Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясы «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі, қазақ өнерінде аңыз адамға айналған ұлы тұлға Нұрағиса Тілендиевтың шәкірті Тұрсынхан Қарақожаевамен ашық әңгімелесудың реті туды.
JetysuNews: Адам өміріндегі ең ұмтылмайтын шақ — балалық кезеңі ғой. Әңгімені осыдан бастасақ…
Тұрсынхан Қарақожаева: Отбасындағы бес баланың төртіншісімін. Өнерге деген құштарлық бала шағымнан оянды. Ауылдағы балабақшаға барып жүрген кезімде фортепианода ойнайтын тәрбиешінің жанынан шықпайтын едім. Оның жанына барып алып өзіме ұнайтын әуендерді айтып осыны ойнап беріңізші деп қолқа салатынмын. Тәрбиешім мен айтқан әуендерді ойнай бастағанда билей бастайтынмын. Өнерге деген махаббатымды тәрбиешім де сезсе керек. Бірде әкеме: «Сіздің қызыңыздың музыкаға деген құлшынысы керемет. Бәрін бірден қабылдап алады. Талантты қыз. Ал талантты әрі қарай шыңдап, дамыта түсу керек. Мүмкін Алматыдағы өнер мектептерінің біріне апарарсыз» деген ғой. Ал әкем – әскери адам болған. Десе де, тәрбиешімнің айтқан сөздеріне құлақ түріп, мұны үйдегілерге айтқан ғой. Әкемнің бұл сөзін үлкен әпкем де қолдай кетіп, Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы республикалық музыкалық мектепке балаларды қабылдау үшін газетке арнайы хабарландыру шыққандығын айтады. Осылайша, әкем Төкен Қарақожаев мені осы мектепке жетектеп әкелді. Ол кезде мен небары алты-ақ жастамын. Бала болсам да көп дүниеге үлкендерше қарайтынмын…
Алматы бізді нөсер жауынымен қарсы алды. Ауылдан қалаға жетіп, музыка мектебіне келгенімізде қабылдаудың бірінші туры өтіп кетіпті. Нөсерлі жаңбырдан үстіміз де малмандай су болды. Әкем болса сол жердегі кезекшілікте отырған Рая есімді келіншеккке барып, менің су болған үстімді сүлгімен сүртіп, киімдерді үтіктеп, шашымды кептіріп беруін өтінді. Ол да еш қарсылық білдірмеді. Осылайша мен екінші турға кірдім. Қабылдау бөлмесіндегі балалардың бірі болып артқы орындыққа барып жайғастым. Комиссия мүшелері балаларды біртіндеп шақыра бастады. Кезек маған келді. Қаптаған адамды көріп абдырып қалдым. Олардың бірі маған ән айтуымды өтінді. Сасып қалғаным соншалық, аузыма қазақша ән түспеді. Осы сәтте ортада отырған ер адам «Қызым , қандай ән білесің? Қорықпай айта бер» демесі бар ма. (Оның осы мектептің директоры екенін артынан білдім ғой.) Содан тіл ұшына орыстың «Пусть всегда будет солнце» әні орала кетті. Әлгі әнді еш кідірместен шырқай жөнелдім. Комиссия мүшелері болды дегенінше аузым жабылмады. Қысқасы, бұл әнді екі қайта айтып шығыппын ғой. (Күлді). Әнімді мұқият тыңдаған олар орныма отыруымды өтінді. Сәлден соң, бір топ баланың арасынан алтауы шығып кетті. Бала болсам да іштей: «Е-е-ех, ана алтауы шығып кетті. Онда олар қабылданды ғой. Бізге түспегенімізді айтқалы әдейі қалдырған шығар. Енді папама не деймін. Сонау алыстан құр босқа келгеніміз бе. Ауылдағыларға не айтпақпын. Ұят болатын болды…» деп ой құшағына шомып кетіппін. Бізге фойеге шығуымызды өтінді. Сөйтіп, біртіндеп фамилиямызды атай бастады. Бір сәтте «Қарақожаеваның папасы кім?» деген дауыс шықты. Мен де елең ете қалдым. Артқы орындықта отырған әкем де жайлап орнынан тұрып «мен» деді. «Құттықтаймыз, қызыңыз түсті. Кешігіп келсеңіздер де ол өзін көрсете білді» деген сөзді естігенінде әкемнің жүзі балбұл жанды. Сол кездегі оның жүзіндегі қуанышты күні бүгінге дейін ұмыта алар емеспін. Ал мен алабұртқан жүрегімнің түбіне « ауылға басымды тік көтере баратын болдым» деген ойымды жасырып қойдым. Осылайша, бала Тұрсынхан өнер әлемінің табалдырығын аттады.
JetysuNews: Айтыңызшы, сол кезде сізге ата-анадан, туған ауылдан алыстап, қала өміріне бейімделу қиынға соқпады ма?
Тұрсынхан Қарақожаева: – Ол кезде мен әкем екеуміз бөлек Алматыда тұрамыз деп жүрдім. Бірақ, олай болмай шықты ғой. Әкем мені иентернатқа табыстап, ауылға кетті. Ата-анадан жырақта өмір сүру… жүрек түкпірінде «енді мен ата-анамды қайтып көрмейтін болдым ба?» деген ой ұшқыны маздап жатты. Бір тоқсан біткенше артыманан ешкім келмеді. Сағынышымды көз жасымен ғана шығаратынмын. Іштей: «ата-анам мені осында біржола өткізіп кеткен екен ғой» деп ойлап жүрдім. Күздің жайма шуық күндерінің бірінде мектеп ауласында отыр едік. Бір сәтте құлағыма әкемнің «қызым» деген дауысы естілгендей болды. Жалт қарасам, анадай жерде әкем мен анам тұр. Алды -артыма қарамай жүгіріп келіп әкемді бас салдым. Құшағына тығылып еңіреп жылай бердім. Менің солқылдап жылағанымды көрген анам: «қызымызды жылатпай, алып кетейік» деді. Содан ата-анам мектеп директоры Досымжан Күзенұлына кіріп: «Қызымыз жылап жүр екен. Алып кетсек қайтеді» деген ойларын айтты. Ол болса: «Сіздер қызық екенсіздер. Бұл жерге әркімнің бір қолы жете бермейді. Және сіздердің қыздарыңыз екі айдың ішінде өзін танытып үлгерді. Жылады деп жүректеріңізді босқа ауыртпаңыздар. Қыздарыңыз өте талантты. Бұл деген енді ғана көктеп келетін ағашты шауып тастаумен бірдей. Оның өнер әлемінен алыстуына жол бермеймін. Әрі, жақында қыздарыңыздың алғашқы туындыларын Қазақ радиосынан тыңдайтын боласыздар» деп әке-шешемді райынан қайтарып, осылайша, мен музыка мектебінде қалып қойдым. Бағыма қарай мектеп директоры Досымжан Тезекбаев педагогым болды. Досымжан Күзенұлынан қобыз бойынша сабақ алдым. 5 сыныпта-ақ К. Байсейітова атындағы конкурстың, ал 7-сыныпта А. Жұбанов атындағы конкурстың лауреаты атандым. Телеарна мен радиоға 4-сыныптан бастап жазып, түсіре бастады. Он бірінші сыныпта Құрманғазы атындағы конкурсқа қатыстым. Сол жылы бұл конкурс алғаш рет ұйымдастырылған болатын және ол менің өнер жолыма үлкен серпіліс берді. Байқауда лауреаттық марапатты ұсынып тұрып Нұрғиса Тілендиев мені «Отырар сазы» оркестріне шақырған еді. Сол күннің ертеңінен бастап-ақ мен оқи жүріп, оркестрде жұмыс жасадым.
JetysuNews: Нұрғиса ағамыздың маңдайыңыздан сүйіп, сізді «Отырар сазы» оркестріне шақырған тұста оның кім екенін білдіңіз бе?
Тұрсынхан Қарақожаева: Білмедім ғой сол… Сахнаға шығып, маңдайымнан сүйгенде оның қалқиған құлағы мен зор денесіне қарап осындай зор адам болады екен ғой деп ойладым. Оның атақты композитор екенін артынан кейін ғана барып білдім ғой. Ал оркестрдің репетициясына қатысқан алғашқы күндерімде Нұрағаның шығармаларын тыңдап, оның шығармамен тұла бойы астасып кететін дирижерлық дарынына тәнті болдым.
JetysuNews: Өзіңіз айтқандай, қазақтың бірауар перзенті Нұрғиса Тілендиевтің тәлімін көп көрдіңіз. Ұстазыңыздан нені үйреніп, көңілге не тоқыдыңыз?
Тұрсынхан Қарақожаева: Рас, аз ғана емес, аттай он алты жыл Нұрағаның жетекшілігімен жұмыс істедім. Бұл үшін тағдырыма ризамын. Осы жылдар ішінде оның адамгершілік тұнған болмысын танып, болмашы нәрсеге жараланып қалатын нәзік жүректі өнер иесі екенін білдім. Шынымды айтсам, Нұрағаның әкелік мейірімі мені үнемі қанаттандырып отырса, кәсіби тұрғыдағы биік талапшылдығы көп нәрсе үйретті. Ширатты деуге болады. Ол кісі үнемі «Алдымен адам бол, сондай кейін музыкант бол!» деп айтушы еді. Осы нақылы менің өмір жолындағы басты ұстанымыма айналды.
JetysuNews: Нұраға сізге қызындай қарағанын білеміз. Айтыңызшы, өнерде жүрген құбы-құрдастарыңыздың осы үшін сізге қызғанышпен қараған сәттері болды ма?
Тұрсынхан Қарақожаева:Болды ғой. Бірақ Нұрағам маған елдің артық-кем сөздеріне басыңды ауыртпа дейтін. Ең бастысы денсаулығыңды күт. Сен әлі халқыңа керексің деп әкелік ақылын айтатын. Қызғаныш деген қызып тұрған от секілді ғой. Бірде Нұрағама оркестерге жаңа келген бір адам мені жұмысқа кешігіп келеді деп жамандап барыпты. Бұдан еш хабарым жоқ. Ертеңіне әдеттегідей жұмысқа тағы кешігіп бардым. Осы сәтте Нұрағаның жүзінен ашуды байқадым. Іштей: «Е-е, бұл кісі менің орныма басқа адам тапқан екен ғой» деп ойладым. Содан жұмыстан шығу туралы арызымды жазып, Нұрағаның кабинетіне бардым. Ол болса бетіме қарады да: «Сен мені дұрыс түсінбедің. Бұл әрекетім арқылы мен өзгелердің пиғылын білгім келген. Сеніңше, маған күні кеше ғана келген бала жақын ба? Жұмысыңа бар» деп қайтарып жіберді. Мен орныма келіп жайғастым. Артынша Нұраға да келді. Содан ол бәріне қаратып «Орындарыңнан тұрыңдар» деді. Ешкім сөзге келмей, орындарынан тұрды. Осы сәтте бәрі маған қарап тұр екен. Бірақ, Нұраға әлгі адамға қарап: «Сен білесің бе, мен Тұрсынханды кішкентайынан бастап жұмысқа алдым. Оның мінезі бар. Ал мінез болмаса одан музыкант та шықпайды. Мүмкін ол жынды шығар, бірақ нағыз талантты жан. Мен мұндай талантты адамның алдында шляпамды шешіп, басымды иемін» деп менің алдымда басын иген болатын. Содан кейін тағы да: «Мен тірі тұрғанда оны ренжітуге жол бермеймін» деді. Оның бұл сөздерінен кейін көздеріме еріксіз жас үйірілді. Үзіліс кезінде бәріміз сыртқа шыққан едік, әлгі адам қасыма келіп менен кешірім сұрады. Бірақ, мен үнсіз кетіп қалдым.
JetysuNews: Нұрғиса Тілендиев жайында естелік кітап жазғаныңызды білеміз. Осы естеліктерден бөлісе отырсаңыз…
Тұрсынхан Қарақожаева: Қазақстанның Түркиядағы күндеріне бардық. Бұл қазақстандық делегацияның Түркияға алғаш жол ашқан шағы болатын. Концертіміз зор аншлагпен өтті. Нұраға қолына домбырасын алғанда көпшілік оны сахнадан жібермеді. Қазақ диаспорасы Нұрағаны бірінен кейін бірі үйіне қонаққа шақырып жатты. Бірақ бәріне рахмет айтып, бас тартты. Іштеріндегі бай қазақтың бірі оркестрді түгел мейрамханаға қонаққа шақырды. Біз жабылып жүріп Нұрағаны дастарқан басына баруға көндірдік. Сол ас үстінде әлгі бай мырзаның Нұрағаға Жамбыл ата сыйлаған домбырасын машинаға айырбастаңыз деп жатқанын естідік. Нұраға: «Мұндай көлік менде ғана емес, мына отырған музыканттардың әрқайсысында бар. Ал менің домбырам – баға жетпес құнды дүние», – деді ашуланып. Мен сонда ұстазыма мақтанышпен қарадым, осындай ұлы адамның жүрегі сәл нәрсеге жараланғыш келеді екен ғой деген де ой келді. Ол өзін әлдебіреудің қайдағы бір машинаға сатып алғысы келгеніне кішкентай баладай ренжіп отырды. Сонда түркиялық қазақ: «Расымен бәріңде машина бар ма?» – деп таңырқады. Біз: «Енді ше, сіз қалай ойлап едіңіз?» – дедік жарыса күліп. Бұл бір қыры ғана. Ал , Нұраға туралы көптеген жақсы дүниелер айтуға болады.
JetysuNews: ҚР еңбек сіңірген әртісі атағын алған ең жас өнер адамы аталыпсыз кезінде. Сонда қай жасыңызда алдыңыз?
Тұрсынхан Қарақожаева: Нұраға Абайдың туғанына 150 жыл толу мерейтойына арнап жазған «Абай табиғаты» музыкалық поэмасының партитурасын өз қолымен ұсынып: «Тұрсынхан, алғашқы орындаушысы боласың, саған арнадым», – деген еді. Сол бір картон қағазға жазылған өлеңдер мен ноталарды әлі күнге бойтұмарымдай сақтап келемін, әрі мақтан етемін. Осы шығарманы алғаш рет 1995 жылы 5 сәуір күні Абай атындағы Опера және балет театрында Нұрғиса Тілендиевтің 70 жасқа толу мерекелік кешінде орындадым. Мұның алдында ол кісі маған атақ берілетінін айтқан-тын. Сол атақты дәл осы кеште аламын деп еш ойламадым. Сол концертте жүргізуші – «Нұрғиса Тілендиев. «Абай табиғаты». Оркестрдің сүйемелдеуімен прима қобызда жеке орындайтын – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тұрсынхан Қарақожаева», – деп хабарлады. Нұраға сахнаға көтерілді. Мен де солаға шығу үшін орнымнан тұрғанымда бір-бірімізге қарама-қарсы келіп қалдық. Осы сәтте ол құлағыма сыбырлап: «Әй қыз, дұрыстап ойна. Атақ алдың» демесі бар ма. Мен біраз кідіріп тұрып қалдым. Секунт өтпей бойымды тез жинап алдым. Нұрағаның сөзі маған күш-қуат берді. Шынымды айтайын, керемет ойнап шықтым. Концертке жиналғандардың ыстық ықыласына бөлендім десем болады. Осы сәтте Нұраға залда отырған халыққа менің атақ алғанымды айтып, хабарлап жатты. Бұл кезде мен 28 жаста болатынмын. Сол жылы Нұраға өзіне Қаһарман атағын береді деп күткен болатын. Бірақ, берілмеді. Бұған бола көңілін түсіргісі келмей «Ең бастысы сендер алып жатырсыңдар ғой. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт жоқ қой» деп еді…
JetysuNews: Алматыдан Астанаға кетуіңізге не нәрсе түрткі болғандығын айта аласыз ба?
Тұрсынхан Қарақожаева: Негізінде, «Отырар сазы» оркестрінен мен ғана емес, он бес музыкант бір-ақ күнде кетіп тындық. Осы сәтте Нұрағаның әйелі Дариға апай біз жаққа бұрылып та қарамады ғой. Мені ұстап қалмауының мәнісі Нұраға туралы көп нәрсені білетінмін. Мүмкін содан қорыққан болар деп ойлаймын. Қалай дегенмен, Нұраға тәрбиелеген музыканттарды жан-жаққа шашыратпай ұстап қалу керек еді… Осылайша Алматыдан Астанаға қарай бет түзедім. Мұнда Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қоңыр қаз» ансамблінде жұмыс істедім.
JetysuNews: Ал Астанадан Жетісуға табан тіреуде Тұрсынхан Қарақожева алдына нені мақсат тұтқан еді?
Тұрсынхан Қарақожаева: Ең біріншіден, өзімнің ансамблім болса деген ой болған-тын. Бұл ойым облыс басшылығы тарапынан қолдау тапты. Сөйтіп, Жетісуға табан тіредім. Мұнда келген соң «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің жаңа құрамын жасақтап, мықты деген музыканттарды жинадым. «Сазген» 2008 жылы «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты атанды. Өнер көшінде ансамбль бүгінгі күнге дейін талмай еңбек етіп келеді.
JetysuNews: Сіздің әр сөзіңізден көп адамға деген өкпе реніш аңғарылады. Неге?
Тұрсынхан Қарақожаева: Солай. Нұраға айтушы еді «адамгершілігі жоқ адамнан без» деп. Шынында да, солай екен. Астанада жүргенімде Иманғали Тасмағамбетов бергелі тұрған пәтерді бергізбей тастаған жандардың арам пиғылы жаныңды ауыртпайды деп кім айтты? Елге танымал азаматтардың арсыз істерін көріп жүрек қарс айрылады. Олардың арасында М. Жолдасбековке, С. Тұрысбековке деген өкпем қара қазандай…
JetysuNews: Ал жетісулықтар талантыңызды бағалап, қадіріңізді біліп жүр ме?
Тұрсынхан Қарақожаева: «Талантты екеніңді өмір бақи дәлелдеп өтуің қажет» деп айтатын Нұраға. Солай екен. «Өз сөзім өзімдікі» деп Ұлы Абай айтқандай, Қазақстанда шын талантты тірі кезінде бағаламайтындығы өкінішті. Мәселен, күні кеше ғана өмірден озған Батырхан Шүкеновты алайық. Тірі кезінде оны іздеген адам болды ма? Ал өлгеннен кейін жоқтаудың мағынасы бар ма дейсің…
Күні кеше Алакөл ауданына қарасты Жыланды елді мекеніне гастрольдік сапармен барған едік. Шынын айтсам, бұл сапардан жанымыз құлазып қайтты. Ауыл әкімі, жап жас бала болса да, кеудесін керіп, әзер сөйледі. Кабинетіне кіргенімде телефонмен сөйлескен адамына: « Иә, біреулер келді ғой міне» деп керілгенін көрдім. Біздің облыс орталығынан келгенімізде шаруасы жоқ. Бірден: «Бұл Бауыржан Оспановтың ауылы. Сондықтан мұндағы халық тегін концертке кіріп үйренген» деп сөзін қысқа қайырды. Содан Мәдениет үйінің басшысына жолықтым. Оған айттым: «Біз қаладан ауылға босқа келгендей болмайық. Тегін болса да концерт қойып берейік, адамдарды жинауға көмектесіңіз» дедім. Ол да: «Жинай алмаймын. Азар болса осы үшін жұмыстан шығарар» деп қысқа қайырды. Осылай Жыландыдан жылап шықтық. Екпінді ауылына бардық. Мұндағы әкімнің адамгершілігі бар екен. Мәдениет үйінің концерт қоюға жарамсыз екенін айтып, кешірім сұрап жатты. Екі ауылдан шығып, Лепсинск деген елді мекенге табан тіредік. Мұндағы тұрғындардың басым бөлігі татар ұлтынан болса да біз қойған концертті тамашалап, мәз болысты.
Осы тұста айта кетейін, ауыл әкімінің бұл сөзі тек бізді ғана емес, бүкіл филармония әртістерін сыйламау деп түсінемін. Әрбірден соң бұл өнерді бағаламау, облыс басшысын құрметтемеу деп білемін… Бізді ауыл басшысы қадірлемей отырса, онда өзгелерден не қайыр?! Осы сөзімді сіздер арқылы облыс әкіміне жеткізгім келеді…
JetysuNews: – Рим папасы Астанаға келгенде қобызда ойнап, оның бетінен сүйгеніңіз рас па?
Тұрсынхан Қарақожаева: 2001 жылы Астанада жұмыс істеп жүрген кезім еді. Сол кезде біздің Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Рим папасы арнайы келіп, оның алдында «Қоңыр қаз» ансамблі концерт қойды. Содан мен ансамбльден бөлек жеке орындадым. Осы сәтте қасыма Рим папасының жанында жүретін Ватикан қызметшісі «Сізге Рим папасы қасына жақын келіп, амандасуға рұқсат етті» демесі бар ма. Бардым. Менің артымнан іле-шала үш бірлей музыкант еріп алыпты. Оларға бармаңдар десе де тыңдар емес. Содан мен оларды алдыма жіберіп, артында өзім тұрдым. Олар лезде Рим папасының қолынан алып сүйіп жатты. Кезек маған келгенде мен оның қолын алдым да бетіне тіке қарап тұрып ойладым: «Неге мен қазақ қызы оның қолынан сүюім керек. Жоқ, мұным жарамайды, мен оның бетінен сүюім керек деп» шештім де ернімді оның бетіне тақап, сүйдім. Мұны ол күтпеген болуы керек, бірден көзі жайнап, балаша қуанып сала берді. Мен үндемей кетіп қалдым. Бұл әрекетімді бәрі көріп тұрды ғой. Артынан Иманғали Тасмағамбетов қасыма келіп: «Қарақожаева, сен өткір адам екенсің. Өзгелер оның жанына жақындай алмайды. Ал сен бетінен сүйдің…» дегені бар.
JetysuNews: Өнердегі отыз жыл, елу деген елеулі жасқа келдіңіз. Ел алдында есептік концерт беру ойыңызда бар ма?
Тұрсынхан Қарақожаева: Әрине, бұйыртса бәрі бола жатар. Облыстағы 16 аудан мен 3 қалада және Алматы қаласында бір концерт беру ойымда бар.
Әңгімелескен Сәрби Әйтенова.
jetysunews.kz