...Өзі басмашыларды басқарыпты. Мұстафа Кемел Ататүрікпен айтысып өтіпті. Гитлерге ант беріпті. «Тыңшы» деп те айыпталған. Бірақ қызыл империяға да, нацистік империяға да қарсы болған. Өмірі Орталық Азия мен Иран, Түркия, Германия арасындағы эммиграциядан тұрады. Әйтеуір, осынау түрік ұланы турасында аңыз көп. Өзі Мұстафа Шоқаймен дос, Әлихан Бөкейханмен дастарқандас болыпты. Бітіргеніне қарасаң, бас айналады. Өз аты-жөні – Ахмет-Зәки Уәлиди. Түркі арасында Тоған ныспысымен танымал. Башқұрт бауырлары «Валидов» дейді.
Кеше Ұлттық кітапханада «Түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті Ахмет-Зәки Уәлиди Тоған зерттеулерінде» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл шараны ТҮРКСОЙ – Түркітілдес елдер мәдениет министрліктерінің Тұрақты кеңесі, Қазақстан Ұлттық кітапханасы және Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырып отыр. Дөңгелек үстел басында белгілі қоғам қайраткері, шығыстанушы-түркітанушы ғалым Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанның қайраткерлік, ғылыми қызметі және мұраларының мәселелері талқыланды.
«Ол бір ғана башқұрт баласының ғана емес, сонымен бірге барша түркінің жарық жұлдызы», – деп атап көрсетті отырыс барысында белгілі тарихшы Мәмбет Қойкелді. Тарихшының пайымдауынша, тұла бойынан түгел түркінің иісі аңқитын Ахмет-Зәки Уәлидің дәрежесіне жеткендер кемде-кем. Қым-қуыт қуғында жүрсе де жаратқан сыйлаған қарым-қабілеті мен білім-парасатын барша түркі жұртының көктеуіне жұмсаған Тоған тұлғасы кеңінен зерттеп, терең талдауды қажет етеді.
Тоған туындылары тарту етілді
Аталған жиында ТҮРКСОЙ-дағы Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Асқар Тұрғанбаев сөзінің «бісмілләсін» барша түркінің мерейін тасытатын Наурыз мерекесінен бастады. Биыл бұл мерекені халықаралық дәрежеде тойлауға қол жеткізілгендігіне тоқталған ол мұны бүкіл түркі қауымының жеңісі ретінде бағалады. Оның айтуынша, түркі жұртының ғұлама-ғалымдары аңсап өткен осындай атаулы күнге жеткеніміз үшін де Тоған тәрізді тұлғаларды танытудың жөні бөлек. Сондықтан да биыл осынау тау-тұлғаның 120 жылдық мерейтойын оның атамекені Башқұртстаннан басқа да түркі елдерінде атап өту мәселесі көзделуде. «Алматыдағы осы жиын Тоғанның туған жерінен сыртта өтіп жатқан тұңғыш басқосу болып отыр», – деген Асқар Тұрғанбаев Тоғанның жеке мұрағатындағы бірқанша кітапты Ұлттық кітапханаға тарту етті.
Айта кету керек, ТҮРКСОЙ биылғы жылды Тоған жылы деп жариялаған болатын. Сондай-ақ А. Тұрғанбаев дөңгелек үстел басында алдағы жылдың Ғабдолла Тоқай жылы деп жарияланғандығынан да құлағдар етті.
Тоған емес, Туған дейік
Осы жиынға қатысқан белгілі ақын Мұхтар Шаханов өз сөзінде: «Тоған тәрізді тұлғалар болмағанда, түркінің салмағы әлсіздеу болар еді», – дей келіп, Ресей Федерациясы құрамында қалған автономиялардың тағдырына алаңдаушылық білдірді. Білім және ғылым министрлігі Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Саттар Мәжитов жиналғандардың назарын Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейханның Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанмен кездескендігіне аударды. Оның пайымдауынша, осынау тұлғаларды тереңдей зерттей түсу үшін де Тоған шығармаларын қазақ тіліне аудару маңызды болып табылады.
Аталған жиынға Тоғанның туған топырағынан ғалымдармен қатар оның ұлы Сүбедей де келіпті. Өз мамандығы экономист Сүбедей мырза бүгінде Түркияда тұрады. Ол әкесінің «Естеліктерінде» қазақтар туралы кеңінен тоқталғандығы турасында толғады. Башқұртстаннан келген философия ғылымының кандидаты Гүлнар Қожахметова заман мен қағидаттар өзгерсе де, Тоғанның туған елінде ол турасында сыңаржақ көзқарастардың жойылмағандығына қынжылыс білдірді.
Жиын соңында түркітанушы, қытайтанушы ғалым Мунир Ерзин болса, Ахмет-Зәки Уәлиди Тоғанның «Тоған» ныспысына наразылық білдірді. «Тоған» деп емес, «Туған» деп жазылуы керек. Өйткені Тоған барша түркінің өзінің туғанындай бауыр көрген тұлға», – деп оның айтқаны жиналғандардың көкейіне де қона кетті.
Қыбын тапты ма, ебін тапты ма?
Ибн Фадланның атақты «Еділ бойына саяхат» еңбегін ғылымға паш етіп, алғаш ашқан зерттеуші Ахмет-Зәки Уәлиди Тоған болатын. Ирандағы эммиграциясы кезінде Тоған оны Мешхед шаһарындағы Резави кітапханасының қолжазба қорынан тауып, 1939 жылы Дрезденде кітап қылып басып шығарады. Кеңес шығыстанушысы И.Крачковский де «Еділ бойына саяхатты» тура сол жылы Ленинградта басып шығарды.
Ғұмыр-дерек
Философия ғылымының докторы (1935), профессор, Манчестер университетінің құрметті профессоры (1967) Ахмет-Зәки Уәлиди Тоған 1890 жылы Уфа губерниясының Илчик-Темір болысында дүниеге келді. 1908-1912 жылы «Қасымие» медресесін тәмамдап, сонда араб және түркі халықтарының тарихы мен әдебиетінен сабақ берді. 1935 жылы Вена университетін бітірді. «Түрік және татар тарихы» атты тұңғыш көлемді зерттеуі 1912 жылы Қазанда басылып шықты. Осы нұсқаның бір данасы бүгінде шоқайтанушы ғалым Көшім Есмағанбетовтың қолында сақтаулы тұр.
Бұхара мен Ферғанаға жасалған археографикалық экпедицияға қатысқан Тоған 1915 жылы Ресей Думасының мұсылмандық фракциясында саяси қызметін бастайды. Төңкерістен кейін біржолата күрес жолына түседі. Кейінірек Түрікменстан, Иран, Түркия және Германияға эммиграцияға кетеді. Ыстамбұл, Бонн, Геттинген университеттерінде сабақ береді. Бертін Ыстамбұл университеті жанындағы Ислам зерттеулері институтын басқарды. 1970 жылы түрік жерінен топырақ бұйырды.