Хрущевтің шәт-шәлекейін шығарып, ашуландырған қазақ

Хрущевтің шәт-шәлекейін шығарып, ашуландырған қазақ

...Алдындағы хатқа қараған сайын қаны көтерілген Никита Сергеевичтің шапшыған ашуы шып-шып терге айналып, жап-жалтыр басынан май басқан қатпарлы шүйдесіне қарай сырғыды. Осындай ашу билеген сәтте бір орнында әсте отыра алмайтын, сол әдетіне бағып, қолын артына ұстаған күйі Кремльдегі кең кабинетін кере адымдап кетті. Бас хатшыны шабына шоқ түскендей ыршытып, шарадай басын шақшадай қып қойған — тағы да сол —хат, тағы да сол — қазақ. Бір емес, бірнеше рет...

Аманжол Қошанов, экономика ғылымының докторы, академик:
Алаш ардақтыларымен мүдделес болған

Молдабай Әбдіров – ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясының екінші буын өкілі.Ол кісі Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, С.Қожанов, О.Жандосов секілді ірі мемлекет қайраткерлерінен тағылым алып, солардың әсерімен қоғамдық жұмыстарға араласқан. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары қазақ даласының әр жерінен халық көтеріліп, төңкеріс болып жатқан кезде, ел арасынан оза шауып, оқу-білім іздеген жаңашыл жастардың бірі болды.
Экономикалық түсіндірме сөздігін жасап, қазаққа пайдалы кітапқа айналдырды.Ғалымдармен бірлесе отырып, біраз кітап, оқулықтар жазды. Сексенінші жылдары тіпті екеуміз бір көшенің екі жағындағы үйде қатар тұрдық. Ол кісінің жағымды дауысы, әп-әдемі сөйлеу мәнері болатын. Сонда Алашорда басшыларының ерлігі мен еңбегін үнемі жиналған жұртқа айтып, уағыздап отыратын.

Біртұтас кеңес халқы деген атау мен ұлы орыс тілі тұрғанда, қайдағы қаймана қазақтың өз ұлты мен тілінің тағдырын қозғап хат жазғанына Хрущевтің ит жыны қозды. Әсіресе, ол мұндай мәселенің қазақ­­­тың аузынан шықканын қаламайды. Қаламайды деу аз, жалпы естігісі де кел­мейді. Жылқы мен шошқа етін ара­ластырып «интернационал» шұжық жасат­қанда да алдымен көздегені — осы жылқы мінез халықты жуасыту, арынын басып, арманын бәсеңдету, ділін дігерлетіп қою болатын. Мүмкіндік болса, кең кесілген жерін кесіп-пішіп, көршілеріне үлестіріп жіберсем дейді. Кезінде сыңар туфлиін шешіп алып, онымен Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберін тоқпақтап, АҚШ-қа сес көрсеткен Никитаның ішіне бүккен бір арманы — орыс тілді біртұтас кеңес халқын құрып, ұлтсыз американдықтарды басып озу болатын. Ол арманына жетуге де болар еді-ау, тек мынадай қызылкөз пәлелер балағына жармасып, ойын ойран­дайтыны болмаса...
Хрущевтің шәт-шәлекейін шығарып, ашуландырған қазақ — Молдабай Әбдіров болатын. Ол — кім еді?
* * *
Молдабай Әбдіров бұл күнде тірі болса, 100-ге келер еді. Молдабай Әбдіров 1909 жылы Ақтөбе облысы Қобда ауданында дүниеге келген. Әкесі Тәліпкерей оны жастай сол заманның алдыңғы қатарлы білімімен сусындатқан.
Молдекең өз жазбаларында ол жылдарды аса бір азапты сезіммен еске алады. Қамыққанын жасыра алмайды. Астық салығы, ет салығы, жүн салығы, мүйіз, тұяқ салығы...  халықты аздырып-тоз­дыру, тұралату, малын құртып, та­қыр­ға отырғызудан басқа ештеңе емес еді. Зорлап отырықшылыққа итермелеудің ақырында халық аштан қырылды, шет жұртқа босып кетті. Осының бәріне жүрегі қан жылап, ет-бауыры езілген Молдекең қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да жақсылық, көмек жасауға ұмтылғанымен, алапат аранды, қан бүріккен қызыл саясатқа қарсы тұра алмай, ақыры өзі де оның торына түсіп, тұтқындалды. Нақақтан «халық жауы» атанып, итжеккенге айдалды. 1941 жылы соғыс басталғаннан кейін бес күннен соң жабылған жаламен ұсталып, небір азапты көрген есіл ер 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейінгі орнай қалған болымсыз жылымықтың арқасында ғана атамекен – қасиетті өлкеге қайтып оралды. Адам айтқысыз ауыр азапқа толы осынау он екі жылға созылған айдауға дейін ол талай айтулы қызметтер істеген болатын. 1934 жылы Қазақ педагогика институтын тәмамдаған. Жұмысшы факультетінде оқу бөлімінің меңгерушісі болған. 1937 жылы Н.К.Крупская атындағы Ленинград институтының саяси-экономика факульте­тін бітірген. Алматыдағы Пушкин атында­ғы бас кітапхананың директоры болып қызмет еткен. Компартия көсемдерінің шығармаларын ұлт тіліне алғашқы аудару­шылардың бірі болған. Ол кезде партия көсемдерінің кітаптарын аударғандарға бір бетіне 25 сомнан төлейтін.
***
Кейде бір ауыз сөздің өзі тұтас тағ­дырыңды билеп шыға келеді. Қа­рап отырса, Молдекеңнің әкесі де билік­тің қаһарына ілінген адам. Әкесі Тәліп­керейдің ұсталуына «1928 жылы оның 150 жылқысы болған» деген жала себеп болған. Ал шындығында оның отбасындағы он екі жанның ортасында бір бұзаулы сиыр, екі өгіз, бір ат қана болған. Ал Молдекеңнің өзіне келсек, 1941 жылы Қазақстанды билеп тұрған Скворцовтың баяндамасын аударып отырып, «тым шұбалаңқы екен» деген сөзі басына бәле боп жабысқан. Ол сөзі «Партия басындағыларды мылжың деп мазақтады, оларды билікке жіберуші Сталинге тіл тигізді» болып өңі өзгеріп шыға келген. Соның зардабы қылшылдаған жастығы мен көктем өмірін сарғайтты, сарсаңға салды, суалтты.
Алланың арқасында 1953 жылы айдау­дан аман-есен елге оралған Мол­декең қол қусырып қарап отыр­мады, жолында кездескен кейбір кедер­гілер­мен күресе жүріп, қоғамдық жұмыс­тарға бел­сене араласты.
Өзінің о бас­тағы қайтпас қайсарлығы мен ірі тұл­­ға­сынан айныған жоқ. 1956-1961 жыл­дары өзіне жүктелген маңызды қызметтерді атқара жүріп, ұлт тағдыры мен тіл тағдырына қа­тысты талай іргелі мәселелерді кө­тер­­ді, іске асуына себепші болды. Н.С.Хрущев­ке жоғарыда келтіргеніміздей бірнеше хаттар жазып, өктем биліктің өзегіне шоқ тастап еді. Яғни ол:
1. 1932 жылы ашаршылықта көрші­лес елдер мен шет жұртқа босып кеткен қазақтардың туған жеріне қай­тып келуіне көмектесу.
2. Қазақ халқының өнеркәсіп орын­­да­рында индустриялық жұмыс ұйытқысын құру.
3. Қазақ тілін өркендету, ана тілінде білім алу жұмыстарын жолға қою – де­ген мәселелерді көтере отырып, жоға­рының назарын аударды.

Бір сәт
Үш рет Денсаулық сақтау министрі болған, медицина ғылымының докторы, академик Ишанбай Қарақұловтың замандасы, жақын досы болып өтті. Екеуі қатты қалжыңдасушы еді. Бірде Молдекең жаңа пальто киіп келді. Бәріміз жапырласып құтты болсын айттық, сөйтсек, «е, бұл Ишанбайдан ұтқан ақшаға сатып алған пальто ғой» деп қарап отыр. Молдекеңнің 70 жылдық мерейтойында Ишанбай аға «Молдабайдың туған күніне ескерткіш» деген жазуы бар алтын сағат сыйлады. Сөйтсек, ол біраз бұрын жоғалтқан Молдекеңнің өз сағаты екен.

Хамит Біржанов, Алматы қаласы, Бостандық ауданы, ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңген зейнеткер.
“Капиталды” қазақшалап, экономикалық сөздік құрастырған
Молдабай Әбдіров ағамыз да кезінде Партия тарихы институтында аға ғылыми қызметкер болып істеген экономист еді. Біреулер «Молдеке, сіз қандай экономиссіз?» – деп сұрайтын көрінеді. Сонда ол әзіл-шынын араластырып: «Карл Маркс қандай экономист болса, мен де сондай экономиспін» деп жауап береді екен. Сөйтіп жүрген Молдекең де ұлтшыл «халық жауы» болып айдалып кете барды. Молдекең ең алдымен – білікті ұстаз, білгір экономист, екіншіден – мықты аудармашы болатын. Бірнеше ғалымдармен бірігіп Карл Маркстің «Капиталын» қазақшалап едік. Ол кісі – «Қысқаша экономикалық тер­миндер сөздігін» шығарған алғашқы қазақтардың бірі. Бұл сөздік 1978 жылы «Кітап» баспасынан 3 000 данамен басылып шыққан.

Смағұл Елубай, жазушы.
Молдабай Әбдіров ақсақалмен 80-жылдардың соңы, 90-жылдардың басында танысып, талай мәрте сұхбат құрып, сырласып едім. Ол менің «Мінә­жат» рома­нына материал жиып жүрген кезім болатын. Өйткені бұл романда ста­лин­дік репрессия дәуіріндегі азап­танған, зардап шеккен қуғын-сүргін құр­бан­дарының өмірі, аянышты тағды­­ры суреттеледі. Бұл кісі – сол кездің бірден-бір тірі куәгері.
«Қазағың қайсы?» – десе: «Мынау!» деп көрсететін өте ғажап адам еді. Ол кісінің тіл туралы, ұлт туралы айтқан сөз­дері, күрескерлігі өзінше бір төбе. 1955-1962 жылдар аралығындағы Қытай­дан келген ағайындарға оң қабақ танытып, құшағын ашқан абзал азаматтардың бірі. Ол – «құлдырап бара жатқан тілімізді сақтап, әлсіреген ұлттық үнімізді көтеруге атажұртқа кел­ген ағайындардың берері мол» деп айтып та, жазып та кеткен кісі.

Өткені өнегелі абзал жан қай жағынан болсын ардақтауға, үлгі етуге лайық. Бүгінгінің біз жеген жемісі, кешегі аға буындардың табан ет, маңдай терінің бодауы екенін түсінгеніміз абзал. Молдабай Әбдіровтың өзі: «Өмірдің өткелі көп. Адам баласы мәнді тіршілік үшін күреседі, небір қысылтаяң, қиын шақты бастан кешеді. Соның ең қиыны — қолдан жасалған тығырықтан, кедергіден өту. Ең жаманы — әділетсіздіктің қуғынын көріп, тепкіге түсу. Соның бәрін көрдік. Уақыт — әділқазы. Айтпасты айтуға мүмкіндік алғаным үшін де тағдырға разымын» депті. Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста