Туған жерге туын тіккен қаламгер

Туған жерге туын тіккен қаламгер

Адам баласына Тәңірдің сыйы ретінде берілетін талант еңбекпен ұштасқанда ғана өз жемісін беретіні белгілі. Бойдағы бұлқынып тұрған қуатқа да бап керек. Осындай бір ерекше қабілет пен қасиетке ие болып, жүректен тулап жүрекке жететін жыр жазып, қалам мен қағазды жанына серік еткен дарындар түбінде айналасының ілтипатына бөленері хақ.
Бүгінде қарбаласқан қала тіршілігінен аулақтау, туған ауылы жақта, ел ішінде рухани әлемге қызмет етіп жүрген ақын Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі Исламғали Үркімбайұлы да талантын еңбегімен еселеп жүрген қаламгерлердің бірі.
Жаным – жайлау, түрлі түспен гүлденген,
Бұлағынан тазалықты үйренгем.
Көк түрік деп көкшіл әлем таныған
Қазақпын мен, қайта түлеп, түрленген, – деп, азаматтық үнін Алаш баласына арнаған, тумысынан өнер мен өлеңге ғашық ақын елде жүріп-ақ ұлт әдебиеті дейтін алып кітаптың ақ парақтарына қара сөздің қаймағымен өзіндік өрнегі мен қолтаңбасын енгізуде. Ақынның қаламынан осы уақытқа дейін «Егіз қалам», «Бір құсым бар», «Уақыт өрнектері», «Ілтипат», «Ойтолғақ» атты кітаптары жарық көріп, әдебиетсүйер қауымнан жақсы бағасын алған. Жақын күндері оқырман қауым ақынның «Алтын кездік» деп аталатын жаңа жыр жинағымен таныспақ.
Алматы облысына қарасты Панфилов ауданындағы Үлкеншыған ауылында туған ағамыз алақандай ғана осы ауылда сегіз жылдық мектепте оқып, онжылдықты іргелес жатқан Кішішығанда бітірді. Мектепте де зерек болған ол өнерге деген құштарлығының арқасында Алматыдағы сол кездегі Абай атындағы педагогикалық университеттің көркемсурет және графика факультетіне оқуға қабылданады. Жоғары оқу орнында жүрген кезінде өлеңдері республикалық басылымдарда жиі жарияланып, рухани ортаға ақын әрі суретші ретінде де жақсы таныла бастайды. 1983 жылы Алматыда өткен шығармашыл жастардың халықаралық «Жігер» фестиваліне қатысып, қатарының алдынан көрініп, жүлдегер атанады. Бір қолына сурет жазатын қылқаламын, бір қолына жыр жазатын қауырсын қаламын ұстаған ақын оқуын тамамдап, елге оралады. Алайда тіл мен дін, ұлт мәселелері ушығып тұрған сол бір аласапыран кезеңдер Исламғали ақынның да санасында сілкініс тудырады. Осы тақырыптар оның шығармашылығынан да кеңінен орын ала бастайды. Ана тіліміздің болашағы үшін шырылдап жүрген санаулы жандардың арасынан ел-жұрты Исламғалиды 1992 жылы бірауыздан аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы етіп сайлайды. Содан бері тапжылмай, талмай туған тілдің мерейі үшін туған елінде қызмет етіп жүрген ақын биыл 60 жастың асқарына абыроймен шығып отыр. Осы орайда, ақынның  рухани інісі, білікті заңгер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Рамазан Сәрпековтің жүрекжарды мақаласын жариялауды жөн көрдік.

Адамның мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, бет-пішініндегі ұқсастықтар – ата-анадан даритын қасиеттер. Өсе келе бұған өмір сүрген ортаның да өзіндік әсері болатыны сөзсіз. Бірақ осы адами қасиеттердің қалыптасуына туған жерің, туған топыра­ғың олардан да бұрынырақ назарына іліктіріп, ерекше үлес қосатындығына көбіне мән бере бермейміз.
Ал осы қасиеттің мәнін түсіне білген көнекөз қариялар «Қай туғансың? Қай жердің баласысың?» деген қысқаша сұ­рақ­­тары арқылы «Ә, жақсы адамның ұр­па­ғы, жақсы жердің тумасы екенсің» деп бәрін де ұғып, танып білген. Біздің ауыл­дың адам­дары үшін осындай киелі жер – Ше­жін ауылы.
Таудың бөктерінде, елдің төрінде кө­ше­лерін көк тіреген тал-теректер күзеткен  әрбір үйдің ауласы алма-өрік пен гүлзарға оралған, жердің беті жап-жасыл шыммен көмкерілген қарт Шежін ол кезде үлкен, өскен ауыл болатын. Шежін – жаратылысы­нан-ақ халықтың бағына қарай жақсылық пен амандықтың мекені болып құрылған, құт қонған жер. Сондықтан да болар, заманның небір қилы кезеңдерінде ел-жұртын малымен қоса қанатының астына алып, аман сақтап, ұрпақтарының өсіп-өнуіне пана болған киелі де ұялы, өрісі кең ауыл екендігін ағайын жақсы біледі деп ойлаймын және осы жайттарды еш уақытта ұмытпай, мақтан тұтып, ардақтап жүрер деп сенемін.
1961 жылдың күзінде әкеміз Құмар­бек­тің мезгілсіз қазасы себеп болып, менің беске де толмаған шағымда біздің отба­сымыз Шежіннен Үлкеншыған ауылына көшіп келдік.
Тіршілігі тыныш, ел-жұрты да жайба­рақат, сабырлы Шежіннен кейін үлкен халықаралық көлік жолының бойына орналасқан, халқының саны да көп, атына заты сай Үлкеншыған ауылы көз ашқаннан көргеніміз тау мен мал болған мен сияқ­тыларға әп дегеннен қорқыныштылау көрін­ді. Үлкен тас жолмен зымырап өтіп жатқан жүк машиналары, көше толған есек-арба, ал оның соңында кетпенін мой­нына асып алған бағбан, сушы, диқаншы. Жолдың бойындағы теректің түбінде жеміс-жидек, шемішке, жұмыртқа, көкөніс сатып отырған саудагерлер. Есекке, атқа мініп жүретін адам көп. Қазағың да, ұйғы­рың да, дүнгенің де, ноғайың да, үлкені де, кішісі де таңның атқанынан қас қарайғанға дейін тіршілікпен жүргендер, әйтеуір.
Біздің балалық көңілімізден шыққан ерекшелігі – ауылда бізбен қатарлас бала да көп екен. Мүмкін, сол кездегі үлкендердің ұрпақ жалғастығына көрегендік таныт­қандығы болар, әрбір үйден кем дегенде төрт-бес ойын баласы шығатын. Бірін­шіден, біздің үйіміз тура орталықта, дүкен­нің іргесінде, мектепке барар жолда бол­ғандықтан, екіншіден, тетелес ағаларға еріп жүріп ауылдас балалармен тез танысып кеттік. Сол бала кезде басталған сыйластығымыз достық пен бауырластыққа айналып, ерекше қадір тұтатын құнды дүниеміз ретінде өзімізбен бірге келеді. Не ұлтқа, не нәсілге бөлініп көрген емеспіз. Бүгінгі күнге дейін бір үйдің баласындай жүрген Үлкеншыған тұрғындарының тату­лығы мен ынтымағын, қай уақытта болса да ағайын мен көршіге деген ақжарқын сый-құрметін зор мақтанышпен атай отырып, дәл қазіргідей уақытта басқаларға үлгі боларлық асыл қазына деп сеніммен айта аламын.
Осындай сыйлас бауыр, мақтан тұтатын жерлес, ақыл-кеңеске іздеп баратын ел ағасы – Исламғали Үркімбайұлы. Балалық шақта Сламғали деп атайтынбыз. Бір көше­де өстік, бір мектепте оқыдық. Менің тетелес ағам Дәулет Құмарбекұлы екеуі менен екі сынып жоғары бірге оқып, он­жылдықты 1971 жылы Кішішығанда бірге аяқтады.
Исламғали ағаның әкесі Үркімбай қарияны, анасы Мағрипа апайды да көр­дік. Момын, шаруашылықтың қамында жүрген қарапайым, елге сыйлы кісілер болатын. Сол кездің өзінде-ақ ауылдас­тарының ақылшысы атанған менің апам Күлиман Көпбайқызы мен анам Жамалхан Сәлқожақызымен жақсы араласып, өзара сыйластықпен өтті марқұмдар.
Исламғали Үркімбайұлы мектепте де жақсы оқыды. Өнерге бейім жағымен, әсіресе сурет салуға құмарлығымен аты шығып жүрді. Мектептегі әртүрлі тақы­рыптағы қабырға газеттерінде, мерекелік безендірулерде, оқушылар арасындағы сурет жарыстары мен көрмелерде еңбек­тері жарияланып тұратыны әлі есімде.
Біз балалық кезімізде дәптерге немесе қойын кітапшасына сыйлас ұл-қыздардың естелік тілектерін жаздырып, ән-жырмен толықтырып альбом жасай­тын­быз. Мүм­кін, кейбір үйде осындай альбом­дар сақ­тал­ған да болар. Осы альбомдарға салын­ған гүлдердің ең әдемі суреттері Ислам­ғали бауырымыздың қолынан шыққан туынды екендігін сұрамай-ақ білетінбіз.
Қазақ елінің мақтанышы, халық сурет­шісі, жерлес, туыс атамыз Әбілхан Қастеев­ті құдірет тұтып, сурет өнерін таңдаған Исламғали Үркімбайұлы – біздің ауылдан алғашқылардың бірі болып Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институ­тының көркемсурет-графика факультетін тамамдаған кәсіби суретші. Ұзақ жылдар бойы Жәркент қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте сурет өнерінің қыр-сырын үйретіп, шәкірт тәрбиелеген ұлағат­ты ұстаз атанды. Исламғали Үркімбайұлы қылқалам шебері ретінде мектеп тіршілігі­мен шектеліп қоймай, аудан, облыс намы­сын қорғап, ел арасында бейнелеу өнері­нің дамуына да өзіндік үлес қосқанын атап өткенім жөн болар. Исламғали ағадан дәріс алып, жолын қуған, ауылдан қанат­танып шыққан жерлестеріміз Астана, Алма­ты, Талдықорған, Жәркент тағы басқа қалаларда еңбек етіп, сурет өнерінің май­талмандары аталып жүр.
Исламғали Үркімбайұлын қазіргі уақытта ел-жұрт ақын ретінде құрмет тұта­ды. Еліне деген перзенттік парызы мен махаббатын, жеріне деген құрметі мен сүйіспеншілігін өзінің жекелеген өлең-жырларымен қатар «Егіз қалам», «Бір құ­сым бар...», «Уақыт өрнектері», «Ілтипат», «Ойтолғақ» тағы басқа да өлең жинақ­тарында жырлап келеді. Поэзиясының тақырыбы сан түрлі болғанымен, тілі көңілге жағымды, сыры өзімізге таныс, бірге жүрген өмір ағынының өрнектерін еске түсіріп, туған табиғатты аралап, аға­йын­мен әңгімелесіп тұрғандай сезінесің. Мұндай өлеңдер туған жердің кіндігінен алыстамай, елінің ыстық-суығын түп мәні­не дейін жете сезінген ақыннан ғана туындайды деп ойлаймын.
