бағытқа бұрып, одан сайын жөңкілтіп жібергендей үлкен ерліктер күнде жасалмайды дегенімізбен, іштей тұйықталған сана тоқырауынан басталып, түбі келіп іркілісті ізбастылыққа ұрындырған кібіртік кезеңдерден алап шығар көп кездесе бермейтін кем дидар жаңалықтардан, Құдайға шүкір деп айтайық, біз де кенде болмаппыз. Қара таласып қатар шапқан қара нөпірді шаң қаптырып, шығандай озып, соңына кейінгіге жөн сілтегендей сойдақ із қалдырып шырқап кеткен жел табан сайгүліктер, бағымызға жарай, бізге де нәсіп болыпты. Ондай сайлы саңлақтар дүркін-дүркін көз ұшынан шаң беріп, артындағы аламан шоғырға бағдар тастап, үлгі бастап келе жатқанына өмірдің өзі куә.
Мұны дәлелдеу үшін, әлбетте, тым арыға барудың қажеті шамалы, мұнда тұрған жерден кері бұрылып, өткен ғасырдың ұзына бойында ұлттық сөз өнерімізде, оның ішінде қарасөз майданында белең берген екі кезек үздік-создық ұлғаусар құбылысты алға тартсақ та жеткілікті. Дегенімізге дәрменді дәйек бола алады.
Бұның алдыңғысы, әрине, жер жүзінен баламасы табылмас ерекше серпіліс, тақыр жерге телегей орнатқандай таңғажайып түлеу болатын. Адам сенгісіз арын, теңдесі жоқ тегеурін-тұғын. Соңғы есепте, қысқа ғана уақыттың ішінде сол жойқын жаңғырудын несібелі нәтижесіндей болып қазақ баласына жеті атасында тиесілі боп көрмеген ұлан-асыр рухани қазына бұйырып, айды аспанға бірақ шығарды. Ол ұлан байлықты төккен тер, сарп еткен қажыр-қайрат бодауы десек, оның тағдыр жазуымен ардақты алаш қайраткерлерінің Алла берген тежеусіз дарыны мен жанкешті еңбегінің арқасында сәтімен орын болған ортаймас мұра екені айдан анық. Әрі арттарындағы жеткіншек ұрпаққа қалған мәңгілік мақтаныш болды. Ал солбір арымас-талмас алғашқы буын ұлы шоғыр арасында алдынғы лектен тебе көрсетіп даңқы биік дара сүреткер Мұхтар ӘУЕЗОВтің де жүргені талассыз шындық. Ақиқатына келгенде, оны алғы шептен ағалап бой көрсетті деу аз еді, талай заманнан бермен бауырын жерден ала алмай, кенжелеп қалған ұлттық қара сөз өнеріміз жалғыз сол ұлы дарынның жеке-дара күш-жігерінің арқасында тосын серпіліп, ту биіктерге қанат қағып, оны айтасыз, әлдебір алапат екпінге қуат жалғағандай, ерекше тездікпен лезде самғап шырқауға көтеріліп, күллі ынсан нәсілінің озық үні жеткен шектен қазақ баласының асқақ даусын саңқылдатып, әлемге паш етті деу әлдеқайда орынды болар еді.
Бүгінгі өскен әдебиетке иеміз деп мақтанатын тұсымызда да қарыздар жандар ретінде сол ұлы ұстаз еңбегінің туған сөз өнерімізде ғана емес, тұтас ұлттық мәдениетімізде де атқаратын өлшеусіз рөлын одан ары айта түсудің, жалғасты дәріптей берудің, сөз жоқ, маңызы орасан. Ал тоқсан тарауын түгендей толғап айта алатын адамы табылып жатса, нұр үстіне нұр болары даусыз. Бұл орайда, жазу-сызуы ертерек қалыптасқан ересек әдебиеттердің өзінде пайда болып, дамуына мыңдаған жылдар керек болған прозадай қабырғалы, ауыр жанрдың біздің топырақта бар болуына алғашқылардың бірі болып атсалысып, ал ержетіп нар болуына бойындағы барын сарқып берген бұл таңғажайып адам туралы, әрине, кезінде көзін көріп, тәлімін алған төл шәкірті Әбіш ағадан асырып ешкім ештеңке айта алмаса керек. Сондықтан, осы тұста пікіріміздің салмағын арттырып алу үшін сол кісіге бір кезек сөз беріп алғанды жөн санадық.
«... Тұтастай шолғанда, ертегінің алыптарына болмаса, екі аяқты нәсілдің өкілдеріне алдыра қоймас алапат. Нәтижелілігі жағынан, әлемдік әдебиетте саусақпен санайтындай ғана аз саңлақтар жеткен рекорт. Өзге әдебиеттерде ондаған шығармашылық ғұмыр өзектесе, сабақтаса жүріп қол жеткізген эстетикалық прогресті қазақ топырағында бір ғана Мұхтар Әуезовтің кемел таланты жүзеге асырып берді. Қазіргі қазақ прозасын қалыптастырып, орнықтырып, дамудың даңғыл арнасына түсіріп, шырқау биігіне көтеріп берудің бар салмағы Мұхтар Әуезовтың бір мойнына түсті. Өз топырағымызда оған ұстаз болған жоқ. Басқаларын былай қойғанда, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің өздері ол үшін шәкірт еді. Драматургияда да, сында да, көркем аудармада да солай-ды. Ойшылдықта ғана оның ұстазы бар еді. Ол – Абай еді. Әдебиеттануда ғана оған із тастаушы бар еді. Ол – Ахмет Байтұрсынов еді. Жүрегінен жыр төгіліп тұрғанымен, поэзияда бағын сынаған емес. Басқа салалардың бәрінде де ешкім Әуезовпен тең келе алмайды. Әрі талай жанрға алғаш жол тартқан пионер де сол. Әрі сол жолды әлемдік ұлы арнаға жеткізіп берген кемеңгер де сол. Осы заманғы әдеби дамуымызды сара жолға салып, ауытқытпай келе жатқан құбылнамамыз да сол. Адастырмай келе жатқан бағдаршамымыз да сол».
«...туған әдебиеттері үшін Сервантес, Шекспир, Бальзак, Диккенс, Теккерей, Толстой, Достоевский, Тагор мен Кавабата не бітірсе, Әуезов те қазақ әдебиетінде дәл соны бітірді. Өз ұлтын адамзатқа тегіс танымал, рухани туысқан етсе, ұлттық әдеби дамуымызды әлемдік биікке алып шығып, қазақ сөзі мен қазақ пікірін жалпы адамзаттық мәшурада алғаш рет паш етті. Бұл үшін басымызды оған жерге жеткенше қалай имейміз?!».
