Тыйым салынған фильм

Тыйым салынған фильм

Жанымызға жақын фильмдерді тізгенде әуелі тілімізге оралатыны «Қыз Жібек», сосын барып «Менің атым – Қожаны» айтамыз, «Тақиялы періштені» айтамыз, «Алпамыс мектепке барадыны» тілге тиек етеміз. Сосын… сосын барып тоқтаймыз. Басқасын жанымыз жатсынып тұрады. Көз алдымызға күнде көлбеңдеткенімен көңілімізде жазылып қала алмады көп фильмдер.

Аспысыншы-жетпісінші жылдары қазақ киносының қазығын қағып, түндігін түзегендер таза қазақ жұртының қайнаған ортасынан шыққан «самородок сары алтындар» еді. Олар Мәжит Бегалин, Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев, Шәріп Бейсенбаевтар болатын. Олар орыстандыру саясатын сезгенімен, бойларына дарытпаған еді. Олар тілдерін орысшаға бұрағанымен, жандарымен бұрылмаған еді. Олар «социалистік реализмнің» дегеніне көнгенімен, тереңіне жұтылып кетпеген еді. Олар нағыз қазақ болатын!

Еліміз егемендік алып, етек-жеңін түземекке талпыныс жасап жатқан кезең. Осыған дейін тек Мәскеуде даярланып келген кино мамандары енді Қазақ жерінде даярланбақ. Қандай тамаша! Қандай керемет! Тоқсаныншы жылдардың бас кезеңінде көкіректерінде әдебиетке, өнерге деген махаббат ұялаған біраз жас «кинодраматургия» мамандығы бойынша талапкерлер қабылдаған жазушы-драматург Әкім Тарази ағайымыздың алдына ұйлықтық та қалдық. Әкім ағайымыз сырбаз, сыпайы. Қауашағымыздағы аздаған оқыған-тоқыған «бірдеңелерімізді» сұрастырып, салмақтап алған соң бізге көзіне әлде бір кекесін бе, аяушылық па, әлде қулық па, әйтеуір, бізді секем алдырар жұмбақ ұшқын жасырып, дыбыссыз күлді де (жымиды ма екен), «дұррреес» деді. «Енді менің айтқанымды оқисыңдар, Аристотельдің «Поэтикасынан» бастаймыз-ау… Толстойдың бар шығармаларын… Әзірге «Қажымұратын» тоқып келіңдер, сосын «Күнделіктеріне» дейін қырып оқимыз». Шошыңқырап қалдық. Сосын «жарайды» дедік. Сосын көрерміз. Оқуға түсіп алайықшы әуелі.

Әкім ағайдың өзі көп жыл «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор қызметінде болған адам екенін ептеп білетінбіз. Біз ол кісі өзімен қызметтес болған қазақ киносы алыптары жайында аңызға бергісіз әңгімелерді ағытатын шығар енді дегенбіз. Сол райда еркінірек өткізгіміз келген уақытты. Ол ойымыз болмай, әңгіме былай болған соң, амал жоқ, «Қажымұратты» іздеп, өзіміз де сирек ашатын кітапхана есігін жағалауға тура келді…

Бізге Әкім ағайымыз қазақ киносының алыптары жөнінде әңгіме айтып әуреленген жоқ. Біртіндеп бізге дәріс оқытпаққа өздерін жетелеп келіп жүрді. Әр жылдар киностудияда редакторлық қызметте болған Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбековтердің аңыз әңгімелерге бергісіз дәрістерін тыңдадық. Ал өзінің досы, көп жыл «Қазақфильмде» басшылық қызметте болған Камал Смаилов бізге «Қазақ киносы тарихынан» тұрақты түрде сабақ бере бастады.

Ол кісі киноны басқарғанда «алтын қорға» қосылар «Қыз Жібек» (режиссері С.Қожықов), «Атамекен» (режиссері Ш.Айманов), «Атаманның ақыры» (режисері Ш.Айманов), «Менің атым – Қожа» (режиссері А.Қарсақбаев), «Гаухартас» (ре-жиссері Ш.Бейсембаев) секілді туындылар экранға шықты. Телерадионы басқарып тұрғанда осы күнге дейін халықтың рухани азығы болып келген «Қымызхана», «Тамаша», «Айтыс» дүние есігін ашты. Құдайдың құдіреті, осы күні әлдебір адам қазанның құлағын ұстаған күні саптаяқтан қарауыл қойыпты деп естіп жатамыз. Кішкене бір үстелдің иесі бола қалды екен, есігіне «ақырана» қойып, ақырып шыға келеді. Астына қанатты ат мініп, аспанда ұшып жүреді. Сосын ол жерге түсті, қолымыз қарулы күзетшісінен өтіп, қанатты арғымағының тізгі-ніне жетті деген жанды естімейміз. Сан қызметтің тағын тоздырған Камал ағай қарапайым еді. Көлігі де, көлеңкесі де жоқ, бипаз басып, Панфилов көшесін кесіп өтіп келе жататын. Сол бипаз қалпында сабағын бітіріп, Панфилов көшесін кесіп өтіп кетіп бара жататын жаяу. Танысын, танымасын қарсы кездескенге басын ықыластана изеп амандаса жүретіні тағы бар.

