Ымды білмеген, дымды білмейді
Ақтөбе облыстық саңыраулар мен мылқаулар қоғамы ыммен сөйлесуді меңгеруге тілек білдіргендер үшін оқыту курсын ашты. Бір айлық курсты тамамдағандар сурдоаудармашы болып жұмыс істей алады. Бұл әсіресе, аудандық жерлердегі сурдоаудармашыларға деген сұранысты қанағаттандыратын болды. Қазірдің өзінде аудандардан 15 адам курсқа жазылған.
Курсты бітіргендер жұмыссыз қалмайды. Өйткені қазір ыммен, ишарат арқылы сөйлесуді білетін мамандар өте тапшы. Облыс бойынша сурдоаудармашы көмегіне зәру жүзден аса құлағы естімейтін мүгедек бар екен. Заң бойынша, құлағы естімейтін мүгедектерге сурдоаудармашылар көмектесулері керек. Әрбір құлағы мүкіс адамның жылына 30 сағат сурдоаудармашы қызметін пайдалануға құқы бар. Қоғамдық жұмысқа белсене араласатындардың қасында үнемі аудармашылары жүруі керек. Алайда облыста мұндай мүмкіндік жоқ. Маман тапшы. Аудандық жерлерді айтпағанда, Ақтөбе қаласының өзінде тек 10 маман ғана жұмыс жасайды.
Курсқа алғашқылардың бірі болып жазылған Айнагүл Арыстанованың ата-анасының құлағының мүкісі бар. Сондықтан ол ишарат тілін кішкентайынан біледі. Дегенмен ұстаз болуды армандап жүрген Айнагүл ишарат тілін мүмкіндігі шектеулі кішкентай балаларға үйреткісі келеді екен. Сол үшін ол өз білімін одан әрі толықтыру мақсатында курсқа жазылған.
Құлақтары естімейтіндермен ым арқылы түсінісу кезінде кездесетін қиындықтар көп. Қарғалы аудандық саңыраулар мен мылқаулар қоғамының меңгерушісі Гүлден Жұмашева: – «Құлағы мүкіс адамдар ыммен сөйлескен кезде, қолдарын жылдам қимылдатады. Көбіне түсінбей қаламын. Бұл жұмысыма мықты кедергі келтіреді. Ал қағазға жазып, сөйлесудің өзіндік машақаты бар. Сондықтан мынадай курс ашылды дегенді естіп, қуандым. Қолымды шапшаң қимылдатып үйрену үшін келіп отырмын» – дейді.
Аудармашылар курста көп нәрсеге үйреніп шығады. Тек, өкініштісі, Қазақстанда ыммен сөйлесушілерге арналған оқу құралдары жоқ. Сол себепті, әзірге ресейлік әдістемелік оқулықтар қолданылады. Және осыдан бірнеше жыл бұрын қазақшаға аударылған қалта кітапшалары пайдаланылады. Бір айлық курсты тамамдағандар бітіру емтиханын Алматыда тапсырғаннан кейін ишарат тілін меңгерген аудармашы деген сертификат алады.