Ұлы жазушының 110 жылдық мерейтойына арнап жазылып, салтанатты мәжілісте оқылып, кейін «Егемен Қазақстан» газетінің кезекті бір(№306-307(24880) 28 қыркүйек 2007жыл) санында жарияланған «Кемел» атты ұзақ толғанысының екі үзік сөйлемі осылай болып келеді. Керек болар деп асты сызылғанмен, орынның тарылғына байланысты қалып қалған тағы қаншама жан тебірентерлік тіркестер бар. Соған қарамай, шағын ғана осы қос қиық үзіндінің өзі-ақ туған әдебиетіміздегі қарасөзшілердің тұңғыш тума − алдынғы легінің қалыптасу барысы мен жеткен биігін айқын көрсетіп бергендей. Жан сүйінерлігі сол, алғашқы буын жасап кеткен ұланасыр еңбекке кейінгі шәкірт буынның берген бағасы айнақатесіз дәл әрі әділ. Қазақша айтқанда «жасында көргені бардың, өскенде кісілігі боладының» дәл өзі.
Осындайда отырып, зәудеғалам маңдайымызға біткен осынау тамаша суреткердің алдын көрген, оқушысы болып дәрісін тыңдаған, сонымен ғана қоймай, оған лайықты ізбасар болғысы келіп, соңынан ерген Әбіш аға секілді рухани өркендері, жолын қуған інілері (жас жағынан баласының құры) болмай, оның жанкешті еңбегінің ұлттық руханиятымыздағы мәні мен маңызын жоғарыдағыдай тереңнен талдап, түкпірлей қазып, түбегейлі ашып, айтып бермегенде, арада заман жыл өткен бүгінгі таңда жарты ғасырдың аржағында қалған кемеңгер жазушының тау тұлғасы уақыт тұманынан, қимыжықтанып кеткен дәуір мұнарынан сәл көлегейленіп, көмескіленіп көрінер ме еді, қайтер еді, деген бір ой келеді бақыр басқа. Толағайды тану үшін де тарамысы берік тауан, зейіні жүйрік зерде қажет болса, өткендегілердің өмірін беріп жасап кеткен жауһарларының бағасын шын білу, тасасында жатқынды түбелікті зерделеу ешқашанда құры тамсанумен тамамдалмаса керек, қайта байқағандарын байыптап, тапқандарын таразылай келе, аяғында, қол созымда тұрған тағы бір кезек тегеурінді талпынысқа толығымен жетер қайрат, шалдықтырмас шабыт жинаса керек-ті. Енді мынадан – аға буынның алапат еңбегі жайында жасалған тұғырлы тұжырымнан соның екеуінің де қатар шаң берген шырайын шырамытып, әлденеден жалана дәмеленгендейміз.
Шынында да, Әбіш аға сөзі – өнеге алған өрен ретіндегі жеткіншек ұрпақтың алдынғыларға борыштылық білдірген ең лайықты лебізі еді. Бұлай деуімізге себеп, алдағы ағалар заңғар белеске шығып, өздерінің әуелбаста көздеген мақсаттарына жетіп қана қойған жоқ қой, сонымен қабат, арттарынан қолдыраңдап еретін әлі жас өрімдей өнерпаздарға қиянға өрлеудің жолын көрсетті, жобасын сұлбалап кетті. Олай етпегенде, соның бәрі енді бүгін соңғылардың иығына түсер зілбатпан жүк болар еді. Жарайды, жүк болса, жолда қалмас, тасылар делік... Ал, ешкім жанынан суырып бере алмас үлгі-өнеге жайышы... Білген кісіге бұл, тіпті, маңдайға жазылып, меншікке көшкен мол мұрадан бір мысқал да кем емес құнды қазына. Қалам ұстаған қауымның көбіне осы күнге дейін аужал қылар азық, ал биікке беттегендерге адастырмас бағдаршы болып келе жатқан кейінге қалса кеш болар сол құтты сүрлеудің былайғыға байқалмас бағасын ізбасар қауым жете біліп бастарын жерге жеткенше иіп, тағзым етсе, несі бар, жөн білгені, жосын танығаны дейміз. Сонымен ғана қоймай, сөз жоқ, жетілгені де. Асылдың құнын ақылды ғана салмақтай алады десек, ой түзеп, ержетпесе, байыптар ма еді бақ болып қонған бардың қадірін. Дау жоқ, есейгені.
Соның бір айқын айғағындай етіп, арада ширек ғасыр өтер-өтпей ұстазынан айнымаған сол шәкірт ұяда жатқанда көргенін істеп, туған әдебиетіміздегі тағы бір реткі үлкен сілкіністің желкенін көтеріп, туын желбіретсе, өсті демей, енді не демекпіз. Бұл біз жоғарыда атап өткен қара сөз майданында жүз берген ұлғаусар құбылыстың соңғысы болатын. Дер мезетінде танылып, дәл уағында бағысы берілмегенімен, мұның айта қалсын зор жаңалық болғаны күмәнсіз-тұғын. Байқалмай қалуының бір ұшы, бәлкім, ол кезде әлі десі жүріп тұрған алыптар тобының соңғы тұяқтарының арамызда болып, ықпалы әлсіремей, сол себепті, көп назары көбінеки соларға байланып, олардан басқа жақта және бірдеңелер байқалар деп күтпеген, соған байланысты, иек астында жатқанға елең етпеген еренсіздігінде жатқан шығар. Әлде жаңашыл қаламгер ескерусіз қалардай тым жас болды ма екен... Қалай дегенде де, кезінде үңіліп, зер салуда, талдап-таразылауда үлкен енжарлыққа жол берілгені күмәнсіз. Керек болса, сол тұста жасалған шаруаның осы күнге дейін толық тұрақтанып, жастарға үлгі ретінде ұсынылып, үрдіске айналмауы таным көзіндегі тұманның әлі тұтас сейіліп болмағанынан анық дерек берсе керек.
Ал, сонда, Кекілбайұлы әдебиетімізге не берді, қай нәрсені әкелді?
Бұл сұрауға жауап бермес бұрын, артық туған аға буын қаламгерлердің қарым-қабылеті мен күш-жігерінің арқасында аз уақытта өсіп, жонданып кеткен қатпары қалың қара сөз өнерімізге кім көрінген келіп жаңалық жасап, тағы біреу бұрылып жолай тапқанын тықпалай алмайтынын айта кетуімге тура келеді. Анау-мынауға көне салмайтын салмақты жанр қиындығы өз алдына, берік боп қалынған дәстүр мызғымастығы да жеңіл-желпіге жол бере қоймайтыны басы ашық ақиқат. Дегенмен, өткен-кеткеннің жайын біліп, бабына жараса бағы келген талантты қаламгерге алынбайтын асу, бағынбайтын қамал жоқ екен. Соның бірегей мысалы болып сол тұстағы жас жазушы Әбіш аға Кекілбайұлы алғашқы прозалық еңбектерінің өзінде-ақ жұрттан бөлектеніп, дара шығып, соныға соқпақ салыпты. Айтарға ғана алғашқы адымда делінгені болмаса, дайындығының о баста-ақ тас түйін мықты болғаны, мезгілі жеткен бүгін, алақанда жайылғандай анық.
Әрине, орын алған оңды істі онсыз тып-тинақтай етіп атқарып шығу да мүмкін емес еді. Тұңғыш кезекте, әлгінде тілге тиек болған бұра тартқызбас дәстүр жайы назарға мықтап алынып, осы бағытта аз болмаған шаруа атқарылғандай. Әуелі алдынғы толқын алыптар тұрғызып кеткен әуелеген сөз мұнарасына таңырқай қарап, тамсанса керек. Арасында ұлы ұстаз салған айшықты өрнектер жанарын айырықша тартқан сыңайлы. Өйткені, «Ол кездегі қазақ прозасының соншалық балаңдығына қарамастан, Әуезовтің прозадағы алғашқы аяқ алыстарының соншалықты мығым, соншалықты нық болғанына қайран қалмасқа болмайтын» («Кемел».№306-307(24880) 28 қыркүйек 2007 жыл «Егемен Қазақстан») еді. Ал кейін «әлемдік эпиканың мыңдаған жылдарға созылған эволюциялық сүрлеуін елгезек суреткер бар болғаны қырық жылға созылған шығармашылық жолының алғашқы екі онжылдығында-ақ еңсеріп үлгіріпті. Одан кейінгі он бес жылын Лев Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігінен» кейін оза дамыған әдебиеттерде өзгеше бәсекеге айналған күллі ұлттық болмысты, белгілі бір тарихи кезеңді бір адамның тағдырына сыйғызып, ондаған, тіпті жүздеген кейіпкерлер қатыстыра отырып сомдаған кең қарымды, әлеуметтік, психологиялық, философиялық талдауларды қойқосақ өрбіткен, концепциясы айқын, драматизімі қыл арқандай ширатыла ширыққан, композицлық бітімі біртұтас монуметтік роман тудыру үстінде Т. Голсуорси, Томас және Генрих Манн, Иво Андрич, Андрей Унит сынды майталман шеберлермен жарыса еңбек етіпті». («Кемел». №306-307(24880) 28 қыркүйек 2007жыл «Егемен Қазақстан»). Міне, маңдайымызға біткен ғажап дарынның сөз өнерінде құшағына бәрін сиғыза алатын осындай жойқын қуаты мен тежеусіз тегеуірінін қапысыз байқаған зерделі шәкірт содан кейін тәлейіне тап келген ұлы қазынаны түбегейлі зерделеп, тереңнен білуге біржолата ден қойыпты. Көп нәрсе тауыпты, әрине, көп нәрсе алыпты. Барлығы түгел күн өткен соң жарияға шығып, мағлұм болған солардың бәрін енді бүгін әліміз жеткенше жинақтап айтсақ, негізінен мыналарға саятын сықылды.
а. Ұлттық классикалық прозамыздағы о баста берік қалыптасқан, бұлжымас болып орныққан ауқымды эпикаға тән алапат қарым, көп нәрсені аяасына алып, аптықпай баяндайтын, барлығын түгел қамтып қатарлап айтатын ұлан-қайыр кең құлаш пен мол тынысты үлкеннен қалған сарқыт ретінде өзіне еншілепті. Кейін арт-артынан өмірге келген үздік шығармаларында өз орайымен сәтті көрініс тапқан бұл озық дәстүрдің баршаның көз қуанышына айналғанына, біз, бәріміз көзбе көз куәміз. Және содан соң-ақ ол сол үрдістен танбапты. Қайта ары қарай ұлап, үдете түсіпті. Жалғыз-жарым Әуезовтен ғана жұғысты болған қасиет демеген күннің өзінде, бұның сол алғашқы буын қарасөз шеберлерінің өнегесінен ауыс-күйіс болғаны айдан анық.
ә. Көзге көрінбес көмескі сөз бояуымен сызғанының бәрін көз алдыңа әкеліп, көлденеңдетпей тынбайтын ұлттық классикаға тән шебер суреткерлік, барынша қою берілетін ұлттық түс те ізденгіш шәкірт еңбектерінен басқа бір айшықта, өзге бір өңде айқын қылаңын танытыпты. Қайдан алғанын дәп басып меңзей алмасақ та, оның ағалар әуестенген үлкен өнер үлгісі екені аян. Бұл тұста «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген халық даналығын қайталаған жөн шығар. Тұған сөз өнеріміздің басқалардан парықтап тұратын басты ерекшелігі бұрынғылардан жоралғы боп қалған аса қанық берілетін тәбиғат көріністерінің көркем суреті, жаратылыстық ортаның көрікті кескіні десек, осы бір бөлекше бөгенайдың ізбасар буынға төгілмей-шашылмай түгел көшіп, түп қотарыла өткеніне ораты келіп көз айым болсақ, бұл қуанышты жайға сүйініштен өзге не айтар бар. Ал көнеден жалғасқан ондай көрнекті көркейткіш құралдарды бүгін өскен жас қайрат жеткіншектер өз шығармаларына жұғысты ете алмай, жоғалтып алса, ол – жосыннан жаңылып, жайдақ қуып кеткен соңғылардың өз әлсіздігі.
б. Ойға алғанды орнына қойып, көңілге бүккенді көрікті етіп жеткізер құнарлы тілдің қазыналы кеніші де «кезбе дәулет» боп жұрт жаңалап, ықыласпен ауып қоныпты іні қаламгер қаламына. Қазақ сөзін сарқа меңгерген шендесі жоқ шешендігі сауырына қол салдырмас талай асау туындылардың қыл мойнына құрық салып, бәсірелеп байлап берді құтты белдеуімізге. Бүгінде соның бәрі ел игілігі. Әдебиеттің басты құралы тіл болса, бұл тарапта алдыдағы алыптар тобы салып кеткен биік деңгейлі сара жолға ең адал шәкірт – Әбіш аға. Алдындағы дәнішпан ұстаз ұлттық тіліміздің аса бай қорын жеріне жете игеріп, еліміздің төрт төңерегінен талмай жинақтап, оны пайдаланудың, керекке жаратудың үздік үлгісін көрсетіп, бейнелеу, баяндаудағы ғана емес, тәптештеп суреттеудегі де таңғажайып мүмкіндігін ашып, өлшеусіз дәрежеде өрге көтеріп, орнықтырып кетсе, өмірге келген озат туындының өркенін өсірер сол озық өнегеден із қуған іні қаламгер де айнымапты. Қайта көргенділік танытып, сол шектен көріне білген. Ұлылар мұратын ұлықтап, артындағыларға айна еткен. Жүріп өткен жолында жүк қалтырмай, соңындағыларға сойы бөлек сүрлеу тастапты.
Міне, басы осылай басталған оң бағыттағы жұмыс ілгерілеген сайын тереңге тартып, ары қарай жалғаса берген.
Әдеби үрдістің қашанда өзіне дейін жасалғанды қайталаумен ғана шектеліп қалмауы керек екенін, ондай жағдайда, соңының апарып тұралаған тоқырауға ұрындырарын жақсы білетін жас қаламгер соңыра алысқа көз салып, шалғайға құлақ тіге бастапты. Өткеннің артынан өлгенше салпақтап ере беруді мақсат тұтпаған оның ондағысы озық елдердің озған әдебиетінің ау-жайын бір байқап, бар-жоғын бір шамалап шығу болған шығар, әлде, енді болмаса кешегілер жасаған кереметтердің жаңғырығына айналап, бір ізділікке ұрыну қаупінде тұрған әдебиетіміздің қиын жағдайы соған үндеді ме екен, әйтеуір, саңы сыртқа ауыпты. Негізі, біле-білсек бұл-дағы бір ескіден қалған ежелгі сүрлеу болатын. Арысы Абай атам, берісі Ұстаз жүрген сол жолға түсіп, тысқы дүниенің тынысын танымаққа талпынып, тартып отырыпты.
Бетке алғаны еуропа болса, бұл бір ілім-білімде ілгері кетті дейтін жершарының күнбатыс бөлегінің үлкен дағдарыс, ірі іркіліске белшеден батып, мелдектеп тұрған кезеңі болатын. Аздың алдында жүріп өткен алапат аласапыран – екі реткі жойқын соғыс батыс адамдарының заттық дүние керегін ғана емес, рухани әлемін де күйретіп, ауыр күйзеліске ұшыратып, болашақ болжаусыз бұлдырап, алғы тарап айқын танылмай, күңгірттеніп тұрған тұманды шақ еді. Сонымен қоса, сондай бір екі жақтан бірдей тұралатқан салбөксе тоқыраудан жарыққа алып шығар жаңа жолдардың да қолға шам алып қаралып жатқан тұсы-тұғын. Адамзат баласының қаңғалақтап жүріп өзі келіп тірелген тұйығынан қашып құтылуы қашан оңай болған, бұндай түртіншек тіршіліктен талайға дейін тұшымды нәтиже болмады. Таяу арада бола қоятын түрі де жоқ еді. Себебі, ол еуропалықтардың «құдайын өлтіріп алған» қаралы мезгіл-тін. Алайда, адам болған жерде әрекет болмай қалған ба, мимырт қимыл мігірсіз жүріп жатты. Көп өтпей филосфия, психология ғылымдарындағы жарыққа шыққан соңғы жетістіктер, яғни, адам туралы, адам өмірінің мәні турасындағы, сондай-ақ, оның болмыс-бітімі, жаратылыс-тәбиғаты жайында түйінделген кезекті тұжырымдар көркемөнер атаулының барлық саласына әсер-ықпалын көрсетіп, ақырында ол адам бейнелеудің, яғни, көркем бейне жасаудың кез-келген тармағындағы соны табыстарға жол ашты. Дүниетану мен адамтану төңерегінде болған төтен өзгерістерге ілесіп, өнер әлемінде де өзгеше ағымдар төбе көрсетті. Соның ең ауқымдысы, әрине, модернизім болды. Бұл өз ортасында (еуропа) өз заманы (20–50 жылдар)тудырған жасампаздық тәсіл еді. Оның ең басты ерекшелігі де сол өз уақытының туындысы болғанында жатты. Жасампаздық тәсіл ретінде кейіпкерлердің жұмбақ жандүниесіне психологиялық барлау жолымен ендеп кіріп, оның тереңінде бұғынып жатқан не қилы шетін сезімдер мен тосын түйсіктерді ашып, оқырмандарға оңтайлы бейнелеп беру – оның түпкілікті ұстанымы болатын. Көркем бейне жасаудың құралы етіп сыртқы қимыл, болмаса, тосын оқиғаларды алудың орнына, керісіне бағып, негізінен ішкі ширығуды, рухи бұлқыныс-азапты тәптештеп айтуды таңдаған шығармашылдық әдіс сол кезде өте-мөте адам жанының айнасы болып есептелетін сөз өнерінің босағасынан имене аттағанымен, кешікпей ерекше екпін алып, төріне озды. Өйткені, бұл сол дәуірдегі қасап-қырғын қантөгіс салдарынан бағдарынан адасып, іштей оңбай күйреген батыс адамдарының жарақат жандүниесін баяндап беруге айырықша бап келген-ді. Сол себепті де, ол тұяқ ілген жеріне батпандап батып, біржолата байырқалап қалды. Әлбетте, оның озық тұстарымен қатар, өзіне тән қалыңқы жақтары да болды. Бірақ, терең сабақ алуға, сол негізде өзімізге қандай дүниенің қат болып отырғанын байыптауға молынан жетіп жатты. Дегенмен, оны өзімізге түп қотарып әкелуге болмайтын еді. Бұлай етудің ақымақтық болатыны өз алдына, шығыс-батыс екі дүниенің өмір сүру сүрдегінде ғана емес, дүние тану тәпсірінде де шендеспейтін алшақтықтар болғандықтан, күн батар тарапта бас көтерген кез-келген мәдени құбылысты ешбір талдау-талғаусыз өзімізге көшіру ақыр түбі күлкіге қалдырар үйлесімсіз іс-тін. Бұны ұлттық әдебиетте жаңа дәуірге сай шыт жаңа шиыр бастағысы келіп, жанұшыра ізденіп жүрген жас қаламгер аңғармай қалған жоқ, әлбетте. Қайта қапысыз танып, адаспай аңдады. Бұл тарапта түйер түйіннің жеткілікті екенін де айқын сезді.
Өңгеге бұйырған өзгешелікке өңмеңдеп ұмтыла берсең, өзіңде бар «өздіктен» тұржауырын қаларың белгілі жәй, алда алынар асу бермес қамалдың қиыншылығы да сонда жатты. Жалаң ғана жаңалық қусаң, бұрын-соңғының мысқалдап жиған мәйегінен ажырап, мұраға қалғанды мансұқ етіп, жаттың жаддысына ұшырап, өзектен безген өгейлікке ұрынасың, ал, дәстүрге артықша адалдық танытам деп, жан-жағыңа қарамай, бөксе басқан жеріңде тыртысып отырып алсаң, ілгері бастырмас етекбастылыққа кіріптар болып, тоқыраудың қамытын мойныңа ілесің, екі арасынан ақылға қонар жөн табу – басты мұрат еді. Қанша ауыр болса да, бұл мақсат ақыр-түбі оңымен жүзеге асыпты. Бұдан жасалар қорытынды: тағы сол ежелгі ел болып ден қоюға тұрарлық ескі де елеусіз қағида − не үйренсең де жаңалықтың жалаң басын емес, оны жасаудың жолын игеруің шарт.
Алдыға қарай аттап басу, тегінде, өзіне дейінгіні игеріп қана қоймай, одан да маңыздысы, бұрынғылардың жеткен жетістігі енді бір ретте алдыдан көлденеңдеген көмескі кедергі болғандықтан, оның қабырғасын қақыратып, қираған тас қамалды жаңа бір деңгейге көтерлудің табан тірер тиянағы етіп, сол негізде өзі үшін соны да кең өріс ашу болар... Бұл жолда жеке қаламгер жеткен дара табыс кейде тұтас ұлттық шығармашылыққа оңды әсер етіп, жалпының кезекті бір жапатармағай ұмтылысына қузау салатыны бар болғандықтан, оны өз атымен атап, әдебиетіміздің де үлкен олжасы деп бағалағанымыз әлдеқайда дұрыс.
Біздің пайымдауымызша, Әбіш аға шығармашылығы дәл осы талаптан толық шыға алған, алдынғы буын жүзеге асырып кеткен толағай табысты тағы бір белеске көтерілудің табылмас баспалдағы деп біліп, өздері қолдарына қалам алған тұста әлдеқашан таптауырынға айнала бастаған қалпы білінген классизім әдісінен саналы түрде бас тартып (шимайланғанына талай болған бұл шиырда алдынғылардан озу да мүмкін емес еді), алғашында сол кезде жаңа өріс іздеп сабылған алғабасар топтың қатарында тізе қоса еңбектенсе, кейіннен заманы туып, әдебиетімізде енді-енді төбесі көріне бастаған психологиялық проза ағымын біржола орнықтырып тынған жасампаз еңбек жолы болды. Тау көтергендей табандылығы мен ерен талантының арқасында жолы болып табысқа жетіпті.
Сөйтіп, өткен ғасырдың 60-жылдарының соңына қарай туған әдебиетімізде ілгері із тастамаған тосын жаңалықтың төбесі көрінді. Бұл әлдеқалай өзгеден ауысып өз аяғымен келген «жиен» өзгешелік емес, ұлттық дүниетанымға толықтай сәйкес келетін, өзіне дейінгі әдеби дәстүрімізге түбегейлі тамыр тартқан барша үздік қасиеттерді (бұларды жоғарыда айттық) бойына жинақтаған, сондай-ақ, ең маңыздысы, бұрын болмаған тың ерекшелік, өзгеше өрнекпен толыққан бөгенайы бөлек соны жаңалық еді. Ол – «психологиялық проза» деп айдар тағылған қазақ қарасөз өнеріндегі жаңа ағым болатын. Рас, «психологиялық проза» әлем әдебиетінде оған дейін де болған, бірақ, біздің айтып отырғанымыз ол емес, қайта соның өз топырағымызда туған басқаша бір үлгісі. Пайда болған сәтінде пайдаға асты дей алмаймыз. Енді білуімізше, азар да безер болып жатырқамағанмен, қаламгер қауым талайғы жоғын тапқандай көрген жерден тарпа бас салмапты да. Демдерін ішіне жұтып, үнсіз қалыпты. Соған дейін сыншы болам деп, жанын жеп жүрген жас баладан бұндай ұлғаусар ұпайды күтпеген болар, танауларының астына әкеп қойған тамаша дүниені танымапты. Басқа – басқа, арғы-бергіні білеміз, талай топырақты таптап, шартарапты шарладық, жер бетінде басы қылтиғанның бәрін ішіп алдық деп жүрген көзіқарақты кісілердің өзі шырамыта қоймапты... Бір есептен, бұлай болар жөні де бар болса керек. Ешқайдан көрмесе, ешбір жерден кездестірмесе және жаңалық атаулының бәрі тек өзге елде жасалып, содан соң ғана бізге жетеді деп білетін таяз ойлы тұйық қауым кайдан танысын ондай күтпеген кереметті. Бірен-саран (Сағат Әшімбаев сияқты) қолдаушы, қуаттаушы табылғанымен, жалпы үнсіздік көпке созылыпты. Тіпті, Әбіш аға шығармашылығы бірыңғай мойындалған осы күннің өзінде әдебиетімізге әкеп қосқан сол жаңалығын былайғы жұрт түкпірлей зерттеп, танып қабылдағаннан гөрі жазушының кеніш білімі мен кемел дарынына көзсіз құлай жығылып, қала берді, шұғыл өрлеп кеткен биік даңқына шарасыз мойынұсынып, «талғамай жұтқандай» әсер қалдырады бізге. Егер шын көз жеткізіп, көкірегіне бойлата сіңірген болса, «тұқымның» түйін тастайтын кезі болды емес пе әлдеқашан, кейінгі буыннан әлі күнге ондай «тұяқ серпу» байқалмайды. Соған қарағанда...
Әрине, екінің бірі осқырынбай бассала берсе, жаңалық жаңалық боп жарыта ма?! Жобасы көрінген жерден жұғысты болмаса, оның өз себебі болған шығар, қалайда, елсізден енді ашылған иесіз қоныстай оқшау көрінген өрісті өзгешелік соны құмар қаламгердің терең білігі мен жанкешті еңбегінің нәтижесінде, ақырғы есепте, елдің ежелгі еншісіндей етене тартып, бірте-бірте сіңісті болып, түбегейлі орнықты. Тегі, «дәстүрден ауытқыған жаңалық болмайды» деген осы болса керек, бара-бара кім көрінген тұяқ салып тарта беретін таптауырын даңғылға айналмаса да, әр бастың санасында тұрар, танығандар талпынып-ұмтылар қол жетпес зәулімдегі үлгілі сүрлеу болып сорап тартты.
Ал, онда, аталмыш жаңалықтың тұрпаты қандай, ерекшелігі неде?
Енді сөз тізгінін осы тақырыпқа қарай бұралық.
Біз білгенде, сөз өнерінің басты нысаны ежелден бері адам болып келеді. Яғни, адам тағдыры. Адамсыз әдебиет те жоқ. Сондықтан да, сөз өнеріндегі барша күш осы бір екі аяқты мақұлықтың туа бітті сыр-сипатын мүмкін болғанша ашу бағытына қарай шоғырландырылған. Демек, бұл төңеректегі жаңалық атаулы, егер ашылып жатса, мына екі тарапта болуы мүмкін: біріншісі, жұмыр басты пенде жайындағы, оның өмірінің мәні және жаратылыс-тәбиғаты туралы таным-түсініктің өзгерісінде; екіншісі, сол «жұмбақты» толыққанды бейнелеп берудегі әдіс-амалдардың жаңғыртылуында. Біріншісі философияға сайса, екіншісі өнерге жатады. Бірі өзек болса, екіншісі – өрім. Бірақ, бәрі бір, қаһарманның сұлбасын соғып, тұрпатын тұлғалау бейнелеу арқылы жүзеге асатын болғандықтан, соңғы есепте, салмақ өнер жағына көбірек ауады. Сол себепті, жаңалық көбінеки бейнелеу тәсілінде, яғни, өнер жағында жасалмақ. Бұның өз кезегінде өзі қаузап отырған кейіпкердің қимыл-әрекетінен туындайтын мазмұнның да түлеп, түрленіп, шыт жаңа түске енуіне игі ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Бәрімізге белгілі, шығарманың көркемдігі ондағы көркем бейненің қаншалық толыққанды ашылуына байланысты жүзеге асады. Ал көркем бейне – қатпары көп, қалтарысы таусылмас «құпия». Оны жасаудың бұған дейін сан-сапалақ жолдары табылған. Оларды түгендеп, бармақ басып санай берсек сөзімізді ұзартып алармыз, дегенмен, шүкіршілік етер бір жай, солардың соңғыларының бірінің, Тәңір жарылқап, бізге тиесілі болғаны. Бас кейіпкерді ортасына салып қайнатып, құрыштай шымыр етіп шығаруға бола таңдап алынып, шығарманың арқауына айналатын маңызды оқиғаны жіпке тізгендей тәптештеп шығатын таптауырын тәсілден саналы түрде бас тартып, оның өзекті бір ұрымтал тұсын үзіп алып, санаға салып, көркем бейненің өз ойланыс, толғаныс аласапыранында ары-бері аунатып, түкпірлей тексеріп, тереңнен толғап, сонымен қабат, әлдеқашан өтіп кеткен жайға оймен қатысып отырған МЕНнің пайым-пиғылын бойлата сіңіріп, егжей-тегжейлі түгендеп, шұбырта өрбітетін, сөйтіп, психологиялық жаңғырық жолымен ойдың ағынына орап түгелімен жарық дүниеге жария ететін жаңа әдіс, жоғарыда да айттық, өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында пайда болып, туған әдебиетіміздің өрісін кеңейтті, мерейін өсірді. Образ жасаудың сананың үнсіз ағысына иек артатын мұндай соны тәсілі өзі айнымас нысан еткен адамды барлық жағынан ашып, бұғыс-қағастарын, өте-мөте бір ені ішінде жаралған пенде шіркіннің сырт көзге байқала бермейтін жұмбақ та сырлы ішкі қыртыстарын аударып, айпаралап көрсетуде таптырмайтын-ақ тәсіл екен. Өйткені, бұнда ілгеріде болған істер рет-ретімен баяндалмай, есесіне жадыда қайта тіріліп, қайыра сұлбаланып, қопарыла қозғалысқа келетін болғандықтан, ондағы қыбыр-жыбыр тіршілік, одан балалайтын пенделік қарама-қайшылық, қақтығыс-соқтығыс бәрі-бәрі кейіпкердің жеке бас талғам-таразысына тартыла өрбіп, орын алған мәселеге қатысты қатар бас көтеретін ішкі пікірлер тартысы, ой додасы, әрі-сәрі күй және дәл осы жан драмасына салған түйткілді жағдайға қарсы қолданылатын амал-айла түгелімен содан туындайтыны себепті қатысқан адамның бар шындығы – таным-түсінігі, қабiлет-қарымы, ниет-пиғылы, ең соңында осылардың жиынтық көрінісі болған мінез бітісі де айқын таңбаланады. Мінез, былай қарағанда, кісінің сыртқы қимыл-қозғалысында көрініс тапқанымен, түбі барып таныммен тамырласатын пәле ғой. Сондықтан, танымның тірі әрекеті, яғни, оның өзіне керекті соңғы түйінін түйер сараптамалық барысы болып табылатын психологиялық толғанысты әдеби талдап-таразылау – адам болмысын ашудағы төте жолдардың бірі екені даусыз. Мұнда ақыл иесін әлгіндей толғақты толғанысқа салатын қандай нәрсе екенін білмек те маңызды. Ал, онда, екі аяқты жаратылыстың жандүниесін бүй тигендей бүлдіріп, ішкі әлемін аласапыранға айналдыратын қандай пәле, не құбыжық?
