Хорлан сұлудың жүзігі кімде?!

«Десе-дағы ел дәстүрі ерге сын,

Қарттарға ескерт – қарсыласа көрмесін.
Қорланымның көзі болған жүзікті,
Өтінемін, өзіммен бір жерлесін!
Серт пен сөзге ұмытшақтау өлкеде
Ғашық болып өлу – қандай мәртебе!
Тірлігіме шабыт берген бұл жүзік
Жарық беріп жатсын маған көрде де!».
Мұхтар Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» дастанын жатқа айтып отырып Хорлан сұлудың жүзігін көз алдына елестетпеген жан бар ма, сірә! «Хорлан берген жүзік шынымен де ақын аманаттағандай, өзімен бірге көмілді ме? Көмілмесе, қайда?» деген сұрақ әркімнің көңіл терезесін қаққан болар.
Жалпы, осынау қызықты жайтты анықтау үшін ең алдымен «Бұл жүзік өзі әсем қиялдың жемісі ме, болмаса Естайдың саусағында шынымен де болған ба?» деген сұраққа жауып беріп алу маңызды.
«Естай жасы алпыстың жетеуіне келгеннің өзінде «Хорланды» айтарда қолына домбырасын алып, біраз уақыт үнсіз тұнжырап, терең ойға шомып, бір күрсініп қойып, көзіне іркілген жасты жібек орамалымен бір сипап қойып, әнді бастап кетеді екен. Баяу басталған домбыраның шегіне дауысын қосқанда бір түрлі күңіренген, көп дүниені көз алдыңа елестетіп, Исаның «Құралай сұлуындағы» тоқсанға келген Келденбайдың арманындай үлкен, тозбайтын, көнермейтін, өлмейтін армандай үн шығады екен. Естайдың домбыра қаққан оң қолынан аты жоқ саусағындағы алтын жүзік «Мен Хорланның көзімін» деп тұрғандай жарқ-жұрқ етіп, әннің ырғағымен қозғалғандай болады екен. Әншінің өзі де «Хорланның соңында өмірдің «талисманындай» жүзігіне қарап: «Я, шырақтарым, мынау сол күндердің куәсі, Хорланның көзі» деп ұзақ уақыт жаңа көргендей тесіліп қарап біраз отырып қалады екен» деген екен Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» кітабында.
Жалпы, Естай Беркімбайұлының өмірдерегіне шолу жасар болсақ, ол қазіргі Екібастұз өңіріне қарасты Ақкөл-Жайылмада кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Жастайынан сауық кештерінің көркі болған Естайдың Исаның Қабышымен жолдас болуы оның әншілік өнерінің өрістеуіне септігін тигізеді. Иса Бәсентиіннің қабырғалы Қазанғап әулетінен. Қазанғап Баянауылдағы Шорман, Шоң билерге деңгейлес әрі дәулетті, беделді адам болған. Исаның өзі Кереку төңірегіне аты мәлім, қадірлі адам болса, оқыған, көзі ашық баласы Қабыш та ақындық өнерден құралақан емес екен.
Сол Қабыш Маралды деген жердегі бір бай адамның қызына үйленбекші болады. Иса баласының жанына күйеу жолдас боп барар жігіт іздейді. Талай өнерпаздың ішінен Естайды таңдап, әкесі де, Қабыш та оған қолқа салады. Сөйтіп, Естай күйеу жолдас болып Маралды-Ұрық жаққа барады. Ойын-сауыққа сол құда түскен үйдің аталас туысы Солтанбектің Хұсни-Хорлан деген сұлу қыздары келеді. Естай өзінің әнімен тойдағы көпшілікті аузына қаратады. Жұрттың қолқалауымен Арқаның талай әнін тамылжытады. Хорланның да бар ықыласы әнші жігітке ауса керек. Бұл жайында әнші-ақын Естай: «Көз көңілдің сырын шертеді» дегендей, Хорланмен менің базарым күн санап қыза түсті. Хорлан жоқ жерде менің домбырамның құлақ күйі келмей, әні де қанаттанбай, берекем болмайтын күйге ұшырадым. Хорлан да сондай күйде» деп жан сырын ашқан.
Естай жайлы деректердің бәрінде екі ғашықтың бір-біріне ынтызар болып, серт беріскені туралы айтылады. Алайда Хорлан сұлу ол кезде айттырылып қойған болатын. Ғашық сағынышы, сүйген жанның серті Естайды Маралдыға жетелейді. «Арада біраз уақыт өткеннен кейін, - деген екен Естай өз естеліктерінде, - Маралды елінің шетіне жеттік. Біз келерден бір күн бұрын Хорланды атастырып қойған адамы алып кетіпті. Менде ес қалмады. Ақыры сүйікті домбырамды қолға алып, баяулатып шертіп басылдым».
Бұл хикаяны сипаттап жазған жазушы Төлеутай Ақшолақов өз еңбегінде аңызға айналған жүзік туралы былай депті: «...бірақ ол Хорланын өмір бойы ұмытқан емес, жүрегінің алтын сандығында мәңгілік сақтаған. Қолындағы қара ала күміс сақина Хорланның өз көзіндей, оның ескерткішіндей, өйткені оны Хорланы сыйлаған еді. Ақын ешуақыт сол сақинаны қолынан алған емес. Ән саларда ол аруақ шақырғандай, сақинасына бір қарап алатын еді».
Естайдың туған ағасы Нұрмағамбеттің баласы Кәрібай Нұрмағамбетов өзінің 1970 жылы жазған естелігінде «1946 жылы ақындар айтысына шақырылған Естай атамыз «Өлеңті» совхозының «Қаражар» участогінен аудан орталығына келеді. Осы сапарында қатты науқастанған ол Краснокутск селосында жатады. Маған хабар үш күннен кейін жетті. Ол кісіні қолма-қол Чкалов атындағы совхоздағы өз үйіме алып келдік. Арада жеті күн өткеннен кейін таңертең ол ауылдағы замандасы Әпеш Тәшовты шақыртып алды. Шай жасатып, семья мүшелерін дастархан басына шақырды. Өзі де дәмнен аздап ауыз тиді. Өсиетін айтты. Сонан соң төсегіне жатты. Бірер минуттан кейін ол мәңгілік көз жұмды. Естай атамызды өзінің өсиеті бойынша Чкалов атындағы совхоздың бірінші бөлімшесінде жерледік» деген. Осы тұста айта кетерлік жайт, Естай атамыздың Хорланнан кейінгі сүйгені - жары Зағишаны Бозтай Жақыпбаев Естай қайтыс болған күннің ертеңінде көз жұмған деп жазса, Естайдың немере інісі Қыздарбек Әміренов: «Ауырып жатып Естай: Зағиша да көп жүре қоймас. Бірдеме болып кетсем сүйегімді елге сүйремей, осында қойыңдар», - деп аманатын айтады. Бірақ Зағиша жеңгем Естай ағадан бір күн бұрын ауырып қайтыс болған еді. Ағайындар ақынға ауыртпалық түсірмейін деп естіртпеген» деп естелік шертеді.
Естайдың көзін көрген, аралас-құралас болған, туыс адамдар айтты деген осындай деректерді зерделесек, Естай ақынның аңыз-жүзікті тағып жүргені және оны Хорланның көзі екенін тілге тиек етіп отырғаны ақиқат. Ал Мұхтар Шаханов ағамыздың «Ғашықтық ғаламаты» дастанында айтылғандай, Естайдың дәл көз жұмар шағында досы Нұрлыбектің бақұлдасуға келгені туралы дерек өзім қарастырған мәліметтерден кездеспеді. Естай ақынның аулына Біржан келгенде оның алдында ән салғаны, басқа да өнер көрсеткен кезеңдері жазба деректерде сипатталғанымен, Нұрлыбек атты досымен қарым-қатынасы жайлы көп айтыла бермеген. Алайда Қимадиден Нығманұлының «Естай» атты дастанында және Рамазан Тоқтаров жазбаларында Естайдың сол қаза болатын сапарында Нұрлыбек атты ақынмен айтысқа бара жатқаны ауызға алынады. Бұл – ақынның Май ауданында тұрған замандасы Нұрлыбек Баймұратов атты ақын.
Журналист Айтжан Бәделханов құрастырған «Естай» атты кітапта мынадай дерек бар: «Ақын қайтқан кезінде ішінде болған сол ауылдың тұрғын қарттары 82 жастағы Әлқұлова Қауа, Нұрғалиев Мамырқан, Қабанғалиев Кәрім қарттардан 1989 жылы мән-жайды сұрастырғанымызда: «Естай қызуы көтеріліп, ес-түсін білмей қатты ауырып келді. Бір жұмадан кейін дүниеден өтті. Соғыстан кейінгі таршылық уақыт. Көктемгі аласапыран кез. Ақкөлге хабар беру мүмкін болмады. Біз ол кезде жас болғандықтан жабдыққа онша араласа қоймағанымызбен, «Өлең шығарды», «Нұрлыбек ақын келді» дегенді естіген жоқпыз. Ондай оқиға болса естілер еді ғой. Тегі бертін шыққан сөз болар десті».
Жалпы, ақыл таразысына салсақ, қатты ауырып жатқан адамның өз басымен қайғы болатыны белгілі. Оның үстіне, Естай қайтыс болған кез – соғыстан кейінгі таршылық уақыт, байланыс, қарым-қатынастың қат шағы. Басқа ауданнан Нұрлыбекті шақыртып алдырудың мүмкіндігі де аз. Демек, Естайдың көз жұмарында Хорлан берген жүзікті өзімен бірге көмуді аманаттап тапсырып кетті деген халықтың қиялынан туындаған сәтті аңыз болса керек. Бірақ жүзіктің өзінің негізі Естайда болғаны рас. Олай болса, ол қайда кеткен?
Қабжан Ыбыраев атты жерлесі 1970 жылы жазған «Естайдың сақинасы» атты естелігінде «1946 жыл болатын. Естай ауыр науқастан кейін біздің ауылда дүние салды. Ескі салт бойынша Естай марқұмның киім-кешегін замандастарына таратты. Ал оның жүзігін «Естайдың ғұмырын берсін, бір шаңырақтың жалғызы ғой» деп маған ұйғарды. Талай ойын-тойларда, шілдеханада қыз-бозбалалар менен оны қиылып сұрап жүрді», - дейді. Ал Кеңес Төкенов атты азамат 2002 жылы «Хорланның сақинасы туралы осы күнде әртүрлі сөз болып жүр ғой. Чкаловта 1990 жылы болған Естай тойында Әпешев Қараша қаншама адамдардың көзінше «Естайдың сақинасы менде» деп жар салды ғой. Кім білсін оның қолына қалай түскенін. Естай қайтқаннан кейін сүйегіне бес адам түсті. Олар – Әпеш, Дүйсенбек, Биғожа, Ыбырай, бесіншісін ұмыттым. Сақинаны осылардың біреуі алуы мүмкін, әрине. Ол кезде сүйекке түскендерге киім берілетін еді ғой. Ал сол сақинаны Қабжанның қолынан өз көзіммен көрдім» деп әңгіме ағытқан.
Естайдың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, ол жайлы естеліктерді «Естай» кітабына шоғырландырған зерттеуші Айтжан Беделханның да Хорланның жүзігі жайлы ақиқатқа жеткісі келген. «Әнші туралы жаза отырып кейбір авторлардың лирикалық сезім ырғағына құлай беріліп кететіні соншалық, кейде көпшілікке мәлім ақиқат жайттардың өзін құрыққа сырық жалғап, өңін айналдырып жібереді. Мысалы, олардың біреуі Хорлан Естайға күміс сақина беріп еді десе, екіншісі оны жүзік, үшіншісі алтын сақина, төртіншісі ол әдемі көк жауһары бар алтын жүзік еді деп жазады. Осы сыйлықтың соңғы тағдыры да аңыздай бұлаңдап, шырғалаңы мол сонардай болып, ұстатпай кетеді. Бір жазушы әнші жүзігін иесінің өсиеті бойынша өзімен бірге көміп еді деп жазды. Мұның бәрінен әншіге деген үздік ілтипатты сезінесің. Әркім де әншіден ырым алып қалғандардың қатарында болғысы келеді ғой, тегі», - деп түйін жасайды Айтжан аға.
Кей деректердегі тұжырымдар «Естай Хорланға жүзікті жас кезінде емес, бертін, егде тартқан шағында берген» дегенге де саяды. Хорланның өз ұрпақтарының да осы пікірді ұстанатынын ескерсек, бұл да жарасымды көрінеді.
Хорланның жүзігін «іздеушілердің» бірі – Айгерім Сматуллаева атты журналистің жазбасы тым оғаш әрі орынсыз, өйткені автор алты алашты «хор қызындай тамсандырған» Хорлан апамыздың бейнесін төмендетіп жіберген.
«Естайдың нағашы жұрты – Қозған елі Қорлан ұзатылып барған ауылмен көршілес екен. Қорланын сағынған Естай сүйіктісі ұзатылғаннан кейін алты жыл өткенде нағашысына барған болып, Қорланның үйіне түседі. Екі күндей қонақ болып, өткен-кеткеннен небір шер болып қалған сырларды айтысып, көңілін басады. Күйеуі момын адам екен, ал Қорлан болса, сол үйдің биі, еш нәрседен жасқанбайды. 1931 жылы Естай Қорлан ауылына тағы барып, сүйгенімен жүз көрісіп қайтады. Бұл Қорланды ақырғы рет көруі болады да, одан кейін жолыға алмайды. Осы екі кездесудің бірінде (көбіне алғашқысында делінеді) Қорлан Естайына махаббатының нышаны ретінде сақинаны сыйға берген екен». Өкініштісі, Айгерім бұл деректі кімнен алғанын нақты көрсетпеген және Хорланның анамыздың бейнесіне күйе жақып, жеңілтек әйел ретінде көрсетіп, үлкен қателік жасаған. Шын мәнінде Хорлан өзінің қосағымен сыйластықта ғұмыр кешкен. Оның жұбайы Нұрмағамбеттің және балаларының саяси қуғынға ұшырап, көп қиындық көргенін ескерсек, Хорланның Естаймен шүйіркелесіп сыр айтысатындай көңілде болуы мүмкін де емес. Бұл сөздеріміздің дәлелі ретінде Рамазан Тоқтаровтың мына жазбасын келтірелік:
«Естай Хорланның қолынан да ұстамаған. Көзбен ұғысып, жүрекпен ғана табысқан. Хорланның толық аты – Хорлығайын. Аға-жеңгелері еркелетіп Қорыш атандырып жіберген. Естай онымен ашына-жай қатынасқа бармаған, қалжың-наз төңірегінде ауызша ғана тілге келген. «Сенің Қорыш атың келісімсіз ғой. Қорлау болып естіледі. Онан да «Хорлан» болсын деген. Қазақта бұрын-соңды ондай есім кездеспеген. Хорлан оны естігенде жай ғана жымиып қоя салған».
Осыдан бірер жыл бұрын елімізден 200 адамға жуық делегация барып, Ресейдің Алтай өлкесіндегі Бөрлі ауданы Қаранай ауылындағы Хорланның мәңгілік мекеніне тәу етіп, белгітас орнатып қайтты. Онда «Мұнда қазақтың хас сұлуы Қорлығайын Әйіпкеліні жатыр» деген жазу бар. Сол сапарға барғандар Хорлан өмірі жайлы деректерге қанығып қайтты.
Хорлан келін боп түскен Құлынды даласының бір пұшпағын жайлаған Әйіптің (Хорланның қайын атасы) әкесі Қуат та дәулетті кісі екен. Сол байлығының арқасында орыстар ауыстырамыз деп келгенде қыруар малын шашып, ауылының атын сақтап қалады. Сол ауыл күні бүгінге дейін «Село Куатовка» деп аталатын көрінеді. Ұрпақтарының айтуынша, Хорланның күйеуі Нұрмағамбет ата Естайдың өз әйеліне іңкәрлігі туралы сөзді онша ұнатпаған. Сол себепті олардан тараған балалар да бұл әңгімені әспеттеуге құштар емес.
Хорлан апамыз Ғабдулжәппәр, Ғабдулмәжит, Зейнелғабиден, Назымбек, Нәсіполла атты бес ұл табады. Ең кенжесі жастай шетінейді. Нұрмағамбет болса бай тұқымы ретінде қудаланып, Қиыр Шығысқа, анда-мұнда бас сауғалап қашудан көз ашпаған. Ақыры баласы Зейнелғабиденнің ерлігінен кейін ақталады. Ал Хорлан ана отыз жетіде елу тоғыз жасында дүниеден қайтыпты.
Айта кетерлік жайт, егер Мұхтар Шаханов Хорлан мен Естай махаббатына «Ғашықтық ғаламатымен» мәңгі тозбас ескерткіш тұрғызбағанда, біз осы жүзікті осыншама іздер ме едік? Иә, Мұхтар ағамыздың жырымен ғашық жүректерге көмілген Хорланның әрқайсымыз саф қалпында сақтап жүре берелік...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста