Алматыдағы «Ұлан» гвардиясының №0111 әскери бөлімінде мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Ол – кемеңгер, ғажайып тұлға» атты әдеби-сазды кеш өтті. Алматы қалалық №27, №32 және №0111 әкери бөлім кітапханаларының ұйымдастыруымен өткен шараға Дінмұхаммед Қонаевтың қарындасы Сара Ахметқызы арнайы келіп, жас ұландарға ақ батасын берді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – ұлы тұлғаның өмірі мен қайраткерлік қырын әскерилерге үлгі ете отырып, олардың бойындағы отансүйгіштік қасиетті ояту. Қаршадай ақын Жамбыл Дүйсенов Қонаев атасына арнап шығарған жыр шумақтарын тарту етсе, ұландар да қалыспай, өз өнерлерін ортаға салды. Ән айтылып, күй тартылып, өлең оқылған жиында «Заманымыздың заңғар ұлы» атты кітап көрмесі де көңіл сүйсіндірді. Дінмұхаммед Қонаев жайында деректі фильм көрсетіліп, оның тағылымды өмірінен сыр шертілді. Кітапхана қызметкерлері мен әскери басшыларға Қонаев мұражайының директоры Тимур Жұманов ұлы қайраткер туралы естелік кітаптарды сыйға тартты.
Сара ҚОНАЕВА, Димекеңнің қарындасы:
– Менің ағам осында жиналған сарбаздардай жас кезінде жалындап тұратын. Қайтпас қайсарлығының, ұлтын сүйген қайраткерлігінің арқасында үлкен белестерді бағындырды. Оның еңбекқорлығы, адалдығы, әділдігі, отансүйгіштігі жас буынның да бойынан көрініс тапқанын қалаймын.
Ұландар ұлы тұлғаны ұлықтады
Последние статьи автора