«Жәкуланың қызылтасы» немесе жерінде белгісі қалған болыс

«Жәкуланың қызылтасы» немесе жерінде белгісі қалған болыс

Шыңғыстаудың бауырында, Аягөзден Ақсуатқа қарай аттанып бара жатқан жазық жол бойында бір қызыл тас сонадайдан көзге оттай басылады. Сол елді мекенде ата-бабасынан бері қарай әлі күнге жасап келе жатқан жұрт әлгі тасты «Жәкуланың қызылтасы» деп атайды.  Қай заманнан бері әлгі тастың тұрғанын, жалпы, Жәкуланың кім екенін елдегі көнекөз қариялар болмаса, жаңа ұрпақтың көбі біле бермейді. Білмегені­не жазықты емес те, себебі бір кездері сонау Омбы барып, білдей дәрігерлік оқуды тауысып келіп, тіпті бүгінде қызыл тас тұрған өңірде болыс та болған қазақтың қадірлі де қадау азаматын «алашордашыл», «ұлтшыл» деп қуғынға ұшыратып, ақыры өлтіріп те тынған, содан соң одан туған, тіпті бір атадан тараған ұрпақтың түбіне жетуді көздеген саясат Жәкуланы ел есінен әдейі шығаруды көздеген болатын.
Сол бір Алаштың басына зауал төнген тұста кіндік кескен жұртынан жырақтап кетуге мәжбүр болған Жәкула ұрпағы басы­нан қанша қиын шақтарды өткерсе дағы, соған қарсы тұрып жеңіп, Тәуелсіздік алған елімен қайта қауышатын күнге де жетті. Текті ұрпақ қыршынынан кеткен баба­ларды қайта тірілтіп, бір емес, екі бірдей кітап шығарды. «Жәкула болыс» және «Жәкула және оның заманы мен замандас­тары» атты кітаптардың тұсауы таяуда Алматыдағы Ұлттық кітапханада кесілді. Онда ұлт зиялылары бас қосып, жарық көрген еңбек, жалпы, Алаш тарихына қатысты келелі әңгімелер қозғады.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымының докторы, профессор, Алаш рухының жоқтаушысы:
– Қазақ өте дұрыс айтқан, «Орнын­да бар оңалар»! Сол сөздің ақиқаттығын бүгінде Жәкула ұрпақтары тағы бір мойындатып отыр. Бір емес, екі бірдей аталары, аталары болғанда да жай біреулер емес, кезінде қазақтың көз жазып қалған білдей бір көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының әлі де бар екенін, рухы өшпестігін көрсетіп отыр. Мұндай кітаптар бізге көп керек, тарих үшін керек. Себебі осындай кі­тап­тар арқылы біздің ұлттық тарихымыз түгенделеді. Өзіміздің ел екендігімізді, өз тегіне үңілетін, тамыры бар тұтас ұлт екендігімізді осындай кітаптар жарысып шығып жатқанда түсіне бастаймыз. Қабекеңмен (Қабдеш Жұмаділов), қа­зақ­тың үлкен жазушысымен, әлгінде бір-екі ауыз пікірлесіп қалдық, сонда «егер де Жәкула мен Әбілмәжін Күші­ковтей азаматтары бар ұрпақ кезінде ешқан­дай репрессияға ұшырамай, аяусыз жазадан шашырамай ұлттың мүддесіне емін-еркін жұмыс істегенде, біз қандай нәтижеге жетер едік?» деген сұрақ туды. Онда біз 1931-32 жылдар­дағы ұлтымыздың өзегін талдырып, қойша қырған аштық зұлматын көрме­ген бо­лар едік.

Бұл не деген сөз? Бұл басқосуда жалқы­дан, яғни Жәкула мен оның ұрпақтарынан басталған сөз басы жалпы қазаққа барып тіреле берді.  Тарихшы Мәмбет ағамыз сөзін одан әрі қазақ саны мен сапасына қарай өрбітіп, мынадай деректер кетіріп еді. Біріншіден, Жәкула мен Әбілмәжін Күшіковтер кейпін кешкен әулеттер қыр­ғын­ға ұшырамағанда біздің санымыз осын­­ша кеміп, өз жерімізде аз ха­лық­қа айналмас едік деп бір түйді. Мәсе­лен, салыстырмалы түрде алсақ, 1917 жылы өзбек халқының саны 3,5 миллион болса, біз 5,5-6 миллион болатынбыз, яғни екі есе көп, ал қазір кім қанша? Сол өзбектер – қазір 30 миллион, ал біз өз ортамызда он миллионнан енді асып отырмыз. Бұл не деген сөз? Кеңес үкіметінің бізге көрсеткені – осы! Біз қазір өзіміздің қандай тұңғиық шыңыраудан өрмелеп, еңбектеп, тізерлеп, қан-жоса болып, әй­теуір, өлермендікпен шығып келе жатқа­нымызды сезсек қой шіркін, бізді биік құздан сол шыңырауға еш аяусыз итеріп құлатқан үкіметке емешегіміз езілмек былай тұрсын, лағынет айтар жөніміз бар. Жазушы Қабдеш аға­мыз­ды арғы беттегі қандастарымыздың тағдыры жайлы алғаш қалам тербеген және қаза жазған, қазақ­тың тұтастығын ту етіп ұстап келе жатқан жазушы деп тани­мыз. Сол кісі осы жиын ортасынан табылып қана қоймай, кітапқа алғы сөз жазған еді.
Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ, Қазақстанның халық жазушысы:
– Кеңестік үкімет қолдан тоз-тозын шығарған әулеттер қазақта жетерлік. Сол сияқты «Аягөзді Ақтайлақ бидің әулетінен тазартайық» деген ұран шыққан кезінде, мұны бүгінде жалпы қазақта біріміз білсек, біріміз біле бер­мейміз, бірақ содан әлі күнге басы қо­сыл­май, бірі Қазақстанның, қала берді, жұмыр жердің о шетінде, екіншісі бұ шетінде жүрген бір атаның балалары қаншама. Бүгінгі кітапқа арқау болған Жәкула мен інісі Әбілмәжін Күшіков­терден тараған үрім-бұтақтарды да, міне, тап осы санатқа жатқызуға бола­ды, яғни бірі білдей Омбыда еуропалық деңгейде дәрігерлік білім алып, тіпті Семей өңірінде болыс та болған Жәкула мен Варшава университетін бітірген Әбілмәжін сынды Алаштың ардақты ұлдары қызылдар қырғынына ұшыра­ға­нымен қоймай, олардан тараған ұрпақтың да көрмеген азабы жоқ деуге болады. Бірақ қандағы тектілік бәрібір өз мықтылығын дәлелдеп, аталған әулет ұрпақтары, мінеки, арманда кеткен аталарының отын үрлеп жағып қана қоймай, атын да қайта тірілтіп отыр. Мен бұл әулеттің ұрпақтарына сүйсініп отырмын, шекара асып кеткен жерлері­нен елге оралып, аз ғана уақыт ішінде ес жиып, өз тектерін түгендеп те үлгерді.  Кітап шығару оңай іс емес, мен сол кітапта өзімнің алғы сөзімді текке «Жәкуланың қызылтасы» деп атағаным жоқ. Аягөзден аттанып, Ақсуатқа қарай сапар шегер орта жолда әлі күнге тұр­ған сол тас – тарихтағы кейбір есімдерді есеңгіреген елі ұмытса да, жері ұмыт­пайтындығының дәлелі.

Жиын соңында тарихшы, жалпы, зия­лы қауым Жәкула мен Әбілмәжіні бар халық сол кезде-ақ Қазақ мемлекетін құру­ға даяр ұрпақ болғандығы жайлы тақы­рып­қа ойысты. Жалпы, айта кетерлік жайт – Алашорда үкіметін құрған ұрпақтың көшбасында тұрған 15 азаматтың, түгел дерлігі жоғары білімі бар қазақтар еді, тек жалғыз Отыншы Әлжанов қана мұғалімдер гимназиясын тамамдаған, ал Кеңес үкіме­тінің құрамы Алашордадан анағұрлым төмен болса керек. Тіпті елді зар қақсатқан Сталиннің небәрі үш-ақ сыныптық діни ілімі болғанын көпшілік білмейді де. Мәмбет Қойгелді сынды Алаш тарихын терең зерттеген ғалым осылай үлкен ойға жетеледі. Ал бұл өз кезегінде мақаламыз­дың басында айтқан «Жәкуланың қызыл­тасы» атауының ел есінен, жер атауынан өшпегендігіне тікелей жауап бергендей... «Тұлғасын елі ұмытса да, жері ұмытпайды» деген осы болса керек, сірә...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста