Тұрардың өмірдегі үзеңгілес серіктері тарихта белгілі Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Ораз Жандосов, Санжар Аспандияров, Мұхаметжан Тынышбаев, Нәзір Төреқұлов сынды қазақтың біртуар азаматтары болды. Ал Мұхтар Әуезовпен Тұрар сырлас болған. Кейінірек Тұрардың айтуы бойынша «Қараш-қараш оқиғасын» Мұхтар дүниеге әкелгенде тамаша туындыны ерекше тебіреніспен оқыған Тұрар егіле жылаған екен. Мұхтар Әуезовтің түрмеден босап шығуына Тұрар Рысқұлұлы мен Ахмет Байтұрсыновтың ақыл-кеңесінің әсері болған. Абақтыдан өкпесіне суық тигізіп, сырқат болып шыққан Мұхтарды Қырымға емделіп қайтуға жолдама әперген екен. Сол сияқты «Алашордашыл» деп айыпталған Ахмет Байтұрсыновты да екі рет түрмеден құтқарып қалған деген де деректер бар. ... Бәукең Тұрар Рысқұловты қатты жақсы көретін. Ол кісімен қалай кездескені жайлы талай рет әңгімелеп берген еді. Өндірістік банкіде болып жұмыс істеп жүрген жас Баукеңді басшылық Ленинградтағы финанс академиясына оқуға жібереді. Алайда, ондағылар «коммунист емессің, қабылдай алмаймыз» деп кері қайтарады. Содан не істерін білмей дал болған ол әкесінің «Қиналсаң, Рысқұлдың баласы Тұрарға бар. Ол – біздің туысқанымыз. Ағайынгершілік – атадан мұра болып келе жатқан ұлы қасиет. Тұрар да – алдына қиналып келген ешбір қазақтан көмегін аямайтын, қазақтың бәрін өзіне жақын тартатын бауырмал жан» деген сөзін есіне алады. Негізі, әкесі үйде Тұрар жайлы жиі айтып отырады екен. Баукең ұяла-ұяла телефонына хабарласып, «Жуалыдан келдім, әкем сізге жолық деп еді» дегенде, Тұрар Момышты танитындығын айтып, бірден жұмыс орнына шақыртыпты. Министрлер Кеңесі төрағасы орынбасары қызметіндегі Тұрар Рысқұловтың кабинетіне сескеніңкіреп барған Бауыржанды өзі орнынан тұрып, құшақ жая қарсы алыпты. Іші-бауырына кіріп, жағдайын сұрап, арқасынан қағыпты. Сосын Баукең әңгімесін «Мән-жайды білгеннен кейін бірден телефонмен бір жерлерге хабарласқан ол маған: «Қазір сол жаққа қайтадан барасың, сені оқуға қабылдайды, оқу орнынан стипендия аласың, оған қосымша саған Ресейдің атынан стипендия бергізіп тұрамын. Сабағыңды жақсы оқы»,- дегенде, алғысымды қалай жеткізерімді білмегем. Осылайша, Тұрар ағаның арқасында оқуға қабылданып, екі жақтап стипендия алып, қаржыдан еш қиналыс көрмеген едім. Ақ пейілді, қамқор ағамен бар болғаны бір-ақ рет кездессем де, осы жайт менің жүрегімде мәңгіге сақталып қалды» деп аяқтайтын....Кейін Түркістанның тұтастығын сақтап қалғысы келген Тұрар Рысқұловты Сталин «пантюркист» деп айыптап, абақтыға қамады. Оның арты немен біткені бәрімізге белгілі...
Жолымбет Мәкіш
Facebook-тегі парақшасынан