Саф өнердің орнын сананы сансыратар даңғаза әуеннің басқаны ақиқат. «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі қазақтың дәстүрлі ән өнеріне тағы да қолдау көрсетті. «Алаш айнасы» газетімен бірлесіп ұйымдастырылған «Жаяу салдың жауһарлары» атты Жаяу Мұса әндерінің кеші жиналған қауымды бір серпілтіп тастады.
Жаяу Мұса мен Шорманның Мұстафасының арасындағы қақтығыс көрініс тапқан шағын қойылым барынша шынайы әрі әсерлі шықты. Шорманның Мұстафасы бейнесіндегі танымал әртіс Бауыржан Қаптағаев пен Жаяу Мұсаны сомдаған жас талант Бейбіт Қамаранов көрермен қауымды бірден баурап алды. Сал-серіліктің символы тәріздес алтыбақанмен, гүлмен көмкерілген жазиралы дала және қос қапталдай жайқалған орманмен безендірілген сахна, ұлттық нақышта киінген әртістер сол замандағы қаймағы бұзылмаған қазақ өмірінен елес береді. Бұл – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сағызбай Қарабалиннің режиссерлік еңбегінің жемісі. Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың кешке арнайы жолдаған құттықтауын оқыған Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры директорының орынбасары Бақыт Бөкебаев ыстық ықыласын білдіріп, жобаға қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.
«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігіне, «Алаш айнасы» газетінің ұжымына
Құрметті өнерсүйер қауым!
Ұлттық музыка мен халық композиторларының тағылымды өмірін, қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараның маңызы зор деп білеміз.
Жаяу Мұса – қазақтың музыка өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, ешкімге ұқсамайтын дара тұлға. Ол – ұлттық музыка дәстүрін жаңғыртып, бүгінгі ұрпаққа жеткізген сұлу мінез, сырлы сөздің иесі. Оның әндері ұлттық нақышқа, өзіндік иірімге толы.
Даланың ғасырлар бойы жалғасып келген сал-серілік дәстүрін жаңа заманға жеткізген Жаяу Мұса әндерін жадымызда жаттап, айтып жүру – бүгінгі ұрпақтың парызы.
Осындай игілікті істі көпшілік қауымға ұсынып жүрген сіздерге зор алғыс айтып, болашақта жалғасын таба беруіне тілектестік білдіремін.
ҚР мәдениет және ақпарат министрі Дархан МЫҢБАЙ
Кеште Рамазан Стамғазиев, Жоламан Құжиманов, Ерлан Төлеутай, Тілеулес Құрманғалиев, Еркін Шүкіманов, Еркін Нұрханов, Ерлан Құжиманов, Абзал Қуанышұлы, Ерлан Рысқали, Жасұлан Базарбеков, Талғат Әбуғазы, Саят Нұрғазин, Талғат Мұқышев, Уатхан Захан тәрізді өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Жаяу Мұсаның елі – Керекуден арнайы келген ғажап әнші Ербол Айтбаев көпшілік қауымның ризашылығына бөленді. Кештің бір жетістігі – дәстүрлі әннің Бақтияр Ақымжанов, Нариман Әбдірахманов, Нұрсұлтан Елемесов, Өзгеріс Шерікбайұлы, Жасұлан Сақаев, Жақсыгелді Майасаров сынды жас өкілдерінің сахнаға көтеріліп, қанаттарының қатайғанын көрсетуі. Көпшілік басқаның емес, сол жас әншілердің сахнадан кетпеуін өтініп жатты. Жастардың орындауында талантты әнші, білікті ұстаз Жоламан Құжимановтың үйретуімен архивтердің сөрелерінде шаң басып жатқан Жаяу Мұсаның «Толғау», «Әрине», «Сынақ», «Толқыма», «Қаршыға, бүркіт», «Бұзау зары», «Келдім сізге», «Бәшерден», «Сүйіндік» сияқты бірқатар әндері тұңғыш рет үлкен сахнаға жол тартты. Өнер зерттеушісі, белгілі әнші Ерлан Төлеутай салтанатты шараны ұлы композитордың өмірі мен шығармашылығына байланысты айтылмаған тың деректермен өрнектеп өріп, тартымды жүргізді. Кештің толық телекөрсетілімі «Алматы», «Мәдениет» телеарналарынан көрсетілетін болады.
Өнерсүйер қауымның қаперінде болар, өткен жылдары Біржан сал, Ақан сері, Мұхит сияқты ұлы композиторлардың шығармашылықтарынан концерт ұйымдастырылған еді. Биыл Жаяу Мұса әндерімен басталған «Сал-серілер мұрасы» жобасы Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Естай, Әсет, Мәди, Қапез, Кенен әндерімен жалғасын таппақ. Атаулы жобаға Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қолдау болса, нұр үстіне нұр болар еді.