«Тұңғышбай мен Төреғалиды тірідей көмдік». Қазақ, қайда барасың?

«Тұңғышбай мен Төреғалиды тірідей көмдік». Қазақ, қайда барасың?

 Қазіргі қазақта бір үрдіс бел алды. Ол — ел алдында жүрген белгілі тұлғалар сәл шалынып кетсе, жабыла жамандау. Тіпті тірідей көрге көме салуға бейімбіз. Бұл өсем, өркендеймін деген ұлт үшін жақсылық емес. Неге біз сондаймыз?

Иісі қазақтың марқасқасы Тұңғышбай Жаманқұл, халықтың сүйікті әнші баласы Төреғали Төрәлі, бірер күн бұрын тума талант Ерлан Біләл шайтан түртіп сәл шалыс қадам басып еді, үдере түрегелдік. Бар запыранымызды төге жамандадық.

«Жемқор дестік, парақор дестік, көзіне ет өскен дестік».

Шынтуайтында, осы үш азамат та сахнада ән айтсын, кинода, спектакльде ойнасын, атам қазақтың тілімен сөйлеп, атам қазақтың тілімен ән айтып жүргендер.

Қазақтың қазақы болмысын сақтап қалуға титтей де болса да үлес қосқандар.

Қазақы болмыстағы осындай азаматтар сүрініп кетсе қуанамыз, табалаймыз. Не қылған елміз осы?

Негізі, айтқым келгені мынау еді. Біраз жыл бұрын өнерімен елге танылған сахна саңлағы, кино майталманы Досхан Жолжақсынды да «ұлттың жауы» деп қараладық, табаладық. Бірақ Досхан бұл қаралаудың еш негізсіз екенін ашып айтты. Халық алдына шықты, үлкен басылымға сұхбат берді. Өзін арашалап алды. Сол сұхбаттан үзінді бере кетсек артық болмас. Өйткені тұлғаларды жөнсіз жамандамас бұрын, алдымен оның кім екенін танып алған дұрыс-ау.

– Досхан аға, шыңыңызды айтыңызшы, ұлтыңызды қаншалықты сүйесіз?

– Менің өз ұлтымды қаншалықты сүйетінімді детектормен анықтау қиын болар. Ол техника ғой. Адамның жан-дүниесін толық түсініп, бағамдай алмас. Менің қаншалықты сүйетінімді менің қасымда жүріп, бүкіл болмысымды танып, істеген әрекетімді, тірлігімді көріп барып баға беруге болады. Халқымды қатты сүйемін дей салғанның өзінде де ол құрғақ сөз болып қалмай ма? Оны іспен дәлелдеу қажет. Сонау тәй-тәй басқан балдырған күнімнен бастап, бүгінге дейінгі жүріп өткен жолыма үңілер болсам, мен өз ұлтымды бір адамдай сүйе аламын. Және өзге жұрт та солай деп айтары анық. Өнердегі тірлігімді, тіпті адами қасиетімді байқа, осының бәрінде «қарға тамырлы қазақ болсыншы, өссінші, өркендесінші» деген әз ниет жатыр. Мен ұлтымның мәдениетіне, әніне, өнеріне, әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне ғашық адаммын.

– Сізден «ұлтыңызды сүйесіз бе?» деп сұрауымның бір себебі, осыдан біраз жыл бұрын Қазақстан халқы ассамблеясы ойлап шығарған «Ел бірлігі» доктринасына байланысты ұлтжанды азаматтар өздерінің наразылықтарын білдірді. Жоғарыға ашық хат жазды. Сол бір топ азаматтың ішінде сіздің де аты-жөніңіз жүрді. Бірақ сіз аяқ-асты ала тайдай бүліндіңіз. «Бұл ашық хатқа қол қойған жоқпын. Сыртымнан ұйымдастырды», деп туладыңыз. Қазақтың тағдыры, берiсi ұлтымыздың ар-намысы сынға түсiп тұрған мезгiлде, Досханның өзiн ұлт жанашырларының арасынан көрiп, одан шошып, ат-тонын ала қашуы халыққа түсiнiксiз-ақ болып қалды. Жұрт «Досхан сияқтыларды ұлтымыздың тағдыры толғандырмай ма, ұлтқа шынымен де жаны ашымайтын болғаны ма?!», деп күйінді. Ренішін білдірді. Бұған қарсы қандай дау айта аласыз?

– Айтатын ештеңе жоқ. Кезінде Пушкин: «адамды мақтаудан гөрі даттау жеңіл» депті ғой. Сондықтан аққа қара күйе жағу қашанда оңай. Елдің көз алдында жүргендер жайлы қашанда артынан қаңқу сөз еріп жүреді.

Абай данышпан айтпақшы, «қазақтың тірісінің өсектен аманы жоқ, дүниеден өткенінің жаманы жоқ». Қай жерде, қай маңда жүрме, қандай биікті бағындырма, бәрібір күйе жағушылар табылады. Сол «жақтым күйе, жаптым жала» деушілер, Кеңестік империяның шаңырағын шайқалтқан, тәуелсіздіктің қарылғашы болған 86-шы жылғы Желтоқсан көтерілісіне менің қатысқанымды, талай игі жақсылар бұғып қалғанда, ұлтымның жыртысын жыртып, үндемей, құсыққа тұншыққан ез болып өлгенше, шындықты айқайлап айтып өлгенім артық деген оймен алқалы топ жиылған ортада болған оқиғаға байланысты өз пікірімді ашық айтқанымды неге көрмейді, неге айтпайды?!

Маған да сол тұста жел диірменмен жалғыз алысқан Дон Кихоттай болмай, өзгелер секілді бұғып қалуыма болар еді ғой.

Жоқ, олай ете алмадым. Жігерімді жаныған намыс, қанымда тулаған бабалар рухы үнсіз қалдыра алмады. Атой салды. Нақтылап айтар болсақ, алаңда болдық. Солдат сойылынан таяқ та жедік, басыма тас та тиді. Қабақ жарылып, қан саулап жүрсе де, алаңды тастап кете алмадым. «Қазақтың өрімдей қыз-жігіттері сойылға жылғылмасыншы, қанға бөкпесінші» деген көкіректе ой тұрды.

Әрине, оқиғаның осыншалықты өріс алып, арты жанжалға әкеліп соқтырарын ешкім бағамдамаған еді. Көрген түстей қым-қиғаш көрініс.

Ол кезде қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар және балалар театрының актерімін. Содан сол он алтыншы желтоқсан күні менің үстімнен «Бала-шағасын қазақша тәрбиелейді. Ұлтшыл» деген арыз түсіпті. КГБ-дан екі адам театрға келген. Сұрастырған. Дерек жинаған. Он тоғызы күні бәрімізді Жазушылар Одағына жинады. Ол жерде кім жоқ дейсің? Мүйізі қарағайдай талай ағаларымыз сонда отыр.

Сол ортада «жастар дұрыс істемеді, бәріне кінәлі солар» деген сықпыттағы әңгіменің тиегі ағытылып берсін. Бізге орын да тимеді. Арт жақта булығып тұрмыз. «Сөз бер» деп қайта-қайта қолымды көтеремін. Бірақ елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Бір уақытта сөйлеудің реті келді-ау. Халықтың алдына шығуға мүмкіндік болмады. Сол тұрған орнымда сөйледім.

Жалпы мен көңілі бос адамдардың қатарына жатпаймын. Бірақ сол сәтте көзіме жас, өңешіме өксік тірелді. Булығып қалдым.

Сонда да ышқынып, айқайлап тұрып іштегі запыранды сыртқа шығардым: «Мұндай жағдайды бұрындары теледидардан көріп, радиодан естуші едік. Енді менің елімде, менің жерімде осындай оқиға болып жатыр. Жанайқайын сыртқа шығарған жастарды ұрып-соғып, үстіне суық су құю не масқара?

Жастар ұлт мүддесі үшін алаңға шықты емес пе? Неге оларға ара түсудің орнына жарға итеріп, бұзақылар, ішкіштер деп жатырсыздар? Солардың арасында біреуіңіздің ұлыңыз, біреуіңіздің қызыңыз, туыс, жора-жолдастарыңыз болды емес пе? Неге топырақ шашасыңдар. Неге, неге?».

Жұрт тым-тырыс болып қалды. Кейбіреулері үрке, кейбіреулері «бала, дәм-тұзың таусылды ғой, біттің енді», деген аяушылықпен қарады. Маңайымда тұрған біраз адам қол соқты. Дәл сол кезде алда отырғандардың ішінен біреу тұрды. Иықты ірі адам екен. Түрін көре алмадым. Жанындағы біреулерден менің аты-жөнімді сұрағандай болды-ау деймін. Сосын: «Досханға дейін сөйлеген сөздерің, одан кейін сөйлейтін сөздерің сөз емес», деп қолындағы таяғын жерге атып ұрды. Жарықтық, бұл Хамаң – Хамит Ерғалиев ағамыз екен. Жиналыс бітті.

Алдымен Роза Бағланова апамыз келіп, «дұрыс айтпадың, олай сөйлемеу керек еді» деп сәл ренішін білдірді. Олжас ағамыз келіп, үндемей қолымды қысып кетті. Біраз кісі арқамнан қақты. Кейбір танысым көрсе де, көрмеген болып бұрылып кетіп жатты. Бұнысы енді «пәледен машайық қашыптының» кері ғой.

Үркектік, ынжықтық, қорқақтық. Бұдан басқа теңеу жоқ, оларға. Дәл сол жерде өзімді спектакльде басты рөлді сомдап шыққан актердей сезіндім. Жеңілдеп қалдым.

Сол жерде тағы да адамдарды бөліп, мекемелерге, оқу орындарына үгіт-насихат жүргізу үшін жібере бастады. Олжас Сүлейменовті, Роза Бағланованы және мені КазГУ-ге жіберді. Студенттермен кездестік. Ол жерде де аянып қалған жоқпын. Олжас «Ақ пен қара» деген поэмасын оқыды, Роза апамыз жастарды тағы да жерден алып, жерге салып, қателіктерін айтты. Қара сөзбен іштегі запыранды тағы сыртқа түйдек-түйдегімен ақтардым. Студенттер мен сөйлеген кезде қол соғып, жер тепкілеп ризалықтарын білдіріп жатты. Тілдей-тілдей қағазға тілектерін жазып, жіберіп жатыр. «Аға, сіз Махамбетсіз, сіз Кенесарысыз, сізді қолдаймыз, жақтаймыз», деген жазбалар. Өкінішке қарай, солардың бірін де сақтай алмадым.

Осындай оқиғалар басымыздан өтті. Мұны ешкім білмейді. «Сіз Желтоқсанда болыпсыз ғой, осындай сөз айтыпсыз ғой», деген бір қазақты әлі көргенім жоқ. Бұл менің өз ұлтымды шексіз, риясыз сүйетінімнің бір көрінісі емес пе?

«Ел бірлігі» доктринасына байланысты хаттан кейін мен бір түнде «Қазақтың дұшпаны, халық жауы» болдым да шықтым. 37-ші жыл болса атып та жіберер ме еді? Өтірік қоспай шындықты айт дедің ғой, айтайыншы бүкпесіз.

Белгілі ақын Ұлықбектің інісі дүние салды. Соның асына бардық. Мен бірақ үлкен бір шаруамен жол жүріп бара жатқанмын. Кешігіп келдім. Халық отырып қойыпты, дастарханға. Асты жүргізіп отырған Иран-Ғайып көкеміз екен. Төрде Асанәлі көкем, Мұхтар Шаханов, Ұлықбек отыр, қасында тағы бір адам болды. Аты есімде қалмапты. Сол жерде бірден Ұлықбекке көңіл айттым, сосын Иран-Ғайып көкемнен «бір ауыз сөз берші, асығыстау едім» дедім. Сол жерде көңілімді білдірдім.

Енді, Ұлықбекпен жерлеспіз, оның інісін жақсы танимын, осы жерде оқуын бітірді, өзіміздің облысқа барды, өте бір еңбекқор бала еді. Амал қанша, дәм-тұзы ертерек таусылды. Осы інішекке деген сөзімді айттым да шықтым. Содан жол жүріп кеттім. Бірер күн болып, көлікпен кері қайттым.

Амангелді Халимуллин деген досым бар. Сол тұста «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалын басқарды. Сол телефон шалады.

