1991 жылы қараша айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Абай, Шәкәрім, Мұхтарларды тудырған киелі топыраққа тағзым етіп, Шыңғыстау өңіріне арнайы келгенде берген Шәкір ақсақалдың батасы:
Сарыарқа – туған жерім, елім – қазақ
Қазақ елі ежелден көкседі азат.
Көп естіп, көпті көріп, аз білсем де,
Мен бір ғасыр куәсі – экспонат.
Біз көрген зобалаңда, қуғын-сүргін,
Енді ешкім көрмес үшін
қанды қырғын,
Бар ұлттың тілін тауып, табыстырған,
Нұрсұлтаным, жұлдызың жанды бүгін.
Зерек ақыл, зерделі ой, батыл жүрек,
Жаманат жапсыра алмас жатың тілеп.
Қарадан хан туған деп қадірлеген,
Қазағың ғұмырыңды отыр тілеп.
Абылайым бүгінгі Сен емес пе?
Қазағым өзге жұртпен тең емес пе?!
Халқыңа Тәуелсіздік нұрын шаштың,
Тар асу, тайғанақ жол, кер белесте.
Ақ киізге көтеріп, хан сайласқан,
Қарт атаң тоқсан бірде мен емес пе?!
Халқың сүйген перзенті екенсің, енді сол халқың айтар бата берейін. Қазақта бата деген екі түрлі болады: бірі — негізгі бата, екіншісі – лебізді бата. Негізгі бата – халықтікі. Халық қастерлеген басшысына адал қызметі үшін батасын өзі береді. Лебізді бата дегеніміз – халықтың тапсырған аманат-тілегі, келешекке үміт-сенімі. Ол, негізінен, үш міндетке саяды:
1. Дүниенің бар игілігін өндіретін жұмысшы, диқан, мал өсіруші қауымның табан ақысын, маңдай терін зая кетірмей, ысырапқа ұшыратпай ұқсатып, халықтың қажетіне, игілігіне жарату;
2. Осыған кедергі жасап, кесел келтіретін суыққол сұғанақтарға, қиянатшыл-зорлықшыл зұлымдарға тыйым салу;
3. Қошеметшіл жағымпазға бой алдырмай, өз ісіңе де, өзгеге де сын көзбен қарап, қате кетсе, өзің түзей білу. Осы үш талап үдесінен көрінген басшы ел сенімін ақтары шүбәсіз, анық. Ендігі менің лебізді батам, тұжырым-түйінім мынау:
Иллаһи аумин!
Халыққа береке, мынау қиын заманда бірлік беріп, ел тізгінін ұстап, еркіндікке жеткізген Нұрсұлтанның атақ-даңқы, абыройы зорайып, тарихтың бетіне басылатын болсын!.. Аллаһу акбар!
(«Абай» журналы, 1992, №1, 77-бет)
Тұңғыш Президентке бата берген – Шәкір Әбенов
Последние статьи автора