Ғаламдық қаржы дағдарысы экономикалық жағынан үрей туғызғанымен, саяси тұрғыда сірескен сеңді ыдыратқандай. Айдарынан жел ескен Американың әлем елдеріне ықпалы бәсеңдеген осы тұсын тиімді пайдалана алсақ, жаһандастыру құбылысына жұтылып кетпеудің жолын табарымыз анық. Түркіге ортақ қайраткер тұлға – Мұстафа Шоқай кезінде «Польшада бір еврейдің тісі ауырса, Америкадағы еврейдің жүрегі ауырады» дегенді тегін айтпаса керек. Бұл сөзі арқылы бабамыз түркілердің тұтастануы керектігін меңзегені анық. Алайда Мұстафа Шоқайдың түркішілдік идеясы, тұтас «Түркістан» республикасын құру жолындағы талпынысы Абайша айтқанда, «мыңмен жалғыз алысқанның» әрекеті күйінде қалды да, түркі жұрты тарыдай шашырап кетті. Егемендік алып, ес жиғаннан кейін барып, түп-тамырын іздеуге мұршасы келген түркі ұрпағы тұтасар тұсты тапқандай...
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы, Мәдени саясат және өнертану институтының ұйымдастырған «Өркениеттер диалогындағы түркі әлемінің рөлі» атты халықаралық симпозиумының екінші күнінде ғалымдар екі секцияға бөлініп, түркі халықтарын біріктіретін нақты идеяларды талқыға салды. Дөңгелек үстел басында бір жақ «Түркі тілдес халықтардың материалды емес ортақ мұрасын инвентаризациялау» дегенді қарастырса, «Өркениеттер диалогындағы түркі әлемі: мәселелер мен атқарылмақ істер» деген мәселені екінші бір жақты қызу талқылап жатты. Құлбек Ергөбек, Бүркіт Аяған, Асылы Османова, Ғарифолла Әнес, Анар Фазылжанова сынды ғалымдар түркілердің арасын алшақтатып отырған ортақ алфавиттің жоқтығы, отаршылдықтың езгісінен санада сақталып қалған «бір-бірімізге» жат деп қарау, әр ұлт өзін түркілердің түп атасы санап, өзгелерден өзін биік қою пиғылы, ортақ ақпарат құралының жоқтығы секілді мәселелерді ортаға салды.
Ахмет Аляз, «Қазақстан ZAMAN» халықаралық газетінің бас директоры:
– Түркі халықтарының ішінде тәуелсіздікті бұрынырақ алған, экономикалық, рухани жағынан да жағдайы жақсырақ ел – Түркия. Түрік халқының көсемі – Ататүрік те кезінде өзге елдердің қол астында жатқан бауырлас халықтардың күндердің күні тәуелсіздік алатынын, сол кезде міндетті түрде қол ұшын созуды өсиет еткен болатын. Шынында, ондай күн туды, бірақ біздің бірігуге деген ниетімізді «түріктендіру», «жаулап алу» деп теріс түсіну, үрку әлі де бар. Бір кездері біз түркі елдеріне тарайтын ТРТ авал атты арна ашқымыз келген. Өкінішке орай, осындай кертартпа көзқарастардың кесірінен ол іске аспай қалды...
Түркістанның «ер түріктің бесігі» екенін кезінде Мағжандар мақұлдап, бізге жол сілтеп кетті. Тәуелсіздік алғаннан кейін онда Елбасымыздың тікелей қолдауымен түрлі түркі ұлттарының басын қосатын Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ашылғаны баршаға аян. Енді бүгін Түркістанда осы университет басшыларының филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбектің ұйымдастыруымен белгілі әдебиет зерттеушісі Бейсенбай Кенжебаевтың түркологиялық мұражайы жасақталыпты. 18 мамыр күні Түркістанда ІІІ Халықаралық түркологиялық Конгресс болып, сонда осы мұражай мен түркі халықтарының кітапханасы ашылмақ. Онда қойылған 15 мыңға тарта кітаптың барлығы Қ.Ергөбектің жеке мұрағатынан алыныпты. Осындай нақты істерді алға тартқан ғалым симпозиум Декларациясына мынадай ұсыныс айтты:
Құлбек Ергөбек, филология ғылымының докторы, профессор:
– 1993 жылы Елбасымыз Түркия Премьері Тұрғыт Өзалдың қайтыс болғанына көңіл айта барғанда, Сүлеймен Демирелге жолығып, «Біз түрік дүниесінің тарихын, тілін, әдебиетін, тұтас мәдениетін зерттейтін ғылыми-зерттеу академиясын Түркістаннан ашсақ» деген ұсыныс айтқан болатын. Елбасымыздың осы бір ұсынысын ұмыт қалдырмай, «ТҮРКСОЙ» арқылы жүзеге асыруға тырысу керек. Сондай-ақ Түркия шығарған 22 том «Түрік халықтарының тарихы» энциклопедиясын «ТҮРКСОЙ» барлық түркі халықтарының тілдерінде аударылып шығуына ықпал етсе.
Дөңгелек үстел басында ұсынылған түрлі тың ұсыныстарды қорытындылай келе, «Түркі әлемі өркениеттер диалогында» атты Халықаралық симпозиумының Алматы Декларациясы қабылданды. Онда:
• Түркі әлемінің тыныс-тіршілігіне арналған кәсіби интернет-ресурстарды біріктіретін ақпараттық портал құру үшін IT технологияларды кең пайдалану;
• Түркі ойшылдарының еңбектерін өзара төте аударуды кәсіби негізде реттеу;
• Халықаралық ақпараттық агенттік құру;
• Түркі әлемінің дәстүрлі және жаңа элитасының есімнамаларының дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесін насихаттайтын «Түркі әлемінің 100 мәдени қайраткері» атты энциклопедиялық басылым шығару;
• Түркі музыкасының халықаралық фестивалін өткізу және ортақ тарихымызға негізделген деректі және көркем фильмдер түсіру;
• Түркілерге тән спорттық ойындардан жыл сайын жарыстар ұйымдастыру
секілді де нақты іс-шараларды жүзеге асыруға шешім қабылданды.