Бүкіл әлемді әлеуметтік желіге жіпсіз байлаған мына заманда жұрттан ештеңе жасыру мүмкін болмай қалды. Әсіресе инстаәлемді сәт сайын аңдып отыратын көпшілік, оның ішінде қыз-келіншектер шоу-бзнесегі «жұлдыздардың» әр салған суреті мен өміріндегі өзгерістерді, не жеп, не ішіп, кіммен, қайда жүргендерін біліп отырмаса, үлкен олжадан құр қалатындай дәрежеге жеткен. Бүгінде инстаграмның «гүлі» кім десеңіздер өз отбасыларын тастап, өзгені жар еткендер. Олар жұрттың алдында қол ұстасып жүруден, бақытты екендерін жаханға жар салудан қымсынбайды, ал көпшілік олардың өмірін талқылаудан жалықпайды.
Дәл осындай «жұлдыздардың» әр қадамын қалт жібермей, оларға ұрсып, тіпті қарғайтындар да, араша түсіп ақтайтындар таяуда ғана шыққан белгілі ақын Құрманай Бақтиярқызының «Сүйіп қалдым байқамай...» деп аталатын өлеңіне арнайы құрастырылған видеоны жапатармағай талқыға салды. Бұл видео Баян Мақсақызы, Ақбота Нұр, Айқын Төлепберген, Жұлдыз Өмірғали, Дәурен Айдарқұлов сынды танымал жұлдыздардың тағдырына арналғандай.
Өзін хитмен ақын деп атайтын Құрманай Бақтиярқызы осы видеоның астына былай деп жазба қалдырыпты.
«Айтпай келетін сезімнің құрбаны болып, шешім қабылдау оңай емес... Қанша жұрт шулап жатса да тыныш ішімнен тілекші болып, Аллаға ғана тапсырған әріптестерімнің тағдырын талқыға салмай сабыр болдым!!! Бәрібір Алланың дегені болады. Біз ештеңе шеше алмаймыз. Ал өзіңіз ше? Байқамай кімді сүйіп қалдыңыз» деп жазды ол.
Ақынның бұл пікірін қолдаушылар да табылды, дегенмен көпшілік өзінің алғашқы жарларын өзгеге айырбастағандардың әрекетін жауапсыздық, сатқындық деп санайтындықтарын жарыса жазды.
Естеріңізде болса, бұған дейін Құрманай Бақтиярқызы өзінен 12 жас кіші жігіттен ұл туғанын жасырмай айтып, баласының әкесін де көрсеткен еді.
Жалпы, байқамай сүйіп қалу дегенді сіз қалай түсінесіз, құрметті оқырман! Бұл тоқалдарды ақтау ма, өзгелерге үлгі ету ме, бұл әлде махаббат па?
Алаш айнасы