Ханбибі Есенқарақызы, ақын: Әр автор өз еңбегінің құнын білуі тиіс
- Хан апа, «Ақынға қара сөзден өлең оңай...» дегенмен де қара сөзден де қара жаяу емессіз. Тек ол естелік-эссе түрінде ғана емес, бүгінгі күннің шынайы шындығы туралы шығармаларыңызды оқи аламыз ба жуық арада?
-Уақыттың талабы ма, жасы келгеннен кейін ақындар өлең жазуды сиретеді екен. Одан кейін қара нардың жүгін көтеретін прозаға ауыз салады. Проза жанрында үш төрт кітабым шықты. «Шындыққа қарай жүздім мен», «Сыр кітабы», 60 жылдығыма байланысты 6 томдығым жарық көрді. Соның екі томдығы проза. «Талант тағдыры» деген әдеби-көркем шығармам бар. Жерлесіміз суретші Молдағали Қалдыбаев жайлы. Сосын мен көбіне эссеге бой ұрамын. Бауыржан Момышұлы туралы «Айбарлы адам еді», «Президент», «Қаһарман Қасым Қайсенов», «Сырттандарың сыртта жүр» сынды Аман Төлеев туралы эсселерім бар. Әлі жарық көрмеген нәрселерді жария ету асығыстық деп ойлаймын. Мені толғандырып жүрген мәселелер көп. Тарихи тақырыптарға бет бұрсам ба деген ойым да жоқ емес. Ашаршылық туралы, кәмпескенің кезеңі туралы. Менің әкем шешем сол зұлмат заманның зардабын тартқан. Осы жасқа келгенше жинаған материалдарымның толғағы жетіп, піскен сияқты. Осындай үлкен тақырыпқа жол тартсам ба деп отырмын. Сосын «Нұрикамал», «Алтынай» атты әндерім жұртшылық арасында танымал болып, елдің ыстық ықыласына бөленді. Сол кейіпкерлерім туралы да көркем шығарма жазу ойымда бар. Өлеңді болса да тастамаймын.
-Өзіңіз әдебиетке қандай үлес қостыңыз, әдебиет сізге не берді?
-Осы ірілі-уақты шығып жатқан кітаптардың бәрі әдебиетке қосып жатқан үлес. Әдебиет ол адамға ләззат сыйлайды, жанын жадыратады, дұрыс тәрбие береді. Бүгінге дейін 17 кітабым жарық көріпті. Қай-қайсы болса да халықтың сұранысынан шыққан дүниелер ғой деймін. Халықпен кездескенімде жылышырай танытып, құрметпен қарайды. Соған қарағанда менің шығармаларым адамдардың жүрегіне жеткен-ау, шамасы. Ақын болғаннан кейін әдебиет маған не береді деп емес, мен әдебиетке қандай үлес қосамын деген принципті ұстану керек.
-Кеңес кезеңінде жазушыларға, ақындарға жақсы жағдай жасалатын. Сол жақсылықтың тым болмаса бір ұшқыны тиді ме сізге?
-Рас ол кездері жазушылардан асқан бай адам болмайтын. Бір кітабына бір мәшине мінген жазушылар болды. Өкініштісі сол кезеңге біз ілінбедік. 30 бенен 40-тың арасында сол майталман жазушылардан жол тимеді бізге. Енді міне 20 жыл уақытымызды босқа жоғалттық. Осы уақыт аралығында менің 10-нан астам кітаптарым жарық көрді. Кеңес өкіметі кезеңі болғанда қаламақы да, абырой да өсетін еді. Амал қанша соңғы 20 жылда кітабымызды өзіміз шығардық. Қарыздандық. Қауғаландық. Екі кітабым ғана мемлекеттік тапсырыспен шықты. Ол дегенің саған 100 кітабыңды береді қаламақыңның орнына, не болмаса 100 мың теңге береді. Сол 100 мың теңге 10 жыл көз майыңды тауысқаныңа тұра ма, тұрмай ма? Бұл дегенің қайыршылық. Мен көбіне олар беретін қаламақының орнына өзімнің кітабымды аламын да өзім сатамын. Әрбір автор өз еңбегінің құнын бағалауы тиіс, білуі тиіс. Қиын болғаны да рас. Біз халыққа жете алмайтын болдық. Көп адам кітап оқымайтын болды. Бұрын қойшы да, тракторшы да кітап оқитын. Кітабымыз мың данамен ғана шығады. Халыққа танылу деңгейіміз түсіп кетті. Бұл бірінші кемшілік. Екіншісі материалдық жағынан. О баста Жаратқан ием сезімнің гүлін кеудемізге қоса сепкендіктен жазудан бас тарта алмаймыз. Көп кездесулерде бізден «Сіздердің іздеріңізді алып келе жатқан таланттар бар ма?» деп сұрап жатады. Бар. Бірақ өте кем. Себебі олар ақын, жазушы болудың пайдасы бар ма, жоқ па деген тұрғыдан қарайды . Сондықтан да кейінгі жастар көз майын тауысып, уақытты босқа сарп еткісі келмейді-ау деймін..
-Әнге мәтін жазуға ақындардың дені бет бұрып жатыр...
-Алматыда тұратын ақындар соның рахатын көріп жатқан болуы керек. Себебі әншілер де, сазгерлердің көбісі сонда шоғырланған ғой. Ерте кезде де ақындардың бәрі Астанаға тартатын. Қазір де сол, бәрі сонда. Кейбір композиторлар сөзі сын көтермейтін өлеңді өздері жазатын болды. Ол сыналып та жатыр. Халық сүйіп тыңдайтын бір екі әннің авторымын. Алайда не өлеңімді, не әнімді сатып көрмеппін. Бүгінде әнші әнді де, өлеңді де сатып алады. Жеке меншігіне айналдырып сол арқылы табыс табады. Мен ондайды қаламаймын. Мүмкін мен мына заманнан қалық шығармын... Алланың берген қуатын, талантын ешуақытта сатуға болмайды.
-Рухани астанадан алыста тұрса да бүкіл елді мойындатқан таланттарымыз жетерлік. Сол ортадан сырт қалып кеттім деп өкінбейсіз бе?
- Өкінсең де, өкінбесең де пойыз кетіп қалды ғой. Біреу біреуді сағалап күн көрер. Менің сағалайтын адамым болған жоқ. Мен де кезінде өзім жақсы көретін, сыртынан айбар тұтатын адам осы кісі шығар деп Бауыржан Момышұлының үйінен бірақ шыққам. Институтты бітіре салып. «Кел, балам» деп жылы қабылдады. Өзі ауырып жатыр екен. «Ата, мен Алматыға ақын болайын деп келдім» дедім. О кісі түсініңкіремей қалды да «Алматы ақын қылып шығарады деп кім айтты саған. Бойында таланты болмаса ешкімнен де ақын шықпайды. Егер талантың бар екені рас болса ауылда жүріп ақ елді мойындататын ақын боласың. Алматыда не көп, көшеге шықсаң қыз көп, соларға қосылып алып траля ля-лап жүрмекшісің бе?» деп ақырып берді. Менің зәрем ұшып кетті. Содан кейін «Балам, өмір де, романтика да ауылда. Есің барда ауылыңа қайт» деді. Әрине елге оралдым, содан қайтып тұз дәмім көтерілген жоқ о жаққа.
-«Нұрикамал»-дың керемет ән екендігіне дау жоқ. Ондай ән шығуы мүмкін бе енді?
-Ол енді композиторға байланысты. Қазіргідей композиторлар «мынаған ән жазу керек еді, ақшасы дайын тұр екен» деп кезектегі бір жұмыс сияқты қарауға болмайды. «Нұрикамал» халықтық ән боп кетті. Ол әннің өмірбаяны бар, тарихы бар. Адамның бүкіл күйзелу, өкіну, армандау, қол жетпеу сондай сезімнің бәрі бар. Қазіргі композиторларды қабылдай алмаймын. Барлығы тапсырыспен жұмыс жасайтын болды. Махаббатты да тапсырыс арқылы жасайтын сияқты. Елгезек, ізденгіш композитор табылса, менің өлеңдерім баршылық.
-Қалам ұстағанның бәрінің қасиеті болады дейді ғой. Өзіңіздің «арқаңыз» қай кезде қысады?
-Соны білмедім. Арқалы, киелі адамдар болады. Сондай қасиеттің болатыны рас. Кейде қателесіп, басқа жолмен кетуің мүмкін. Ақында ішкі түйсік болады, жолға бастап тұратын. Кейде болады дегендерім болмай қалып, ішкі түйсіктің түсіріп жіберетіні бар. «Арқа», «мінез» деген сол адамның бойындағы қасиет шығар. Сол түйсік сені асқан сезімталдықпен бағындырып отырады.. Қандай да бір келе жатқан нәрсені көңіл көзімен байқайсың. Ертеректе мен ғарышта жүретінмін. Ол туралы «Әйел жаны» деген фантастикалық әңгіме де жазғам. Мен ондаймын, мұндаймын деп айтқанға ешкім сене бермейді. Сондықтан әлгі әңгімемен біраз нәрсені айтқан болдым. Мәселен менің үлкен әжем, кәмпеске кезінде 30 үй болып шетелге көшіп кетеді. Сонда небәрі 30-дағы келіншек. Күйеуі өте қарт, 70-тен асқан ауру шалын қимай көштен қалып қояды. Ағайын туғандарының бәрі шекара асып кетеді. Екі айдан кейін шалы да, жалғыз ұлы да қайтыс болады. Бір өзі қалады айдалада. Қасқырлар келеді түнде. Қамыспен жауып, лаймен сылаған қоржын тамда түн баласы қасқырлар қаумалап зәресін алады. Ол жалғыз. Қасқыр ұлып, үйдің төбесін тырналайды да бір уақта жоқ боп кетеді. Терезенің тұсынан бір көлеңке өткендей болады. Ол қоңыр аю болып шығады, әйелді қасқырдан қорғап жүр екен. Бір күні сүтті пісіріп қояйын деп далаға шықса қорбиған аю отқа жылынып отыр екен. Қайтып кіріп кетуге болмайды. Қорықса да ошақтың қасына барады. Сөйтсе аю айбат шегіп аяғын көтеріп ырылдайды. Сөйтсе аяғына жаңқа кіріп, іріңдеп ісіп кеткен екен. Ол кездегі әйелдердің барлығының жағасында ине, жуалдыз деген жүретін. «Ой, бейшара-ай, сен де мен сияқты қиналып жүр екенсің ғой» деп табанындағы жаңқаны жуалдызбен алып тастайды. Үлкен жаулығының ішіндегі орамалымен аюдың аяғын байлап береді. Содан аю үнемі сол үйдің жанында қорған боп жүретін болыпты. Көктем шыққан соң әжеміз елге қосылады... Мистикалық әңгіме сияқты. Біреу сенеді, біреу сенбейді. Болған оқиға... Кие, арқа деген осы шығар...
-Жаратқан талантты жандарды бір жағынан «қысады» дейді ғой. Сізді қай жағынан «қысты?»
-Мен өзімді Алланың сүйген құлы санаймын. Басым аман, бауырым бүтін. Балаларым аман есен, немерелерім өсіп келеді. Үлкен өмірге баспалдағымды бастаған кезде жоқшылық көрдім, тапшылық көрдім. Бірақ содан құтылудың жолдарын іздестірдім. Дүниеде басыңды істетсең бәрі де болады. Өлең жазудан басқасының бәрі оңай сияқты мен үшін. Тұрмысқа шығып, тұңғышым туылған кезде жолдасымды әскерге алып кетті. Жас баламды алып төркініме барғам. Сол кезде әкем «кісі баласын бағатын жағдайым жоқ» деді. «Бақпаймын, келме» дегені ғой. Баламды бауырыма басып, жылап қайттым. Жатақханада тұрамын, қаражат жоқ. Көп қиыншылық көрдім. Таңғы алтыда тұрып жатақхана алдында тұрған саябақтан бос бөтелке жинайтынмын. Осындай қиыншылықтан кейін жоқтық пен тоқшылықтың қадірін түсіндім. Мендегі жабық жатқан көздер ашылды. Қаражатты үнемдеп жұмсауды үйрендім. Балаларым мен көргенді көрмесін деп еңбектендім. Егер мен осындай қиындықтарды бастан өткермесем, бақыттың бағасын білмеуім мүмкін еді. Егер жоғалтқаным болса мен оны арзымайтын нәрсе деп ойлаймын.
Кейінгі толқын жас ақындардан кімді бағалайсыз? Қандай кемшіліктері бар?
-Кейінгі толқын жаман емес. Гүлнар Салықбайдың өлеңдерінде философиялық мән жатыр. Ақсұңқар, Шәмшия, Оңайгүл одан кейінгі толқындар бар. Қазіргі қыздар мұңын, қайғысын ашық айтатын болды. Ақын жүрек оны айтқызбай қоймас. Десек те кейде ақын жүрекке сабыр керек. Оны ертең жұрт оқиды. Сенің жылап, еңіреп жаза бергенің кімге керек? Өлең оқылуы керек және тәрбиелік те мәні болуы керек. Ол үшін қыздарды кінәламаймын. Оған жастығы кінәлі. Өмір жалған деп жылайды. Өмірге кінә артуға болмайды.
-Біреудің бойынан бір қасиет көрсек тектен іздеп жатамыз ғой...
-Қазір өзі қилы-қилы заман боп кетті. Тегі нашар адам жоқ өзі. Қазақтың бәрі ханнан тараған, батырдан шыққан әйтеуір. «Әй менің әкем қойшы болды, байға қызмет еткен» дегенді көрмедім де, естімедім. Кешегі кәмпескенің кезінде құл құтаннан шыққаны болмаса неғып бір-бірін ұстап берді? Шәкәрімді атқан, құдыққа тастаған Қарасартов деген кісі кезінде Қытайға ауып кеткен екен. Соның ұрпақтары керемет ғалым, академик боп кетіпті. Газетке шыққанын көргенде жүрегім зырқ ете қалды. Бар ғой енді, сондайлардың ұрпақтары өріп жүр. Сондай тексіздердің бірқатары мына біздің өкіметтің құрамында отыр. Ата жұртым Атыраудан. Репрессия кезінде шілдің қиындай шашырап кеткен. Бір жағы Астраханьға, бір жағы Оралға көшкен. Олар қорлықты көрудей ақ көрген. Анам жағынан айтатын болсам шешемнің әкесі Батырша деген болыс болған. Осы оңтүстіктегі Шаяннан. Кәмпескенің кезінде 16 қызыл нармен көшкен ғой. Менің шешем 7 жасар қыз екен сонда. Ауғанға жол тартқан. Бірақ Тәжікстаннан ары өте алмай қалыпты. Өзбекстанға екі ай жүрген. Ата-бабаларымыз картаны қалай білгеніне таң қаласың. Тәжікстаннан өтер кезде басшылары тамақ беріп, жай беріп, «осында қалыңдар қайдан келдіңдер деп сұрамаймыз, тек мақта терсеңдер болды» деген екен. Сонда өздерінің адамдары сәлдені орап алып, есекке мініп, әйелі де, еркегі де күліп жүреді дейді. Сөйтсе олардың бәрі наша шегеді екен ғой. Күрішті қап-қабымен әкеп тастағанна кейін сонда қалған. Сол жақта 10 жыл тұрған. Кейінірек елмен хабарласа отырып, бері қарай көшкен. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» дейді оларды қуғындамаса сен байсың демесе олардың ауып несі бар?.. Үлкен атамыз Жылкелді деген батыр әрі би болған. Өте үлкен денелі болған екен. Түйенің жілігін жұдырығымен ұрып шағады екен. Қалмақтармен соғысып жүргенде ішіне қылыш тиеді. Ішек қарнын қолымен ұстап, үйіне келген. Киіз күйдіріп басып, ешкінің ішегінен жіп істеп қояды екен. Соныменен жуалдызды отқа күйдіріп отырып сонымен тіктіреді. Тігіп болғанан кейін ешкінің етінің сорпасын ішеді де артынан мұздай су ішеді. Бір екі айдан кейін жүгіріп кетіпті. Жылкелді атамыздың бір қыста барлық малы қырылып қалады. Әжеміз атамызды босанады. Елге қыстауға келе жатса ағайын туыс «мал аман ба, жан аман ба» деп сұрайды екен. Сонда атамыз «Жан аман, жан аман» дей берген екен. Содан атамыз Жанаман атанады. Әкемнің тегі, бауырларымының тегінің бәрі Жанаман. Мен ғайыптан тайып Есенқарақызы болғам. Алдында ақтылы малы, он екі қанат киіз үй тіккен ата бабаларымыздың ұрпағымыз. Солай бола тұра кеңес өкіметі кезінде таршылықтан, жоқшылықтан бөтелке жинадым. Күнкөріс үшін. Аталарым бай болған мен де баймын деуге болмас. Бір аштықтың бір тоқтығы болады. Мен ата-бабаларымды малданбаймын. Тек жетелейді. Тексіздік құрдымға батырады. Халыққа сүйкімсіз көрсетеді. Тектілік деген даналық қой... Үкіметтің құрамындағы құл құтандардан тарағандардың салдарынан өз жерімізде отырып әлі күнге дейін өз ана тіліміздің дәрежесін мемлекеттік дәрежеге көтере алмай отырмыз. Халқымыздың жағдайын жасай алмай отырмыз. Біреулер ақшасын санауға ерінетін миллионер болса, біреулер ішерге ас таба алмай отыр. Екі таптың арасы алшақтап кетті. Егер халықтың қамын ойлайтын, нәсілінде тектілік қасиеті бар адам болса қалың қазағын өз қаным деп дәрежесін теңгермесе де магнаттар мен қу кедейлердің арасын жақындастыруға сеп болар еді. Амал нешік!!!