«Сорос-Қазақстан» қоры журналистер арасындағы «Денсаулық сақтау ісіндегі адам құқықтары» байқауы жеңімпаздарының есімдерін жариялады.
Төрт аталым бойынша сарапталған байқауда «Ең үздік бейнерепортаж» жүлдесі «Астана» телеарнасы ақпараттық қызметінің тілшісі Анна Журба мен «Жетінші арна» тілшісі Александр Журавлевқа бұйырды.
«Ең үздік мақала» аталымы бойынша – «Литер» газетінің қызметкері Оксана Лысенко мен «Мой город» газетінің тілшісі Оксана Шаповалова, «Ең үздік радиохабар» жүлдесі «Азат Европа » радиосының тілшісі Мақпал Қожақанова мен Қазақ радиосының редакторы Әмір Өмірбековке табысталды.
Байқаудың бас жүлдесі – Лодзь қаласына (Польша) жолсапарды Қазақ радиосы «Денсаулық» бағдарламасының жүргізуші-редакторы Гүлбану Мұхтарқұлова мен «Қазақстан» ұлттық телеарнасының тілшісі Арман Тілеукенов жеңіп алды.
Гүлбану МҰХТАРҚҰЛОВА, Қазақ радиосы «Денсаулық» бағдарламасының редактор-жүргізушісі:
– «Денсаулық» хабары арқылы білікті мамандардың пайдалы кеңестерін сан мыңдаған тыңдаушыға жеткізуге себепкер болғаным – мен үшін үлкен мәртебе деп білемін. Бұдан бөлек, ауыл-елдегі ағайынның денсаулығы мен халықтың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілу жағдайы – үнемі назарымызда. Сондай-ақ олардың медициналық қажеттіліктерін білу мақсатында микрофонымды ауыл тұрғындарының өз ортасына ұсындым. Азды-көпті еңбегімнің осындай деңгей-дәрежеде еленіп жатқанына қуаныштымын.
Аида АЙДАРҚҰЛОВА , «Сорос – Қазақстан» қоры құқықтық реформа бағдарламасының директоры:
– Бұл байқауды ұйымдастырудағы негізгі мақсат – денсаулық сақтау жүйесіндегі адам құқықтарын қорғау мәселесіне жұртшылықтың назарын аударып, келеңсіздіктер мен проблемаларды ашып көрсету арқылы оны шешуге қоғамдық белсенділікті жұмылдыру болып табылады. Биыл тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған байқауды болашақта дәстүрге айналдырамыз.
Үздіктер Польшаға жолдама алды
Последние статьи автора