Бұндағы негізгі себептің сыртқы дүниедегі әлдебір іс, қайсыбір оқиға екені шүбәсіз. Дегенмен, оның басты себеп болуы екіталай. Өйткені, бұл арада кісінің тума мінезінің алар орны да ерекше. Пенде құлқының тұңғиық түкпіріне бұғынып алып, зәредей затты жүз есе үлкейтіп жіберетін лұпа әйнектей тап келген жайды далитып, дабырайтып, өршітіп бағатын қызғаныш, намыс, күмәнқорлық (күдікшілдік) деген жаралғанда жабысқан қоздырғыштар қуаты қандай десеңізші?! Міне, осындай сөнбес қоламтаның маздақ шоғынан біреуін іліп алып, өзің айналдырып жүрген, сырттай салқынқанды байқалатын шығарма қаһарманының талмау жеріне лақтырып жіберіп, көрінбесті көретін жазушылық сиқырлы көзіңмен қауға тиген өрттей лау ете қалған жалмауыз жалынға қадала қарасаң, көрер едің талай-талай тау теңселткен «толағайды». Ал, енді, сонда көзайым болған жәйларды суреткерлік жолмен талдап-таразылау қаншалық тереңге бойлаған сайын олжаның да көбейіп, сомдамақ тұлға пішінінің толық пошымдалып, айқындала беретінін біз тілге тиек етіп отырған шығармашылдық тәжірибе барысынан айқын аңғарамыз. Сұлбасы естен кетпестей боп қалыптанған кейіпкер келбетінің әдеби жасампаздықтың түпкі мұраты екенін ескерсек, әлбетте, қаһарман образын тау көтерер толағай тұлғасымен емес, ішкі жандүниесі арқылы кескіндейтін бұл тәсілдің артықшылығы жайында ары қарай айтып жатудың өзі артық. Мұнда тек жазушының о баста көңілге бүккен айтпақ ойының осы кейіпкер тасасына тығылып, соның соңынан еріп, етегіне жармасып жарияға шығар астарлы пікір, мағаналы мазмұн екенін ишаралай кетуге ғана болады. Оны табу, әрине, оқырманның шығарманы толық оқып, тамамдағаннан кейін ғана басталатын «бас ауыруы».
Мінез дегеннен шығады, жұмыр басты ынсан нәсілінің тағдырына, түбегейлі болмағанмен, жасырын ықпал жасайтын көмескі күштердің бірі сол – құлық деген құрдым. Соған байланысты, «мінез – тағдыр» деген де белгілі тұжырым түйінделген. Туғаннан жабысып, тапжылмай тұрақтап қалатынымен қатар, өзгермелі, өтпелісі, айнымалы бөлегі де болатындықтан, мінездің өзіне төтелей және жанамалай әсер ететін қуатты тетіктер де толып жатыр. Олардың қатарына қоғамдық орынды, яғни, шексіз билікті жатқызсақ, мәнсәптің буы деген де талай дәуді алып соққан ежелгі алпауыт. Адам басына біржолата байырқалап қалмайтын «бақ қусын» төбеде байлап ұстап тұру деген де өз азабы жетіп-артылатын «әурешілік». Тегі, күдік-күмәннің ұшар ұясы, қобырап-қоздайтын тұсы да осы болар, аржағы – кісі болмысының бұзылуына алып барар енсіз даңғыл. Қайталап айтты демеңіз, психолог жазушының қадала қаузайтыны да осы ара. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, аржағындағы демегін бірден жайып салмай, қайта кейіпкерлерін сана сарпалдаңына салып, қызғаныш отына күйдіріп, намыс жалынына шарпылтып, күдік-күмән қоламтасына шыжғырып, әбден аласұртып алып, тереңінде тығылып жатқан күйігі мен шерін, құсасы мен наласын сонан соң барып тарқатады, бірте-бірте ағытады. Әрине, «мінез – тағдыр» қағидасына сай, әр пенденің өз «бойына» шақ құлқының болатынын да ұмытпай, әркімге өз басына, келген жасына бап келетін ойлау көлемін, мақсат-мүдде аймағын, қызығушылық өрісін сызып береді. Сөйтіп, басқалардан бағы асық, бөлек бітімді бір жаратылыс иесінің көмескі кескіні (ішкі образы) өзінің даму заңдылығымен сабырлы қадам тастап, бірте-бірте толығып, ыйықтанып өссе, ал, мұрат, мүддесі басқа, өзге бір тірлік жетегіндегі өңге бір кейіпкер кезек алғанда, өз арман, қалауына сай оның да аржағында жатқан мұң-зар, арзу-тілектері «лирикалық толғау» тәсілімен ағыл-тегіл ақтарылады, жалпыға жария етіледі. Сонымен бір шамада өмірге, дүниеге қаратқан пікір-көзқарастары да қосақтала өріледі. Ол ғана емес, ең аяғы, қоршаған орта – тәбиғат көріністері де қаһарман көңіл күйіне байланысты жан бітіп, құлпыра жәйнап, көрікті суретке айланып, оқып отырған оқушының да көз алдында тірі елес болып көлбеңдеп жүріп алады. Солайша, қажетке қарай таңдап алынып, бипаздап отырып баян етілген көркем барыс көңіл көзімен ғана көруге болатын әсем желіге айналады.
Ал осындай үздік бейнелеу тәсілін тапқырлап қана қоймай, оны жете игеріп, ұтымды қолданып, озық бейнелер жасай білген жазушы шеберлігі қандай десеңізші?! Толғаныстағы кейіпкердің шеңбер-шеңбер ой иірімдерінің арасын сызатсыз жалғастырып, бірінен бірі туындайтын қиял иіндерін бірінен біріне білдірмей өткізіп, селкеу шықпастай тәбиғи өрбіте отырып, сарпалдаңға салған әлгібір (сыртқы) төтен жағдайлардың себептерін саралап, одан туындаған түйін-түйткілдердің төңерегін тінтіп, шытырманы көп осындай шырғалармен шырмап алған оқырман ындынын ақыры апарып әлгіндей, әзірге шешілмес шиелер шеруі шамырқандырып кеткен сан-сапат сезімдер мен көңілкүй толқынының түпсіз мұнарына батырып, тұншықтырып әкетеді. Бейнелеу нысанына айналған көркембейненің (әлде хан, әлде батыр) дәл қасында отырып, олардың тақ бір жалғандағы жалғыз қара сүйенішіндей жан баласына ашпас құпия сырларына қанығып, олардың да ет пен сүйектен жаралған жан екенін, жер бетінде олар шеше алмас сыр, олардың да қолынан келмес іс барын біліп, көмектесуге айлаң болмай, іштен тынып, опынып отырып қалатының сонша, ол шарасыз хал ұзаққа ұласып, көпке шейін тырп еткізбей уысында ұстап тұрады. Бажайлап қарар болсақ, бұның шығарманың өнбойында қатар өріліп жатқан қос ұнсыр(фактор)дың қосылуынан туындаған тұшымды әсер екенін аңғарар едік. Оның алғашқысы, әрине, суреткердің бейнелеудегі асқан шеберлігі болса, кейінгісі, сөз жоқ, жазушының көркем бейне жасаушы туындыгер ретіндегі өзі шұқшиып отырған адам болмысына, тұлға тәбиғатына, өте-мөте оның ішкі әлемінің жай-күйіне, жан құбылыстарының сыр-сипатына аса қанықтығын және оның түбінде тұншығып жатқан түп себептердің тамырына қол апарып, көрегендікпен талдау жасай алар кемел тамыршы екенін қапысыз айғақтайды. Аталған жайларды психологиялық прозаға барар жолдағы күнібұртын әзірлеуге тиіс алғы шарттар десек, мына жағдайдан хас қаламгердің оған да о баста-ақ дайын болғанын анық байқаймыз. Осыған жалғап айта кетер тағы бір жәй: қаһарманның жандүниесінде қылаң берген қандайбір қыбырды да қалт жібермей, оны астынан алтын көргендей қадала қазып, қазымырлана жазатын баяндаудағы байыпты байсалдылық туындыларына кемелділік пен тереңдік бағыштаса, ең бір нәзік жәйіттерді де қағыс қалдырмай қамтып айтатын, астарына қараған жерден жанарыңды жұлып әкетер сиқырлы лириізім жасырынған айшықты сөйлем, бейнелі тіл қаузап отырған сезім иірімдеріне ерекше бір жағымдылық сіңіріп, соңғы нәтижеде, шығармаға көкейде ұялап, көңілді желпінтетін асқақ романтикалық леп силайды. Сөйтіп, әрі кетпес эстетикалық бояу ешқашан естен шықпас көркемдік болып жан-жүрекке сәуле себеді.
Рас, айтып отырған әңгімеміз бір қарағанда құры әншейін жалаулатқан жалпылама сөздей көрінуі мүмкін. Ал, анығында, олай емес. Әбіш аға шығармаларын сүйіп оқитын оқушы әлдеқашан аңғарып үлгірді, керек болған тұстан бастап біз, айғайлап атын атап, айтқанымызға айғақ келтіріп, ежіктеп жатпасақ та, жазушының басты шығармаларының бірінен саналатын даңқты «Махаббат мұнарасы», яғни, «Аңыздың ақыры» романы мен «Күй» хикаятын негізге ала отырып ой өрбіттік. Оған себеп, біз жоғарыда шолып өткен, шамамыз келгенше талдап баққан, көрнектілендіріп көрсетуге тырысқан тұлғалы ерекшеліктер суреткердің осы еңбектерінен түгелге жуық табылады. Осылармен ғана шектелмейді, әрине, әр туындыда ретіне қарай өзінше түрленіп, түрліше көрініс тапқанымен, жалпы қолтаңба (кейіпкер жасау жолдары деп түсініңіз) ортақ болғандықтан, осы қасиеттер басқа дүниелерінен де анық байқалып, айқын көзге ұрады. Шылбыр үзіп, тым бөлектеніп кеткен ешбірі жоқ. Сол себепті де, біз аталмыш еңбектерді орайы келген сөзімізге өзек еттік.
Осы тұста тоқтала кетер тағы бір жәй: біздің пікірімізге байланысты әлдебіреулер «қазақ әдебиетінде психологиялық проза Кекілбайұлынан бұрын да болған» деп дау айтуы әбден мүмкін. Негізі, жөні бар сөз. Психологиялық прозаға Әбіш ағаға дейін де талайлаған талпыныстар жасалған. Нәтижесі де жаман емес, әрине. Оған мысал ретінде Ақтанов ізденістерін алға тартуға болатын шығар... Дей тұрғанмен, бұл тәсілді көркемдегіш амал есебінде биік деңгейге көтеріп, жүзеге асырған, сөз өнеріміздің ортасына әкеп біржола орнықтырған, бәрі бір, Кекілбайұлы. Себебі, толық қанды психологиялық прозаға жатқызуға болатын сүйекті шығармалар «Шырағың сөнбесін»(1992), «Соңғы парыз»(1999) уақыт жағынан Әбіш аға еңбектерінен ( «Күй»(1968), «Махаббат мұнарасы»(1971) ) әлдеқайда кейін туды. Соңғысы тіпті басталуы ерте басталғанмен, аяғы мұнда, тәуелсіздіктен кейін ғана толығымен тамам болып, жұрт қолына тиді.
Сөйтіп, дүние ісі (көркем шындық деп біліңіз), кейіпкер келбеті оқиғалар ортасында, шайқастар шаңдағында, кескілескен күрес өтінде емес, керісінше, сол кейіпкерлердің өз ішкі қайшылықтарының қақтығысында, жан-жаққа ала қашқан пікірлер тартысында, жан драмасында өсіп-жетіліп, зорайып, кемеліне келетін мұндай амал-әдіс Әбіш аға дарын қуатының арқасында мезгілінен кешікпей өмір есігін ашса, оның нәтижесінде қазақ әдебиетінде бұрын-соңды кездеспеген талай-талай сом тұлғалар жасалып, оқырмандардың көз қуанышына, рухани игілігіне айналды. Одан да маңыздысы, ұлттық шығармашылық үрдіс бірізділіктен арылып, көп арналы, соған сай көп сипатты кең өріске қарай қадам басты. Біздің пайымдауымызша, Әбіш аға жасампаздығының туған сөз өнеріміздегі тұғырлы орны да, таусылмас маңызы да осында. Біздің «болары болып, бояуы сіңген», қазір аға буын санатындағы қабырғалы қаламгердің шығармашылығына көп жылдан соң қайта айланып соғып, әліміз келгенше тағы бір рет қаузап көруге дәт етуіміздің түпкілікті мәні де осында жатыр. Амал қанша, жазғанымыз, Мұхтар көкем (МАҒАУИН) айтпақтайын, жобаға жуықтаса да, межеге жетпей жығылды. Қалғаны білікті зерттеушілерге аманат.
Асыл ағалар ақыл-парасатының арқасында іргетасы берік қаланған өскен әдебиеттегі өркенді дәстүр осылай жалғасса мақұл еді. Үлкендер салған қазыналы жолға кіші іні айнымас мұрагер болып дегендей... Әрине, басқадан үйренудің жөні бөлек. Бірақ, ол өзіңді мансұқтаудың ұраны болмай, барыңды молықтырудың, жоғыңды толықтырудың құралы болса жарар-ды. Әрі-беріден соң жаңалық деген де көлденеңдей шапқан көк аттыға емес, үлгі көрген өнегеліге, білімі терең біліктіге жұғысты болар кірпияз «қазына» болса керек. «Ата көрген оқ жонса...», несі бар, алдыңғылар мұратына адал болғаны. Оны кейінгілер үзіп алмай, үздіксіз жалғастырып әкетсе, нұр үстіне нұр болмақ. Міне, ілімді ғана емес, ізденгіш, дарынды ғана емес, соны құмар Әбіш аға шығармашылығының біздің қазіргі кібіртік кезеңде тұрған әдебиетіміздің жеткіншек буын – жас қайратына көрсетер өнегесі, берер тағылымы.

Серік НҰҒЫМАН 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста