Халықтың мені әнге мәтін жазушы ақын ретінде ғана тануы қынжылтады
Нәзира Бердалы, ақын, «Қазақстан» ұлттық арнасының таңғы бағдарламалар бірлестігінің жетекшісі:
– Нәзира, сізді «Екі жұлдыз» жобасынан көріп, даусыңызды естіп жатырмыз. Сәттілік тілейміз! Бұл жобадан не күтесіз?
– «Екі жұлдыз» ұлттық арнаның жобасы болғандықтан, онда арнаның қызметкерлері үнемі қатысып тұрады. Алғашқы маусымда Гүлбаһрам Саитова мен Салтанат Қалиева, екінші маусымда Рахман Омар қатысса, бұл жолғы кастингтен мен өттім. Бейбіт Қорғанмен жұптасып, ән айтатынымды білген жоқпын, күтпеген жағдай болды. Бірақ онымен жұптасқаныма қуандым. Өйткені екеуміз де қазақтілді адам болғандықтан, қазақтілді аудиторияға жұмыс істейміз. Қай тақырып қозғалса да, қазақша ән айтпақпыз. Әлемдік хиттер кезеңі болған уақытта да оларды қазақшаға аударып айтатын шығармыз. Бұл – думанды бағдарлама, вокалдық байқау емес. Сондықтан біз көрерменге, ең бастысы, қызықты дүние ұсынғымыз келеді. Солардың көңілінен шығып, жобаның қызықтарын насихаттауды ғана мақсат етеміз.
– Қазақ эстрадасындағы соңғы жылдары шыққан біраз ән сіздің өлеңіңізге жазылған. Өлеңдеріңізге ән жазыла ма әлде әуенге сіз сөз жазасыз ба?
– Қазір орындалып жүрген бұл әндердің 90 пайызының мәтіні әуенге жазылған. Сазгерлердің біразы – шығармашылығыммен таныс жандар. Көбі ән жазайық деп едік деп, кітабымды алып оқиды да, ұнаған өлеңдерін таңдап, «осыны әнге келтіріп бер» деп ұсыныс жасайды. Бірақ мен бүтін бір поэтикалық туындыны бөлшектеуге қимаймын да, осы тақырыпта басқа өлең жазуға тырысамын немесе әуенді тыңдап отырып, басқа бір ойларға ерік беремін. Тек бір ғана өлеңімді ән үшін құрбандыққа шалғаным бар, ол – Құрмаш Махановтың орындауындағы Құрмаштың өз әні «Аңсарым». Орындаушының кім екенін алдын ала білсең де, ән сөзі өзінше бөлек болып шығады. Ән дегеніміз – шағын пьеса ғой. Талантты әншілер бір әнді орындау арқылы бір қойылымды сахналағандай болады. Сондықтан әнге сөз жазғанда оның әні, сөзі, орындалу мәнері қабысып жатуы үшін үшжақты жұмыс қажет. Бір айта кетерлігі, Абайдан қалған «Өлең, шіркін – өсекші, сыртқа жаяр» деген сөз бар, бүгінде ақындардың шығарған әрбір өлеңі олардың өзі туралы деген ұғым қалыптасқан. Осыған қарама-қайшы пікір білдіргім келеді. Ақын шығармаларының бәрі, әсіресе әнге жазылған өлеңдер олардың өзі туралы емес, ол орындап тұрған адамның жүрегінен шыққан ән болуы немесе сазгердің идеясы болуы мүмкін. Сазгер ақын емес қой, сөзбен жеткізе алмаған ойын әуенге айналдырады, содан кейін ақынға «ән мәтінінде менің жүрегімді тербеген нәрселер болса екен» деп өтініш жасайды. Әннің тарихын айтқаннан кейін ақын оған сазгердің көзімен қарап, тағы бір жаңа өлең жазып шығуы мүмкін.
– Әуенге сөз жазатын ақындарға кейде «осыны танымал болу үшін жасап жүр» деген кінәлаулар айтылып жатады. Сізге қатысты осындай сын айтылды ма?
– Халықтың мені әнге мәтін жазушы ақын ретінде ғана тануы қынжылтады. Әнге сөз жазушы ақындар солай «поэт-песенник» болып танылғысы келеді. Ал мен бұлардың қатарынан табылуды көздемеймін. Өйткені мен – әнге сөз жазбастан бұрын да жазба ақын ретінде оқылған, мойындалған адаммын. Әу баста, мектеп қабырғасында жүргенде ақын болуды көбірек армандайтын едім. Қай саланы таңдасам да, ақындықтың мені тастап кетпейтінін сол кезде-ақ сезетінмін. Қазір мамандығым журналист болса, ақындығым – жүректің қалауы. Алдағы уақытта қалай боларын білмеймін, әдебиетке түбегейлі бет бұруым да мүмкін. Әуенге сөз жазуда сарқылып қалудан, бірізділікке түсіп кетуден қорқамын. Бұған аса көп құмарта бермейтінім де содан. Бірақ бір ортада жүрген жақын достарыма, басқа да бірқатар адамдарға келісім беруге мәжбүр боламын. Кейде, шынымен, әнге өлең жазғым келіп, шабыттанып жүретін кездерім де бар. Ондай сәттерде сазгерлерге «мені бір ой мазалап жүр, ол түбі өлең болып шығады, егер лайықты әнің болса, жазып тастайық» деп өзім қолқа саламын. Бірақ бәрібір поэзия түрінде кітапқа түскен дүние мәңгілік қалады да, ал әннің бәрі мәңгілік бола бермейді, хит болған әндердің өзі уақыты өткеннен кейін қалады.
– «Мен әйелмін» дегенді өлеңіне қосатын, сізге еліктейтін ақын қыздар көбейді. Бұған қалай қарап жүрсіз?
– Расында да, бұл – әуенге жазылған өлең. Бағлан Бәбіжанның әнін алғашқыда Бағдат Сәмединова апайымыз орындайды деген жоспар болды. Бағдат апай – екі қыз бала тәрбиелеп өсірген ана, өте қылықты әйел, поэзияны оқитын, өзі орындайтын әрбір әннің сөзіне мән беретін, жан-жақты, еңбекқор, талапшыл адам. Бағдат, Бағлан, мен үшеуміз осы әуенді тыңдап, бұл әйел тақырыбына арналған ән болады деп шештік. Қазақ қызының сұлулығына, шығыс әйеліне әсіресе ерлер тарапынан арналған өлең-жырлар көп. Бірақ бұл өлең қазақ әйеліне тән барлық қасиеттерді бір ұғымға сыйғызатындай болуы керек деп ойладым. «Мен әйелмін» деген сөз тіркесінде әйелдің біреуге қыз, біреуге жар, біреуге келін бола отырып, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетуші ана екенін, оның нәзіктігін, даналығы мен әдемілігін паш ету ұғымы бар. Өлең жазылып болғаннан кейін ән Қарақат Әбілдинаға берілді. Болмысы қазақ қызының образына сай келетін Қарақат әнді өте жақсы орындап шықты. Дегенмен кейін үлкендер тарапынан «Нәзира мен Бағланға және Қарақатқа «мен – әйелмін» деп жарияға жар салуға әлі ерте» деген сыни пікірлер естідім. Осы орайда бұл өлеңнің де жалғыз мен туралы емес екенін тағы айтқым келеді. Мендегі – әрбір қыз бала, әрбір әйел, әрбір ана осы өлеңнен өзін тапса екен деген ой ғана. Сондықтан қазір ақын қыз-келіншектер бұл жырға үн қосып жатса, мен оған өте жақсы қараймын. Еліктесе де, ең бастысы, сол арқылы өмірлік көзқарастарын қалыптастыра алса екен деймін.
– Ұзақ жылдан бері отандық тележурналистика саласында қызмет етіп келесіз. Осы салаға нені алып, нені қоссам дейсіз?
– Мен қызмет ететін «Таңшолпан» таңғы ақпаратты-сауықтық бағдарламасы бір телеарнаның өз алдына бөлек шағын үлгісі тәрізді ғой. Бұл – үлкен цех. Ұранымыз – «Көкте Шолпан туғанда, Жерде тіршілік басталады!» Жұмысымызда әр шаңыраққа сол күннің жақсылығы, көтеріңкі көңіл күй алып келсе екен деп ойлаймыз. Көтеріңкі көңіл күй дегеніміз тек қана арзан күлкі емес, бұл – адамды қанаттандыратын, рух беретін, жанын жадырататын, өмірге құлшынысын оятатын дүниелер. Өмірдің жақсы жақтарын көбірек көрсетуге тырысамыз. «Таңшолпан» журналистикаға ақынның көзімен қарауға мүмкіндік береді. Қоғамда қанша келеңсіздік болып жатса да, әлемде қанша соғыс, қантөгіс болып жатса да, біз оларды көріп-біліп отырып, өміріміздің екінші жағы бар екенін көрсеткіміз келеді. Әр сюжетіміз, жүргізушілер жазған сценарийлер осыны көздейді. Жаңа маусымда көрерменге «Таңшолпанның турнирі», «Таңғы телемүшәйра», «Көрерменге қойылатын сауал» сияқты жаңа айдарлар ұсынып отырмыз. Негізінен, көрермендердің SMS арқылы байланысуына, дауыс беруіне арналған айдарлар енгізілді.
– Шығармашылығыңызға табыс тілеймін!