Түркістандағы салт-дәстүрлер сайысы
Түркі жұртының рухани астанасы – Түркістанда «Ұлттық дәстүр – алтын қазына» атты республикалық фестиваль болып өтті.
Қазақстанның барлық облыстарындағы жоғарғы сынып оқушыларының басын қосқан бұл фестивальда олар қазақы салт-дәстүр, ұлттық ойын, ұлттық музыка, поэзиядан жарысқа түсті. «Шынын айтқанда, біз өзіміз де шараны мұндай биік деңгейде болады деп күтпедік. Тек жай ғана тарихи-этникалық бағдарлама өткіземіз деп қана қойған едік, Құдай қолдап, іс-шарамыз байқауға айналып шыға келді», – деп таңғалыс білдірді ұйымдастырушы, Республикалық қосымша білім беру орталығының директоры Әбдіғаппар Жақсыбеков.
Шынында да, байқауға қатысушылардың барлығының бойынан жастық жалын, шығармашылық құштарлық байқалды. Бұған оқушылардың «бастысы – жеңіс емес, біздің бір-бірімізбен танысуымыздың өзі – үлкен мереке, бізді біріктіріп тұрған – ата салтымыз бен дәстүріміз» деген сөздері дәлел бола алады.