11 айдың 11 жұлдызында Төреғали Төреәлі Алматы қаласында Республика сарайында "Ұлы дала баласы" атты жеке концертін өткізбек. "Бол жанымда", "Іздеме", "Төрешің" сияқты көптеген хит әндердің орындаушысы Төреғали Төреәлі алғаш рет жеке шығармашылық концертін өткізуге қызу дайындық үстінде.
Бала кезінен өнерге таласы болған дарынды жігіттің ең алғаш сахнаға шыққанда тұсауын "Музарт" тобынының жігіттері кескенін бірі білсе бірі біле бермейді. Әкенің күшімен, ананың сүтімен бойына өнер дарыған жас талант кішкентайынан сахна сыртында өнерпаздарға тамсанып, еліктеп, болашақта қазақ өнерінің бір өкілі болсам деп армандады. Балалық арманмен қанаттанған Төреғали бүгінде танымал әнші.
Ең алғаш халық Төреғалиды айтыскер ақын ретінде таныды. Сөздің парқын түсінетін, ұшқыр ойын суырып салып айта білетін дарын иесі ақын ғана емес, әнші, әнші ғана емес, актер, яғни бір сөзбен айтқанда өнерпаз.
Өнер адамын мақтап көкке көтеретіндер де, күндеп құздан итеретіндер де болады. Бәз біреулер Төреғалидың ақындығына шүбә келтіріп, оған өлеңді өзгелер жазып береді-міс дейтін көрінеді. Дәл осы сұрақты жақында "Астана" арнасындағы "Сырласу" бағдарламасын жүргізетін Әйгерім Сейфолла Төреғалиға төтесінен қойды. Кез келген намысы бар ер жігіттің мұндай сұраққа ашулануы да заңды. Алайда өр мінезді өнерпаз журналистің сұрағына сауатты жауап бере білді деп есептейміз.
Ендеше сұқбатты да тамашалай отырыңыздар. Ал біз халықтың көңілінен шығып жүрген Төреғалидың жеке концертінің сәтті өтуіне тілектеспіз.
Айнұр Нұрсабет