«Азамат ердің баласы, аз сөйлер де көп жортар» дейді Махамбет ақын. Табылды да өзінің аз өлеңдері мен әндері арқылы өз жанашырларына көп нәрсені айтып кеткен секілді болып көрінеді маған. Оның қай туындысын алсаңыз да, әрбір қазаққа ұғымды әрі ойлануға мұрындық болып, көп толғандырады. Қандай қиын десеңізші, осы сөздердің бәрін өткен шақпен жазып отырғандығымыз. Өлім де – өмір сияқты адамзаттың маңдайына жазылған нәрсенің бірі. Өмірдің ыстығы мен суығын бастан өткізіп, балалары мен немерелерінің қызығын көріп, қуанышына бөленіп жүрер шақта, арсыз ажал арамыздан алып кеткені өзекті өртеп, көңілге мұң ұялатып, жаныңа жара салды. Бірақ аяусыз өлім апталдай азаматты, нағыз көрінер, өзін көрсетер шақта алып кеткені өкініш салмағын екі есе ауырлатады.
«Келбетіне қарасаң, көрген кісі сүйсінетін, ақыл-парасатымен аз тілдескен адамның өзін бас идіретін абзал іні, қадірлі азамат болатын» дейміз де күрсінеміз, қолымыздан басқа не келеді, ағайын.
Қай қызметте жүрсе де, болдым деп аспаған, толдым деп тасымаған, «Баспалдақпен інілер көтерілсе, үзеңгімен ағалар атқа мінсе», – деп атақты Қадыр Мырза Әли жырлағандай, қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүретін жан еді. Айналасындағыларды ұйымдастырып, отырыстардың сәнін өз өлеңдері, әндерімен келтіретін әркез. Сондықтан да осындай кездесулерге шақырған кезде өте қуанып, Иманғали ағасы сыйлаған гитарасын қолына ұстап, томпаңдап жетіп келетін. «Қолым тимейтін еді, бір жұмыстарым бар еді» деген сөздерін ешқашан да естімеген едік. Мүмкін, осы өмірінде барлық қызықтарды көріп, адамдармен бір сырласып, шүйіркелесіп қалуға асыққан да болар. Осындай кездесулерде оның турашылдығын жұрттың бәрі білетін еді. Қисығы болса, туғанына дейін бетке айтты. Ал әзілдерінен алдына жан түсе алмайтын. Тіпті болмаса, күліп отырып, әзілмен аяғыңнан «шалып» қалатын, оған ешкім де ренжімейтін.
Ат жалындағы азаматтың шыншылдығы, турашылдығы, бетің бар, жүзің бар демей, адалын айтып, ақиқатқа тура қарау, тура жолдан таймау азаматтың ардағының ғана қолынан келеді. Осы жолда, ар жолында намысына кір түсірмей өте білді, даналығы мен парасаттылығын аямай, қанша інілеріне қолғабыс жасап, адамның азамат болуына үлес қосты.
«Жайма-шуақ жаны бар, таза сақталған ары бар, айналасына жарқыратып нұрын шашқан, маңайына ізгіліктің сәулесін аямай төгіп жүретін» – Табылдыны қасында жүретіндер солайша дәріптейтін.
«Өлместік ұлыларға бұйырады» деген сөз бар, қиянатқа қимаймыз да, көңілге жұбаныш іздейміз, енді Табылдының аты тарихқа айналып, Алаштың арыстарының қатарында тұратыны сөзсіз. Сол үшін де біз, тірілер жұмыс істеуіміз керек. «Ердің бағасы – істелген істер мен істелетін істерде» деген сөз бар халқымызда. Мәңгілік сапарына аттанып, мәңгілік мекеніне қонған, абзал жанға бізден енді ештеңенің де керегі жоқ. Тек уақытында оны еске түсіріп, артында қалған отбасына қамқорлық көрсету – біздің азаматтық борышымыз.
Өмір оны ерте есейткен болуы керек, өмірден көріп-білгені, санасына түйгені мол еді. Сондықтан да болуы керек, Табылдымен қай тақырыпта да сөйлесу, пікір таластыруға болатын.
Ол әрбір айтқан деректерін жан-жағынан дәлелдеп, айналасындағыларға өте түсінікті етіп келтіретін.
Өмір сүруден ләззат алу – әркімге қона бермейтін ерекше қасиет. Бірақ Табылды осы өмірден ләззат ала білді.
* * *
Табыл – қазақтың ән жазирасында ерекше құбылыс болып келіп, сол жұмбағы шешілмеген күйі өмірден тым ерте кетіп қалды. Ол өз биігіне ерте көтеріліп, ғұмырының соңына дейін сол биіктіктен төмендеген жоқ. Қарапайым жұртшылық оның шығармасымен жақсы таныс болғанымен, тірі кезінде ол шынайы бағасын ала алмады. Бірақ ол өзінің «Биіктік» атты өлеңімен өз биіктігінде бола алды деп ойлаймын, осы өлеңі арқылы ол өзіне көзі тірісінде ескерткіш қойып кеткендей көрінеді маған.
Менің тағы да бір байқағаным – өз өлеңдерінде өлім жайлы көп жазғандардың көбі қазір арамызда жоқ. Солардың ішінен Төлеген, Жұмекен, Меңдекеш, Жұматай, Кеңшілік сынды ақиықтарды бөліп қарар болсақ, осы бір топқа 45 жасында дүниеден озған Табылды да қосуға тура келеді.
Естелігімізді де Табылды аузынан тастамайтын ағасы, өмірден ерте кеткен Асқар Сүлейменовтің мына бір сөзімен аяқтағалы отырмын: «Кем талант – мүмкіндігінше, шын талант қалағанынша жазады» дегендей, Табылды да қалағанынша жаза білді, әлі де жаза берер ме еді. Әттең, әттең...
Сұм ажал қайыршы емес тиын сұрар,
Бір күні қу жаныңды бұйымшылар.
Қорқыттар құтылмаған бұл өлімнен,
Табылдың құтылуы қиын шығар.
Бұл дүние айналғанмен сырласыңа,
Мен кепіл мәңгі-бақи тұрмасына.
Бір күні Құдайыңнан хабар келсе,
Шығасың сен де құрбым қыр басына.