Халық дүниетанымының бастаулары жайлы еңбек
Қазақ фольклористикасы жаңа еңбекпен толықты. Философ-мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваның «Қазақтың мәңгі аспаны» атты кітабында көнетүркілік өркениет пен мұсылмандықты бойына сіңірген халқымыздың дүниетанымдық ерекшеліктері жайлы ұзақ жылғы пайымдаулар топтастырылған.
Автор 1995 жылы қазақ мифологиясы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған. Зерттеушінің бұл еңбегі әдебиеттанушы-фольклорист Едіге Тұрсынов, этнограф-публицист Серікбол Қондыбай, өзінің өмірлік серігі, белгілі жазушы, музыкатанушы Таласбек Әсемқұлов және қазақтың көне фольклорын зерттеген басқа да ғалымдар қалыптастырған ой-тұжырымдар жүйесін кеңейтті. Қазақ мәдениетінің рухани бастауы болған тәңірішілдік дүниетаным, табиғат пен адамның қарым-қатынасы, көшпелілердің тұрмыстық салттары, жаугершілік пен әдеби-музыкалық мұра турасындағы гипотезалар жылдар өткен сайын молая берді. Ал өз зерделеулерін кітап етіп шығаруға автордың ұзақ уақыт бойы мүмкіндігі болмаған. Мәдениеттанушының ойларын әлеуметтік желіден кездейсоқ көріп қалып, қызығушылық танытқан Нұргүл Ертаева есімді меценат бірден оның кітабын жариялауға көмектесуге ұсыныс жасапты. «Кітапты шығаруға қол ұшын беруіме оқырмандық құмарлық себеп болды. Зира жай жазбайды, қызықтырып жазады. Зерттеуге алған материалына өте мұқият, байыпты және асқан отаншылдық сезіммен қарай біледі, басы артық дүние немесе асыра сілтеу жоқ. Ол – зерттеуші атағына лайық адам», – дейді қоғам қайраткері Н.Ертаева. «Қазақтың мәңгі аспанындағы» негізгі тақырыптардың бірі – қазақтың жауынгерлік мәдениеті. Бұл Наурызбаева мен Әсемқұлов жұбының ұлттық мифологияға қатысты зерттеулерінің үлкен бір арнасы деуге болады. Жаугершілік дәуір туғызып, өзге замандар түрленткен мәдени-рухани құндылықтар туралы тұжырымдарын Наурызбаева өте епті, дәлелді түрде жеткізеді. «Біздің музыкамызды, сөз өнерімізді жасаған авторлар – сал-серілер. Салдар мен серілер өміріне «богема» деп қарау басым, бірақ ол – бертінгі кезде пайда болған түсінік. О баста сал-серілер жауынгер болатын, тәуелсіздігінен айырылғаннан кейін қазақта жауынгерлердің рөлі сал-серілікке ауысты. Бұл туралы 70-жылдары ғалым Едіге Тұрсынов өзінің «Типы носителей устного фольлкора» еңбегінде алғаш айтты. Расымен де, сал-серілер болмысының тамыры өте тереңде жатыр, – дейді З.Наурызбаева. Жаңа еңбек ресми түрде таныстырылмастан бұрын оны мәдениеттанушы, филолог Мұрат Әуезов оқып шыққан. Ғалым бұл кітапқа «тарихи қажеттіліктен туған еңбек», ал авторға осы бағыттағы зерттеулердің «Ұмай анасы» деген баға берді.
Мұрат Әуезов, мәдениеттанушы ғалым, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Кітапты екі-үш күн ішінде оқып шықтым, ерекше қуаныштымын. Меніңше, бұл – қазақ мәдениеті үшін теңдесі жоқ кітап. Мазмұны, ойы, ішкі импульсі жағынан жоғары бағаға лайық еңбек. Біз Едіге Тұрсыновпен бірге жастау кезімізде, 1975 жылы «Эстетика кочевия» деген кітап жариялаған едік, бірақ көп ұзамай оның 3000 данасы түгел өртелді. Бірақ содан бері өзіміздің түпкі тарихымызға қатысты ойларды ашық айту ниетінен ажырамадық. Міне, соның жалғасы, әрі жарқын үлгісі туды. Бұл кездейсоқ туған еңбек емес, ол – Тұрсынов салған жүйелі жолмен келген, өзінің тағдыры бар кітап. Еңбекте Наурызбаеваның ұлы ғалым Тұрсыновқа жоғары баға беруіне толық келісемін. Зираның шығармашылық энергиясы, адамдығы нәтижесінде биік рухани жұмыс шықты. Бұл кітаптың күнделікті тұрмысымыз үшін де мәні жоғары. Зира мен Таласбек – тамаша шығармашылық тандем, ерекше жарасымды, рухани қуаты мол жұп. Бірі – қазақтың көне музыкасының білгірі, бірі – қазақ мифологиясының білгірі, бұл екеуіне керемет философиялық-гуманитарлық ойлар топырақтан берілген.
Тәңірішілдік пен исламның ара-қатынасы – қазіргі қоғамның қызу талқылайтын қарама-қайшылықты мәселесі. З.Наурызбаеваның жаңа еңбегіне осы бастан қызығушылық туып отырғаны да содан. Автор тәңірішілдік, шамандық, көнетүркілік мәселелеріне қатысты тың ойларын осы кітабында жария етеді. «Қазір тәңірішілдік пен мұсылмандықты қарсы қойғысы келетіндер бар. Мен қазақтың салттарын, айталық, домбыра тартуды шайтанның әрекетіне теңейтін әсіреисламшылдарға, біз тек қана тәңірішілдікті ұстануымыз қажет дейтін адамдарға да қосыла алмаймын. Тәңірішілдік – өте көне дәстүр. Бұл екеуін бір-біріне қарама-қарсы қоюға негіз жоқ. Қайта екеуі біздің бойымызда тоғысып жатыр. Біз соны көбірек айтуымыз қажет. Менен көп адам «мәліметтеріңіз шындыққа жанаса ма?» деп сұрап жатады. Оларға айтарым: мен тәңірішілдік бойынша тың дереккөз ашқан ештеңем жоқ, Ватикан мен Қытай империясының құпия мұрағатына тағы қол жеткізген емеспін. Мен ғалым Едіге Дәріғұлұлының сара жолымен жүрдім. Құпия дереккөздердің маған қажеті де жоқ еді, менің зерттеуіме қазақтың күнделікті өміріндегі фольклоры жетіп жатыр», – дейді зерттеуші. «Қазақтың мәңгі аспаны» еңбегінің жарық көруіне Qazaq Banki мен «Алаш Медиа Групп» холдингі де қолдау көрсетті. Мәдениеттанушы бұдан соң «Дәстүр мен қазіргі заман» атты келесі кітабын жарыққа шығарғалы отыр.