Ын Жу Ку: Менің Қазақстанда тұрғым келеді

Ын Жу Ку: Менің Қазақстанда тұрғым келеді

Ой-өрісін дамылсыз дамытумен дараланып, білім көкжиегін кеңейтуді мақсат етіп қана қоймай, өмірін оқу мен тоқуға арнаған кім-кімнің де мұндай ізденісін, әрине, бағалайсың. Ал егер «инемен құдық қазғандар» арасынан жастар төбе көрсетіп жатса, оның талабына тіптен тәнті болады екенсің. Біздің кейіпкеріміз – дәл осындай жан, яғни бар қазынасы, айнымас серігі – кітап.
Әңгімемізге арқау болып отырған ұлты корей қызы өзін Інжу деп таныстырды. Таңырқай қарағанымызды түсінген ол: «Бізде де осындай есім бар», – деп жатыр. Жазылуы Ын Жу болғанымен, оқылғанда Інжу деп естілетін есімдердің мағынасы да ұқсас болса керек. Сонымен, Ын Жу Ку біз үшін –  Інжу. Қазақшасы тәп-тәуір. Кореяда туып-өсіп, сол жақта білім алған жан үшін өзге тілді осылай меңгеруі – үлкен жетістік.
Оның бізді қызықтырғаны – таңдауы­ның неге ауғаны. Інжу диссертациялық жұмысында біздің елдегі қазақ жастары арасындағы орыс, қазақ тілдерінің қолда­нылуы мен оның еңбек нарығына әсерін және екі тілде сөйлейтін бір ұлт өкілдері менталитетінің айырма­шылығын ажырат­паққа ниеттенген. Інжу­дің сөзімен айтқан­да, «Қазақстандағы қа­ла жастары арасын­да өз тілінен гөрі орыс тіліне бейімділері басымырақ екен­дігін аңғарыпты. Мұндай астары тереңде жатқан маңызды мәселе­нің еңбек нары­ғына қандай да бір ықпалы болмай қой­ма­сы анық. Қазақстандағы мемлекеттік тіл тағдыры турасында ғылы­ми дүние жазу оңай шаруа емес, әрине. Әйтсе де таңда­ған тақырыбын  кеңірек зерттеуге мықтап бел буған».
Інжудің Қазақстанға келуі кездейсоқ­тық емес. Ол мектеп қабырғасын аяқтаған соң, өзінің туған еліндегі белгілі саналатын ЖОО-ға қабылданады. Дәл сол жылдары сөз болып отырған білім ордасындағы шет тілдер факультетінде жаңадан қазақ тілі кафедрасы ашылған екен. «Орталық Азия­да орналасқан Қазақстаннан бұрын­дары еш хабарым жоқ болатын. Сондық­тан да мен үшін мүлде жұмбақ елдің өткені мен бүгіні және тілі мен ділі жайында жан-жақты мағлұмат алуға аңсарым ауып, құштарлығым күшейді. Бірінші жылдан-ақ Қазақстан жайлы көбірек білсем деген ынта-ықыласым арта түсті.  Менің бағыма қарай, екі елдің білім жүйесіндегі ЖОО шәкірттерін алмасу келісімі аясында үздік студенттерді Қазақстанға жіберді. Солар­дың тізімінде мен де болдым. Сөйтіп, білі­мімді Қазақстандағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде жалғастырдым. Қазір шамама қарай қазақ халқының тарихын да оқып жүрмін. Ата-бабасы дана, рухани байлығы орасан. Тарихының өзі бір ғылым екендігі белгілі ғой, сол сияқты салт-дәстүрі мен ұлттық тәлім-тәрбиесі де – үлкен  дүние. Мақал-мәтел­дері мен нақыл сөздері философиялық мұра іспет­ті», – дейді тыңнан отау тік­кен қазақ халқына де­ген ілтипатын осылай жеткізген Інжу. Қазір ол білімін ұштай түспек оймен Ұлы­брита­ниядағы Кембридж уни­верситетінде оқып жатыр. Енді диссертация қорғауға дайындығын бастамақ. Біздің елге екінші сапарының мақсаты – осы.
Қазақстанда осыдан бір­неше жылдай бұрын болған ол көп өзгерісті байқағанын айтады. «Қазақстандағы жағдай айтар­лық­­тай өзгер­ген екен. Сол кездері елдің тұрғы­лықты халқы, соның ішінде қала тұрғын­да­ры өз ана тілінен гөрі орыс тілінде сөйлеуге бейім көрінетін. Тіпті қазақ тілін­де сөйле­генге арланатын десем де, артық айтқан­дық емес. Қазір мүлде басқа. Көп­ші­лік қазақ тілінде сөйлей ме деп қалдым. Әрине, бұл урбанизацияға да байланысты шығар. Дегенмен де... Айта кетсем артық болмас, есесіне, адамдардың психология­сы ойлан­дырмай қоймады. Оны мен жүр­гізушілер­ден аңғардым. Мен, негізінен, таксимен ғана жүремін. Жүргізу­шілер кө­лік жүргізу мәдениетін елеп-ес­кер­мей ме деп қалдым, басым бөлігі ашу­лы, жылдам­дықты тым асырып, адам­дар­дың өмірі мен денсаулы­ғына қауіпті жағдай туғызып жатады», – дейді ол.
Інжу қазақ пен корей халықтарын бір-бірімен ұқсататындығын да айтты. Ұқсас­тығы – үлкенді сыйлауы, баланың ата-анасын ардақтауы, бір сөзбен айтқан­да, отбасы институты құндылықтарын берік ұстауы. Айтпақшы, Інжу қайыр сұрап тұр­ған адамдар арасында қарттары­мыздың жоқ екендігін жақсы қасиетіміздің бірі деп бағалауда.
Ол Шымкент қаласында болғысы келеді екен. «Неге Шымкент қаласы?» деп сұрадық одан. Ұққанымыз:  оның естуін­ше, негізінен мемлекеттік тіл қолданыла­тын, тілі таза қала – осы. «Оның үстіне, Шым­кент қаласы тұрғындарына қатысты көп қызықты жайттарды естіп жатамын», – деп Інжу күліп жіберді.
– Басымнан өткен мына бір жайды айтып берейін, көшеде такси тоқтатып тұр­ғанмын. Қасыма біреу келіп, «ұлты корей болса, орысша сөйлейтін шығар» деді ме екен, орысшалап бірдеңе сұрады. Мен бар білген орысшаммен қиналып әрең «русскый не знаит» дедім, сөйтсем, әлгі: «Немене, Шымкенттікісің бе?» – дейді.
«Құпия болмаса, диссертациялық еңбе­гіңізге керек ақпаратты жинаудың тәсілі қандай?» деп сұрадық біз одан. «Оның еш құпиясы жоқ. Сауалнама жүр­гізіп, респонденттердің көмегіне жүгін­бек­пін және үш буыны бар отбасында тұруды жоспарлап жүрмін, яғни ата-әжесі, ата-ана­­сы, сондай-ақ мектеп жасындағы бала­­лары бар отбасы болуы тиіс», – дейді Інжу. Негізі, ата-баба тілін жетік білетін, сөз­дік қоры әлі мол кімдер десек, олар  қазына-қарттарымыз екені рас. Інжу ғы­лы­­ми жұмысының ойдағыдай жазылуы­ның кілті мен кепілі сол адамдардың қолында екендігін біліп отыр.
Інжумен әңгіме барысында Кембридж­де оқып жүрген қазақ жастары жайында да сөз болды. Онда да балаларымыз аз емес екен. Олар апта сайын бас қосып, түрлі та­қырып төңірегінде дискуссиялық отырыстар ұйымдастыратын көрінеді. Інжу солардың бірін құр жібермейтін сияқты. Жастарымыз­дың шын мәнінде білім алып жатқандарын естіп, көңіліміз көтеріліп қалды. Өйткені «ондай оқу орындарына негізінен байдың балалары ғана барады. Көп уақыттарын білімге емес, басқаға жұмсайды» деген әңгімелерді жиі естіп жатамыз.
– Қазақстан – мақтануға, мақтауға лайық мемлекет. Экономикасы жылдам дамып келеді. Болашағын бүгіннен қа­лай­тын ел. Қазақстанның әсіресе білім саласына көбірек басымдық беретіні ұнай­ды. Мәселен, «Болашақ» бағдарла­масын алайық. «Болашақ» бағдарламасы – мемлекетке қажетті сапалы, білікті, білімді мамандар даярлау үшін қолға алы­нып, іске асып жатқан жоба. Бұл бағ­дар­ламаны мен басқару мен бағдарла­маны жүзеге асырудың ерекше, ешбір елде жоқ өзіндік бір модулі қалыптасқан бағдарлама дер едім. Әлемде мұндай бағдарламалар саусақпен санарлық Кореяда мұндай жоба болған емес. «Самсунг» сияқты компания­лардың ара-тұра демеушілік көрсеткені болмаса. Алайда онымен бүтіндей бір білім жүйесін жетілдіру мүмкін емес қой.
Бұрынғыдай емес, Қазақстанды әлем танып жатыр. Оған мен де куәмін. Корея мен Ұлыбритания елдерінің қарапайым халқы осыдан бірнеше жыл бұрын ғана әлем картасында Қазақстан деген ел бар екенін білмейтін, қазір тамсанып тұрып айтады. Осындай елдің ана тілінің дегра­дацияға ұшырай жаздауы өкінішті. Қазақ тілі өте бай тіл екен. Мен өзге елдердің тілдерін үйренуге талпынып жүремін. Байқағаным, қазақ тілі – өзіндік әдеби, ғылыми және саяси жазу нормасы қалып­тасқан бай тіл. Корея да кезінде тура сіздер сияқты отаршылдық кезеңді бастан өткер­ген. 1910 жылы Қытай мен Ресейге қарсы соғысты жеңіп шыққан Жапония Кореяны жаулап алып, колониялық билік орнатты. Сөйтіп, отаршылдық үкімет корей халқы­ның арасында ұлттық намыстың оянуына себепші болған-ды. Ата-бабаларымыз жапондық үкіметттің ассимиляция сая­са­тына барынша қарсы тұра білді. Алайда Кореяда да мемлекеттік тіл көп жылдар бойы жапон тілінің тасасында қалып қойды. Бізде де ана тілдің мәртебесін көтеруге айрықша мән беріліп, қазір ол саясат өз жемісін беріп отыр десем де болады, – деді Інжу сөз соңында екі елдің де өзіне ыстық екендігін және болашақта Қазақстанда тұрып, жұмыс істегісі келе­тін­дігін білдіріп.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста