Өмірхан мен Аманкүлді Ақтөбе жұртшылығы жақсы біледі. Өнер айдынында қос аққудай қатар жүзіп келе жатқан өнерлі жұп бүгінде отбасылық ұжымға айналып отыр. Отағасы басшы, жары қосшы болып қолға алған «Шашу» ансамблі жақында халықтық деген атауды иеленді. Халыққа бергенінен береріміз көп деп санайтын өнерлі жандар болашақта ансамбльдің жас мүшелерінен үлкен үміт күтеді.
Ақтөбедегі халық шығармашылығы үйі жанынан құрылған «Шашу» ансамблінің өмірге келгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Құрамында бір үйдің бес баласы бар шағын ұжымның продюсері де, стилисі де Аманкүл мен Өмірханның өздері. Бірі ән салып, екіншісі мың бұрала би билейтін өнерпаз өрендердің бәрі Ақтөбедегі Қазанғап атындағы өнер мектебінде білім алып жатыр. Қазақтың қобыз, домбыра секілді ұлттық аспаптарын үйреніп жатқан жеткіншектердің бірер жылды артқа тастаса, кәсіби деңгейге көтерілетініне сенім мол.
Өмірхан ЖЕТЕСОВ, «Шашу» ансамблінің жетекшісі:
– Өз басым жастайымнан жарты жетім болып өстім. Анамның жоқтығы әскер қатарында жүрсем де сезіліп тұратын. Қасымдағы жігіттер аналарынан хат алған сайын менің жүрегім сыздап, анашымның мейірімі мен ыстық алақанын іздейтінмін. Алланың мейірімділігінің шексіздігін айтсаңызшы. Мені ең қымбат адамымнан ерте айырғанымен, өмірлік жарымды жаңылмай жолықтыруыма жәрдем етті. Аманкүлдей жүрегі жұмсақ, жаны жайдары жанмен бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқанымды маңдайымның бағы деп есептеймін. Жүрегінің жұмсақтығы демей көріңіз, бір мезгілде үш бірдей баланы бауырына басуға шешім қабылдады.
Аманкүл ЕШПАНОВА, көпбалалы ана:
– Жасың ұлғайған сайын ұлтыңа деген көзқарасың тереңдей түседі екен. Қазақтың қаракөз қызы мұхит асып кетсе, жағдайы не болмақ?! Қазір жолдасым екеуміз олардың қарнын тоқ, киімін бүтін қылудан бөлек, болашақта өз нандарын өздері тауып жей алатын жағдайға жеткізуді ойластырудамыз.
Өнерлі отбасының өнегелі істері
Қайырымдылық концерттерін жиі ұйымдастыратын «Шашу» ансамблі ән мерекесін сыйлаған мекемелерден соқыр тиын да дәметпейтінін айтады. Асып кеткенде мекеме басшылары ақ қағазға жазылған алғыс хаттарын ғана қолтықтарына қыстырып жібереді екен. «Берген мал түске жетпес, ықылас естен кетпес» деген қағидамен мақтау қағазының өзін қабақ шытпай қанағат тұтып жүрген қарапайым жандардың халқына жасаған қызметінің қайтарымы десе де болар бұл атақты.
Өмірхан мен Аманкүлдің отбасында Ботагөз, Талант, Айгүл, Жұлдызай, Құндызай, Бейбарыс және Батыр есімді тұлымдылар мен бұрымдылар өсіп келеді. Балалардың қайсысын көрсеңіз де, жоғарыда айтып өткеніміздей шетінен өнерпаз. Жуырда өңірдегі ең таңдаулы 10-нан астам өнерлі отбасы қатысқан байқауда «Шашу» ансамблі барлығынан оқ бойы озық шықты. Бас жүлдені жеңіп алған отбасы алдағы уақытта Астана қаласында республикалық деңгейде өтетін додада бақ сынамақ. Халық аманатын арқалаған «Шашу» халықтық ансамблі ол кезде де шаршы топты жарып шығатынына сеніміміз мол.
ТҮЙІН СӨЗ
Өмірде де, өнерде де жұптары жазылмаған жұбайлар жер-жерде жетерлік. Бірақ бір-бірін ғана көтеріп қоймай, өздері салған соқпақтың сүрлеуімен балаларын да баулып келе жатқан саңлақтардың сирек екенін мойындау керек. Біз әңгіме еткен Жетесовтер әулетінің де басты ерекшелігі осында.