Халықаралық байқауларға Қыз Жібек емес Медея керек

                                                                     ©Айтжан Мұрзанов фото

Қуандық Қасымов, режиссер:
– Қуандық аға, ашылуына өзіңіз мұрындық болған «А.И музыкалық театры» аз ғана уақыт аралығында үлкен жетістіктерге жетіп, бірнеше халықаралық байқаулардан жүлделі орындар иеленді. Алғаш театр шымылдығы Жан Ануйдың «Медея» спектаклімен ашыларда мұндай әлемдік деңгейдегі классикалық шығармаға жас театрдың тісі бата ма екен, басты рөлдегі актриса Айгүл жандүниесімен Медеяға айнала алар ма екен деген сұрақтар көптеген театр мамандарының көкейінде тұрды емес пе?
– Иә, рас. Жаңадан құрылған жас театрдың бірден әлемдік классикалық шығармамен шымылдығын ашуы біреуді таңдандырса, енді біреудің көңілінде күдік туғызды. Дәлірек айтсақ, кейбіреулер басты рөлдегі актриса соншалақты күрделі рөлді ойнауға дайын ба деген сенімсіздікпен қарады. Алайда «Медея» алғаш сахналанған кезде-ақ көпшіліктің көңілінен шығып, мамандардың оң бағасын алып жатты. «Медеяның» премьерасына Әлия Бөпежанова, Сәния Қабдиева, Асылбек Ықсан, Маман Байсеркенов секілді кәсіби театр мамандары келіп қатысты. Мамандардың арасында қойылымға мін таққандары болған жоқ. Дегенмен кез келген спектакльдің премьерасында кейбір актерлер өзін жақсы көрсете алмауы, ашыла алмауы мүмкін. Сондықтан біз «Медеяны» осы уақытқа дейін дамытып отыруға, актерлердің шеберлігін шыңдай түсуге тырыстық.
– «Медея» таяуда ғана Сербияның Белград қаласында өткен «Славия» байқауында бірінші орынды иеленді.Оның алдында 2012 жылы Украинаның Керчь қаласында өткен халықаралық театрлар фестивалінің бас жүлдесін қанжығалап қайтты. Яғни, «А.И музыкалық театры» қазақ театр өнерінің әлемдік деңгейде басқалармен бәсекелесе алатынын дәлелдегені ғой.
– Дұрыс айтасыз. «А.И музыкалық театрының» халықаралық байқаулардан елге абыроймен оралуы Айгүлдің және барша ұжымның қажырлы еңбегінің жемісі деп білеміз. Біз театр ашылған уақыттан бастап-ақ өзімізге халықаралық театр байқауларына қатысуды мақсат етіп қойғанбыз. Ал шетелдегі байқауларға қатысу үшін бір-екі жыл бұрын өтініш беру керек. Айталық, Белградағы халықаралық театр байқауына қатысуға өткен жылдың қарашасында сайт арқылы ұсынысымызды білдіріп, «Медея» спектаклінің бейнежазбаларын жібергенбіз. Біраз уақыттан соң ол жақтан ресми шақырту алып, бірден баруға шешім қабылдадық.

©Ардақ Төлеубай фото
– «Славия» театр байқауына өзіңіз бастан-аяқ қатыстыңыз ғой. Осы байқау туралы кеңірек айтып беріңізші.
– Белградтағы бұл фестивальға қазақ театры осымен екінші реті қатысты. «А.И музыкалық театрына» дейін аталған фестивальға Қарағанды театры мен қойған «Қаракөз» спектаклін апарған екен. Сол уақытта Белградта Қазақстан театрлары туралы ой-пікір қалыптасыпты. Сондықтан да болар, олар біздің халықаралық байқауға қатысу туралы өтінішімізді бірден қабыл алды.
Сербияның Белград қаласында өткен Славия байқауының ұйымдастырушысы Батрич Жаркович деген кісі. Оның негізгі мамандығы театрға еш қатысы жоқ, ол театр сыншысы да емес, актер де, режиссер де емес, экономикалық жоспарлау саласының маманы екен. Бірақ Жаркович театрды жанындай жақсы көретін жан. Ол Сербияда алғаш рет «Позориште СЛАВИJA» деп аталатын жеке меншік театр ашып, театр саласында 25 жыл бойы қызмет етіп келеді. Соңғы он үш жыл бойы ол Славиджа халықаралық театр фестивалін өткізіп жүр екен.
Жаркович театр маусымын 25 қыркүйекте ашып, 5 шілдеге дейін бір күн демалыссыз жұмыс істейді. Оның театрында 60-70 актерден тұратын труппа жоқ. Ол Сербиядағы өзінің жеке меншік театрына жан жақтан, Македониядан, Украинадан, Польшадан, Ресейден театрлар шақырып ойнатады екен. «Мен жыл сайын премьера жасамаймын, екі жылда бір рет премьера жасауым мүмкін. Сосын сол премьераны прокатқа шығарамын. Бүгінде біздің театрымыздың репертуарында 36 спектакль» бар дейді ол. Батрич Жарковичтің халықаралық дәрежеде театр байқауларын ұйымдастыруға оның жұбай Лилиана және баласы көмектеседі. Менің таңғалғаным, олар келген қонақты қарсы алып, тегін тамақ, жатын орын ұсынады, шығарып салады. Соған жұмсалатын қаржының бәрін өз қалталарынан шығарады. Театрға деген неткен махаббат десеңізші. Біздің елімізде басқа мамандық иесі тұрмақ, өнер адамдарынан театрға деген мұндай сүйіспеншілікті көре алмайсың?

©Ардақ Төлеубай фото
Естуімізше, «А.И музыкалық театры» Белградта «Медеяны» қойғаннан кейін жан-жақтан басқа да халықаралық байқауларға қатысуға ұсыныстар түсіп жатқан көрінеді. Бұл ұсыныстар негізінен әділ қазылар тарапынан болды ма?
Қазылық еткен төрт адам да театр өнерінің майталмандары. Ол жерде біздің көкелеріміз, туыстарымыз, жерлестеріміз отырған жоқ, бізге тамыр-таныстықпен бірінші орынды бере салатын. Біз «Медеяны» сахналап болғаннан кейін әділқазы мүшелері өздері біздің актерлерімізге келіп құттықтап, ыстық ықыластарын білдіріп, көрермен қошеметтеп, әсіресе Айгүлдің өнеріне бастарын иді. Қазылар алқасының 86 жастағы мүшесі македониялық Риста Стефанович деген ақсақал өз елінде 40 жыл театр басқарған кісі екен. Сол кісі бізге келіп сондай ризашылығын жаудырып, осы жылы жазда Македонияда өтетін халықаралық антикалық театрлар байқауына шақырды. Жақында ол жақтан ресми шақырту келді. Одан кейін америкалық режиссер Айгүлдің өнеріне тәнтті болып, біздің театрмен бірлесіп спектакль жасауға ұсыныс білдірді. Сол секілді бірнеше байқауларға жолдама алып, алдымыздан Еуропаға есік ашылды. Бұл үлкен қуаныш.

©Ардақ Төлеубай фото
Қуандық аға, сіздер Украинада өткен байқауға да «Медея» спектакілмен қатысқан едіңіздер. Ол кезде Гран при жүлдесін еншіледіңіздер. «Медея» спектаклі кллассикалық шығарма болғандықтан да байқауларда бағы жанып жүр ме?
Әлемде «Медеяны» қоймаған театр кем де кем шығар. Эврипидтің, Эсхилдің, Софоклдың басқа да әлем классиктерінің «Медеясы» бүкіл әлемге танымал. Сондықтан да болар әсіресе халықаралық байқауларда негізінен классикалық дүниелерге деген қызығушылықтың жоғары екені рас. Мысалы, бір кездері біз Египетте өткен экспериментальды театрлар байқауына «Қыз Жібекті» апарғанымызда спектакль байқаудың негізгі бағдарламасына енбей қалып, қонақ ретінде қатысқанбыз. Біз "Қыз Жібекті" халықаралық байқаудың талаптарына сай етіп өңдеп, 45 минутқа сыйғызып жаңаша формамен қойсақ та оларды біздің ұлттық қойылымымыз қызықтырмады. Кейіннен түсінгеніміздей халықаралық байқауларда театр мамандарын классикалық шығарманы әр ұлттың өзінше қалай ойнайтыны қызықтырады екен. Бұл – бір. Сонымен қатар «Медея» спектаклін Айгүл мен біздің театр ұжымы өте шебер сахналады. Біздің ұжым Сербияда Үлкен Донкихотты жеңіп алған Ресейдің Перьм қаласының «У Моста» театрымен тайталасып бас жүлдеге таласты. Перьм театрының құрылғанына 25 жыл болған, олар осы уақытқа дейін 125 байқауға қатысыпты. Ал біздің тәжірибеміз аз, аяқтан жаңа тұрып келе жатқан театр бола тұра олармен бәсекеге түстік. Бізге оншақты театрдың ішінен бірінші орын, яғни Кіші Донкихот жүлдесі бұйырды. Қазылар алқасы мүшелерінің сондағы бізге айтқаны, режиссерлық шешім, актерлердің бір-бірін түсінуі, сценаграфияның бірі мен бірі жымдасып, үйлесімділік табуы ансамбльдің мықтылығын көрсетті десті. Ал басты рөлдегі Айгүлдің ойыны бөлек әңгіме, Белградтағы оның ойнына мен өзім таңғалдым. Театр сыншылары Медеяны ойнайтын актриса туылу керек дейді. Ал Айгүл Медеяны ойнау үшін жаратылған жандай әсер қалдырды. Оның кейіпкері мәңгілік дәрежеге көтерілді. Сондай-ақ Жұлдызбектің, Әсеттің, Аиданың сахнадағы ойындары шынайы, эмоцияға толы болды. Қазылар алқасы біздің актерлеріміздің сахнадан ескен эмоциясына ерекше таңғалды, залдағы көрермен демін ішіне тартып отырып спектакльді тамашалады. Соңынан пікір білдірген театр мамандары оларға тіпті тілдің де қажет болмай қалғаныдығын жеткізді.
– Тіл демекші, Қуандық аға «Медеяны» қазақша сөйлеткен Өтен Ахметов ағамыз. Ол кісіге өзіңіз қолқа салдыңыз ба?
– Иә, мен Өтен Ахметовке Жан Ануйдың «Медеясының» орысшаға Дмитриев аударған нұсқасын аударуға өтініш жасадым. Мен бұрын ол кісінің Эдвард Радзинскийдің «Нерон және Сенека заманының театры» деген аудармасын оқыған болатынмын. Маған осы аударма қатты ұнады, тілі жатық, көркем, түсінікті. «Медея» француз тілінен тікелей аударылса тіпті жақсы болар ма еді? Біз шетелдік шығармаларды негізінен орыс тіліндегі аудармасын қазақшалаймыз. Мысалы, Әуезов Шекспирді Пастернактың аудармасынан аударған. Ал сол орыс тілінде «Гамлеттің» 22 аудармасы бар екен. Біз бір аудармамен шектеліп қаламыз. Дәл қазіргі кезде бізде шығармаларды кез келген шет тілінен қазақшаға тікелей аударуға мүмкіндік бар. Тек ізденіс керек.
Өзіңізге мәлім, қазіргі таңда бізде қазақ режиссурасы кенже қалды, мықты драматургтар тапшы деген пікір қалыптасып қалған. Ал Айгүл Иманбаева театрының соңғы жетістіктері осы қатып қалған сеңді бұза бастағандай...
Айгүл өзінің өжеттігі, батылдығы, дарыны, қайраткерлігінің арқасында осы театрды ашып, алға сүйреп, тек өзінің атақ-абыройы үшін ғана емес, қазақ театрның көсегесін көгертуге еңбек етіп жүр. Шетелдегі байқауларға қатысу үшін қаншама қаражат керек. Сол қаржыны өзі тауып, тірнектеп жинап, өте ауыр жүкті көтеріп келеді. Айгүлдің қазіргі атқарып жүрген еңбегі қандай құрметке де лайық. Қолында қаржысы бар, атақ-даңқы жетерлік, беделінің арқасында кімге болса да сөзі жүретін қандай өнер адамы өздігінен театр ашты? Ешқайсысы қозғалмады ғой.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Жамбыл театрында «Сыған серенадасы» спектаклін қойып, Изольданың рөліне Айгүл Иманбаеваны шақырдым. Қойылым сәтті шығып, көрермендер ризашылығын білдіріп жатты. Сол тұста Айгүл маған: «Біраздан бері сахнада есте қаларлық бейнелер жасай алмай жүрмын. Сіз бір жақсы спектакль қойып берсеңіз, қаражатын өзім көтерейін» деп ұсыныс жасады. Екеуміз сол уақытта біраз сырласып, мен оған бір спектакльмен шектелмей, жеке театр ашу идеясын айтқан едім. Өйткені батыл, өжет, дарынды Айгүлдің қолынан жеке театр ашу да, оны алып жүру де келетініне сендім. Көп ұзамай Айгүл өзінің жеке театрын құрды. Міне, құрылғанына аз ғана уақыт болса да, театр өзін халықаралық деңгейде мойындатып жатыр. Алайда мені алаңдатыны, Айгүлдың осынша еңбегін көріп, біліп, есітп отырған шенділеріміз неге жанашырлық танытпайды, демеушілік жасамайды. Егер жас театрға қолдау болмаса, жалғыз адам қанша талпынғанымен бір күні сағы сынады ғой. Өз басым театрдың құлдырап, құлап кетпеуіне септігім тисін деп, шығармашылық тұрғыдан көмектесуге тырысамын. Бірақ менің қалтамда қаржы жоқ. Сондықтан кейде Айгүлді жеке театр ашуға, өнердің ауыр жолына итермелегеніме өзімді кінәлі сезінемін. Театр әбден жабылып қалғанда, қапыда қалып, «өйту керек еді, бүйту керек еді» деп сан соққанымыз кімге керек?
Сонау 1990 жылдары қиын қыстау заманда Қырғызстанның академиялық театрының актрисасы, Халық әртісі Гүлжамал Сайдахметова өзі жеке бөлініп шығып «Тұңғыш» деген театр ашқан және Қырғызстанның Халық әртісі Асанбек Өмірәлиев те бағыты бөлек жеке театр ашты. Олардың бүгінгі күннің өзінде табатын табыстары біздің облыстық театр қызметкерлерінің табыстарынан аз. Бірақ олар сонда да өздерінің ұлттық театр өнерінің дамуына тер төгіп жүрген нағыз өнер адамдары.
1964 жылы Мәскеудегі «Современник» театры ашылғанда Олег Ефремов бастаған тоғыз адам, барлығы қосылып түнімен жұмыс жасайды екен. Өйткені оларға сол уақыттағы мемлекеттік театрдың тынысы ұнамаған. Сондықтан олар өзгеше бағыттағы театр ашып, соны жандандыруға талмай еңбек етті. «Современник» театрының актерлері түнімен өз театрлары үшін жұмыс істеп, дайындық жасап, таңертең әркім өзінің жұмысына кетеді екен. Өйткені жалақы алу керек қой. Сонда оларды бұлай күндіз-түны жұмыс істеуге ешкім зорлаған жоқ, өз еріктерімен осылай еңбектенді. Біз де халықаралық байқауға қатысар алдында түнгі үш-төртке дейін дайындық жұмыстарын жүргіздік. Өйткені әрқайсымыздың уақытымыздың ыңғайы келе бермейтін.
– Қуандық аға, өзіңіз актерлікті режиссерлыққа ауыстырып, қазақ театрының және шетелдік театрлардың сахнасында талай қойылымдар қойдыңыз. Сіздіңше, қазақ режиссурасының қпзңргң тынысы туралы не айтар едіңіз?
– Мен актерлықтан режиссерлыққа келуге мәжбүр болдым. Қазақ театрында жетіспей жатқан режиссер мамандығын үйреніп, игеріп, өзімді-өзім шыңдауға тырыстым. Менің режиссерлыққа келуіме мұрындық болған Шопан Кәрібаев деген ағамыз. Осы салаға келген екенмін, адал қызмет етуім керек деген ұстанымдамын.
Қаншама халықаралық байқауларға барып жүрген кезімде байқағаным, ол жақта қойылған спектакльге ешкім мін тағып, мына бір жерін дұрыс жасамапсың деген пікір естімейсің. Шетелдің мамандар спектакльдерді көзімен көреді, өз шешімдерін спектакльге қойған бағасымен білдіреді. Ал бізде бір спектакль қойылса, жиылып алып талқылап, кемшілігін режиссердің бетіне басып жатады. Режиссер жоқ, суретші жоқ, драматургия дамымаған деп байбалам саламыз. Мысалы, ақынға мына өлеңді дұрыс жазбапсың, сазгерге мына бір әніңді былай жазу керек еді деп сын айтуға келе ме?
Иә, режиссерлердің де мықтысы бар, әлсізі бар. Бірақ қандай болған жағдайда да оның болары болып, бояуы сіңген қойылымын қабылдау, қабылдамау әркімнің өз еркінде. Театр қойылымын бағалау көрерменнің интеллектуалдық деңгейіне байланысты болады. Мысалы, бір елдің ішіндегі әр аймақтың бір қойылымды қабылдауы әртүрлі. Айталық, еліміздің оңтүстігіндегі көрермен күлкіге, мелодрамаға жақын қойылымдарды жақсы қабылдайды. Ал оларға Шекспирді қойсаңыз, қызықтырмауы мүмкін. Сондықтан қазіргі қазақ театрындағы режиссураға қойылымдарды қоюдың жаңа формасын, тәсілін қарастыру керек. Бір спектакльдің өзін әр өңірге лайықтап өңдеп қоюды үйренуіміз қажет деп ойлаймын.
Тағы бір айта кетерлік жағдай, театр өнерінде қазір бізге жетіспейтіні – шынайылық. Біз қай елдің қойылымын сахналасақ, актерлеріміз сол халықтың образын жасауға тым беріліп кете ме, көрермен оны жүрегіне жақын етіп қабылдай алмайды. Мысалы, Шыңғыс Айтматовтың 60 жылдық мерейтойына біздің елімізе латыш театры келіп, «Боранды бекет» спектаклін қойды. Сонда олар қазақты да, қырғызды да ойнап әуре болған жоқ, олар өздерін ойнады. Ал біздің кемшілігіміз, актерлер кейіпкердің сөйлеу мәнеріне дейін, жүріс-тұрысына дейін салып, сонымен айналысып кетеді. Сондай-ақ біз кейде әр заманның тынысын ескере отырып, қойылымды уақытқа бейімдеп қоюға мән бере бермейміз. Мәселен, орыс театы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклін қойғанда қазақша киімдер киім, тура сол замандағы көрінісіті суреттеуге тырысқанымен, олар өздерінің ойындарына өздері сенбейді. Ал осы оқиғаны сақ дәуіріне жақындатып, орыстардың менталитетіне сай етіп жасасақ, түгелдей атмосфера өзгеріп шыға келеді.
Режиссер ретінде өзіңіздің ұстанатын қағидаңыз бар ма?
Режиссура – өте терең ілім, биік өнер. Станиславский дейтін орыстың режиссеры: «Режиссер должен умереть в актере» деген тамаша сөзі бар. Міне, егер режиссер актердың жан дүниесіне ене алса, сонда ғана театр өнеріндегі жеткен жетістігі осы болмақ. Актер режиссерды түсініп, шығармашылық бірлестікте үйлесім тапса, сонда мөп-мөлдір дүние шығады. Фарида Шәріпова апамыз баяғыда бізге «Балалар, сендер премьераға баруға қатты құлшынбаңдар. Спектакль бірнеше рет қойылғаннан кейін барып көріңдер, өйткені премьераға ғана ойнайтын актерлер болады. Ал нағыз дамитын актер болашақта ойнайды» дейтін ол кісі. Міне осыны мен ылғи актерлерге қағида қылып айтамын. «Сіз спектакліьді жүзінші рет ойнасйсыз, бірақ көрермендердің арасында бірінші рет келіп отырғандары бар. Бірінші рет спектакльге келіп отырған адам үшін сіз бірінші рет ойнағандай ойнауыңыз керек» деймін. Мысалы, Караченцев 20 жасынан 60 жасына дейін 40 жылда бір спектакльді 800 рет ойнаған. Сол кезде Елбасы оған құттықтау жіберген. Сонда ол әр ойынын бірінші рет сахнаға шыққандай ойнайды екен. Яғни, бұл режиссер Марк Захаровтың актердың жанына ене алғандығы. Режиссер мен актердың, жалпы театр өнерін қызметкерлерінің еңбегі бір күнде бағалана салмайтын, оған қаншама жылдарыңды сарп етесің.
Қазақтың алғашқы кәсіби режиссеры Асқар Тоқпанов ағамыздың айтқан бір мысалы менің әлі күнге есімде: «Оттелоны ойнаған Томмазо Сальвини сахнаға 1001 рет шығайын деп тұрғанда ол «Мен Дездемонадан орамалды дұрыстап сұрап көрейінші, мүмкін қайтарып берер. Мүмкін мен дұрыс сұрамай жүрген шығармын» дейді екен. Сонда ол Дездемонаны өлтіргісі келмей тұр ғой. Актер өзін-өзі осылай дайындайды. Сальвини спектакльге үш сағат бұрын келіп, декорациясымен жұмыс жасап, театрдағы басқа әріптестерімен сырласып жүреді екен. Ал біздің актерлеріміз зу етіп келеді, жаттанды сөзін сахнада айтады да, зу етіп кетеді. Міне, жасандылық осындайдан туады.
Кино түсіру ойыңызда жоқ па?
Жоқ, мен театрдың режиссерымын. Баяғыда Никрошюс деген литвалық режиссер «Мен театрды толық зерттеп, оның қыр-сырын білмей жатып, қалай кино саласына ауысамын» деген екен. Менің де ұстанымым осы. Қазір көптеген режиссерлар театрда да, кинода да, телевидениеде де фильмдер, шулы шоулар, сериалдар түсіріп жүр ғой. Бірақ мен өзімді тек театрда ғана елестете аламын. Бұрын Әзірбайдан Мәмбетов ағамыз да кино түсірді, «Қан мен тер» секілді фильмі көпшілікке мәлім. Бірақ Әзағаң театр өнерінің хас шебері, ол кісі барда театр құлпыратын.
Әңгімеңізге көп рахмет. Шығармашылық табыстар тілейміз!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста