Адамзат баласы алты құрлыққа шашырап, сандаған ұлт пен ұлысқа бөлінсе де, өзара байланысып, бірікпей өмір сүре алмасы анық. Десек те, тізе қосып, қол ұстасып тірлік кешу барша жұрттың маңдайына жазыла бермейді. Алпауыт елдер кіші халықтарға үстемдігін жасап, мүдделес елдер бір бөлек, тарихы тамырлас елдер бір бөлек әрекет етеді. Осы тұрғыдан алғанда әлемдік геосаяси картада тепе-теңдік пен бірізділікті байқау мүмкін емес. Мұның заңдылық екенін мойындамасқа лаж жоқ.
Әрбір ұлт, әрбір мемлекет қадым замандардан бері өзінің болмысын, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап, дамыту үшін жанталасып келеді. Ал өзгенің уысынан шыға алмай, дербестігіне қол жеткізе алмай жүрген қаншама ел бар?! Қаймана қазақ та қаншама қуғын көріп, атамекенінен безіп, жан-жаққа тарыдай шашылды? Қаншама баскөтерер арыстарымыз жазықсыз итжеккенге айдалып, атылып кетті? Үш ғасыр бұрын достастық келісімге қол қойып, «Россияға өз еркімен қосылған» қазақ кезінде небір зұлматты бастан кешірді. Одан бертінде 70 жылдай қызыл құрсаулы Кеңес өкіметінің көлеңкесін паналауға мәжбүр болды. Осы бір тарихи кезеңдерде қазақ көп құндылығынан ажырап қалды.
Бүгінгідей жаһанданған ақпараттық дәуірде өзгемен бәсекеге түсіп, өзіңді мойындату және өзіндік ұлттық бет-бейнеңді қалпында ұстап тұру асқан табандылық, парасат пен биік рухты талап етеді. Бұл тұрғыда Тәуелсіз Қазақстанның тапқан олжасы мол. Бейбітшілік, бірлік, ынтымақтастық атаулы құндылықтар бүгінгі мемлекеттік саясаттағы басты ұстанымдарымыз болып отыр.
Себебі біз рухани-мәдени, саяси-экономикалық мәселелердің түйінін бейбіт елде ғана шешуге мүмкін екендігіне көз жеткізген елміз. Сондықтан да бүгінгі Қазақстанға онда мекен ететін халықтардың ауызбіршілігінің сүттей ұйып тұруы аса маңызды. Қазіргі уақытта дүниені шарпып бара жатқан қаржы-экономикалық дағдарысы, түрлі бағыттағы қарулы қақтығыстар мен халықтық толқулар көбіне берекесі қашып, ынтымағы ыдыраған елдерде орын алуда.
Бұл жайттардың барлығынан сабақ алып отырған біздерге ішкі және сыртқы дүниемен интеграциямызды одан сайын нығайта түсу қажеттігі туындап отыр. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан өзінің алыс-жақын көршілерімен жан-жақты қарым-қатынас орнатып, өзгелермен терезесін тең ұстай бастады. Дегенмен посткеңестік кеңістікте тұрған елдер қатарынан болғандықтан, біздің көбіне осы ауқымдағы жұртпен байланысымыз күштірек. Бұл бағытта біздерді жақындастырып отырған басты факторларға тіл, мәдениет және экономикалық қатынастардың тиімділігі. Әйтсе де біз бұрынғы кеңес идеологиясының ықпалынан енді ғана ажырай бастағандығымызды мойындауымыз қажет. Осы уақытқа дейін қазақтың өзге халықтармен тығыз байланысы негізінен қазіргі ТМД аумағымен ғана шектеліп отырған сияқты. Кейбір білікті сарапшылардың пікірінше, қазақ халқының алдында тұрған ендігі міндет – түркітілдес елдермен ынтымақтастықты дамыту. Себебі кеңестік империялық саясат бізді түркілік тамырымыздан едәуір алшақтатып жіберді. Әлемдік саяси аренадан өз орнын айқындап, көпвекторлы саясат ұстанып отырған бүгінгі Қазақстанға қай жағынан алса да өзімен рухтас, діні бір, түбі бір түркі мемлекеттерімен қоян-қолтық араласу анағұрлым тиімді болары сөзсіз. Оның үстіне бүгінгі аласапыран заманда туысқан халықтардың бір мүддеге жұмылып, бір мақсат, бір идеяға бірігуі – ұлттық иммунитеттің артуына қызмет ететіндігі дәлелденген. Бұр ретте Ақорда саясатының бір ұшы осы бағытты барынша қамтуға бағытталып отырғандығын айта кету керек. Өткен жылы ғана Алматыда Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің І саммитінің ойдағыдай өткізілуін аталған бағытта жасалған сәтті қадамдардың бірі болды деп санауға болады. Түркі кеңесі деген атауға ие болған бұл саммит кез келген түркітілдес мемлекет мүше бола алатын түркітілдес елдердің бірлестігі саналады. Түбі бір түркі елдерінің басын біріктіруді мақсат ететін бұл кеңес өз жұмысын тек қана бейбіт мақсаттарда жүзеге асырмақ. Түркінің сөзі төрге шыққан осынау тұңғыш саммитке Қазақстан тарапы төрағалық етті. Әзірге аталған кеңеске Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия мемлекеттері мүше болып отыр. Алдағы уақытта бұл тізімге басқа да тамырлас елдер қосылады деген үмітіміз бар. Қалай дегенмен де, түркі жұртына «кеңесіп пішкен тонның келте болмасын» түсінетін кез жетті. Осы кеңесте Мемлекет басшысы Н.Назарбаев:
– Түркі кеңесі – қандай да бір үшінші елдің мүддесіне қарсы бағытталмаған бірлестік. Мақсат – туыс түркі әлемінің әлеуетін арттырып, оның орнықты дамуына мүмкіндік жасау. Біз бауырлас елдерді жақындастыру үшін мәдени-гуманитарлық, экономикалық өзара байланыстарды тереңдетуге уағдаластық. Кеңестің толыққанды халықаралық құрылым ретінде қалыптасып кетуіне барлығымыз да мүдделіміз. Осы орайда түркітілдес елдер үшін инновацияға, экономикалық қарым-қатынасқа, шын мәнінде, көңіл бөлетін уақыт келді, – деген болатын.
Осы бір тарихи жиынның күн тәртібінде негізінен үш мәселе қаралды. Бірінші – түркі әлеміне ортақ рухани, тарихи тұлғаларымызды бірлесіп дәріптеу, ортақ әдеби-мәдени кеңістік құрып, ортақ ғылыми зерттеулер жүргізіп, ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруға күш салу. Екінші –экономикалық сауда-саттық саласын алға жылжыта алатын ортақ кеңістік дамытып, кеңеске мүше елдер арасындағы тауар айналымы көрсеткішін арттырып, инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру. Үшіншісі – қазіргі заманда кең етек ала бастаған діни-экстремистік, лаңкестік топтармен күресте күш біріктіріп, өзге де мемлекеттердің жаппай қырып-жою қаруларынан бас тартуына қол жеткізу. Бейбітшілік идеологиясын жүзеге асыру. Міне, осындай қадау-қадау мәселелерді талқыға салған келелі басқосу қандай да бір қиындықтарға бірлесіп қарсы тұру қажеттілігін аңғартып кетті.
Сіз бен біз аңсап отырған түркі жұртының тұтастығын кезінде Алаш арыстары мәселе етіп көтерген болатын. Бірақ солақай саясат қазақты тағы да тығырыққа тіреп, рухын жанши түскен еді. Тәуелсіздікке қол жеткізіп отырған 20 жылдық белестен асқан шағымызда алты Алаштың басын қосу енді біздің мұратымызға айналуы тиіс.
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
– Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде елімізде көптеген үлкен өзгерістер орын алды. Дегенмен әлі де шешілмеген мәселелер жетерлік. Соңғы уақыттарда түркітілдес елдердің интеграциясы туралы жиі айтыла бастады. Елімізде осыған қатысты қадамдар жасалып та келеді. Түркітілдес халықтардың өзара байланысы қай кезде де бізге өте қажет. Бірақ бұл бағытта жүзеге асырылатын іс-шаралар аздық етуде. Бұған қоса, шағын бірлестіктер мен ТҮРКСОЙ сынды үлкен ұйымдар түркі дүниесінің рухани қарым-қатынасын жақсарту мақсатында біраз жобаларды іске қосуда. Бүгінде әрбір түркітілдес елдерде түрлі әдеби, ғылыми басқосулар, көрмелер мен концерттік шаралар ұйымдастырылуда. Мұның бәрі біздің рухани ынтымақтастығымызға серпін берері сөзсіз. Бірақ, шын мәнінде, түркі жұртының тұтастығына жету үшін бұдан да ауқымды ірі қадамдарға баруымыз қажет. Ол үшін әр тарап бірлесіп отырып өзара түсіністікке тосқауыл болып отырған кедергілерді жоюға күш салуы қажет.
Рустам АЛПЫСБАЕВ, шығыстанушы:
– Өз басым түркі халықтарының бірігу идеясын қолдаймын. Шынында да, біз қазіргі уақыттағы барлық мүмкіндіктерімізді осы бағытты дамытуға жұмылдыруымыз қажет. Біз көбіне осы төңіректе әңгіме қозғағанда кейбір мәселелердің бетін ғана қалқып өтетін сияқтымыз. Бізге өзара бірлігімізге кепіл бола алатын нақты факторларды анықтап алу шарт. Әуелі түркі жұртының тығыз қарым-қатынасына қол жеткізу үшін біздің жазуымыз ортақ болуы керек. Ол үшін түркітілдес елдерге ортақ, түсінікті латын графикасына жүгінуге тура келеді. Сонда ғана туысқан халықпыз деп отырған елдердің руханияты да, экономикалық мәселелері де түсіністік жағдайда қалыпты дами алады. «Түбі бір түркі халықтарымыз, доспыз, бауырмыз» дегенге саятын жалынды, пафосты ұран сөздерге әуестене бермей, бізге шынайы, жүйелі іспен шұғылдануымыз қажет. Бірақ бұл идеяның жүзеге асуына ұзақ уақыт кетеді. Ең бастысы, түркілік сана қалыптасуы керек.