Исламғали Үркімбайұлы сонау 1983 жылы республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты атанса, бүгінде Қазақстан Жазу­шылар және Журналистер одақтарының мүшесі. Жыр жинақтары оқырман ілтипа­ты­на бөленген айтулы ақын.
Сонымен қатар Исламғали бауырымыз – өте ақкөңіл, қарапайым, парасатты азамат. Біреуге жағынуды ұнатпайтын, өтірік айтуды білмейтін бірбеткей мінезді жан. Адами ниетін дүние жинауға емес, сұлу­лық пен жаңалыққа бағыттаған нәзік жү­ректі адам. Бар дүниесін төңірегіндегі жол­дас-жорасына сыйлап, ашық алақаны­мен өрісін кең ұстап келе жатқан сыйлы ел ағасы.
Исламғали Үркімбайұлының қазақ тілінің үлкен жанашыры екендігіне тоқта­май өтсем, тек оның алдында емес, ана тілімнің алдында кінәлімін дегеніммен бірдей.
Тіл тағдыры көтерілген кезеңнен-ақ жана­шыр бауыры, тілеулесі марқұм Нәби Құмарбекұлы екеуі жар құлағы жастық­қа тимей, ұйымдастырушы болып, ауыл азаматтарының ар-намысын оятты. Алыс­ты – жақын, жақыныңды жат ететін де, жігерді жанып – қайратқа, намысты шың­дап айбатқа айналдыратын да ана тілің деп, зыр жүгіріп жүріп небір қиындықтарды жеңіп, «Қазақ тілі» қоғамын құрғандарын ағайын ұмыта қоймаған болар. Бұл қоғам­дық ұйымның атқарған және атқарып келе жатқан жұмыстарының жемісін ел-жұрт көріп келеді. Әсіресе жазиралы Жәркент өңіріндегі ұлтаралық татулық пен ынты­мақтың, рухани байлық пен достықтың дамуына бұл қоғамның қосқан үлесі зор. Әлі де сәттілік тілеймін!
Шіркін, ешкімнің ырқына бой бермейтін уақыттың құдіреті күшті ғой!
Кеше ғана Исламғали Үркімбайұлы телефон соғып, амандықтан соң өзіне тән жайдарлы, сабырлы дауысымен: «Ей, Реке, мына ағаң да ақырындап 60-қа келіп қалыпты», – деп күлді. Міне, сол сәтте-ақ осы жазылған дүниелер көз алдымнан өтті десем, өтірік емес. Ол солай болуы керек. Себебі біз Исламғали Үркімбайұлының өзімен ғана емес, бұл кісінің жары Тұрсын­хан Молдаханқызымен де бала кезімізден бірге өстік. Тұрсынхан әпкеміздің туған інісі Құсан Молдаханұлы – кішкентайымыздан бір үйде өсіп, он жыл мектепте бірге оқып, жұбымыз үзілмей өскен, ерекше құрмет тұтатын жан досым. Бұл кісілердің әкесі Молдахан аға, анасы Күлбаран тәте – біздің үлкендермен сыйлас болған, бізге туыс кісілер.
Исламғали Үркімбайұлы мен Тұрсын­хан Молдаханқызының мектеп қабырға­сы­нан басталған сыйластығы өсе келе махаббатқа айналып, отау құрып, бала сүйіп,  тәрбиелеп өсірген, өмір жолдары – көз алдымызда өткен дүниелер. Бұл кісілер – бүгінгі күні Жәркент өңіріндегі ең бір құрметті, сыйлы жандардың бірі. Балалары да ержетіп, қызықтарын көрсетіп келеді.
Ел ағасы Исламғали Үркімбайұлы мен Тұрсынхан Молдаханқызын мерейтой­ла­рымен Астанадағы ағайындарының атынан құттықтай отырып, алдағы өмірле­рінің де сәнді, творчестволық шабытқа толы, мәнді болуын және отбасына аман­дық тілеймін.
Рамазан СӘРПЕКОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста