Отандық ақпараттық кеңістікте тағы бір басылым пайда болды. «ҰЛТ TIMES» – қоғамның қордаланған мәселелерін шешудің тың амалдарын ұсынуды көздейтін жаңа апталық газет.
Жаңа басылым әр аптаның бейсенбісінде шығып тұратын болады. Апталықтың таралымы – 20 мың дана. Қазақ баспасөзінің қатарын толықтырған ақпарат құралының бас редакторы – Амангелді Қияс. Газет қоғамдағы түрлі мәселеге қатысты жан-жақты көзқарастарды таразылауда өзіндік ұстанымымен ерекшеленбек. Басылым түптің-түбінде елдің бірлігін сақтауға атсалысады. Жаңа апталықтың сырт көзге байқалар бір ерекшелігі – айдарлары. «Жай-жапсар», «Қадір-қасиет», «Қым-қуыт», «Бүге-шіге», «Әл-ауқат», «Нақпа-нақ», «Әңгіме-дүкен» сияқты қос сөзден тұратын атаулар әрі қазақы оқырманның ұғымына жақын, әрі мәселеге еріксіз назар аудартады. Басылымда қоғамға белгілі саясаткерлер мен саясаттанушылардың өз мінбері болады. Пікір айтамын дегеннің мүмкіндігі шектелмейді. «Уақытты біз тосқанмен, уақыт бізді тоса ма? Сонда не істемек керек? Алдыңыздағы су жаңа басылым – «ҰЛТ TIMES» газеті осы мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді. Соның жауабын тапқанда ғана біз ата-баба аманатының, Абай өсиетінің, Алаш тағылымының үдесінен шыға алмақпыз. Соның жауабын тапқанда ғана қазақтың дәуірі, ұлттың уақыты оңынан туады деп біліңіз» , – дейді газет ұжымы.
Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ, «ҰЛТ TIMES» газеті бас редакторының орынбасары:
– Журналистикадағы ең басты қағида оқырманға объективті ақпарат беру болса, дәл осы ұстаным біздің газеттің негізгі саясаты болмақ. Ұлт мүддесіне қызмет ететін кез келген ақпарат құралы негізгі міндетінен ауытқымауы керек деп ойлаймын. Жақсыны көре білумен қатар, келеңсіздікті де байқау қажет. Жаңа басылымның бар мұраты – осы ғана.
«ҰЛТ TIMES» атты апталық басылым жарық көрді
Последние статьи автора