Қызылорда облысындағы Аралқұм ауылынан шығып, “Үкілі бала” атанған емші Ерболсын Серікбаев қазір Ақтөбедегі медициналық колледждің 4-курсында оқиды. 11 жасынан бастап халықты емдеген бозбала бүгінде шет елге жиі шығады. Ерболсын өз өміріндегі соңғы жаңалықтарды Экспресс К тілшісіне айтып берді.
Емші жігіт былтыр ақпан айында Ақтаудың қызына үйленді. Алайда екі жастың махаббаты ұзаққа бармапты.
Емші Ерболсынның Аралқұмнан Ақтөбе қаласына қоныс аударғанына біраз уақыт болды. Ақтөбенің Батыс-2 ауданындағы мектептің 9-сыныбын бітіргеннен кейін, медицина колледжіне оқуға түсті. Бұрын қолына қамшы ұстап, басына үкілі тақия киіп, елді емдейтін 11 жастағы Ерболсынның қызба мінезі мен кесек сөздерінен кіші түгілі үлкендер де қаймығатын. Тіпті “жын кірген” деп те айыптағандар болды. Ал қазір Ерболсын 18 жаста. Ол өзгерген.
“Осыдан бірнеше жыл бұрынғы “Кешкі кездесуді” көргендер мені басқаша қабылдады. Телеарнада хайп жасағысы келді деді. Негізі, аталған бағдарламаны көпшілік мен түскен хабардан кейін ғана ел білді. Ал мен ол уақытта оң-солымды танып үлгермеген баламын. Қызба мінезді болғаным да рас. Сондай балаға “сенде жын бар” деп айтудың өзі оның психологиясына әсер етеді. “Ит үреді, керуен көшеді” деген, қазір маған ешкім ештеңе айта алмайды. Құран оқимын. Алланың жолында жүрген адаммын. Егер жын кірсе, мен осы уақытқа дейін ит болып кетпеймін бе? Халықтың жағдайын ойлайтын, шындықты айтатын адамдарды ұнатпайтындар бар. Елдің қамын ойлағандар қандай болды? Біз халықты емдеп жатырмыз, ешкімнің қалтасына түсіп жатқан жоқпыз”,— дейді Ерболсын.
Медицина колледжінің екінші курсында оқып жүргенде ата-анасын Ақтөбеге көшіріп алды. Қазір олар қаланың сыртындағы үлкен үйде тұрады.
“Карантиннің кезі болатын. Ата-ананың ақ батасын алып, беташар жасап, үйде шағын той өткіздік. Шілде айына дейін ата-анамызбен бірге тұрдық. Барлығы жақсы болды. Бір-бірімізді сүйдік. Оның аяғы ауыр болды. Мамыр айында екеуміз Мысырға демалуға кеттік. Алайда сол жақта жүргенде құрсақтағы баладан айырылып қалдық. Шарм-әл-Шейхте арабтар операция жасады. Осылайша Ақтөбеге қайттық. Елге келгеннен кейін арамызда әртүрлі жағдайлар болды. Оның үстіне баласынан айырылған әйелдерде депрессия болады. Осының барлығы әсер етті ме, сөзіміз жараспады. Ортамыздағы сыйластық кете бастады. Жақсы көрмей, біреуді қинап, бірге тұра алмайсың. Ал мен тыныштықты қалаймын. Бұрынғы бала кезімдегідей қызба мінезім жоқ. Қазір барлығын сабырмен шешкенді жөн көремін”, — дейді Ерболсын.
Екі жастың ортасындағы махаббатқа сызат түсіп, тыныштық бұзыла бастаған соң олар бөлек кетуді ұйғарыпты.
“Бір бірімізден алыстап көрейік, бөлек кетейік деп шештік. Ол Ақтауға ұшып кетті. Адайдың қызы. Қазір бөлек тұрамыз. Екеуміз заңды түрде некелескен жоқпыз. Мен қазір заң бойынша бойдақпын. Адам үйленгенде ажырасамын деп ойламайды. Отбасын құруды ойлаған адам бұл қадамға ақылмен келуі керек. Ал мен ақылмен келдім деп те, келмедім деп те айта алмаймын. Бірақ отбасымды асырай алатындай жағдайым болды. Оның алдындағы міндеттерімді де білдім. Екеумізде 18 жаста болдық”, — дейді Ерболсын.
Емші жігіт өзінің бұл қадамына өкінбейтінін де айтты.
“Ешқандай өкінбеймін. Мен қандайда бір уақыттың ішінде бақыттың, махабаттың, сүюдің, ұнатудың не екенін сездім. Ол өте жақсы қыз. Жақсы әйел болды. Ол бақытты болуға лайық. Екеуміздің арамызда ұрыс-керіс болған жоқ. Осылай шештік. Онымен қазір мүлде сөйлеспеймін. Ажырасқаннан кейін күйзеліске түскен жоқпын. Барлығына сабырмен қарадым. Мүмкін, жас болған соң шығар, егер осындай нәрсе 40 жасымда болса мүмкін басқаша болар ма еді. Қазір қайта үйлену туралы ойланып жүрген жоқпын. Жаспын ғой. Алдағыны Алла біледі. Бұндай жағдай барлығының басында болады, — дейді ол.
Ерболсынның әнші Нәзимамен түскен суреті де бір кезде көп талқыланған болатын.
Өткенде біреу әлеуметтік желіге “Нәзиманың кесірінен ажырасып кетіпті” деп жазып жіберіпті. Ондай еш нәрсе жоқ. Ол — менің досым. Рудный қаласында бір досым лаунж-бар ашып, сол кезде әншімен танысқанмын. Кейін араласып, дос болып кеттік,
—дейді Ерболсын күліп.
Ерболсын қазір шет елге жиі шығады. Украина, Молдова, Румыния, Түркия, Ресейге барады. Адамдарды емдейді. Көпшілік емшіні әлеуметтік желіден іздеп, шақырады екен.
“Бұрын Аралқұмда адам емдеген кезде сырт елден көп келді. Ем алғандар бір-біріне айтады. Бірінің баласы шет елде тұрады. Осылайша шақырушылар көп. Мен қазір науқас адамдарды әке-шешемнің үйінде қабылдаймын. Жеке кабинет ашқан жоқпын. Медицина бойынша диплом алған соң орталық ашу ойымда бар. Қазір көмекшілерімді хиджама, инемен емдеу секілді ем түрі бойынша оқытып жатырмын”, — дейді Ерболсын.
“Үкілі бала” — халықаралық емшілер қауымдастығының мүшесі. Оның 17 мемлекетте адам қарауға рұқсаты бар.
Қазіргі таңда бір айда бес күн ем жүргізеді. Бір күнде 70-80 адамды қарайды. Бұрынғыдай топтап емес, жеке қабылдайды. Індетке байланысты барлық сақтық шараларын ескереді. Қарапайым адамнан бастап шенділер мен танымал адамдарға дейін келіп қаралады. Тіпті онлайн ем жасауды сұрайтындар көп екен.
“Кейбір емшілер өзін періште қылып көрсетіп жатады. Мен олай жасай алмаймын. Халықтың ортасында жүргеннен кейін ел ағалары, ақын, әншілер келеді. Оларға келме деп айта алмаймын. Олар да халықпен жұмыс істеген соң бөлек қарайсың. Оны жасырмаймын. Сосын мынаны айтқым келеді. Маған жазатын 100 адамның 90-ы “онлайн ем жүргізесің бе?” дейді. Осыны түсінбеймін. Он жылдан бері ем жүргіземін. Осы уақытта бірде-бір адамның фотосына қарап немесе видео қоңыраумен адам емдемеппін. Төбемде Құдайым тұр ғой, ешқандай онлайн ем деген болмайды. Бұл — халықты алдау, халықтың ақшасын тонау. Ем жасаған кезде науқасты көріп, ұстап онымен байланысқа түсуің керек. Онлайн емдейді деп жата берсе өліп қалады ғой. Бұндай ем болмайды. Мен келген адамдарды қараймын. Емдей алмайтын болсақ, қатерлі ауруды байқасақ бірден ауруханаға жібереміз. Мына адам екі мың теңге береді екен деп оның өмірімен ойнауға болмайды. Бізге науқастың жазылғаны керек. Онкологиялық дертке, бауыр циррозына, қант диабетіне, туберкулезге шалдыққан науқастарды қарамаймын, — дейді Ерболсын.
Ем үшін арнайы бір баға қоймайды. Ақтөбедегі үйіне келіп ем алғандар қалтасындағы барын береді. Ал өзге қалаға барғанда халықтың жағдайына байланысты баға қояды.
“Мәселен, Қостанай қаласына барсам бір адамға 1000 теңге болуы мүмкін. Себебі ол жақта еңбекақы аз. Халықтың қалтасы көтеруі керек. Бізге кім келеді? Жағдайы жоқ, аурудан әбден шаршаған, дәрігердің алдын тоздырған, қиналған адамдар келеді. Осылай қиындық көріп келген адамның қалтасын тонасақ не болады?”, — дейді Ерболсын.
Ерболсын кейбір адамдардың емшілік пен көрікпелдікті шатастыратынын айтты.
“Емшілік төрт сатыға бөлінеді. Ол — емші, бақсы, көрікпел, тәуіп. Көп адамдар осыларды бір-бірімен шатастырады. Бақсының жұмысы кешкі алтыдан кейін басталады. Көрікпел болашаққа болжам жасайды. Ал менің көрікпелдік, жол ашу секілді өнерім жоқ. Бойымда жоқ қасиетті бар деп алдай алмаймын. Мен тек биоэнергиямен адам емдеймін”, — дейді Ерболсын.
Емші жігіт ішітар, қызғаншақ адамдардың түрлі іс-әрекетке баратынын да айтады.
Адаммен жұмыс істегеннен кейін көре алмаушылық болады. Үйге ине тастап, тұз шашып кететіндер бар. Осылайша дуа жасамақ болады. Мен ондайдайларға көп сенбеймін. Бірақ қорқынышты. Көліктің дөңгелегін жарып кетеді. Тіпті әдейі қиындық тудыратындар бар,
—дейді ол.
Ерболсын науқастардың келген кезі мен емнен кейінгі жағдайының қалай болғанын бақылап отырады. Ауруынан құлан-таза айығып кеткендер көп. Емнен кейін сәби сүйіп кеткен отбасылардың өмірі тіпті бөлек. Олардың бірі үйіне шақырып сәбиінің тұсауын кескізсе, енді бірі қуаныштарынан қалдырмайды екен.
“Бала көтере алмай жүрген әйелдер үш курс ем алады. Емдей алмайтын болсам бірден айтамын. Ал менің емімнен кейін сәби сүйген отбасылар өте көп. Жақында Дария есімді қыз бала дүниеге келді. Павлодар, Шымкент, Ақтөбеде, яғни әр қалада менің балаларым көп. Әрине әуелі Құдайдың берген баласы, мен себепші болдым”, — дейді емші жігіт.
Ерболсынның жоспары көп. Колледжді аяқтаған соң әрі қарай оқуды жалғастырмақ.
Бала кезіңде көп нәрсеге мән бермейсің. Қазір ойланып сөйлейсің. Көп нәрсені көңілге түйесің. Отбасының не екенін, оның құндылықтарын түсіндім. Рухани жаңғырудың не екенін, білім алу керектігін ұғындым. Бір орында тоқтап қалғым келмейді. Оқи беремін,
— дейді емші.
altyn-orda.kz