Ата Заңның 15 жылдығын Шығыс Қазақстан облысына қарасты Бесқарағай ауданы да ерекше атап өтті. Мерекелік шара құрғақ сөзді жиын, дабыра ән-күймен ғана шектелмей, ел есінде қаларлықтай шаралармен патриоттық бағытта тойланды.
Бұл ретте тумысынан тарихты таразылап, әр нәрсеге байыппен қарайтын өлкенің тұрғындары «өткенге» тағзым жасауды да ұмыт қалдырмады. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген аталы сөзге бас иген жергілікті жұрт 10 жылға созылған Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан төрт бірдей жауынгерге арналған ескерткішті салтанатты түрде ашты. Бұл жерден интернационалдық борышын өтеуге 47 сарбаз аттанса, солардың төртеуіне жат елден топырақ бұйырыпты.
Игі шараға ардагерлер, олардың семейлік қаруластары мен аудан тұрғындары, марқұм болған сарбаздардың ет жақындары қатысты. Жиылған қауым бұл ескерткіштің кейінгі ұрпақ үшін маңызы зор екендігін баса айтты. Ауған соғысы ардагерлеріне «Бесқарағай» шекара отрядының сарбаздары мен мектеп оқушыларынан құрылған жас инспекторлар да сапты шеру арқылы құрмет көрсетті.
Төлеужан ЖЕКСЕМБАЕВ, Бесқарағай ауданының әкімі:
– Бүгінде ауданда 38 ауған ардагері бар. Олар қазірдің өзінде қатардан қалмай, жас ұрпақтың бойына патриоттық тәрбие сіңіруде болсын, өзге салада болсын жарқын істерімен көрініп жүр. Ал бүгінгі ашылған ескерткіш ардагерлердің өз бастамасымен қолға алынып, аудан бюджетінің қаржыландыруымен бой көтеріп отыр.
Төрт боздаққа ескерткіш
Последние статьи автора