«Тұмарханым» қазақтың биімен жүлде алды
Семей қаласындағы «Жас қанат» балалар орталығындағы «Тұмарханым» халықтық би студиясы бұған дейін республикалық, халықаралық өнер байқауларында топ жарып жүрген еді. Кезекті жүлдені Түркияның Силиври қаласында дарынды балаларға арналған халықаралық фольклорлық фестивальда алды. Әлемнің әр жерінен келген жас өнер ұжымдарының арасында өткен байқауда Алаштың абыройын асқақтатты.
8-14 жастағы өнерлі жерлестеріміз қазақтың бірнеше биін түрік елінің сахнасында сән-салтанатпен орындады. «Бәйшешек», ұлттық фольклорлық «Боз інген», «Шалқыма», «Шабыт» билері жиналғандарды тәнті еткен.
Түркиядағы Егурт атындағы халықаралық өнер сайысы осымен 49-ыншы рет дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отыр. Оған әлемнің әр түкпірінен таңдалып алынған тоғыз мемлекеттің жас өрендері жиналып, өнер көрсеткен. Фестивальға қатысушылардың арасындағы жасы ең кішкентайлары «Тұмарханым» би тобының бишілері болыпты.
Қазақтың ұлттық биімен Түркия көрермендерін тәнті еткен жерлестеріміз 1-орынды жеңіп алған.
Жұлдыз ӘБІЛҒАЗИНА, «Тұмарханым» халықтық би студиясының бишісі:
– Байқауға көптеген мемлекеттерден келеді. Молдова, Косово, Греция, Грузия тағы басқа елдерден келген бишілер қатысты. Солардың ішінде 1-орынды біз иелендік. Әрине, жеңіс оңайшылықпен келмейді. Көп дайындалдық. Бәрі жетекшіміз Сәнира Мұратқызының арқасында.
«Тұмарханым» халықтық би студиясы 2003 жылдан бері «Жас қанат» балалар орталығының жанында жұмыс істеп келеді. Осыған дейін Испанияда, Украинада өткен халықаралық өнер бәсекелерінде бас жүлдені жеңіп алған еді. Ал Түркияға бишілеріміз ұлттық өнерді насихаттап жүрген ең үздік ұжым ретінде танылып, Қазақстан намысын қорғау үшін жолдама алған.
Сәнира ҚАЙРАНОВА, «Жас қанат» балалар орталығының «Тұмарханым» халықтық би студиясының жетекшісі:
– Көрермендер де, қазылар алқасы да қазақтың өнеріне тәнті болды. Бишілеріміз қазақтың ұлттық би костюмдерімен ерекшеленді. Би қойылымдарымен таңғалдырды. Бізбен бірге қазақтың әнін шырқау үшін Алматыдан әншілер, 15 биші баланы қосқанда 24 адам бардық.
Түрік елінде болған сайыстың басты шарты өз ұлтының өнерін асқан шеберлікпен көрсету болатын. Әр ұжымға 20 минут ішінде концерттік бағдарлама ұсыну талабы қойылыпты. Жас бишілер сахнада алты түрлі қазақ биін орындаған. Ауқымды өнер сайысында жеткен жетістіктері үшін «Тұмарханым» ұжымы естелік сыйлықтармен марапатталып, алдағы уақытта Берлин қаласында болатын халықаралық байқауға жолдама алды.