Сүйінші, қазақ елі! Қазақ жерінен тағы бір алтын адам табылды. Нақтырақ айтсақ, алтын адамның сүйегі Үржар ауданының Таскескен-Бақты тас жолының бойындағы Лайбұлақ және Жаңа тілек ауылдарының орта тұсынан табылды. Семей педагогикалық институтының профессоры, тарих ғылымының кандидаты осындағы қазба жұмысын жүргізген студенттердің жетекшісі Амантай Исаұлы Исин: «Мұны III-V ғасырлардағы қола дәуірге, тіпті ғұн-сарматтар заманына жатқызуға болады», – дейді.
Бұл алтын адамның ерекшелігі қандай? Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, бұл алтын адамның Есік қорғанынан табылған алтын адамдікіндей басындағы сәукелесі мен үстіндегі киімі әжептәуір, сүйегі сол қалпы жақсы сақталған. Бәрі де алтын зерлі. Құлағында – алтын сырға, басында – алтын сәукеле. Жарма қылып қазған көрдің жан-жағын, төбесін, енін қалыңдығы 10-15 сантиметрдей жалпақ тастармен жауып, қоршапты. Мүрденің төбесі батысқа қарағанымен, басын солтүстікке бұрып жерлеген. Аяқ жағында қойдың сүйектері мен қыштан, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтар, бас жағында алақандай домалақ жалпақ тас жатыр. Экспедиция жетекшісі Темір Нұрланұлы Смағұловтың жорамалы бойынша бұл «құрбандық тасы» деп аталады. Яғни мәйіт жерленгеннен соң тастың үстіне май шам қойылуы мүмкін. Бұдан өзге солтүстік-шығыс жақ іргесіндегі бөлек зираттан тағы бір мәйіт шыққан. Оның басы, қолы кесіліп тасталған. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл ханшайымның құлы, бәлкім, күңі болуы да мүмкін. Сақ заманы билеушісінің қызы болуы да мүмкін деген. Бұл алтын адамды зерттеуші ғалымдар «Үржар ханшайымы», – деп отыр. Амантай Исаұлы: «Қазақ ғылымы мен мәдениетіне үлкен жаңалық әкелетін бұл құнды жәдігер Тарбағатайдың күнгейінде де саяси орталықтың болғанын айғақтайды», – дейді.
Үржар ауданынан Алтын адам табылды
Последние статьи автора