Үстіміздегі жылдың 21-30 қаңтар күндері аралығында Голландия-Түркия дипломатиялық қарым-қатынастарының 400 жылдығына орай Лахей қаласында «ТҮРКСОЙ сурет көрмесі – 2012» шарасы өз жұмысын бастайды.
Мұндай ауқымды көрмелер бұдан бұрын Франция, Германия, Люксембург, Латвия, Италия және Бельгияда ТҮРКСОЙ, UETD Голландия және Голланд-түрік мұражайлар бірлігі аясында ұйымдастырылған болатын.
Үлкен көрменің ашылу салтанатына, Стамбул қаласының депутаты және Қаратеңіз экономикалық ынтымақтастығы парламент ассамблеясының түрік тобы басшысы Ы.Сафи, Түркі тілі бірлестігінің басшысы Х.Шүкрү Акалын, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Д.Қасейінов, ЭкоЕуразия басшысы Х.Ерен қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл көрменің мақсаты – түбі бір түркі әлемінің мәдениеті мен өнерін әлемге паш ету. Аталған көрмеге қазақстандық шеберлердің де туындылары қойылмақ.
Түркі әлеміне қатысты тағы бір жағымды жаңалық – Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Түркі мәдениетін зерттеу ұйымының 2011 жылғы «Ауыз әдебиеті Оскары» сыйлығымен марапатталды.