Ысты-Тілік баба аруағына арналып ас берілді
Қазақ халқы қай кезде болса да, қуаныш пен шаттықта, қиыншылық пен ауырпалықта бір жерден табылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақ пен бірліктің, туысқандық пен достықтың туын жоғары көтеріп, елдігіміздің ерен еңбегін көрсетіп жүрген, алдағы кезде де осы қаһармандық жолдардан еш уақытта таймай жүретін халық екенін сан ғасырдан бері дәлелдеп келеді.
Халқымызда «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген қанатты сөз бар. Олай болса өмірден озған ата-бабалардың өшпес рухына тағзым ету, құран бағыштау бүгінгі ұрпақтың абыройлы борыштарының бірі.
Осы орайда өткен аптаның сенбісі күні қазыналы Қаратаудың бойында, әулиелер мен әмбилердің құтты мекеніне айналған киелі әрі қасиетті Сарысу жерінде Ысты-Тілік баба аруағына арналып ас беріліп, ат шаптырылды.
Баба рухына арналған аста ақшаңқан киізүйлер тігіліп, қадірлі қонақтар күтіліп алынды. Ауданымыздың өнерпаздары мен арнайы Оңтүстіктен келген М.Әуезов университетінің өнерпаздары және де елімізге танымал, белгілі айтыскер ақын Карима Оралова арнауын айтып, өнер сүйер халықтың ыстық ықыласына ие болды.
Ысты-Тілік баба мемориалдық кешеніндегі митингіге жиналған көпшіліктің алдында облыс әкімінің орынбасары Б.Орынбеков аудан басшысы Қ.Мәдібек, және Оңтүстіктен келген сыйлы қонақтар сөз сөйлеп, өткенімізбен келешегіміз тарихымыздан бастау алатындығы жөнінде, бүгінгі тағзым ету игілікті шарасының маңыздылығына тоқталып өтті.
Осы аста баба құрметіне өзінің өзекжарды лебізін білдірген Шымкенттік халық қалаулысы Шәріпбек Жамалбекұлы:
– Күннің шуағы да мол, адамның ықылас пейілі де мол Оңтүстік аймақпен шекаралас жақтан Сарысу ауданының тамаша терең тарихын және халқының дархан, меймандос, бауырмал қасиетін жақсы білемін.
Сондықтан да, ауылы аралас, қойы қоралас, төскейде малы, төсекте басы бірігіп жатқан Сарысулықтармен біз әрдайым жақсылықта, береке-бірлікте, қрісті тірлікте кездесіп жүрген бауырлармыз. Ынтымағы жарасқан, бірлігі мен тірлігі үлгі болар елдің аузы дуалы талай азаматтардың аты үнемі мақтанып жүреміз. Қыл қобыздың құдіреті атанған Ықылас Дүкенұлы, кешегі тарихи кезеңдерде елдің тәуелсіздігі мен дербестігі үшін күрескен Шоқай датқа Қарабекұлы, Асанәлі Әшімовтей ақтаңгер актердің, Иля Жақановтай сыршыл, сыншыл сазгердің, Маралтай Райымбекұлы сияқты арынды ақынның, Айтбай Сыздықбаев, Қырықбай Асанов сынды қайраткер ағаларымыздың есімдері баршамызға белгілі.
Сіздермен шектесіп жатқан Созақ ауданындағы Қарабура әулиенің кесенесі де жаңартылып, шығыстың сәулет өнерінің үздік үлгісімен ұрпақтарына есігін айқара ашты. Қарабура әулие кесенесінің басында жыл сайын ас беріп, құран бағыштау бүкіл халықтық дәстүрге айналды. Айта кетейін, өткен жылы Бекболат Орынбеков, Қанатбек Мәдібек бастама көтеріп, Сарысу елінің қолдауымен Қарабура әулие кесенесінің басында ас беріп, жиын өткізгенін біз жақсы білеміз, – дей келе осындай игі істерді қолдап, қуаттап отырған басшылар тарапынан алғысын жеткізді.
Жиын соңы Саудакент ауылындағы атшабарда аламан бәйге мен құнан бәйгесіне ұласты.