Аудиторияға алғаш кіргенде шәкірттей толқып, ақсары жүзі қызылшырайлана бергендей болған. Мұғалімге арналған кең үстелді алдына ала отырғанда да төменшіктеп, бүгежектей бергендей көрінген. Сосын әр сұрақты қойып пендеуи қалыпқа түскен жоқ, тамағын кенеп алып, бірден сабағын бастап кетті. Іркілмей, сөйлемдерін мінгестіре тоқтаусыз сөйлейді екен. Алғашқы сезіміміз алдамшы болып шықты, ағайымыздың сөзі нық, дауыс ырғағы сенімділікке сығысып тұр еді. Сол кезде алғаш оқыған қазақ киносы тарихын қай жылдан бастау керек деген дауға толы тақырып пен ол кісінің өз байламын осы күнге дейін ұмытқам жоқ, кино тақырыбында бірдеме жаза қалсам сол байламды шоқпар қылып бұлғап шыға келем.

Ол кісінің сол уақытта шығармашылық бағыттары әрқилы пікірлер туғызған «жаңа толқынға» деген көзқарасы түзу еді. «Өнер ізденістен тұрады, ізденіс жолындағы жандарға түсіністікпен қарау керек» деген сыңайда пікір айтатын. Сол сәттегі кино өнеріндегі сан бағыттарды саралап «сюжетсіз фильм» құпиясын да алдымызға жайып салған, тосын нәрсеге қарсылықпен емес, пәлсапамен қарауға үйреткен де сол Камал ағайымыз еді.

Ол кісі байқамай желдіріп өткен ештеңе қалмаған еді қазақ киносында. Уақыттың екпінімен цензураның найзасының ұшына ілінген туындылар жөнінде де арнайы дәріс өткізген. Ол фильмдер нақақтан қол-аяғы байланып архивтің терең түкпіріне жыттырылғанын жасырмайтын. Бәзбіреулер болса өзі басшы болған кезеңнің жауырын жаба тоқымдар еді. Камал ағайымыз өйтпейтін, күрсініп салып сол уақыттағы «қателіктерді» жаңа ұрпақ алдында түзеуге жан-тәнімен бейіл-тін. Нақақтан кінәлі болған шығармашылық жандарын сағына есіне алып, аттарын аялап отырар еді…

Сондай аяқ-қолы байланған фильмнің алғашқысы ретінде бізге айтулы режиссер, аңыз режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Қилы кезең» фильмін арнайы әкеліп көрсеткен. Сосын фильмдегі қызыл комиссардың бейнесін емес, «бандының басшысы» Жүніс шалдың тас мүсіндей мығым да салмақты бейнесі жөнінде қолын сермелей, көзі жасаурай ұзақ сөйлеген…

Қазақ даласында кеңес өкіметі орнығып, билік құра бастаған кезең. Ноқтаға басы сыймаған ел серкелері елді әлі де коммунизм идеясына бас ұруға жібермей, рухы түспеген, жалы күдірейіп, өркеші құлай қоймаған кез. Чекистердің шағын тобын басқаратын комиссар Тоқтар Бәйтенов (артист Ыдырыс Ноғайбаев) туралы түрлі өсек сөзге қаныққан Губчектің бастығы Шедрин (артист Асанәлі Әшімов) Тоқтарға сенімсіздік танытып, қолға түсірудің жолын іздеп, қапысын аңдиды. Қытай мен Қазақ шекарасы дүрбелең. Ел көшіп, шет елді сағалап, атамекенінен амалсыз ауып кетіп жатқан уақыт. Тоқтардың тобының міндеті сол, шекара аспаққа әрекет етіп бүкіл ауылымен бой тасалаған Жүніс «бандының» жолын бөгеу, бетін қайтару. Губчектің бастығының Тоқтарға қояр кінәсі ол жүрген аймақта Жүніс бандының емін-еркін сайран салуында еді. Ақыры Губчектің тапсырмасымен Тоқтар комиссар шекара аса берген Жүніс ауылын қуып жетіп, қиян-кескі айқасты бастап жібереді. Елдің арғы бетке асқаны асады, аспағаны қолға түседі, бірсыпырасы сол жерде оққа ұшып, аналар қазақ даласын зарға толтырады. Ел басқарған Жүніс ақсақалды тірідей қолға түсірген Тоқтар оны қолын қайыра байлап, атқа отырғызады да, Губчекке алып жүреді. Бірақ Тоқтарды онда алғыс күтіп тұрмаған еді. Қызыл комиссардың өзіне қарсы қылмысты іс қозғап, өзі тұтқындап әкелген Жүніс ақсақалмен бірге абақтыға салынады.

Абақты. Темір тордың ішінде елдің болашағын екі бөлек елестеткен екі арыс бірге жатыр енді. Жақсылық іздеп сабылған қазақтың басы бәрібір сорға келіп байланған еді. Сол түні Жүністің жігіттері ұрланып келіп шабуыл жасайды да, Жүніс ақсақал мен қызыл комиссар Тоқтарды қоса ұрлап әкетеді.

Бостандыққа шыққан Жүніс ақсақал соңғы рет туған жердің өзені жағасында бипаздап тұрып мұсылманша жуынады. Әуелі оң бетін су көсіп ап сылайды. Сосын сол бетін жуады. Су моншақтары сақалын аралап төмен ағады… Білегін қуалай шынтаққа су жүгіртеді… Сосын ақбуырыл төбесін сипай саусақ тартады. Еңкейіп етік сыртынан мәсіх тартады. Сосын өзеннен аялай уыс толтыра су іледі де есеңгіреп жатқан қызыл комиссар Тоқтардың алдына жүрелейді. Су моншақтары тітіркендіріп есін жиған Тоқтардың алдына үнсіз ғана қазақы қайқы қылыш пен қазақы түлкі тымақты қояды. Елің үшін айқас дегені ақсақалдың. Елдік қалпыңнан айныма дегені ақсақалдың. Тоқтар көнбейді, сілкініп алып кері тартады. Тастақты, сусымалы белге шығуы қиын болса да өршелене ұмтылады. Жанталаса ентелейді. Жүніс ақсақалдың нөкері атып салмақ болып мылтық оқтай бергенде ақсақал тоқтатады… Ұрпағының қалпынан үміт үзгені еді бұл…

Бандының әсіреленген қаныпезер қара қалпын емес, шынайы дана қалпын берген Абдолла ағамызды кеңес цензурасы қалай кешірсін, өзін кинодан шеттетіп, туындысын зынданға тастаттырған екен…

Фильмде рухыңды сілкілеп, жаныңды жанитын тіркестер көп-ақ. Тоқтар комиссар даладағы таңбалы тасты сипалап ойланып тұрғанда оған сардарының бірі тақап келіп: «Бір күніңізді осыған сарп қылдыңыз, осының керегі не?» – дейді. Тоқтар: «Бұл біздің өткеніміз, ал өткенсіз болашақ жоқ» – дейді. Тағы бірде өзін тұтқындап алып келе жатқан Тоқтарға Жүніс ақсақал: «Біз екеуіміз бұрын тізе қосып халқымыз үшін ақ патша әскерімен соғысып едік… Сен бұрын халқыңды сүйетінсің, бірақ қазір басқыншылармен бірге халқыңа қарсы күресіп жатырсың», – дейді. «Менің халқым торғайдай панасыз қазір, бірақ әлде бір күйкентай іліп кетпесе, биікке самғай алады», – дейді. Бұл сөздер, шын сөздер сол кездегі партия жетекшілерін шошынтпай тұрсын ба, тіпті, режиссердің қалай айдалып кетпегеніне таңғаласың.

Өзінің шыншылдығымен, рухы өр дала перзенті портретін жасаудағы шынайылығымен, сол кездегі белгіленген қалыпқа сыймайтын сом жаратылысымен ерекшеленген бұл кинокартина тәуелсіздік алған соң да өз тұғырына, лайықты тұғырына қона алмады. Тіпті, даңқты, тағдырлы кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев фильмдерін тізбелеп айтқанда да тізімге бірде ілінсе, бірде ілінбей қала береді. Фильмді талдап, түстеп, жұртшылыққа маңызын аша таныстырып жатқан еш маманды байқамадық. 1983 жылы фильмнің жаңа редакциясы жасалған екен, сапасы сын көтермейді. Әлі де өңделуді, жетілдіруді күтеді фильм. Фильм жаңартылған соң көпшілікке өз деңгейінде маңызын аша таныстырылуы керек. Осы міндеттерді адал атқарсақ, жоғарыдағы онсыз да қысқа халықтық фильмдердің қатары бір фильмге артар еді…

Данияр Саламат
(«Ақ желкен», №9. 2015 жыл)

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста