Ақтөбеде Тахауи Ахтановтың 90 жылдық мерейтойына арналған «Театр — өнердің ұлы көші» атты халық театрларының аймақтық фестивалі өтті. Осы кезге дейін ол облыстық деңгейде ұйымдастырылып келген болатын. Мәдени шараға Ақтөбе облысының халық театрларымен қатар, Батыс Қазақстан, Атырау және Қызылорда облыстарынан келген театр ұжымдары қатысты. Ақтөбе өңірінде қазір сегіз халық театры бар екен. Олардың кейбірі кәсіби театрлармен иық теңестіре алатын деңгейде жұмыс істеп жатыр деуге болады. Мұны жан-жақтан жиналған театр майталмандарының берген бағасынан байқадық.
Бұл басқосу тек сахнаға шығып, өнер көрсету емес, халық театрларының қазіргі жай-күйін саралау жөніндегі мәселелерді талқылау кездесуі болғандай. Аталған ұжымдардың қатарында жарты ғасырдан астам тарихы бар, репертуары қалыптасқан ұжымдар да бар. Олардың басшыларының сөзіне сүйенсек, халық театрларының барлығының басындағы хал ұқсас. Мәселелер баршылық. Мысалы, халық театрларында айлық тек режиссер мен оның көмекшісіне ғана төленетіндіктен, өнерге деген сүйіспеншілік үшін ғана жұмыс жасауға келісетін актерлерді, басқа да техникалық кәсіп иелерінің басын қосу кейде қиындық туғызады. Себебі дайындалатын орын былай тұрсын, театрға ең керегі — сахна да жоқ кейбірінде. Репертуар мәселесінде де алысқа шабуға мүмкіндік бола бермейді, сондықтан қал-қадерінше қолдан келетін шағын дүниелерді сахнаға алып шығуға мәжбүрлік басым. Себебі сахнаға қажетті киімнің, лайықты декорацияның жоқтығы қолбайлау. Тағы бір жайт — халық театры режиссерлерінің біліктілігін көтеру мәселесінің ұмыт қалып келе жатқандығы. Олардың күн сайын облыс орталықтарындағы кәсіби драма театрына келіп, сахна шеберлерінен дәріс алып, тәжірибе алмасуларына мүмкіндіктері бола бермеуі мүмкін. Сол себепті облыс орталықтарындағы драма театрлары «халық театрларын қамқорлыққа алса» деген ниеттерін білдірді.
Қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Қазақ ұлттық өнер университетінің кафедра меңгерушісі Ұлан Нүсібәлиевтің айтуынша, фестивальға қатысқан ұжымдардың барлығы да халық театры атағына сай өнер көрсетті. Шын мәнінде ақша, айлық үшін емес, өнер үшін ғана жұмыс жасап жүрген халық театрлары қызметкерлері қазылар алқасы айтқан мақтаулардың барлығына лайық деуге болады. «Өкінішке қарай, халық театрларына барлық облыста бірдей қолдау көрсетіліп отырған жоқ. Бұл тұрғыда Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасына ризашылығымды білдіргім келеді. Алыс ауылдарға кәсіби театрлар бара бермейді. Мәдениеттің кенже қалып отырған саласы — халық театрларының жұмысын жандандыруға, оларға жан-жақты қолдау көрсетуге күш салу керек», — дейді Ұ.Нүсібәлиев.
Фестивальға қатысқандардың көбі Тахауи Ахтановтың шығармаларын сахналады. Сонымен қатар көрермендер назарына И.Сапарбаев, О.Бодықов, С.Балғабаев т.б. драматургтердің шығармалары ұсынылды.
Фестивальдың бас жүлдесі Тахауи Ахтановтың «Күтпеген кездесуін» сахналаған Шалқар аудандық халық театрына бұйырды. Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық халық театры мен Байғанин ауданының Оймауыт халық театры (С.Балғабаев. «Ең әдемі келіншек») — бірінші, Қызылорда облысының Сырдария аудандық халық театры (Т.Ахтанов. «Арылу») мен Мұғалжар аудандық халық театры (Т.Ахтанов. «Махаббат мұңы») — екінші, Атырау облысы Құрманғазы ауданының Киров халық театры (С.Қасымбек. «Күттірген махаббат») мен Ойыл аудандық халық театры (Т.Ахтанов. «Арылу») үшінші орындарды иемденді. Бұдан өзге, жекелеген актерлерге аталымдар бойынша арнайы жүлделер тағайындалды.
Халық театрлары бас қосты
Последние статьи автора