Өнерсүйер қауым біраздан бері Саяттың әндерін сағынып жүр еді. Әнші де халықпен қайта жүздесуге ұзақ уақыт дайындалды. 19 сәуір күні Республика сарайында белгілі әнші, мәдениет саласының үздігі Саят Медеуов ел алдына шығып, есеп беру концертін өткізбек.
Саят Медеуовтың ең алғашқы шығармашылық кеші осыдан он жыл бұрын 2005 жылы 17 сәуірде өткен еді. Араға он жыл салып, халыққа тағы бір ән кешін сыйлаудың да сәті түскен сияқты.
Саяттың есеп беру концертін өткізуіне алдыңғы буын ағалыр мұрындық болды. Нағыз қазақ әндерін тыңдағысы келетін, Саяттай ұлдарын сахнадан көргісі келетін халықтың қалауына орай Саяттың ағалары да әнші бауырларын қамшылай түсті. Оның үстіне өнерде жүрген бауырлары да Саяттың шығармашылық кешін ұйымдастыуға көмектесетіндерін айтып қолқа салғаннан кейін әнші белді бекем буып концертке дайындықты бастап кетіпті.
Халықтың алдына шығып, есеп беретін жауапты күн жақындаған сайын әншінің жүрек лүпілі күшейіп, қобалжи түсетіні заңдылық. Әншінің айтуынша, концерттің дайындығымен әбігерге түсіп жүріп екі айдың қалай зымырап өте шыққанын да байқамай қалыпты.
Концертке дайындық кезінде күтпеген жағдайларда болып жатады ғой. «Халықпен жүздесуді жоспарлап, концерттің күні белгіленгеннен кейін әкем қатты сырқаттанып, әбден уайымдадым. Әкем ауырып жатқанда өзімнің концертіме дайындалып, тіпті көңілін сұрауға уақыт таппай жүргенім қалай деп өзімді кінәді сезіндім. Аллаға шүкір, қазір біраз тәуір болды. Күні кеше жанына барып, қал-жағдайын біліп қайттым. Құдай бұйырса концертіме келеді. Әкем қазақ әншілерінің ішінде Нұрлан Өнербаевты ерекше жақсы көреді. Концертіме келіп, әкемнің жанында отырсыншы деп Нұрлан ағамды да шақырдым, дейді әнші.
Саяттың әнін сүйіп тыңдайтын жұртшылық есінде болар, Саят Медеуовтың алғашқы шығармашылық коцерті «Сен көріктісің» деп аталған болатын. Осы жолы әнші концертін «Өзіңді аңсап...» деп атапты.
«Өзіңді аңсап...» Есенқұл Жақыпбек ағамыздың өлеңіне жазылған Жәкен Омаровтың әні. Өзімнің репертуарымдағы әндердің ішінде жаныма жақын туындылардың бірі. Мен өзімнің есеп беру концертімді біраз уақыт аңсадым, армандадым. Халықтың қаншалықты мені аңсағанын білмесем де, өзім көрерменімді, тыңдарманымды қатты сағындым. Сондықтан есеп беру концертімді осылай атадым. Тек өкініштісі, менің кешіме марқұм Есенқұл ағамның қонақ болып қатыса алмайтыны» дейді Саят Медеуов.
Саяттың есеп беру концертін өткізуге Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Махаббат Сәдуақасұлы үлкен қолдау білдіріп отыр. Сондай-ақ Кенен атамыздың немерелері, қызы Төрткен апаның баласы Бақытжан ағаның балалары қаржылай демеушілік көрсетуде.
Жамбыл мен Қордай аудандарын бөле-жара қарамайтын Саяттай әншіге өнердегі ағалары мен достары, інілері де үлкен қолдау білдіріп отыр.
«Менің эстрадалық әнші ретінде танылуыма себепкер болған Лұқпан Жолдасовға, Серікхан ағама, мені қашанда қамшылап, демеу білдіріп отыратын досым Досымжан Таңатаровқа, Ақан Әбдуәліге алғысым шексіз. Сондай-ақ кешімді ұйымдастыруға барынша жанын салып жүрген «Серілер» тобындағы Күнтуған бауырыма, Талғат Айдар ініме ерекше ризашылығымды білдеремін.
Махаббат ағамыз – өнер десе, ішкен асын жерге қоятын азамат. Әрдайым туған ел таланттарын қолдап, көмектесіп, жанашырлық танытып жүреді. Есенқұл аға атын қойып кеткен «Сүйінбай сазы» ансамблін «үлкен сахнаға шығаршы» деп өтініш жасаған сол кісі. Кеш барысында вокалды-аспаптық ансамбль де өнер көрсетеді. Гитарашы Елдар, Әсет Масабаев бауырымыз, Жанна қарындасымыз, күйші Аслан, баян аспабының бесаспап маманы Сәуіржан деген інішектеріміз көп көмек жасап отыр. Композитор Бағлан Омаровқа айырықша алғыс айтқым келеді», дейді әнші.