Түркиядағы театрлар тоғысы

Түркиядағы театрлар тоғысы

Кез келген өнер мен өнер ордалары мемлекеттің бір символы болып табылады. Міне, сондай өнер ордаларының бірегейі Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры жуырда ТҮРКСОЙ  халықаралық мәдениетті қолдау қоры мен Түркиядағы «Сабанжы» қорының қолдауымен Түркияның Адана қаласында жыл сайын өтетін мемлекеттік театрлардың ХІІІ  фестиваліне Қазақстан жерінен алғашқы рет  шақырылды.

ТҮРКСОЙ тағылымы
 Қазақстандағы 52 театр ішінен біздің театр қойылымын таңдап алуы біз үшін үлкен мақтаныш болғанын жасырмаймыз. Бізге Ш.Айтматовтың «Қызыл ормалды шырайлым» атты қойылымын (режиссері Т.Теменов) алып келу тапсырылған бола­тын. Бұл қойылым стационарлық сахнаға бейімделгендіктен,  декорацияны алып бару мәселесі тығырыққа тіреді. Ұйымдас­тырушылар тарапынан берген ұсынысқа алғашында шығындарын көтере алмаспыз деген оймен баруға екіойлы болып тұрған­да, қазақ өнерінің түрік сахнасында сән құруына себепкер болып, қазақ театр өне­рін паш етуге зор еңбек еткен ТҮРКСОЙ  халықаралық мәдениетті қолдау қорын басқарып отырған ағамыз, еліміздің бір­туар азаматы, белгілі қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов мырза мен Асқар Тұр­ғам­баевтың белсене араласуы мәселенің шешілуіне үлкен себеп болды. Анкарадағы арнайы  ТҮРКСОЙ  халықаралық  мәде­ниет­ті қолдау қорына салынған жеті қабат­тан тұратын ғимаратын тамашалап, олар­дың атқарып жатқан қыруар жемісті еңбек­терін көріп тәнті болдық. Себебі түркітіл­дес елдің бар мәдени, әдеби байлы­ғын бір жерге шоғырландыру деген – қыруар шаруа. Ол келешекте баға жетпес құндылық бола­ры сөзсіз. Бүгінгі жаһандану кезеңінде жоғалып кетуге сәл қалған қан­шама фольк­лорлы-этнографиялық дүние­лер жинақ­талып, халықаралық деңгейде паш етілуде. Бүгінгі таңда 14 мемлекеттің басын құраған ТҮРКСОЙ қорына біз де мүше болсақ деп тілектерін білдіріп жатқан түркітілдес мем­ле­кеттер күн санап көбейіп келе жатқаны осы қордың халықаралық жағдайда абыро­йы­ның жоғары екендігін айқындап тұр.

Бізде кейбір қолы дәулетке жетіп, даңқы шарықтаған адамдардың кеудесіне нан пісіп, өздеріне тең келетін ештеңе болмай жататын­дарын көріп қаламыз. Паңдық пен тәкап­пар­лық, астамсу әр кезде де болған шығар, бірақ Еуропа мәдениетін меңгерген бүгінгі Түркияда мен үшін осылардың бірі де жоқ болып көрінді. Бізді де қонақ қылып күтіп жатты, бірақ дәл біздей жалпақтап құрақ ұшқан ешкім жоқ. Бәрі де өте сабыр­лы, қызметі, лауазымына қарамастан, тең дәре­жеде сөйлесіп, өзін қызықтыратын керекті жайларды сұрастырып жатты.
Өз халқының болашағы үшін қиян-кескі ұрыспен бүгінгі астанасын тартып алған Фатих Сұлтан Мехмет Азия мен Еуропаның қақ ортасына діні мұсылман, түрік мемле­кетін құрып, бүгінгі түрік мемлекетін бұ­рын­ғы астанасы Бурсадан жаңа астанасы – бүгінгі Стамбулға көшіргені жайлы көпші­лік жақсы біледі. Қара теңіз бен Мәрмәр теңізін қосатын Босфор бұғазын ұшақта үстінен көріп, табиғаты тамаша жерді бауырлас түрік ағайын­дар­дың алуын­да үлкен мән бар екенін және тарихи қа­сиет­ті жер екенін іштей сезінесіз. Айналасы 200 шақырым жерді алып жатқан көне шаһар – Стам­булдағы Ататүрік әуежа­йына қонған кезден-ақ бо­лашағы зор, бүгіннің өзінде әл-ауқаты бай мем­лекетке аяқ бас­қаныңды бірден сезесің. Жұмыс сапарының тығыз­дығына байланысты Түр­кия аста­на­сы Анка­ра­ға ішкі рейс­тер ұшағымен жол тарттық. Жөн сұрасып, та­нысып жатқан түрік аға­йындар Қазақстаннан кел­генімізді, қазақ екенімізді білгенде қуана, жақын тар­тып, «атажұрттан анажұрт­қа қош келдіңіздер» деп іш тартып жатты.
Аданаға сапар
Анкарадан Адана қала­сына автобуспен жол тарту­ға жиналдық. Алды­мызда – 750 шақырымдық жол. «Қалай жетер екенбіз?» деген күмәнді ойымыз да бар. Автобус бекетінде біздің жанымызға келіп жөн сұрасқан жас жігіт Қазақстаннан екенімізді біліп, бізге: «Сендердің футбол командала­рың ойнай алмайды ғой, Алманиядан 4-0 болып жеңіліп қалдыңдар», – деп ренжіп тұр. Дәл сол кезде біздің команда ойсырап тұрып жеңілген кез еді. Кірерге тесік таппай, төмен қарап тұрдық. Қара­ңыз­шы, не деген намыс­шылдық! Мейлі ол тіпті фанат бол­сын, сонда осы айдалада жүрген түріктің намыс­қойлығы неге бізде жоқ? Неге біздің фут­бол­шылар «өлімнен ұят күшті» деп жанын салмайды екен деген ойға қалдым. Болма­са, оларға қазақтың намысы керек емес пе? Тіпті солай болуы да мүмкін-ау деймін, себебі бір ғана мысал, футбол алаңына шық­қанда барлық елдің футболшылары гимн­дерін айтып, бастарын жоғары ұстап тұрады, ал біздікі­лер аузын ашпай қарап тұрады, кейбір ашқандарының сөзі қиыспай жатады. Мұны бұрында теледи­дардан көріп, «бұлардың  бапкер­лері не істейді?» деп қынжылып жүретін едім, мына сөз күмә­нім­ді растағандай болды. Басымыз салбы­рап автобусқа отырдық та, Аданаға жол тарттық. Алыс жолға жүретін қоғамдық көліктердің бәрінде Түркияның қалаларына қатысты деректі фильмдер көрсетіледі. Әр жолаушының алдында – жеке-дара теледи­дар, қалауыңыз бойынша бірнеше теле­ар­наны немесе киноларды тама­шалап қарай бересіз. Қажетті ақпаратыңды содан-ақ алуға болады. Жол бойы Түркия­ның эконо­микалық, әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы­ның жоғары екендігіне көзіміз жетіп, сүйсініп келеміз. Міне, өз елінің болашағы­на барын салып қызыға қарай­тын мемлекет деп айтуға болатын бірден-бір ел деп тамсанып келеміз. Біз мінген автобустағы қызмет көрсетудің өзінің біздегі жағдаймен салыстырғанда арасы жер мен көктей. Мемлекеттің мәдениеті әр адамнан құра­латы­нын ескерсек, бұл елдің мәдениеті жүргізушінің ақ көйлек киіп, галстук тағуы­нан басталатын секілді. Тас жолдың тақтай­дай тегістігі мемлекеттің экономикасын бірден паш етіп тұр. Қай елге барсаңыз да, жолының сапасына қарап, сол елдің эконо­ми­калық-әлеуметтік хал-жағдайын бағалай беруіңізге болады. Автобус ішіндегі даяшы жігіт берген шайдың төгілмейтінінен-ақ жол сапасын бағалай беріңіз. Біздегі шоқалақ жолда шай ішу былай тұрсын, сол жол соңғы рет қашан жасалғанын және кімнің жауапты екендігін білмейсіз, қаншама жылдар бойы төлеп жатқан жол салығыңыздың қайда кетіп жатқанын ешкім білмейді.
Жерлері біздің Алматыдай таулы аймақ­та болуына байланысты ма, әлде сондай архитектураның әдемілігі халыққа тиімді болатынын ескерген бе, әйтеуір, біздегідей  зәулім үйлерді бір-біріне тақап сала бермейді екен. Үй аралары алшақ, балалар ойнайтын алаңдар мен кішігірім парктер, спорт алаңдары көп. Үйлері бес-алты қабаттан аспайтыны қатты қызықтырды, өйткені қаланың демі ашылып таза тұр және қала созылып жатқаннан кейін көлік кептелісі деген жоқ.
Түркияда мешіт көп
Түркияның қай қаласына барсаңыз да, қалаларындағы мешіттің көптігі сүйсін­діреді. Аданадағы Сабанжы мешітінің үлкендігі мен ішкі әрленуі бізді тамсандыр­ды. Халқының 99 пайызы мұсылман болғандықтан, Құдай үйінің артығымен салынуы да заңды шығар, дегенмен Алма­тыдағы мешіттердің саны саусақпен санар­лық екендігі бәрімізге мәлім. Қашан да Құдай деген ел өседі демекші, халқының бай болуы ауыздарынан Құдайын тастама­ғандықтан да шығар. Біз де мұсылманбыз ғой, ендеше, неге біздің халқымыз осын­шама жер мен байлықта отырып, сүреңсіз өмір кешіп жатыр? Әлде бұл кейбір адам­дар­дың Құдайы мен халқын ұмытудан туып жатқан кемшіліктер мен қателіктер ме? Мені бір қуантқан жағдай, оларда қызмет лауазымына қарамастан, жұмада тегістей мешітке барып, намазға қатысып, тағзым етіп қайтады екен. «Жер бетінде болып жатқан зілзалалар мен цунамилер өткеннен кейін Алланың жер бетіндегі үйле­рі – мешіттердің дін аман қалуының сыры неде?» деген сұрақ ойландырады. Демек, әртүрлі ағымдағы діндердің жете­гінде кетіп, күмәнді де кінәлі болудан арылатын күнге жеткенімізді уақыт пен себептер дәлелдеген жоқ па? Біздер де неге сол түрік бауырлары­мыз сынды үлкен-кішіге кішіпейіл, өз ұлты­мыз­ға сай намыс­шыл болмасқа? Ниетімізге сай бар байлы­ғын қосып, осыншама жерді берген Құдай­дың көзқарасының бізге түзу екенін тағы да дәлел­деп тұрған жоқ па? Іссапарымыз аяқта­лып, елге қайттық, ұшақ терезесінен тағы да мамыражай өмір сүріп жатқан Түрік елін, аспанмен таласқан мешіт мұ­нара­ларын көріп, әсерлі ойдың құшағын­да қала бердік.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста