Ұлықбек Есдәулеттің "Жылқы жылғы кездесу" атты шығармашылық кеші өтті
Кеше, 14 мамыр күні Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрында ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Жылқы жылғы жүздесу» атты шығармашылық кеші өтті. Қр Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет биыл 60 жасқа толып отыр. Ақынды мерейтойымен құттықтау үшін кешке арнайы ақынның достары, жақындары келіп ізгі ниет-тілектерін білдірісті. Салтанатты кешке «Алаш айнасы» тілшілері де қатысып қайтқан еді.
Ұлықбек Есдәулеттің мерейтойына орай ұйымдастырылған «Жылқы жылғы» кездесу атты шығармашылық кешін қазақтың белгілі ақыны, үлкен тұлға Олжас Сүлейменов құттықтау сөзімен ашып берді. Сондай-ақ кеш барысында мерейтой иесіне Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, өзі туған өлке Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасы сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбедов секілді тағы да басқа бір топ саясаткерлер мен коғам қайраткерлері жіберген құттықтау жеделхаттар оқылды. Алматы облысында ақын Ұлықбек Есдәулеттің құрметіне көше аты берілгендігін белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлынан естіп, халық бір жасап қалды.
Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахет жүргізген ақынның шығармашылық кешінде рухты өлеңдеп оқылып, ақынның сөздеріне жазылған әндерді Мақпал Жүнісова, Қанат-Айткүл Құдайбергеновтер, Елена Әбдіхалықова, Меруерт Түсіпбаева, Бақтияр Тайлақбаев, Айгүл Қосанова, Гүлнар Сиқымбаева, Секен Тұрысбеков секілді өнер иелері орындады.
Ақынды құттықтауға келген достары ақын жолдастары мен қоғам қайраткерлері Шөмішбай Сариев, Несіпбек Айтұлы сынды тағы да басқа зиялы қауым өкілдері Ұлықбек ақынға деген ізгі ниеттерін білдірісті. Сондай-ақ ақынның мерейтойына арнайы Қытайдан, Қырғызстаннан келген қонақтар қазақ поэзиясының көшбасшысы Ұлықбек ағаның жырларын оқып, ақын өлеңдерінің шетелде де құндылығы жоғары екенін айтты.
Жиылған қауым ақынның жүрегін жарып шыққан жырларын тыңдап, рухани сусындап қайтты. Залға лық толған халық кеш соңына дейін тапжылмай отырғандығынан-ақ тыңдарманның қара өлеңге деген махаббатын аңғаруға болады.
Кеш соңында Алматы қаласының №12 гимназияның хоры орындаған ақынның сөзіне жазылған "Заман-ай" әні жұртшылықтың ерекше ықыласын аударды.
Ұлықбек Есдәулет – қазіргі қазақ поэзиясындағы маңдайалды ақындардың бірі. Ол өзінің отты өлеңдерінде халық мұңын, елдің тағдырын, қазақтың бүгіні мен ертеңін жырлап келеді. Алаш рухын асқақтатар өлеңдерімен қатар лирикалық өлеңдерімен де оқырманының жүрегінен орын алған ақын. Оның өлеңдеріне жазылған әндер де жетерлік.
Ел басына қара бұлт төнгенде халық батыры мен ақынын іздейді ғой. Ал Ұлықбек ақын қиын-қыстау заманда қашанда туған халқының қасынан табылды. Оның «Заман-ай», «Қара пима» секілді әндерін халық жақсы біледі. Ақын «Қанат қақты», «Көздеріңе ғашықпын», «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын тамыры», «Ұлыстың ұлы күні», «Ақ керуен», «Жаратылыс», «Жүректегі жарылыстар», «Заман-ай», "Киіз кітап", "Ғұмыр жас" «Әбілхаят» кітаптарының авторы. Сондай-ақ Тұрдыхан Айдарханұлының құрастыруымен Ұ.Есдәулеттің "Заман-ай" жыр кітабы төтеше жазумен Қытайда жарық көрген.
Ұлықбек Есдәулет 1954 жылы 29 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін журналист мамандығы бойынша, Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстардың поэзия бөлімін әдебиетші мамандығы бойынша бітірген. Гуманитарлық ғылымдар академиясының құрметті академигі. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.