«Досеке, шулатып жатырсың ғой» дейді. «Е, не болып қалды» деймін ғой. «Бүгінгі газетте сен бас болып, Асанәлі ағаң мен Тоқтар қостап, аштық жариялағалы жатыр деп жазыпты. Рас па?» дейді әлгі досым. «Қой, қателескен болар» деймін таң қалып.

Газетті алып қарасам, дәл солай жазылыпты. Бұл енді үш ұйықтасам түсіме кірмеген дүние. Мен ол кезде қалада жоқ адаммын ғой. Қалай ғана мені қоса қойды екен? Осындай адамға жат тірлікпен айналысқан көкелеріме айтарым, сол 86-шы жылы қыздарымызды бұрымынан сүйреп, ұлдарымыздың үстіне суық су құйып, тепкілеп жатқанда сен қайда едің? Неге солардың ішінде болмадың?

Солардың біразы жылымық орнаған соң былай деп жазды: «Біз Жазушылар Одағының ішінде тұрдық. Есік-терезенің бәрі жабық еді. Сыртқа шығармады. Терезеден қарап, көзімізден сора ағып, жылап тұрдық. Жастарға қосылуға жол бермеді», деп. Далбаса! Бәрі далбаса! Армияда болсаң білерсің, Дзот деген бар. Ішіне пулемет тұрады. Жауға қаратып жасалған дүние ғой. Былайша айтқанда амбразура дейді. Сол жазғыштар сыртта пулеметтің тұрғанын біледі. Оққа ұшам ба деп қорықты. Бір тізімге кіріп, қуғын-сүргінге ілініп кетем бе, майлы дастарханнан қағылып қалам ба, ертеңгі күнім не болады, деген үрей, қорқақтық тұрды, олардың ойында. Басқа ештеңе жоқ. Кейінен мамыражай тірлік орнаған соң, амбразурада пулемет жоғын білген соң, бәрі батыр болып шыға келді. Оңды-солды жазды келіп, жақша ішіндегі батырлықтарын, ерліктерін, өй дегенін-бүй дегендерін айтып, өтірікті шындай соқты. Былайғы жұрт қайдан білсін, олардың дәл сол ұлт басына қара бұл үйірілгенде қоңыз теріп кете жаздағандарын.

Басымнан бұл да өтті. Сондықтан менің өкінетінім,

мына қазақ халық деген ұғымға қашан жетеді? Өйткені жаңағыдай оқыс әрекеттің барлығы тобырдың ісі. Тобыр дейін десем, қазақ өзімдікі.

Асқар Сүлейменов ағамыз, бір ортада отырып айтыпты: «Абай ескіре ме?» деп. Сонда отырғандар шу етіп, «Құдай сақтасын, қазақ тірі тұрғанда Абай ескірмейді» дескен ғой. Сонда Асекең, «Мен қазақтың есі кіріп, келесі Абайды туғызып, ол Ибрагим Абайдан да жоғары тұрғанын армандар едім», деген ғой. Мұнда үлкен ой жатыр.

Түйсігі кем қазақ «әй, не деп тұрсың, Абай неге ескіруі керек» деп шала бүлінер еді.

Түсінген жанға Асекең Абайды айтқан болып, исі қазақтың есі кіргенін қалап тұр емес пе?

Сол арман менде де бар. Кейде қиын түйінді шешер кезде қазағым бұрыс кетіп жатады, не болмаса дарақылық танытып жатады. Біреуге күйе жаға салу, я болмаса қолдан батыр жасау түк болмай қалды. Осындай қитұрқы, ұсақ тірлік, бақай есеп мені де өкінтеді.

Кейде біреуге сөзің ұнаса да, көзің ұнамай жатады. Туған жерің басқа, руың басқа болып жатады.

Осының бәрін шотқа салып, аңдысын аңдып отырған бақай есеп адамдар әлі де бар. Бұл қашан тоқтайды, білмеймін…

Иә, Досхан Жолжақсын осылай деп еді. Ендігі кезек Тұңғышбай, Төреғали, Ерландардікі.

Олар да ел алдына шығып, ұлт алдында, халық алдында ары таза екенін ешкімнен тайсалмай айта білсе, жарады. Өйткені алмас қылыш қында тұрса да тот шалмасы белгілі.

Ақбота Дастан

kaz.365info.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста