Ұлт қазынасын өзге ұлттар ұлықтады
Астанада жеті жұрттың тілін білмесе де, қазақ тілінің қасиетіне жете мән беріп жүрген өзге ұлт өкілдерінің басын қосқан «Қазақ тілі – барша ұлттың қазынасы» атты байқау болып өтті. Аталмыш шараны Астана қалалық ішкі саясат басқармасы мен «Мәссаған» ұлттық веб-порталы демеушілерінің «Жігер» одағы қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.
Байқауда Астана қаласында тұратын мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінен құралған студенттер бақтарын сынап көрді. «Мәссаған» ұлттық веб-порталы демеушілерінің «Жігер» одағы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жайнагүл Сейітқазының айтуынша, шара республикамыздың «Мемлекеттік тіл туралы» Заңының қабылданғанына 20 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. «Бүгінгі байқау елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тіліне деген көзқарасты жақсарту және өзге ұлт өкілдерінің тілге деген ынта-жігерін арттыру мақсатында өткізіліп отыр», – дейді ол.
Шараға Қазақстан-Ресей университеті, Қазақ технология және бизнес университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университеті секілді төрт оқу орнынан барлығы 11 үміткер бақ сынасты. Байқау бес кезеңнен тұрды. Алдымен бақ сынаушылар өздерінің қазақ тілін қалай үйренгендіктері және тәжірибесі туралы баяндап берді.
Осыдан кейін қатысушылар патриоттық тақырыптағы қазақ ақындарының өлеңдерінен оқу, Қазақстан тарихына қатысты қазылар алқасының сұрақтарына жауап беру секілді кезеңдерден өтті. Ақырында сайыпқырандар қазақ салт-дәстүрлеріне байланысты көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, қорытынды кезеңде мемлекеттік тілдің қолданысын қалай кеңейту керектігі туралы өз ұсыныстарын ортаға салды.
Шара соңында қазылар алқасы Еуразия ұлттық университеті экономика факультетінің студенті Наде Шейрерді бірінші орынға лайық деп тапты. Екінші орын екі талапкерге бұйырды. Олар Қазақ технология және бизнес университетінің студенті Гузаль Багапова мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетінің студенті Римма Адеевалар болды. Үшінші орын алғандар мыналар – Карина Исаева (Қазақ технология және бизнес университеті), Севда Гусеинова (Қазақстан-Ресей университеті), Юля Смышляева (Еуразия ұлттық университеті).