Тұрсынбек Қабатов күні кеше Нұр-Сұлтан әкімі болып тағайындалған Алтай Көлгінов туралы ойын ортаға салды. Танымал әзілкеш туған жері Батыс Қазақстан облысын басқарған шенеуніктің игі істерін еске алған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Қабатов БҚО-ның дамуына елеулі үлес қосқан Алтай Көлгіновке алғыс білдіріп, Instagram парақшасында оған арнайы жазба жариялаған.
Әзілкеш шенеунікке алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
"Көлгінов Алтай Сейдірұлы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалды. Алтай мырза, Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысы әкімі болып қызмет атқарған тұста оң өзгерістер болып, Жайық өңірі ерекше гүлденіп, тарихта қалатындай ерекше із қалды.
Әсіресе Орал қаласында мәдени және рухани орталықтар мен ғимараттар жаңа заман үлгісімен бой көтерді. Іскерлігімен көзге түскен жас әкім Елорда әкімі болып тағайындалғанына өте қуаныштымыз! Жайықтан жинаған мол тәжірибеңізбен бас қаламызды одан сайын гүлдендіруіңізге тілектеспін! Іске сәт" , - деп жазған Қабатов.