Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Алаш айнасы» газеті мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Ханнан да қадірлімін туған елге» атты ұлтымыздың ұлы композиторы, тарлан ақын, дауылпаз әнші Үкілі Ыбырайдың шығармашылығына арналған ән кеші өтті. Қазақ музыка мәдениетінің алтын діңгегі, асыл сағағы Үкілі Ыбырайдың төл туындылары орындалған шараға Көкшетаудан мәдениет қайраткері, ақын-жырау, өнер зерттеушісі Жұмабай Есекеев, Ақмола облыстық шығармашылық орталығының көркемдік жетекшісі Тоқтарбек Қалдырбаев арнайы келді.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, режиссер Сағызбай Қарабалиннің сахналауымен «Гәкку» әнінің шығу тарихынан шағын қойылым қойылды. Онда Үкілі Ыбырай мен Кәкима болып басты рөлде ойнаған Ғабит Мүсірепов театрының Қуаныш пен Толқын есімді жас әртістері өз шеберліктерімен тәнті етті. Талғат Абылбеков, Рахымжан Әбішов, Ермек Сапаров есімді суретші-шеберлер «Адырна» атауына байланысты ұлттың қорғаны ретінде садақтың бір бөлшегін, рухани байлық нышанындағы адырна аспабын және жер байлығы ұғымындағы адыр тәрізді элементтерді пайдаланып, кештің сахнасын безендірді. Мәдени шараның жүргізушісі болған өнер зерттеушісі Ерлан Төлеутай көрермен қауымға Үкілі Ыбырайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер ұсынды. «Дала дауылпаздары» жобасының маңызын ерекше атап өткен музыкатанушы, күйші Жарқын Шәкәрім ұлттық мұрамыз бен ұлы композиторларымызды насихаттау ісінің маңыздылығын атап өтті. Белгілі әнші, ұстаз Жоламан Құжимановтың нотадан қалпына келтіріп, үйретуімен «Қарагөз», «Кідік-ай», «Ыбырайдың термесі», «Көкейкесті», «Елді сағынғанда», «Желдірме» тәрізді әндер тұңғыш рет үлкен сахнаға шықты. Өнер зерттеушісі Жұмабай Есекеев атуға айдалып бара жатқан кезіндегі Үкілі Ыбырайдың қоштасуын өз мақамына салып айтып берді. Өлеңдегі ақынның ел-жұртымен қоштасу сәтін, мұң-шерін бейнелейтін тұстары еріксіз көңіл толқытады. Жоламан Құжимановтың, Ерлан Төлеутайдың, Ардақ Исатаева, Ерлан Рысқалидың орындауындағы «Аңшының әні», «Толқын», «Жиырма бес», «Қызыл асық», «Шалқыма», «Қайран, Гәкку», «Гәкку» тәрізді әндер тыңдарман қауымды дүр сілкіндірді. 2010 жылдан бері «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Жаяу Мұса әндерінен концерттер ұйымдастырған болатын. Алда игі бастаманың жалғасы ретінде Балуан Шолақ, Естай, Әсет, Мәди, Қапез, Кенен, Нартай, Жамбыл әндерінен концерт өткізу жоспарлануда.
Жұмабай ЕСЕКЕЕВ, мәдениет қайраткері, ақын-жырау, өнер зерттеушісі:
– 1974 жылы облыстық «Көкшетау» газетінде жұмыс істеп жүріп, іссапармен өз елім – Айыртау ауданына қарасты Егіндіағаш деген ауылға бардым. Нұрмұхамед есімді қария есік алдында бір өлеңді ыңылдап айтып отыр екен. «Бұл кімнің өлеңі, ата?» деймін ғой. «Үкілі Ыбырайдікі» дейді ол. Жалма-жан көшіріп алдым. Он шумақ өлең екен. Оған «Қоштасу» деп ат қойып алдым. Ел ішінде ерте кездері айтылатын мақамдар болатын. Әлгі өлеңді сондай мақамға салып орындадым. Айыртау ауданында 1990 жылы Үкілі Ыбырайдың 130 жылдық тойы өтті. Сонда Үкілі Ыбырайдың жер айдалып бара жатқан шағындағы өлеңін сахнаға алып шықтым.
Уа, халқым, бір дәм айдап шықтым
шетке,
Рақым жоқ бұл сапардан үміт етпе.
Дүниеден қазам жетіп өтіп кетсем,
Бақұлдық бар қазаққа, айттым көпке,
– деген өлең жолдары өзінің жер айдалып бара жатқан үмітсіз шағынан сыр шертеді. Сонымен қатар Үкілі Ыбырайдың «Он саусақ» әні Біржан салға телініп жүр. Үкілі Ыбырайдың өлең құрылысының ерекшелігі бар. «Он саусақта» Үкілі Ыбырайдың қолданатын теңеулері, сөздік қорындағы сөздер кездеседі. Әуендік, ырғақтық жағынан да тұп-тура Үкілі Ыбырайдың қолтаңбасы. Оның екпінді музыкалық ырғағы ешкімге ұқсамайды. Сосын біздің жақтың шалдарының бәрі баяғыдан-ақ бұл әнді Үкілі Ыбырайдың әні деп орындайды. 1980 жылдардың аяғына қарай орталық жақтан делегация барған ғой. Сонда бір шал «Біржан салдың «Он саусақ» әні» деп қате айтып берген. Содан кейін бұл ән бүкіл елге солай тарап кетсе керек.
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ, әнші, өнертанушы:
– Үкілі Ыбырайдың ғажап әндерінің бірі «Қараторғай» деп аталады. «Қараторғай» әні туралы неше түрлі алыпқашпа дақпыртқа толы әңгімелер көп. Соның бірі – осы әнді «Сырдың Қараторғайы» дейтін негізсіз әңгіме. Ал шын мәніне келетін болсақ,Үкілі Ыбырайдың Бөпіш деген туған апасынан туған Тайжан атты жиені болған. Нағашысы Ыбырайдан бата алған бұл кісі кейін Тайжан Қалмағанбетұлы деген үлкен ақын болды. Өзін Ыбырайдың шәкірті санаған ол нағашысының әндерін өзі серілік қылып, көп жүрген Сыр өңіріне апарып жайған. Осы әннің тарихын білем деушілер бұл әнді кішкентай қараторғайдай әйел шығарған дейді. Бірақ әйел адам ешқашанда: «Құс болсам, жібектен бау тағар едім, Күмістен тұғырыңды жабар едім...» деп өлең шығармайтынын ескергеніміз жөн. Айта кететін бір жайт – Үкілі Ыбырайдың шәкірті болған Бәйсейіт әншінің естелігі бізге жеткен. Бәйсейіт сонда Әбіқай деген әнші екеуі «Құс болсаң, жібектен бау тағар едім» деп басталатын «Қараторғайды» Үкілі Ыбырайдың өз аузынан үйренгенін айтып қалдырған.
Үкілі Ыбырай әндері әуеледі
Последние статьи автора